Латынша қазақ әліпбиі: талдау, таңдау, даралау Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жшс «Мемлекеттік тілді дамыту институты»



бет24/37
Дата16.10.2022
өлшемі2,53 Mb.
#43427
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   37
Байланысты:
treatise110635

У мен й дыбысының жасалуы әлі күнге дейін дау туғызып келеді. Бұл екі дыбыс орыс тілінде дауысты дыбыс болып саналады (орыс тіліндегі қысқа й-ді қоспағанда). Өткен ғасырдың басында у мен и дыбыстары туралы (әзірше сингема терминін қолданбайық деп отырмыз) әр түрлі пікірлердің болуына олардың жасалу жолдарын нақты анықтай алмау себеп болса, кеңестік дәуірде қазақ тілін орыс тілінің үлгісіне салып зерттеу өз ықпалын тигізгені анық. Бұл дауға нүкте қою үшін қазақ тілі фонетикасын эксперименттік әдіспен зерттеген Ә.Жүнісбектің анықтамасын бергенді жөн көріп отырмыз, себебі бұл – арнайы аппараттардың көмегімен нақты анықталған, ғылыми тұжырым. Ә.Жүнісбек й дыбысы туралы: «Й дауыссыз дыбысы тіл түбі мен тілшік арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай тілшік дауыссыз дыбыс болып табылады. Й дауыссыз дыбысы тіл ортасы мен таңдайдың жуысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай жуысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады. Й дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады»,– десе, у дыбысы туралы: «У (w) дауыссыз дыбысы қос ерін арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай ерін-ерінді дауыссыз дыбыс болып табылады. У дауыссыз дыбысы қос (астыңғы және үстіңгі) еріннің жуысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай жуысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады. У дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады» ,– деп көрсетеді [3, 90].
А.Байтұрсынұлы да, Қ.Жұбанов та қазақ тіліндегі дауыссыздар санын дұрыс көрсеткен. Ал кейбір дауыссыз дыбыстардың жасалу жолдары туралы қате тұжырымдар жасаған. Мәселен Қ.Жұбанов қ, к, ғ, г дыбыстарын көмей дауыссыздарына жатқызады [7, 174]. Осы орайда қазақ фонетикасында «бірден-бір көмейден айтылатын фонема» [2, 28] делініп жүрген һ дыбысы туралы айта кетуді жөн көріп отырмыз. Профессор Б.Сағындықұлы қазақ тілінде көмейден айтылатын һ фонемасы бар және олар көбінесе одағайларда айтылады деп санайды. Ол: «Тілдің өзі қандай көне болса, һ дауыссызы да соншалық көне. Бұл дыбыстың одағайлар құрамында сақталуы осы пікірдің толық дәлелі. Одағайлар ең алғаш пайда болған сөздердің қатарына жатады. Екіншіден, а дауыстысының айтылуында қандай еркіндік болса, ежелгі һ дауыссызының айтылуында да сондай еркіндік болған. Бұл да оның байырғылығын көрсететін қасиет»,– дей келе, «О баста эмоционалдық сезімдерді (қорқу, қуану, жөтелу, күрсіну т.б) һ дыбысы жарыққа шығарды. Бұл дыбыс уақыт өте келе фонемаға айналды» [17, 44- 45],− деп бұл дыбыс қ, ғ, к, г фонемаларына негіз болған деп санайды. Көне дәуірде көмейден дыбыс шығару болғанын жоққа шығармаймыз. Табиғатта болып жатқан құбылыстардың дыбыстарын, жан-жануарлардың ырылдауын көмей дыбыстары арқылы дыбыстау адамзат баласына тән болса керек. Көптеген зат есімдер мен етістіктердің түбірі еліктеуіш сөздер екені белгілі. Бұл әсіресе жалғамалы тілдерде анық байқалады. Өйткені « ... еліктеме сөздер жалғамалы тіл құрылымының шығуына да негізгі таяныш болып септігін тигізген» [18, 78]. Дегенмен, тіл арты, тіл ортасы дыбыстарының пайда болуы нәтижесінде, көмейден шығатын, айтылуы қиын һ дыбысы бірте-бірте ұмытылған деген дұрыс сияқты. Түркі тілдері, соның ішінде қазақ тілі де көмейден дыбыс шығару жолын таңдамаған деуге болады. 1924 жылы Орынборда өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезінде» жазу ережелері туралы баяндама жасаған Е.Омарұлы һ, х дыбыстарын әліпбиге кіргізуге қарсы болды. Бірен-саран жат сөздерде ғана кездесетін бұл дыбыстарды бұқара халық мүлде айтпайды, бұл дыбыстарды әліпбиге кіргізіп, бұқара халық жат дыбыстарды бұлжытпай айта алатын болып кетсе, халықтың тілі бұзылады деп өте дұрыс айтқан. Ол өз ойын: ««Ахау», «халалай», «аһ», «үуһ» сықылды бір-екі сөздер болғаны үшін әліпбиге «х» мен «һ» ні кіргізу дыбыс жүйесі жағынан керек болғанымен, жеңілдік жағынан үлкен шатақ болады. Қазақта «ә», «мә» деген одағайлар да бар, «іңһі»– дейтін де одағай бар, аттың жүрісін бәсеңдету үшін айтылатын ықылық бар десек, әріптің саны 24 емес 240 болып кетуі мүмкін» [19, 23- 24],− деп қорытындылайды.
Әліпбиде әріп (дыбыс) саны көп болса, тілдің икемділігі артады, омоним, омографтардан құтыламыз, басқа тілден енген сөздерді дыбыстай аламыз, тіліміз байиды деген түсінік қазақ тілі мамандары арасында қалыптасып қалған. Мәселен, Н.Әміржанова 1938 жылы әліпбиімізге х дыбысының енгізілуі арқасында қор (бір нәрсенің жиынтығы), хор (музыка) қабар (қабағын қабарту), хабар (мәлімет) сияқты сөздер бұрын бір тұрпатта qor, qabar болып жазылса, енді әр тұрпатта жазылатын болды, соның нәтижесінде олардың лексикалық мағыналары айқындалып тұратын болды дейді [20, 115].
Қазақ тілінде омоним сөздер аз емес. Олардың лексикалық мағынасы сөз тіркесінің, сөйлемнің құрамында анықталатынын айтып жатудың өзі артық. Омоним сөздерден қашамыз деп тілімізге жөн-жосықсыз әріптерді тықпалай беру сауат ашуды қиындатудан басқа ешқандай пайда бермейді. Қазақ тілінің табиғатына келмейтін кірме дыбыстар көп болған сайын тіліміздің табиғатына сай келмейтін дыбыс тіркесімдері пайда болады. Бірақ кірме дыбыстардың барлығы бірдей тіліміздің табиғатына келмейді деуге болмайды. «Кейбір кірме дыбыстарды оп-оңай пайдаланып кете береміз. Оның себебі қазақ дыбыстарының құрылымында (структурасында) ол дыбыстар үшін бос орын болғандықтан. Сондықтан хат десек те, қат десек те сөз мағынасына нұқсан келмейді, сөз түсінікті қалпында қала береді. Бірақ алғашқы сөздің естілімінде қазақ тіліне жат норма белгісі байқалып тұрады» [3, 81]. Дегенмен жастардың тілі хат, халық, хабар деп айтуға бейімделіп кеткенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан бұл дыбысты латын әліпбиіне көшкенде әліпби құрамына кіргізу-кіргізбеу мәселесін тіл мамандары ақылдасып отырып шешкені дұрыс деп ойлаймыз.
Қазақ әліпбиіне күштеп ендірілген в, ф, ц, ч дыбыстары қазақ тілін дамытты деген теріс пікір қалыптасып қалған. Мысалы, Р.Барлыбаева: «Әдеби тіліміздің лексикасының советтік дәуірде мықтап дамуы оның дыбыстық жүйесінің дамуына да әсер етпей қойған жақ. Ол неден көрінеді десек, біріншіден, тіліміздің құрамындағы жаңа дыбыстардың (ц, ч, х щ, э, ф) пайда болуынан, екіншіден, жаңа буындардың дыбыстық құрамының күрделенуінен (прокурор, пленум, калька, класс т.т.), дауыссыз дыбыстарымыздың жаңа үндесуіндегі (заводқа, штабқа, класта, Омскіге т.т.) жаңалықтардан, үшіншіден, жаңа орфографиялық, орфоэпиялық нормалар мен ережелердің пайда болуынан көреміз» [21, 126],– деп жат дыбыстардың тілімізге тигізіп жатқан кері әсерін орыс тілінің игі әсеріне жатқызады.
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі туралы жазылған еңбектерден әріп пен дыбысты ажырата алмау сияқты кемшіліктер де кездесіп қалады. Мәселен, Ғ.Әбуханов: «Қазіргі қазақ тілінде 37 дыбыс бар да, 42 әріп бар. Қазақ тіліндегі сөз мағынасын және сөз тұлғасын түрлендіруге жарайтын фонемалар мыналар: а, ә, б, в, г, ғ, д, е, ж, з, и, й, к, қ, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ұ, ү, ф, х, һ, ц, ч, ш, щ, ы, і, э» » [12, 35],– деп щ әрпін бірде фонемалар қатарына қосса, бірде: «Щ әрпі қазақтың ащы, тұщы, кеще деген байырғы сөздерінде ғана жазылады да, ашшы, қашшы, шашшы сияқты сөздерде щ әрпі жазылмайды. Ол сөздер морфологиялық принцип бойынша аш, қаш, шаш деген түбір тұлғасы мен шы жұрнағының тұлғасы сақталып жазылады» [12, 45],– деп әріп ретінде қарайды. Ал дауыссыз дыбыстарды жіктеген кезде щ әрпін қатаң дыбыстар қатарына қосады[ 12, 36].
