Мырза Фатали Ахундов – XIX ғасырдағы Әзірбайжанның қоғамдық-саяси өміріне өзгерістер енгізген және философиялық ой-пікірлер таратқан аса көрнекті жазушы. Әзірбайжан мәдениетінің тарихындағы жаңа дәуір Ахундов шығармаларынан бастау алады. Ахундов өзінің туған жері Нуха қаласындағы медреседе, кейінірек орыс-татар мектебінде оқып білім алып, орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген. Болашақ қаламгер оқуын бітірген соң, Тифлис әкімінің жанында аудармашы болып қызмет істейді.
Мырза Фатали Ахундов шығармашылығы өз елінде драматургия мен театрдың, реалистік прозаның негізін қалады. Ол «А.С.Пушкиннің өліміне» (1837) сияқты орыс және әзірбайжан халықтарының достығына арналған көптеген өлеңдер жариялайды.
Драматург М.Ф.Ахундов әзірбайжан ұлттық театрының қалыптасуына негіз болған алты комедия жазған. Ол «Алхимик Молла Ибрагим Халел» (1850), «Табиғаттанушы Мусые Жордан» (1850), «Қарақшыны жеңген аю» (1851), «Сараң адамның басынан кешкен оқиғалары» (1852), «Ленкоран ханының уәзірі» (1850), «Тебриздік хұқық қорғаушылары» (1855) комедияларында өз заманының аса маңызды қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін көтеріп, кейбір ел билеуші әкімдер бойындағы надандық, білімсіздік, сараңдық, әдепсіздік сияқты жағымсыз мінездерді ажуа етеді.
Әзірбайжан әдебиетіндегі реалистік проза М.Ф.Ахуңдовтың «Мемлекеттің «игі жақсылары» және Ерші Жүсіп туралы хикая» деген шығармасынан бастау алады, Автордың өз мәлімдеуі бойынша «Хикаяда» өмірде болған оқиғалардың желісі сақталған көрінеді.
Жазушы өз шығармаларыңда бағзыдан бері келе жатқан жақсылық пен жамандықтың, мейірімділік пен зұлымдықтың күресін уытты тілмен бейнелеп, қара басының қамы үшін өз халқын сатып жіберуге дейін баратын, қорқақ, әрі зұлым әкімдер – «игі жақсылар» қай заманда да болғандығын нақты көрсетеді.
Әзірбайжан халқының ұлы жазушысы М.Ф.Ахундовтың әдеби мұрасы халқымен бірге жасай бермек.
Бақылау сұрақтары: 1. Әзірбайжан Республикасы туралы не білесіз?
2. Әзірбайжан ауыз әдебиетінің үлгілері.
3. Низамидің «Хамсасы» туралы пікіріңіз қандай?
4. Насими шығармашышығы туралы пікіріңіз қаңдай?
5. М.Физули шығармашылығы туралы пікіріңіз қаңдай?
6. М.Ф.Ахундовтың «Алданған жұлдыздар» повесінің қаңдай үзіндісін білесіз?