Кіріспе түркі халықтары әдебиетінің мазмұны мен құрылысы


Исмаил Гаспринский және «Тәржіман» газеті



бет52/54
Дата01.05.2023
өлшемі0,92 Mb.
#88642
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   54
Исмаил Гаспринский және «Тәржіман» газеті

Исмаил бей Гаспринский – түркі халықтарының XIX – XX-ғасыр басындағы жаңару жолының жаршысы және ұлы қайраткері. Оның есімімен түркі халықтарының ағартушылығы да, жалпытүркілік қоғамдық қозғалыстың басталуы да тығыз байланысты. Түркі әлемін жеке ұлттарға бөліп қарамауы заманында таптық және империялық көзқарастағыларды алаңдатқан, кеңестік идеология Гаспринскийді пантүркілік көзқарас өкілі деп, реакциялық топқа жатқызумен шектеліп, оның қызметімен халықты таныстыруды зиянды деп тапқан, түркі халықтарының рухани жаңғыруы, алға басуы жеке ұлттар шеңберінде ғана түсіндірілген, арнайы схемамен дәріптелген, орны олқы соққан ресми тарих арқылы жеткізілді. Бірқатар маңызды құбылыстарды жеке ұлт шеңберінде ғана бөлшектей қарап, тамырластықты сөз етпеу - әлі күнге дейін орнығып қалған сол дәстүрдің жалғасы.


Өзге халықтар не істеп жатыр, қалай дамып келеді? Сұқтана қарап не өзіңе күйе жағу үшін ғана емес, алға жылжу мүмкіндіктерін іздестіруге ұлы Абай, Шәкәрім бастау жасап, Алаш қозғалысының қайраткерлері жете мән берген. Мұның бәрі жалпытүркілік қоғамдық қозғалысқа байланысты болса, сол қозғалыстың рухани көсемі ретінде түркі елдерінде И. Гаспринский аталады.
Исмаил бей Гаспринский (Гаспралы) 1851-жылдың 8 (21)-наурызында Қырымда, бұрынғы хандық астанасы Бақшасарайға жақын Аужықой қонысында туған. Бұл туралы И.Гаспринскийдің өзінің:
Доғмушым бен Авджыкойде,
бин секиз юз элли бирде
Мекянымдыр Бағчасарай,
мезарым ким билер нерде, -
деп жазған өлең жолдары бар. Сондықтан, кейбір авторлардың Гаспра қонысында туды деп жазуы анық емес. Теңіз жағалауындағы Гаспрада Исмаилдың әкесі Мұстафа-аға туған, лақабын әке құрметіне сол қоныстың атынан алады. Анасы – Фатима-ханым. 1854-жылы ата-анасы Бақшасарайға келеді. Ата-анасымен қатар кішкентайынан халықтың ауыз әдебиетін жақсы білген Абибе есімді қарапайым күтуші әйел тәрбиелік көрсетті. Ана тілінде сауатын Аджы-Исмаил әпенді ашты. Он жасына жете Симферополь гимназиясына қабылданып, екі жыл оқиды. Одан Воронеж әскери мектебіне, одан соң Мәскеудегі «милютиндік» әскери гимназиясына ауыстырылады.
Жасынан бірнеше оқу орындарында дәріс алғандықтан, Исмаил олардағы білім беру, тәрбие істерімен танысқан және көзқарас аясын кеңейте білген. Мәскеуде «Московские ведомости» газетінің иегері және «Русский вестник» журналының редакторы Михаил Катковтың отбасында тұрып, баспа, журналистика ісімен алғаш таныс болады, орыс және Европа мәдениетіне ден қоя бастайды, славянофильдік көзқарастармен, неміс ойшылы Фихтенің ұлттық болмыс туралы идеясымен танысады, өз ұлтына қызмет етуді армандайды. М.Катковтың үйінде И.С. Тургеневпен де танысса керек.