Қазақ тілінің дыбыстық құрамына орыс тілінің тигізген «игі ықпалы» зор болды деген тұжырымды енгізушілердің бірі І.Кеңесбаев болды деп айтуға толық негіз бар. Ол: «Тек орыс тілі ықпалынан пайда болған фонемалар қатарына ц, в жатады (цилиндр, Цаплев, совет). Ал ф, х фонемалары тіліміздің фонематикалық құрамына үзілді-кесілді енуіне орыс тілінің әсері күшті болуын атаумен барабар мынаны ескерткіміз келеді. Араб, иран тілдерінің күшті ықпалымен революциядан бұрын жазылған қазақ тіліндегі кітап, қиссаларда ф, х дыбыстары бірен-саран кездесетін-ді. Бірақ бұлар әдеби тіліміздің нормасына орыс тілі арқылы ғана берік-бекем енді» [8, 247-248],– деп, араб, иран тілдерінің ықпалы кезінде қазақ тіліне ене алмаған ф, х дыбыстары тек орыс тілінің арқасында ғана қазақ тілінің дыбыстық құрамынанан мықтап орын алды дегенге келтіреді. Шындап келгенде «жаңа орфографиялық, орфоэпиялық нормалар мен ережелер пайда болды» дегеннен гөрі жаңа орфографиялық, орфоэпиялық қиындықтар пайда болды және оларды жамап-жасқайтын ережелер жасалды» деген дұрыс болар еді. Бір-біріне құрылымдық жақтан ұқсастығы жоқ тілдерге ортақ жазу шығарамыз деуден туған мәселелерді шешу үшін «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» [22] деген арнайы зерттеу еңбек жазуға тура келді. Әрине бұл еңбек те қазақ орфографиясындағы қиындықты шеше алған жоқ және шеше де алмас еді, себебі қазақ жазуына түбегейлі өзгеріс керек. Ол үшін қазақ тіліндегі дыбыстарды түгендеп алуымыз қажет. Сондықтан қазақ тілінде 11 (12) дауысты, 25 (26) дауыссыз дыбыс бар деген сияқты қате түсініктерден арылуға тиіспіз. Бұл артық дыбыстар орыстандыру саясаты нәтижесінде пайда болды. «Тоталитарлық тіл емле-ережелерінің салдарынан қазақ тілінің төл сөздерінің жазылымына бірнеше кірме дыбыстар еніп кетті. Оның өзі қазақ тілтанымының теориялық фонетикасына да, практикалық фонетикасына да нұқсан келтіріп жатыр. Теориялық тұрғыдан – қазақ тілінде жоқ «фонемалардың» санын көбейтіп жіберді, практикалық тұрғыдан – оқу-әдістеме шараларын қиындатып жіберді» [3, 68]. Жоғары оқу орындарына арналған негізгі оқулықтарда да осы артық дыбыстарды оқыту жалғасып келеді. Сондай-ақ қазақ тіліндегі фонетикалық құбылыстардың көпшілігін екпінмен байланыстыра қарау да әлі орын алуда. Нәтижесінде әріп пен дыбысты ажырат алмайтын «фонетистер» пайда болды. Қазақ тілінің табиғатын дұрыс түсінбесе де, олар да дүрмекке ілесіп латын жазуына негізделген әліпби жасауға ат салысып, 41, 40 әріптен тұратын әліпби жобаларын ұсынуда. Олардың ойынша қазақ тіліне лайықты еместері ь (жіңішкелік) және ъ (айрым) белгілері ғана екен. Осы екі белгіні алып тастасақ, қазақ жазуының бүкіл мәселесі шешілетін сияқты.
Сонымен, қазіргі қазақ тілінде неше дауыссыз дыбыс бар деген сұраққа жауап беру үшін тағы да профессор Ә.Жүнісбекке жүгінуге тура келеді. Ол қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар қазақ тіліндегі 9 дауысты дыбыспен тіркес құрай алуын басшылыққа алады. Осы тұрғыдан келгенде қ, ғ дыбыстары тек жуан дауыстылармен, к, г, дыбыстары тек жіңішке дауыстылармен тіркесетінін ескеріп, қ-к дыбыстарын бір ғана қатаң дауыссызға және ғ-г дыбыстарын бір ғана ұяң дауыссызға жатқызады. Сөйтіп ол қазақ тілінде 17 (б, ғ-г, д, ж, й, қ-к, л, м, н, ң, п, р, с, т, ұ, у (w), ш) дауыссыз дыбыс бар деп санайды [3]. Осылайша ол А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтар көрсетіп кеткен 19 дауыссызды қазақ тілінің төл дауыссыздары деп негізге алады. Латын әліпбиіне көшкенде қазақ тіліндегі 9 дауысты мен 17 дауыссыздан басқасын әліпби құрамына кіргізбеуге тырысу керек. Дегенмен, латын негізіндегі қазақ әліпбиі жобасын жасаушылар в, ф, х дыбыстарын әліпби құрамына кіргізуге барынша тырысып жүр. Бұл туралы кейінірек сөз болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет