Курс жұмысының өзектілігі. Бүгінгі таңда білім беру мазмұнын жаңарту өте маңызды өзгерістердің сатысында тұр. Әлемдік тәжірибе бойынша тілді тиімді меңгерту төрт дағды арқылы жүзеге асырылады. Қазақстандық білім беру жүйесіне енгізілген жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым дағдыларын дамыту оқушылардың алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез келген орта жағдайында қарым-қатынас үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Оқылым, тыңдалым, жазылым және айтылым дағдылары коммуникативтік дағдылар болып табылады. Аталған дағдылардың әрқайсысының өзіне тән ішкі дағдылары мен оны үйрету жолдары, яғни ерекшеліктері бар. Сабақты аталған дағдылар ерекшілігін ескеріп құру, тілді тиімді меңгеруге септігін тигізеді. [9]
Коммуникативті дағдыларды басшылыққа алып оқыту функционалды сауаттылықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Грамматикалық білім тілдік төрт дағдыны қалыптастыру барысында жүзеге асып отырады. Оқушының әдеби тіл нормаларын дұрыс және орынды қолдана білуіне үлкен мән беріледі. Ал лексикалық тақырыптар белгілі бір тақырыптар аясында оқушылардың сөздік қорын байыта отырып, сөздердің мағынасын түсінуге, мақсатқа сай орынды қолдануын жүзеге асырады. [9]
Алаш қайраткері, зерттеуші-ғалым Ж.Аймауытов: «Жан дүниесінде тіл үйрену басты жұмыс емес, жанама жұмыс болғандықтан, бала әуелі тәжірибеге талпынып, нәрсемен танысып, сонан кейін сол нәрсе туралы сөйлесін, тыңдасын, жазсын, оқысын, тілге үйренсін» айтқандай оқушылардың тілін дамыту үшін сөйлеу, тыңдау, жазу, оқу дағдыларын қатар дамыту қажет. [15]
Олай болса, қазіргі заман талабы – жан-жақты дамыған, функционалды сауатты тұлға тәрбиелеу. Ол үшін оқыту әдістеріне өзгерістер енгізіліп жатыр. Алдымен, тілді үйреніп, сол тілде ойлап, сол тілде сөйлейтін азамат даярлау- басты мақсат. Тілді оқыту оңай іс емес екені айқын.
Оқушы сүйсіне отырып, құлшыныспен оқуы үшін тиімді, қызықты, жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдану қажет: [16]
— мұғалімдер оқушыларға қалай оқу керектігіне бағыт-бағдар беріп, өздігінен білім алудың жолын көрсетеді;
— оқушының өзінің біліміне өзі жауапты екенін көрсетіп, өзін-өзі бағалай алуға, сыни тұрғыдан ойланатын әлеуметтенген жеке тұлға болып қалыптасуына жетелейді;
— оқушылар мұғалімнің қолдауымен емін-еркін қарым-қатынасқа түсіп, алған білімдерін өмірде қолдануға бейімделеді;
— оқушының өз-өзіңе деген сенімділігі оянып, өзіндік көзқарасын білдіре алатын дамыған тұлға қалыптасады.
Тілдік дағдыларды қалыптастыруда ең алдымен қарым-қатынас дағдыларын дамытатын табиғи тілдік орта құру, оқушыны қызықтырып, ішкі уәжін ояту қажет.
Мұғалім әр сабағын жоспарлағанда бүгін нені үйретем? оны қалай үйретем? не арқылы үйретем? не үшін үйретем? деген сұрақтарды басшылыққа алып, мақсатына жетуде әдіс-тәсілдерінің ең тиімдісін қарастырып, оқушының назарын өзіңе аударуға бар күш-жігерін жұмсауы керек. Сондықтан да, қазіргі Қазақстандық білім беру жүйесіндегі жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілі сабақтарында сөз таптарын оқытуда олардың әрбір сөз табының өзіндік ерккшеліктерін, оларды бір-бірінен ажырата білуге үйрету үшін оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту арқылы ұйымдастыру өте тиімді болып табылады. Осы курстық жұмыстың тақырыбы да зерттеу бағытымыздың маңыздылығын айқындайды.