НАСИМИ(1369-1417) Имададдин Насими (Несими) – әзірбайжан халқының XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында жасаған көрнекті лирик ақыны. Ол Шемаха қаласында дүниеғе келіп, жан-жақты терең білім алған. Өз шығармаларын әзірбайжан, парсы және араб тілдеріңде жазған. Насими өзінің шығармаларында адамзат санасын жоғары дәріптеп, адам санасының табиғатпен әрқашан тығыз үндестікте болатындығын жырлайды. Насими исламның шейіттік бағытын ұстанатын діни мистикалық ағым – хуруфизмнің жақтаушысы болған. Хуруфизмді жақтаушылар араб алфавитінің әріптеріне, сонымен қатар адам бетіндегі сызықтар мен белгілерге ерекше мән берген. Осыдан хуруфизм (хуруф – араб тіліндегі «харф» – әріп деген сездің көпше түрі) атауы келіп шыққан. Хуруфизм ағымының халық арасына тез тарауына ағым жақтаушыларының Әмір-Темірдің саяси қызметіне қарсы шығуы негіз болған. Хуруфизм ағымын жақтаушылар, соның ішінде Насими де сол кездегі ел билеуші Темірдің ұлы – Мираншахты Жылан патша деп атаған. Сондықтан Мираншах 1417 жылы Сирияның Халеб (Алеппо) қаласында Насимидің терісін тірідей сыпырып өлгірген.
Насимидің аса көрнекті шығармаларының бірі – «Бахария» дастаны ғазел үлгісінде жазылған. (Ғазел – кемі үш немесе он екі бәйттен түзілетін бірыңғай ұйқасы бар махаббат тақырыбына (жазылған өлең) «Бахария» дастанында ақын Гюлизар қыздың ай мен күндей сұлулығын көктем гүлдеріне теңейді.
Әзірбайжан әдебиет зерттеушілері Насими шығармаларында ол жасаған бейнелердің тура суреттелмей, көбінесе ауыспалы мағынада берілетіңдігін атап көрсетеді. Мысалы, «бетіңдегі чадраны аш, ол айдың жарығын көлеңкелеп тұр» деген сөздер қызға қарата айтылған сияқты болғанымен, ол шын мәнінде бұл сөздерді құдайға құлшылық етушілерге бағыштаған.
Әзірбайжан және түрікмен эпостарында Насимидің қайсар бейнесі көрініс тауып, ол кейінгі дәуірлердегі ақындарының шығамаларында кеңінен дәріптелген.
ФИЗУЛИ (1485-1556)
Мұхаммед Физули – Таяу және Орта Шығысқа даңқы жайылған әзірбайжанның ұлы лирик ақыны. Ол өз шығармалары арқылы адам бақыты үшін әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрескен замана қайраткері. Болашақ ақын 1485 жылы Ирақтың Кербеле қаласында дүниеге келген. Физулидің әкесі Сүлейман әзірбайжанның баят тайпасынан шыққан ақын және өз дәуіріне сай сауатты адам болған. Физули әуелі Кербеледе, кейін Бағдатта терең білім алған. Ол өз тілімен қатар Таяу Шығыстың араб, парсы тілдерін еркін меңгеріп, шығармаларын үш тілде қатар жазған. Әзірбайжан әдебиетінің тарихында алғаш рет Физули «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын әзірбайжан тілінде жазып, ол тілдің Таяу Шығыстың өзге тілдерінен өзінің әсемдігі мен байлығы жөнінен ешбір кемдігі жоқ екендігін дәлелдеген. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүні» ұлы Низамидің осы аттас дастанынан кейін жазылса да, оның бұл шығармасы әзірбайжан тілінде жырланғандықтан түркілік ерекшеліктерге толы.
Физули мұраларының арасында «Шикайет-наме» (Шағым кітабы) деп аталатын өлең аралас қара сөзбен жазылған шығарма ерекше орын алады. Бұл шығарма – Физули заманындағы шенеуніктердің сатқындығы мен парақорлығы, рақымсыздығы туралы өте улы тілмен жазылған сатиралық туынды. «Шикайет-наме» әзірбайжан әдебиетіндегі көркем прозаның алғашқы тамаша үлгісі болып есептеледі.
Физули әзірбайжан, парсы және араб әдебиетінің диуандарын (жинақтарын), сонымен қатар «Банг ва баде» (Шарап пен Гашиш), «Сиххат ва мараз» (Денсаулық және ауру), «Сухбат алы асмар» (Ұрықтардың әңгімесі), «Матла-алы-итикад» (Сенімдердің шығысы) сияқты шығармалар және діни-философиялық трақтаттар жазған.
Физули өз шығармаларында кіршіксіз махаббатты, адал достықты биік пафоспен жырлап, көкке көтере дәріптеді. Ақын ұстанған жоғары принциптер оның поэзиялық туындыларының мәңгі өлмейтіндігінің кепілі. Физули 1556 жылы Кербеледе қайтыс болған.
Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанынан ерекше шабыт алған әзірбайжанның белгілі композиторы Узеир Гаджибеков XX ғасырдың басында әзірбайжанның ең алғашқы осы аттас операсын жазған. (Опера 1908 жылы әзірбайжан сахнасында қойылған.) 1958 жылдың желтоқсанында Әзірбайжанда Физулидің қайтыс болуының 400 жылдығы кеңінен атап өтілді.