К.Д.Ушинскийдің бастауыш мектепте оқытудың дыбыстық әдісі И.Гаспринскийге қатты әсер етеді. Мәскеудегі оқу жылдарынан соң, Исмаил Қырымға оралып, сонау Меңлігерей ханның тұсында құрылып, тарихы төрт жүз жылға жуықтаған «Зынжырлы» медресесінде 1868-1869-жж. сабақ береді. Медресе ол кезде ескі жүйе бойынша оқытатын. Бұған қанағаттанбаған Исмаил мұсылмандық оқу ісін жетілдіру жолдарын ойластырады. 1869-жылы ол Ялта маңындағы Дереқой ауыл мектебінде орыс тілінен сабақ берді.
Түрік және европалық тілдердің ағартушылық мүмкіндігін сезіп, Исмаил Стамбулға, одан Австрия мен Германия арқылы Францияға аттанады. 1871-1873-жж. Парижде тұрып, орыс әдебиетінің классигі И.С.Тургеневтің хатшысы болып еңбек етеді. Кейін, Тургенев дүниеден өткен 1883-жылы Қырымда некролог жариялап, ұлы жазушының шығармашылығының маңызын айтып, түркі жұртшылығын хабардар еткен-тін. Француз тілін еркін меңгеріп кеткен Исмаил Париж университетінің еркін тыңдарманы ретінде тарихтан және өзге қоғамдық пәндерден дәрістер тыңдап, өркениет туралы көзқарасын тереңдете түседі. 1873-1875-жж. Исмаил Стамбулда тұрады. Ресей мен Франция, Османлы Түркияда қоғамдық өмірмен танысуы, саяси-философиялық және ағартушылық озық идеяларға ден қоюы оны өз халқын европалық өркениет жетістіктеріне жетелеуге талпындырады.
Түркі халықтарының, түркі ойшылдарының оянуына себеп болған тарихи жағдайлар XVIII-ғасырдың өзінде туа бастаған. 1741-жылы жоңғар тұтқынына түскен Абылай хан 1739-жылы орыс-түрік соғысында жеңіске жеткен түрік сұлтанын (қондыкерді) әлемдегі ең қуатты билеуші деп есептеген. Бірақ, османлы қоғамының әлсіреуі патшалықтың 1768-1774-жылдардағы соғыста жеңілуінен айқын көрінді.
Түркі елдеріндегі реформалану әрекеттері сәтсіздікке ұшырап отырды. Қырымның соңғы ханы Шагин-Гирей 1774-1783-жылдары реформалық саясатының күйреуін көрді, Қазақстанда Ішкі Бөкейліктің ханы Жәңгір 1824-1845-жылдары да замандастарының аз қолдауына, түсінбеушілігіне тап болды. Жоғарыдан жасалған өзгерістер шектеулі көлемде жүргізіліп, халықтың шын мәніндегі тілегінен шықпағаны, қара халықтың жүгін өзіне арту шараларына халық үлкен сенімсіздікпен қарағаны айқын.
XIX-ғасырдағы халықтардың рухани дамуы түркі ағартушылығын да, түркілік іс-қимылдың да жаралуын қамтамасыз етті. Тарихшылар мен шығыстанушылар түркі әлемінің кеңдігін, тарихы мен мәдениетінің байлығын көрсете бастады. Бұл салаларды ресейлік, европалық ғалымдар және түркі халықтарының арасынан шыққан зерттеушілер игере бастады. Европада Леон Каун, Арминиус Вамбери, Османлы Түркияда Ахмед Вефик, Жевдет паша, Желалетдин паша, Сүлеймен паша зерттеулерін жарияласа, Ресейде Х.Д.Френ, Ибрагим Хальфин, Мырза Қазымбек, А.И.Левшин, И.Н.Березин, Н.В.Ханыков, Шоқан Уәлиханов, тағы басқа зерттеушілер түркі әлемі туралы түсініктерді толықтырып жатты. Ресей империясындағы жеке түркі ұлттарында ана тілін және орыс тілін үйретудегі ағартушылық қызметі басталды. Бұл орайда алғашқы толымды жұмыстарды Қазақстанда ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин, Әзербайжанда Мирза Фатали Ахундов атқарды.
