Лалагүлділер тұқымдасы. Лалагүлдер тұқымдасының (лилейные - Liliaceаe) өкiлдерi дара жарнақтылар класына тән өсiмдiктер. Бұл тұкымдастың өкiлдерi бiржылдық, екiжылдык жөне көпжылдық шөптесiн өсiмдiктер. Бұл тұкымдаста 10 туыс, 470-тей түр бар. Олардың көпшiлiгi тамырсабақты немесе баданалы (пиязшықты) көп жылдық шөптесiн өсiмдiктер. Жапырақтары қандауырша тәрiздi, таспалы пiшiндi болып келедi. Жапырақтары әдетте отырмалы болып кезектесiп орналасады. Көптеген түрлерiнiң гүлдерi жиналып гүл шоғырын түзедi. Аздаған түрлерiнiң ғана гүлдерi жалғыздан болады. Гүл серiгi қарапайым, жай күлте жапырақшалар түрiнде берiлген, қос жынысты, дұрыс гүл. Аталығы екi шеңбер түзiп орналасады (А. 3+3). Аналығы 3, сиректеу 4 жемiс жапырақшаларынан тұрады. Жоғарғы жатынды, жемiсi қауашақ немесе жидек. Осы тұкымдастың бiрқатар түрлерiмен танысамыз. Қызғалдақ туысы (тюльпан - Tulipa). Туыста шамамен 100-дей түр бар. Қазақстанда 32 түрi кездеседi. Қызғалдақтар шөлдi, жартылай шөлдi және далалы аймактарда кең таралған өсiмдiктер. Кейбiр түрлерi сиректеу орманды жерлерде де кездеседi. Қызғалдақ гүлдерi жалғыздан болады. Гүл серiгi қарапайым, бос орналасады. Күлте жапырақшалары екi шеңбер түзiп орналасады. Сырткы шеңбердi 3 күлте, iшкi шеңбердi 3 күлте құрайды. Олардың барлығының мөлшерi бiрдей және қанық боялған. Аталықтарының саны 6, ол екi шеңбер түзiп орналасады. Гүлдiң ортасын үлкен аналық алып тұрады. Ол мойны қысқа, үш телiмдi аналықтың аузымен аяқталады.Қызғалдақ жемiстерi - құрғақ, көп тұкымды қауашақтар. Тұқымының эндоспермi ұрықты қоршап тұрады. Гүлiнiң формуласы: *♀♂ К3+3 А3+3 Ж(3).
Қазақстанда кездесетiн 32 түрдiң бiреуi Регел қызғалдағы (тюльпан Регеля – Tulipa regelii) жойылуға жақын түр ретiнде және 6 түрi сирек кездесетiн өсiмдiктер ретiнде Қызыл Кiтапқа енген. Қызғалдақтарды сәндiк өсiмдiктер ретiнде өсiредi. Қазiргi кезде қызғалдақтардың 800-дей сорттары белгiлi.
Лалагүл туысына қоныржай климатты аймақтарда өсетiн 80-100 түр жатады. Қазақстанда бұйра лалагүл (лилия кудряватая, царские кудри – Lilium martagon) деп аталынатын жалғыз түр өседi. Лалагүл пиязшықты және тамырсабақты өсiмдiк. Гүлдерi iрi шашақты гүл шығарын түзедi немесе жеке болады. Гүл серiгi қарапайым, күлте жапырақшылар түрiнде болады және қанық боялған. Күлте жапырақшыларының түсi арқылы: қызыл, сары, ақ түстi тағы басқаша болады. Ақ лалагүлдiң (лилия белая – Lilium candidum) шыққан жерi Кавказ. Күлте жапырақшыларының саны 6, олар 3-тен екi шеңбер түзiп орналасады. Аталықтарының да саны 6, оларда 3-тен екi шеңбер түзiп орналасады. Аналығы 3 бiрiккен жемiс жапырақшасынан тұрады, жоғарғы жатынды гүл. Сонымен лалагүлдiң гүлiнiң құрлысы қазғалдақпен бiрдей.
Лалагүлдердiң көпшiлiгi сәндiк өсiмдiктер. Оған Король лалагүлi(лилия королевская - Lilium regale) жатады. Қазiрiгi кезде бұл түрдiң 2000-дай сорттары бар. Шығыс Азияда лалагүлдi жеуге жарайтын пиязшығы үшiн, көкөнiс дақылы ретiнде де өсiредi.