Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар
Тіл білімінде дыбыстарды дауыстылар және дауыссыздар деп жіктеу ерте заманда қалыптасып қалған. Дегенмен оларды бұлай жіктеуге негіз болатын басты белгілерді анықтау толық шешімін тапты деп айтуға әлі де ертерек тәрізді. Әдетте, барлық тілдерде дауысты, дауыссыз дыбыс деп жіктеуде олардың буын құрай алуын басшылыққа алады. Дауысты дыбыстар буын құрауға негіз болатын болса, дауыссыздар дауыстылардың жетегіндегі көмекші элементтер ретінде қызмет атқарады. «Акустикалық тұрғыдан қарағанда, дауыстылар мен дауыссыздарды бір-бірінен ажырату музыкальды үн (тон) мен салдырға негізделеді. Дауыстыларда үн басым да, дауыссыздарда салдыр басым. Бұл ретте мына жағдайды да ескеру қажет: салдырдың элементтері дауыстыларда мүлде жоқ деуге болмайды; ал кейбір дауыссыздарда, атап айтқанда, ұяңдарда музыкальды үн «тон) болады» [1, 315]. Дауысты және дауыссыз дыбыстарға осылайша анықтама бере отырып, профессор К.Аханов дауыстыларды айту барысында ауаның кедергіге ұшырамай, тосқауылсыз еркін шығуын, дыбыстау мүшелеріне күш түспейтінін, фонациялық ауаның баяу (лепсіз) шығатынын да дауысты дыбыстардың жасалуындағы басты артикуляциялық ерекшелікке жатқызады [1, 315].
Профессор Мырзабектен Сапархан дауыстылар (1) дауыстан (тоннан) жасалады, салдырдың қатысы елеусіз болады, (2) дауыстыларды айтқанда ауа кедергісіз, қарқынсыз шығады, дыбыстау мүшелерінің барлығы дерлік қатысады, (3) дауыстылар буын құрайды, (4) дауыстыларға екпін түседі, (5) дауыстылар созып айтуға келеді, (6) дауыстылардың дауыссыздарға ықпалы күшті болады деп дауысты дыбыстарды дауыссыз дыбыстардан ажырататын 6 белгіні басшылыққа алады [2, 11-12].
XIX ғасырдың орта тұсында қазақ тілін зерттеген Н.И.Ильминский, П.М.Мелиоранский, В.В.Радловтар қазақ сөздерін ел аралап жүріп жинап, қалай естілсе, солай жазып алып отырғандықтан, қазақ тілі дыбыстарының сөйлеу барысындағы өзгерістерін дәл таңбалады. Олар сингармонизм құбылысының сырын түсініп, ол туралы теориялық пайымдаулар жасаған [3, 5-6]. Дегенмен, олардың зерттеулерінде азды-көпті қателіктер де болған. Мәселен, Н.И.Ильминский қазақ тілінде 8 дауысты дыбыс бар деп есептеген (а–ä, e, ы, і, о, ö, у, ÿ). «Н.И.Ильминский тіл алды ашық ä (ә) дауыстысын дербес фонема түрінде қарамай, а дауыстысының варианты ретінде түсініп, оны дауыстылардың тобынан шығарып тастайды» [4, 28]. Ал В.В.Радлов болса w (у), j (и) дыбыстарын жартылай немесе аралық дауысты дыбысқа жатқызады [4, 29]. Сондай-ақ бұл үш ғалым да қазақ тілінде қос дауыстылар бар деп қате тұжырым жасаған [5, 6].
Қазақ фонетикасының нағыз ғылыми тұрғыдан зерттелуі ұлы ғалым А.Байтұрсынұлынан басталады. Ол бұған дейін орыс ғалымдарының назарынан тыс қалған, қазақ тілінің өзіне тән ерекшеліктерін көкірек көзімен түйсініп, дұрыс тұжырымдар жасады. Ол қазақ тіліндегі а, о, ұ, ы және е дыбыстарын ғана арнайы таңбалайды. Ал ә, ө, ү, і дыбыстарын таңбалау үшін арнайы белгі – дәйекшіні ұсынады [6, 271]. А.Байтұрсынұлы да, сондай-ақ өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ тілі дыбыстары туралы зерттеу еңбектер жазған Е.Омаров та, Қ.Кемеңгерұлы да қазіргі қазақ тілінде үнді дауыссыз дыбыстарға жатқызып жүрген дыбыстарды жартылай дауысты дыбыс деп таныған. А.Байтұрсынұлының 1914 жылғы шыққан «Тіл -құралы» мен 1925 жылғы «Тіл - құралын» салыстырып қарағанда оның жартылай дауысты дыбыстарға деген көзқарасын аздап өзгерткенін профессор О.Жұбайдың зерттеуінен көруге болады. Профессор О.Жұбай А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров және Қ.Кемеңгерұлының қазақ тілінің дыбыстық құрамы туралы көзқарастарын мынандай кестемен көрсетеді:
А.Байтұрсынұлы
Тіл – құрал 1915
|
А.Байтұрсынұлы
Тіл – құрал 1925
|
Е.Омаров
Қазақ тілінің
дыбыстары
|
Қ.Кемеңгерұлы
Грамматика
Казахского языка
|
Дауысты: а, о, ұ, ы, е
|
Дауысты: а, о, ұ, ы, е
|
Дауысты: а, о, ұ, ы, е
|
Дауысты: а, о, ұ, ы, е
|
Жарты дауысты: у, и
|
Жарты дауысты: у, и, р, л
|
Жарты дауысты: ымыралы: у, и, р, л
ымырасыз: м, н, ң
|
Жарты дауысты: у, и, р, л
|
[5, 6].
Кестеден өткен ғасырдың басында қазақ тілін зерттеушілер қазіргі қазақ тілінде үнді дауыссыз деп аталатын дауыссыздарды жартылай дауысты деп танығанын көреміз. Е.Омаровтың «ымаралы», «ымырасыз» деп атағандары қазіргі қазақ тілінде ызың, шұғыл үнді дауыссыздар деп аталып жүр.
Өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ фонетикасының зерттелуі туралы айтқанда қазақ тілі білімінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген ғалым Қ.Жұбановты айтпай кету мүмкін емес. Ол қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарды жуан: а, о, ы, ұу, ый; жіңішке: ә, ө, у, і, үу, ій деп жіктейді де, дыбысталу түріне қарай:
1. Толық дауыстылар: а/ә, е, о, ө
2. Келте дауыстылар: ы/і мен ұ/ү
3. Қосынды дауыстылар: ұу/үу мен ый/ій деп бөледі [7, 170-171].
Өткен ғасырдың басында қазақ тілін зерттеген ғалымдар қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарды, негізінен, дұрыс анықтаған. Тек қазіргі қазақ тілінде үнді дауыссыз дыбыстарға жатқызылып жүрген дыбыстарды «жартылай дауысты дыбыстар» деп қате тұжырым жасаған.
Қазақ тілі дыбыстарына артикуляциялық сипаттама беру І.Кеңесбаевтан басталады деп айтуға болады. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілі фонетикасын оқытуда әлі күнге дейін академик І.Кеңесбаевтың ғылыми еңбектері басшылыққа алынып келеді. Ол қазақ тілінде тоғыз жалаң дауысты (монофтонг) (а, е, ы, і, ә, о, ү, ұ), екі қосынды дауысты (дифтонгоид) бар (и, у) деп есептейді [8, 223]. Оның: Қазақ тілінің буын жүйесі, буынның сан жағы мен сапа жағы да, өзге фонетикалық өзгерістер де қазақ тілінде қосынды дауыс (дифтонгоид) фонема бар екендігін анық дәлелдей алады. Кейбір индо-европа тілдерінде дифтонг фонемаларды ешбір бөлуге болмайды; оларда сөздің барлық позициясында дифтонг бір кесек буынның құрамында болуға тиісті болса, қазақ тілінде дифтонг қақ жарылып, бірі алғашқы буынға кетіп, екіншісі кейінгі буынға жылысып та кетеді: у, и» [8, 240],– деген пікірі қазақ тілі оқулықтарындағы «у дыбысы дауысты дыбыстан кейін дауыссыз, дауыссыз дыбыстан кейін дауысты болады» деген жаңсақ анықтамаға негіз болған сияқты.
І.Кеңесбаев қазақ тіліндегі дыбыстарға артикуляциялық сипаттама бергенде орыс тілінің фонетикалық зерттелуін басшылыққа алған. Соның нәтижесінде қазақ тілі фонетикасын зерттеуде орыс тіліндегі фонетикалық заңдылықтарды, құбылыстарды қазақ тілінің бойынан да іздестіру басталды. Нәтижесінде, көп жағдайда, фонетикалық құбылыстарды орыс тіліндегідей етіп түсіндіру дәстүрге айналды. І.Кеңесбаев орыс тіліндегі и мен у дауыстыларын қосып қазақ тіліндегі дауыстылар санын 11 дауыстыға жеткізді. Кейінірек І.Кеңесбаев, А.Ысхахов, К.Аханов «Қазақ тілі грамматикасы» деген еңбектерінде орыс тіліндегі э дыбысын қосып, қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар санын он екіге ұлғайтты [9, 12]. Осыдан бастап мектептептерге, орта және жоғары оқу орындарына жазылған оқулықтар мен, оқу құралдарында қазақ тілінде 12 дауысты дыбыс бар деп жазылатын болды. [10, 23; 11, 53; 12, 37; 13, 17; 14, 8 т.б.]. Ал профессор Мырзабектен Сапархан қазақ тілінің байырғы төл сөздерінің құрамында 9 дауысты дыбыс бар, ал у мен и орыс тілінен енген сөздердің құрамында ғана дауысты болады деп есептейді [2, 12-20]. Әрине Мырзабектен Сапархан орыс тіліндегі у мен и дауыстылары қазақ тіліне сіңбегенін жақсы білген, бірақ сол кездегі саясат солай жазуға мәжбүрлеген. Еліміз тәуелсіздік алып, ұлт мәселесін батыл айтуға мүмкіндік туған кезде жазған «Қазақ тілінің айтылым сөздігі» деген еңбегінде былай деп жазады: «Соңғы мың жылда, Ақымет опат болғанға дейін, сырттан бір дыбыс енді дегенді білмейміз. (Орыс тілінде де соңғы 200 жылда жаңа дыбыс енгенін оқи алмадық). Олай болса, тілдің дыбыстық құрамы ғаламат тұрақтылығымен ерекшеленеді. Сол үшін де ол – тілдің жаны, өзі. Тіл мәңгі болса, ол да мәңгі. Оның қатары бұзылса, тіл де бұзылады» [15, 8].
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің зертелуі Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев т.б. сияқты ғалымдар салған жолға түсіп, саясаттың ықпалымен кеткеннен бастап, тіліміздегі барлық фонетикалық құбылыстар орыс тілінің фонетикалық заңдылығымен салыстырыла зерттелетін болды. Ал қазақ фонетикасының зерттелуіне профессор Ә.Жүнісбек түбегейлі өзгеріс енгізді. Профессор Ә. Жүнісбек қазақ тілі фонетикасының орыс тілінің үлгісімен зерттелгенін, көптеген тұжырымдардың орыс тілінің үлгісімен жасалғанын сөз етеді. Сөйтіп, фонетика туралы зерттеудің мұндай бағытын «еуропацентристік» немесе «еуропа-өзімшіл» бағыт деп атайды. Үндіеуропа тілдері үшін фонема, тай-қытай тілдері үшін тонема, түркі тілдері үшін сингема терминін қолданған дұрыс болады дейді. Осыған байланысты түркі тілдері үшін аллофон термині де келмейді деп Ә. Жүнісбек түркі тілдері үшін аллосингема терминін қолданады. Ә. Жүнісбектің талдауы бойынша қазақ тілінде үш тірек дауысты бар бар. Олар: жалаң дауысты а (екі аллосингемадан тұрады а, ә), жалаң дауысты ы (төрт аллосингемадан тұрады ы, і, ұ, ү), құранды (дифтонг) дауысты о (үш аллосигемадан тұрады о, ө, е) [3, 47-48]. Ә.Жүнісбек қазақ тілінің дыбыстық құрамын зерттеген көптеген зерттеушілердің ә дыбысы араб тілінен енген деген тұжырымдарын жоққа шығарады. Бұл Мырзабектен Сапарханның жоғарыда айтылған «... тілдің дыбыстық құрамы ғаламат тұрақтылығымен ерекшеленеді» деген пікірін нақтылай түседі. Бұдан басқа тілден сөз алмайтын тіл болмайды, бірақ ол сөздерді өзінің тілдік заңдылығына бағындырып алады деген қорытынды жасауға болады. Ал тіл атаулы басқа тілдерден дыбыстарды қабылдамайды. Ал тілге тән емес дыбыстар жазудың әсерінен, жасанды түрде енуі мүмкін. Қазақ тіліне ешбір тілден дыбыс енген жоқ. Оны А.Байтұрсынұлының: «Қазақта жазу-сызу болмаған соң, жалғыз-ақ табиғаттың закөніне ерген. Өзгелер табиғатты зорлап, емлеге таңып, тілін аздырған» [16, 248],– деген сөзімен түсіндіруге болады.
Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар туралы зерттеулерге қысқаша шолу барысында қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс (4 жуан, 5 жіңішке) бар деген тұжырымды қолдаймыз. Ал орыс тілінен енген сөздерде дауысты деп қазақ тілінің дыбыстық құрамына енгізіліп жүрген у, и, э дыбыстарын қазақ тілді адам тура орыс тіліндегідей етіп дыбыстай алмайды. Арнайы дайындықпен ғана айтуға болатын дыбыстарды тілімізге сіңісіп кеткен дыбыстар қатарына жатқызудың ешбір жөні жоқ. Жат дыбыстарды тура сол тілдегідей етіп айтуға айтуға қазақ тілінің артикуляциясы мүмкіндік бермейді және ешбір елде басқа тілден енген сөздерді дыбыстау үшін деп әліпбиіне тілдің табиғатында жоқ дыбыстарды қоспайды.
Достарыңызбен бөлісу: |