И.Гаспринскийдің ірі ағартушылық қызметі 1876-жылы отанына оралған соң басталады. Ол Бақшасарайдағы «Зынжырлы» медресесінде орыс тілінен сабақ берді. Бұл кезде европалық мәдениетті бойына сіңірген Исмаилдың жаңашылдығы ескі оқу жүйесін ұстанғандарды қатты үрейлендірді. Керісінше, қала тұрғындары оған сенім көрсетіп, ол бес жыл бойы, 1879-жылдан 1883-жылдың басыны дейін Бақшасарай қалалық Думасын басқарды. 1881-1882-жылдары «Кавказское сияние» газетінде өзінің алғашқы он екі мақаласын жариялайды. Ағартушылық идеяларға толы сол мақалалар арқылы Гаспринский Кавказ бен Еділ бойы жұртшылығына таныла бастайды. 1882-жылы ішкі Ресейден, Еділ бойындағы әйгілі Акчуриндер әулетінен шыққан Зөхре ханымға үйленеді. Ағартушылық және баспа ісіне берілген, Исмаилдың жан серігі және газет шығару ісіндегі үлкен көмекшісі, әрі қарапайым халықтың қамқоры Зөхре ханым жиырма жылдан соң, 1902-жылдың сәуір айында науқастан қайтқан.
И.Гаспринскийдің алға қойған мақсатының мәлімдемесі іспеттес үлкен мақаласы кітапша түрінде орысша «Русское мусульманство» деген атпен 1881-жылы жарияланды. Мұнда ағартушы орыс және Европа халықтарына деген өзінің құрмет сезімін жеткізе отырып, түркі халықтарының Европа білімінен әлі хабарсыз екенін, оны үйренбей, мектеп-медреселерде қолданбай кейін қалғандықтан арылу мүмкін емес екендігін толғанысты сезіммен жеткізе білді. И.Гаспринскийге орыс қоғамының сенімін алу аса маңызды болатын. Сондықтан ол бұл еңбегінде: «...В будущем, быть может, недалеком, России суждено будет сделаться одним из значительных мусульманских государств, что, я думаю, нисколько не умалит ее значения как великой христианской державы», - деп жазды . Түркі халықтарының ағартушылықтағы ортақ қимыл көрсету қажеттігін Исмаил Гаспринский кейінірек «тілде, пікірде, істе бірлік» деген формулаға сыйғызды.
Ағартушы мәдени дамудың бірнеше жолдарының қалыптасуына ықпал етті. И.Гаспринскийдің бастамасымен 1882-жылы Қазанда алғашқы татар әдеби кеші өткзілді. Ана тілінде музыкалық «шығыс» кештерді өткізу Қырымда 90-жылдардың соңы – XX-ғасырдың басында дәстүрге айналды. Жаңаша даму жолын насихаттауда ағартушылық баспасөзден озық ол заманда еш нәрсе жоқ еді.
И.Гаспринскийге дейін түркі халықтарының өркениетті дамуын басты мақсатқа қойған газет болған емес. Газет шығару туралы алдындағы татар қайраткерлері өтініштерінің бәрі аяқсыз қалдырылған. Заман ағымы ресейлік патша өкіметінің ислам дінін және мұсылман халықтарындағы баспа ісін шектеу саясатын біртіндеп өзгертуге мәжбүрлейді. 1879-жылдан бастап И.Гаспринский қырымлы тілінде газет шығару ісіне асқан табандылықпен кіріседі. Даярлық жылдарында татар ғұламасы Шихабутдин Маржанимен де кездесіп, пікірлесіп, екі ағартушының ниеттестігі айқындалады. Ақыры өкіметтен рұхсат алып, халқына деген игілікті іс үшін қала бастығы қызметін қалдырады. Сөйтіп, түркі халықтары арасынан қырымтатар тілінде баспа ашу қиын істі бастаған Исмаил Гаспринский мақсатына қол жеткізе алады.
Тұңғыш мұсылман газетін шығару үшін Исмаил Гаспринский көп тер төгіп, аса үлкен табандылық көрсетті. Кейін, сөз еркіндігі біршама кеңейген 1907-жылы бұл туралы И.Гаспринский: «Тәржіманды» шығаруға рұхсат алу үшін, мен үш жыл үзбей арызданып едім. Бұл күнде шығаруға хұқ 3 сом 15 тиын және екі апта күту ғана. 23 жыл бұрын «Тәржіман» көп нәрсені көрмеуге, естімеуге және аз сөйлеуге міндетті публицисттің қамытын жалғыз сүйреуші еді» , - деп еске алған-тын.
«Тәржіман» газетінің алғашқы саны 1883-жылдың 10-сәуірінде шықты. Газет екі тілде (алғашқы беті – орысша, ішкі беттері «түркіше») басылды. И.Гаспринскийдің ағартушылық ісіндегі және жалпытүркілік қайраткер ретіндегі жақсы ойластырған идеясы – түркі халықтарының бәрі ұғатындай, оқып, түсіне алатындай, халықтық тілге жақын, араб-парсы сөздері мейлінше аз қолданылған, жеңіл «түркіше» болатын. Орысша кіріспеде И.Гаспринский шыға бастаған газеттің екі қауымға да қажеттігін ескертті: «…Считаем нужным сказать, что «Переводчик» («Терджиман») будет служить по мере сил проводником трезвых, полезных сведений из культурной жизни в среду мусульман и обратно знакомить русскую с их жизнью, взглядами и нуждами» («Тәржіман» 1883. 10 сәуір.). И.Гаспринскийдің ағартушылық бағыты түркі және мұсылман жұртшылығын европалық және орыс мәдениеті жетістіктерімен байытуды көздеді, ұлттық мәдениет пен тіл қамқорлыққа алынды. Аса маңызды қағидаларының бірін ағартушы бірден жариялады: «Құран біздің қасиетті кітабымыз. Ол бізді білім алуға, еңбек етуге және дұрыс өмір сүруге үйретеді... Құран рухымыздың орнықты болуы үшін қажет. Тәннің орнықты болуы үшін - білім керек», - деп исламдық тәрбие мен білімді европалық біліммен толықтыруға шақырды («Тәржіман». 1883. 13-мамыр). «Тәржіман» газеті аптасына бір-екі рет шыға бастап, кейін күнбе-күн шығатын газетке айналған. Бұл жолда шығарушы, әсіресе, 80-жылдары, көп қиындықтарды бастан кешірді.
Әлеуметтану классигі Макс Вебер парламент жоқ жағдайда саяси көсем қызметін журналист атқарады деп дәл көрсеткен екен. И.Гаспринский газет арқылы өз ұлтының және өз ұлтынан бөліп қарамаған басқа да түркі халықтарының рухани көсеміне айналды. И.Гаспринскийдің ағартушылық жоспарының жүзеге асуында оқытудың өзі жетілдіріп тапқан жаңа, дыбыстық жүйесінің орны ерекше. Оқытудың бұл жолын И.Гаспринский 70-жылдардың соңы – 80-жылдардың басында мұқият ойластырды.
«Тәржіман» шығысымен, 1883-жылы жаңа, дыбыстық жүйемен алғашқы мектеп ашылып, оған 11 бала ғана түсті. Алғашқыда таңсық, қалың жұртқа түсініксіздеу болған қадам әрі қарай тағы да ағартушының табандылығы мен болашаққа деген сенімінің арқасында қарқындай түсті. 1884-жылы Исмаил Гаспринский «Ховадже-и-субьян» («Қожа сопиан») оқулығын басып шығарды. Бұл оқулық бүкіл шығыс әлемінде «савати-усул», «усул-жадид», қысқаша «жәдид» аталып, жаңаша оқыту әдісінің шығуын белгілеп, сауаттылықтың тарауына, ағартушылық бағыттың орнығуына көп жылдар қызмет етті. Кейінгі жәдиттік жаңа оқулықтардың бәрі Гаспринский тәжірибесіне сүйенді, оны үлгі тұтты. «Тәржіман» газетінің шыға бастауы және «Қожа сопиан» оқулығының басылып тарауы Исмаил Гаспринскийдің 1880-жылдардағы еңбегінің аса үлкен жетістіктері болса, ұлғая және тереңдей келе, бастама түркі халықтарындағы ағартушылықты әрі қарай үдете түсуге мүмкіндіктерді жалғастыра түскен.
Жәдиттік оқу жүйесін шығыс халықтары арасында орнықтыру – Исмаил Гаспринскийдің аса зор, халықаралық дәрежедегі игі қызметі. Бұл қызметтің жемісін ұлы ағартушы жылдар өте көре бастады. Он бес жыл көлемінде жаңа әдіспен Ресей империясында жүз мыңдай бала оқытылды.
Ал, ағартушылық туын көтерген «Тәржіман» бүкіл Ресей империясын шарлап, алыс аймақтардағы мұсылмандарға да тарады. 90-жылдары газет Хиуа мен Бұхарға, Цин империясындағы Қашғарға жетті, Османлы Түркия мен Персияда жазып алдырылды. 1893-жылдың басында Бақшасарайға келген бұхар әмірі Гаспринскиймен ұзақ әңгімелесіп, ағартушыны ұлықтап, оған Шыққан Жұлдыз алтын орденін табыс етеді. Келесі 1894-жылдың күзінде Түркияда болған Гаспринский түрік сұлтанының сарайында қабылданып, «Меджидие» орденімен марапатталады. 1897-жылы Бүкілресейлік баспа ісінің көрмесінде «Тәржіман» газетіне қола медаль тағайындалады. 1904-жылы парсы шахы Гаспринскийдің мұсылман ағартушылығындағы еңбегін Арыстан мен Күн орденімен бағалаған. Бұл жылдары «Тәржіманның» жылына 48 саны мен 12 кітапшасы шығып отырды. Ал, 1905-жылдан бастап «Тәржіман» күнде шығатын басылымға айналады және тек түркіше шығады. Газеттің тілі туралы И.Гаспринскийдің түсініктемесі де бар. «...Біз осман тілінде емес, біз ортақ түркі тілін қабылдап, сол тілде жазамыз» деп, ортақ әдеби тілді, ғылым тілін қалыптастыру міндеттерін атайды. Түркі халықтарындағы ағартушылықты орнықтыруда И.Гаспринский Ресей империясының және шет елдердің ондаған қалаларында болды. Петербор мен Мәскеу, Қазан мен Өфе, Орынбор мен Тәшкент, Бұхар мен Самарқанд, Хиуа, Бақы мен Тифлис, Стамбұл және басқа түрік қалалары, Қаһире (Каир), Шам (Дамаск), Бағдад, Бомбей. Бұл қалалардың бәрінде Гаспринский өзінің ағартушылық ізін қалдырды.
«Тәржіман» сан алуан тақырыптарды қамтыды. Әр жылдарда оқу-ағарту ісі, өзекті мәселелер, күн жаңалықтары, әйелдер хұқы, мұсылман тарихы мен өркениеті, Ресей империясы аймақтарындағы және шет елдердегі мұсылмандар, түркі халықтары және олардың тарихы, Қырым және Ресей тарихы, мәдениет тұлғалары, баспасөз бен әдебиет, алыс елдер жағдайлары, тағы көптеген басқа салалар бойынша танымдық дүниелер және неше түрлі хаттар мен сауалдар, оларға жауаптар жарияланып тұрды.
1906-жылдан И.Гаспринский «Алем-и нисван» («Әйелдер әлемі»), «Алем-и субьян» («Балалар әлемі») және юмористік «Ха-ха-ха» журналдарын шығара бастайды. И.Гаспринскийдің көптеген мақалалары, ақпарлары, жолжазбаларымен қатар әр жылда жазылған бірнеше ірі әдеби шығармалары да шығып тұрды. Олардың ішінде Кордова халифаты тарихына арналған «Ғанимет дияры», Шығыс Түркістан халқының азаттық күресін бейнелеген «Арслан қыз», ғұмырбаяндық «Күн туды», футурологиялық «Жүз жылдан соң» романдары мен хикаялары бар.
XIX-ғасырдың 80-90-жылдары ұлы Абайдың бүкіл түркі халықтары әдебиетін көркейткен ақындығы мен ойшылдығы қанат жайды. Абай Құнанбаев Исмаил Гаспринскийдің игілікті қызметіне көз жеткізді деп айтуға негіз бар. Дәлелдің бірі шәкірті Көкбайдың:
Абай марқұм ескіге ермеуші еді,
Ескіні онша жақсы көрмеуші еді.
Мысырдан төте жолмен оқу шықты,
Сол қашан келеді деп шөлдеуші еді, -
деген өлең жолдарынан табылады. Көкбайдың «Мысырда» деп отырғаны Қырым («Қырым» деп жазғаны «Мысыр» боп оқылып кетуі де ғажап емес). И.Гаспринскийдің жаңа мектеп үлгісін Үндістан мен Мысырға да өзі барып жеткізгені бар.
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Тәржіман» үнінен өз халқына өнеге таба білді. Исмаил Гаспринскийдің Шәкәрімге жасаған ықпалы өз сөздерінен толық аңғарылып тұр: «Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» газетінің иесі Исмағұл Гаспринский десем бек дұрыс, оның үшін сол кісінің газетін оқып көп пайдаландым». «Көп пайдаландым» деп 1911-жылы шыққан шежіре кітабында жазуы – Гаспринский ықпалының Абай ықпалы сияқты қазақ топырағында ұзаққа кеткенін көрсетеді. Гаспринский жариялаған нендей материалдарды Шәкәрім ой елегінен өткізді деп қарасақ, көптеген дүниелер өз тақырыптарымен сайрап тұр. Олар: «Түркі халықтары», «Көне түркі кітабы «Құтадғу білік» (1886), «Ресейдің мұсылман тұрғындары» (1887), «Қырымдағы татар халқы туралы», «Теке түркмендер», «Қазақтар», «Османлы» (1888), «Сібір мұсылмандары» (1891), «Қазақтардың шығу тегі туралы» (1894), «Енисей жазуларын оқып шығу нәтижелері туралы В.В.Радловтың баяндамасы» (1895), «Өзбектердің шығуы туралы аңыз» (1901), «Сегізінші ғасырдағы көнелік ескерткіші» (1902), «Түркістанның жаңа тарихы» (1905-1906), «Түркия тарихы» (1906-1908), «Лев Толстой туралы» (1910). Шәкәрімнің 1911-жылы Орынборда шыққан «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» кітабында сілтеме жасалынған Нежіп Ғасым бектің «Түрік тарихы» «Тәржіманның» 1908-жылғы көптеген санында жарияланғанына көз жеткіземіз. Шәкәрім кітабы нақты дереккөзінің бірінің «Тәржіман» газетінен табылатынына өзі жөн сілтеп кеткен. Шәкәрімнің Исмаил Гаспринский шығарып тұрған газетпен байланысын зерттеу – өз алдына тұрған жеке ғылыми мәселе.
«Тәржіман» 1905-жылға дейін түркі халықтарының ағартушылық бағытындағы жалғыз мерзімді басылымы болды. Исмаил Гаспринскийдің 1881-жылы Бақшасарайда құрған баспа үйі де көп жылдар бойы мұсылмандар меншігіндегі жалғыз баспа болып тұрды. Екінші баспаны – «Нур» баспасын 1897-жылы Петерборда Ғатаулла Баязитов пен Ильяс Борағанский ашты. 1899- және 1901-жылдары ағайынды Кәрімовтер Қазанда және Орынборда жаңа баспаханалар ашып, әуелі Қырым топырағында бастау алған іс әрі қарай Ресей империясының түркі халықтар мекендеген аймақтарында өзінің лайықты жалғасын тапқан.
Түркі халықтарының зор құрметіне бөленген, «Тәржіман баба» атанып кеткен ұлы ағартушы Исмаил Гаспринский 1914-жылдың 11-қыркүйек күнінде қайтыс болды.
Ресей империясындағы ғалым, ағартушы-оқымыстылардан және ұстаз-шәкірттерден Қырымға көптеген қазанамалар жіберілді. Татар, башқұрт, әзербайжан газеттерінің бәрі, тіркітанушылар мен оқытушылар – бәрі аза тұтып, қазанамалар мен мақалалар жариялады. Телеграмма жіберіп, көңіл айтушылар ішінде «Қазақ» газетін шығарушылар да болды. «Қазақ» газеті арқылы И.Гаспринскийдің қазасы туралы хабар берілгенде: «Ғаспринский деген атақты, оның 32 жылдан бері тоқтаусыз шығарып тұрған «Тәржіман» газетасын естімеген қазақ баласы аз шығар», - деп жазылды. Тәртіпті, яғни ретті бастауыш мектеп үлгісін Гаспринский мектебі жасады дей келе, газет: «Бұл күнде төте оқу үшін шығарылған неше түрлі әліпби болса, бәрі де үлгісін Ғаспринский шығарған әліппбиден алған еді», - деп ағартушы қызметінің жалпытүркілік, халықаралық маңызын дәл көрсеткен. «Қазақтың» 30-қыркүйекте шыққан 80-санында Ахмет Байтұрсынұлы («Түрік баласы») «Ысмағил бек Ғаспринский (офатынан соң)» атты танымдық мақала жариялап, ағартушының өмірбаянымен жұртшылықты таныстырып өтеді. Өкінішке орай, түркі халықтарымен пікірлестікті білдіретін бұл мақаланы және Гаспринскийдің қайтыс болуы туралы газетте жарияланған хабарды «Қазақ» газеті» кітабын құрастырушылар елімізде шыққан бірегей жинаққа енгізбеген.
Ұлы ағартушының демі біткенше ойынан шығармаған, ұрпағына тапсырған «Тәржіман» газеті шәкірті Асан Сабри Айвазовтың және үлкен баласы Рефат мырза Гаспринскийдің басшылығымен 1918-жылға дейін, кеңес өкіметі құлыптағанша шығып тұрды.
Исмаил Гаспринскийдің әр жылдардағы, әсіресе, 1905-жылдан кейінгі сан қырлы қызметі, жәдиттік мектеп үлгісін Мысырға, Үндістанға дейін барып жаюы, әдеби шығармашылығы, «Тәржіманда» қазақтар туралы басылған мақалалар мен ақпарлар, газеттің 1908-жылы өткізілген 25-жылдық мерекесі, оған түркі, қазақ жұртшылығының атсалысуы сияқты үлкен-үлкен тақырыптар алдағы ізденістер нәтижесінде ашыла берер деген үміттеміз.
Амантай Исин, тарих ғылымдарының кандидаты. Семей қаласы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   54




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет