Ғамзатов Расул Ғамзатұлы 1923 жылы 8 қыркүйекте Дағыстанның Хунзак ауданы, Цада селосында дүниеге келген. 1939 жылы Авар педагогикалық училищесін бітірген. 1941 жылға дейін орта мектептің мұғалімі, театр режиссерінің көмекшісі, газеттерде, радиода журналист қызметтерін атқарған. 1945-1950 ж. Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. «Новый мир», «Дружба народов» журналдарында, «Литературная газета», «Литературная Россия» газеттерінде редакция алқасының мүшесі болған. 1951 жылдан Өмірінің соңына дейін Дағыстан жазушылар ұйымында жетекшілік еткен.
Алғашқы өлеңін он бір жасында жазды. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Пламенная любовь и жгучая ненависть» 1943 жылы жарық көрген. Расул Ғамзатовтың поэзиясы жалпы Дағыстан халқының торығу мен үмітінен туындағаны байқалады. Ақынның барлық шығармаларының желісі – халыққа қызмет ету үлгісі, үлкен жауапкершілік мен ерлікке бағытталған. Поэзиясының негізі – халықтық болып саналады. Дегенмен бұл ұстаным сырт белгілермен шектелмейді, ол табиғаттың әдемілігіне де ғашық болып жырлай білген. Әрбір жаңалықты өз халқының көзімен көрді, әрбір құбылысты халық даналығымен сараптай білді. Оның шығармаларында ақсақалдың байсалды даналығы және тынымсыз жастықтың жалыны, албырттық қатар жырланады.
Ақын поэтикалық шығармаларында туған өлкесінің әдемілігін, достықты, махаббатты, халық даналығын жырлаған. «Горянка» (1958) атты поэмасында Р.Ғамзатов Дағыстанның әлеуметтік өмірін бейнелейді, таулықтардың психологиясын және өзгерістерді, халықтың мызғымас достығын, сонымен қатар, жастардың ескілік дәстүрлерге қарсылығын, махаббат үшін күрес, әйел теңсіздігін жырлайды.
Ақынның балаларға арналған «Мой дедушка» (1967) атты өлеңі де бар. Әдеби сын мақалаларды талқылауға қатысқан. Авар тіліне А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, В.В.Маяковскийдің және т.б. авторлардың шығармаларын аударған. Р.Ғамзатовтың шығармалары әлемнің 78 тіліне аударылған. Көптеген өлеңдері Дағыстан, Кавказ, Ресей композиторларының назарларына іліккен. «Мелодия» баспасы бірнеше рет ақынның сөздеріне жазылған өлеңдерді пластинкаға, дискіге басып шығарған.
Р.Ғамзатов ДАССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған, ДАССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары, КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының депутаты және мүшесі болған. Көп жылдар бойы Дағыстан, РСФСР және КСРО жазушылар съезінің делегаты, Азия және Африка елдерінің жазушылар ынтымақтастық бюросының, Ленин және Мемлекеттік Сыйлықтары комитетінің, Кеңестік Әлем қорғау басқарушылық комитетінің мүшесі, Азия және Африка халықтарының ынтымақтастық комитеті төрағасының орынбасары болған.
Ақын шығармаларының негізгі арқауы – халыққа қызмет ету, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік. Өмір бойы өз ұлтының жоғын іздеп өткен қайраткер Расул Ғамзатовты қазақ халқы айрықша құрметтейді. Біздің жүрегімізден оның: «Егер менің тілім ертең өлсе, мен бүгін өлуге дайынмын» деген ерекше үні ешқашан өшпейді. Бүкіл жұртқа, барша адамзатқа ортақ игілікті өшпестей рухты қашап қалдырған бұл ақынды қай ел болсын өзіне жақын тұтатыны сондықтан.
Нағыз ақынның отаны – бүкіл әлем. Ол бар шаңырақтың қасиетті қонағы. «Мен тілтануды жолда келе жатқан жаяу адамға, әдебиетті есек мінген жолаушыға теңер едім. Әлгі жаяу көлігіңе мінгестір деп жолаушыға жалынып, мініп алған соң «есек менікі» демесе екен. Адамдардың тілі әр түрлі. Көңілі бір болса деймін. Менің көп жерлестерім ауылын тастап, үлкен қалада өмір сүру үшін кеткенін білемін. Ол дұрыс та. Балапан қанаты қатайғанға дейін ұясынан ұзамайды. Үлкен қалаға бауыр басқан қандастарым басқа тілде жазатын өнер тапқанын айтқым келеді. Әрине, олардың өз құқы бар. Менің дегеніммен жүруге міндетті емес. Өкініштісі, олар бір қолымен екі қарбызды қабат ұстағысы келеді» дей келе, өзге тілдің тізгініне асыққан өзгелерге ой салғысы келеді. Ана тілдің ұлттың рухани мақтанышы екендігін, мәдениет пен әдебиеттің тоғысар алтын қазығы ана тілі деп насихаттайды. Ақынның көптің көкейінде қалар даралығы да осы қасиетінде.
«Ардақты ана тілім мені бала сияқты қолымнан жетелеп, ауылымнан алып шығып, адамзат әлеміне әкеліп қосты», - деген Расул Ғамзатовтың бойындағы тілге деген құрметі, сүйіспеншілік сезімі күллі адамзат баласына үлгі іспетті. Расул Ғамзатовтың «Ана тілі» өлеңін оқығанда оқушы өз бойынан өше бастаған көп оттарына қайта жылынғандай болады. Туған жерге, тілге деген махаббаты өсе түседі. Шаршай бастаған көңілде аңсау оянады. Өксімейсің, өршілдене түсесің. Ояу көңілің ұйқыны ұмыттырады. Жігіттік жігерің мұңаймайды. Көрсоқыр көңілге көз бітеді. Расул Ғамзатовтың шығармалары әлемнің 78 тіліне аударылған. 1963 жылы Расул кітабының бір томы қазақшаға аударылды. Оның жырларын орысша аудармасы арқылы да бар мәнер-бояуымен ұғамыз. Несі жетпей қалғанын, аударманың кібіртіктеген тұсын да байқаймыз. Өйткені нағыз ақынның тілін, жүрегін, көңілдегі айтар ойын оқырман бірден ұғады.
Әдебиеттегі үздік жетістіктері үшін Р.Ғамзатов Дағыстан, Ресей және әлемдік деңгейдегі көптеген мемлекеттік сыйлықтар мен атақтарға ие болған: КСРО Мемлекеттік сыйлығы лауреаты (1951), Дагестан АССР-нің халық ақыны (1959), Социалистік Еңбек Ері (1974), «20 ғасырдың Үздік ақыны» Халықаралық сыйлығының лауреаты (1983), Ленин орденімен (1963, 1973, 1983), Еңбек Қызыл Ту орденімен (1951, 1965, 1970), «Халықтар достығы» орденімен (1983, 1993) т.б.