Бастауыш білім беру деңгейінің 1 - 4 - сыныптары үшін «Математика» пәнінен типтік оқу бағдарламасы
1. Түсінік хат
Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген.
Бастауыш сыныптардағы (1 - 4 - сыныптар) математика пәні –
«Математика» білім саласындағы кіріктірілген оқу пәні. Оны игеруде 1000000 - ға дейінгі натурал сандар және нөл санының арифметикасы, негізгі шамалар, алгебра мен геометрия элементтерін негізгі орта мектепте білімді жалғастыру үшін құрылған.
Оқыту мақсаты – ұлттық және жалпыазаматтық құндылықтар негізінде тұлғаның интеллектуалды дамуының қажетті деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған математиканың базистік негізін сапалы игеруді қамтамасыз ету; көрнекі - бейнелі, логикалық және абстрактты ойлауды қалыптастыру, негізгі орта білім деңгейінде алгебра мен геометрияны игеруге практикалық негіз жасау.
Оқытудың міндеттеріне:
тұлғаның зейін, қабылдау, есте сақтау, ойлау, ауызша және жазбаша, сонымен қатар математика тілінде сөйлеу, психомоторика тәрізді функциональдық қасиеттерін дамыту; көрнекі - бейнелі және логикалық ойлауын дамыту;
бастауыш сынып оқушыларының оқу - танымдық қызметін (жоспарлау, жоспар бойынша әртүрлі іс - әрекеттер жасау, оның ішінде ойлау қызметін (талдау, зерттеу, жалпылау, модельдеу және т. б.), өзін - өзі бақылау және өзін - өзі бағалауды жүргізу біліктігін қалыптастыру;
оқытуды білімнің келесі деңгейлерінде жалғастыру үшін оқушыға қажетті математикалық білім мен білікті, есептеу, өлшеу және графиктік дағдыны қалыптастыру; алгебра мен геометрияны игеруге алдын - ала мақсатты дайындықты жүргізу;
оқуға деген ынтасын, математикаға деген оң көзқарасы мен қызығушылығын, танымдық қызығушылығын, өздігінен жұмыс атқару дағдысынқалыптастыру;
стандартты емес және қызықтылық сипаттағы тапсырмалар негізінде жобалау қызметі және өмірлік жағдайлардағы (құзыреттілік) мәселелерді
шешу арқылы математикалық және шығармашылық қабілеттерін ашу және дамыту;
баланың тұлғалық қасиеттерін, яғни жауапкершілік, белсенділік, мақсатқа талпынушылық, жауапкершілік тәрізді қасиеттерін тәрбиелеу;
қарым - қатынас мәдениетін, үлкендерге құрмет көрсету мен кішілерге қамқор болуды, қоршаған ортаны қорғауда өзін белсенділігін көрсетуді, патриоттық сезімді тәрбиелеу, қазақ халқы мен елімізде өмір сүріп жатқан этностардың тарихына, мәдениетіне, әдет - ғұрпына және басқа байлықтарына құрмет көрсетуді, математика ғылымының дамуы барысында жинақталған құндылықтарға қатыстыру кіреді.
«Математика» пәні бойынша 1 - 4 - сыныптардағы оқу жүктемесінің көлемі: 1 - сыныпта: аптасына 4 сағ, барлығы 132 сағат, 2 - сыныпта: аптасына 4 сағ, барлығы 136 сағат, 3 - сыныпта: аптасына 5 сағ, барлығы 170 сағат, 4 - сыныпта: аптасына 5 сағ, барлығы 170 сағат.