Башқұрт халқының еркіндік үшін күрескен ұлттық батыры, аса дарынды суырып салма ақыны Салауат Юлаев Ресейдегі 1773-1775 жылдардағы шаруалар көтерілісі кезінде Е.Пугачевтің жақын серігі болған.
Салауат Юлаев 19 жасында Ресейдің отаршылдарына қарсы күреске шығып, патша әскерімен 3 жыл соғысқан соң 1775 жылдың мамыр айында тұтқынғатүседі. Жендеттер әуелі Салауаттың мұрнына имек темір тығып, кеңсірігн жұлып алады. Содан кейін батырдың маңдайымен екі шекесіне «ЗБИ» деген үш әріпті қызған темірмен күйдіріп басады. (3 – злодей, Б – бунтовщик, И – изменник). Соданкейін Екатерина патшаның тікелей бұйрығымен алыстағы Рогервик (Эстония) қамалына жер аударылады, Рогервик қамалы – теңіздің ортасындағы аралға орналасқан бекініс болатын. Осы қамалда Салауат аяқ-қолы кісендеулі күйінде тұтқында болып, 1800 жылы 46жасында қайтыс болады. Кейбір деректерге қарағанда шыдамаған ақын қамалдың басынан теңізге өзі секіріп кеткен көрінеді.
Башқұрттар арасында «Салауаттың зары» деп аталатын ғажайып зарлы ән сақталған. Мұны Салауттық өзі шығарды ма, әлде Салауаттың мұңы мен қайғысын, сағынышын сезінген халық шығарды ма, ол жағы белгісіз...
Салауат Юлаевтың өлеңдері, өкінішке орай, башқұрт тілінде сақталмаған. Салауаттың башқұрт тіліндегі өлең-жырларын XIX ғасырда өлкетанушы орыс әдебиетшілері ел аузынан жазып алып, орыс тіліне тәржіма жасаған. Жазушы Рашит Нығмати сол орысша нұсқасының негізіңде башқұрт тіліндегі үлгісін қайтадан қалпына келтірген.
Салауат Юлаев өлеңдерін алғаш рет башқұрт тілінен қазақ тіліне ақын Берқайыр Аманшин аударып, оның шығармаларын үш кезеңге бөліп қарастырады.
Ақын шығармаларының алғашқы кезеңіне – табиғат сұлулығын қызықтаған, махаббатты, бейбіт өмірді мадақтаған «Туған елім», «Оралым», «Бұл заман нені көрмеген...» деген т.б. өлеңдері жатады.
Салауат Юлаев шығармаларының екінші кезеңіне отаршылдыққа қарсы көтерілістің айнасы іспетті жырлары жатады. Бұл – Салауаттың «жиырма екі жасында, жасыл кәмшат бөркі басында», ақ семсері қолыңда – ата жауына ақырып тиісіп, ойран салған кезі. Ер азаматың намысын қозғап, жалаң қылыш, жайдақ атпен жауға шабуға үндеген жырлары осы кезеңде, ат жалында, жорық қосынының астында туған. Бұл өлеңдер ақынның қас жауына деген өшпенділікке, терең тебіренген халық күшінің құдіреттілігіне сенген, оптимизмге толы өр рухты жырлар еді.
Үшінші кезеңі – шаруалар кетерілісі жеңілгеннен кейінгі, қол-аяғы бұғауда, ақынның жан азабы мен тән азабын қатар тартқан ширек ғасырлық ғұмыры, Салауаттың бұл кездегі жырлары сағынышқа, мұң мен зарға толы.
Ерекше атап өтерлік жайт – башқұрт ақыны әрі батыры Салауаттың өз тағдыры да, жорық кезіңде, ат жалында туған отты жырларыда Махамбет ақынның тағдыры мен жалынды жырларын еске салады.
Салауат поэзиясының Махамбет жырларымен үндестігі, екі ақынның да мірдің оғындай өткір, лепті, қанатты жырдарындағы сөз қолданыстары, тіпті кейбір өлең шумақтарының бір-біріне өте ұқсастығы тағдырлас халықтар өміріңдегі көп жағдаятты аңғартқандай болады. Мұның өзі, ең алдымен, түркі тілдес халықтардың сан ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан көркемдік дәстүр жалғастығынан туындап жатса керек.
Уфадағы Ақ Еділдің жағасында, көргенде жүрегіңді шымырлататын, азаттық пен еркіндік үшін күрескен Салауат Юлаевтың ескерткіші бой түзеген. (Мүсінші – Сосламбек Табасиев)
2004 жылды Башқұртстан үкіметі «Салауат Юлаев жылы» деп жариялап, оның туғанына 250 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті.