Оқу орыны тәрбиесіндегі жетекші идея Жоғарғы оқу орын тәрбиесін ұйымдастырудың топтық формасы – ұжымдық деп аталады. «Тек ұжымда ғана тұлға өзінің жан-жақты даму мүмкіншілігіне ие, сонымен бірге тек ұжымда ғана жекелей еркіндік болуы мүмкін». Ұжымдық рухта тәрбиелеу педагогикалық тәрбие мақсатындағы негізгі принцип. Бұл мақсатқа жетудің жолдары мен формалары ұжымның даму деңгейіне байланысты.
Шетелдік жүйе тәрбиесінен өткен кеңестік жүйе өзгешелігі – тұлғаны дамытудағы ұжымының атқаратын қызметі жетекші болып белгіленуінде. Кеңестік білім беруде бірінші болып жеке тұлғаға бағдарланған тәрбиеден бас тартып, тәрбие іс-әрекетінің негізіне ұжымды қалады. Сөйтіп, тәрбие тәжірибесі мен теориясының даму көзқарасында үлкен қадам жасады. Ұжым тәрбиелік талпыныстар орталығына айналды, оны қалыптастыру кез келген оқу орынының негізгі міндеті ретінде қабылданды.
Білім алушылар ұжымы Латынның «коллективус» деген сөзі «жиын», «ұжым», «топ» дегенді білдіреді. Осыдан коллектив, яғни ұжым – бұл адамдар тобы. Бірақ кез-келген топ ұжым ба? Қазіргі әдебиетте «ұжым» түсінігінің екі мәні қолданылады. Бірінші: кез-келген адамдар тобы ұжым болып табылады; екінші: жоғары ұйымдасқан топ қана ұжым болып есептеледі. «Ұжым» педагогикалық әдебиеттерде тәрбиеленушілер (білім алушылар) бірлестігі деп түсіндіріледі. Ал мұндай ұжымның өзіндік маңызды белгілері бар:
1. Жалпы әлеуметтік мәнді мақсат. Кез-келген топта, трамвайға мінген жолаушыларда да, ұрлық істеген қылмыскерлерде де мақсат болады. Мәселенің бәрі мақсат мазмұнымен және оның бағытында. Ұжымның мақсаты қоғамдық мақсаттармен сәйкес келеді, яғни өкімет заңдарына, конституциясына, басты қоғамдық идеологияға сай келмей, қоғам мен мемлекеттік қолдау көрмейді.
2 Жалпы біріккен іс-әрекет. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жалпы біріккен іс-әрекет ұйымдастыру қажет. Адамдар белгілі бір мақсат жолында ұжымдарға бірігеді. Бұл үшін ұжымның әрбір мүшесі біріккен іс-әрекетке белсенді қатысуы керек және жалпы іс-әрекет ұйымдастыруы шарт. Ұжым мүшелерін ерекшелейтін белгі-олардың іс-әрекет қорытындысы үшін болған жоғары өзіндік жауапкершілігінің болуы.
Кері жауапты тәуелділік қатынастары – ұжым мүшелері арасында өзіндік ерекше қарым-катынас. Бұл олардың іс-әрекеттері мен мақсаттарының бірлігінде ғана емес, ортақ толғаныстары мен бағалы өзара талқылауларында да көрінеді.
Жалпы тандалған басқарушы орган. Ұжымда демократиялық қатынас пайда болады. Басқару органы ұжымның беделді мүшелерін ашық және тікелей таңдайды.
Ұжым аталған қасиеттерінен басқа да маңызды ерекшеліктерімен бөлектенеді. Бұл ұжымның ішкі хал-ахуалын, ұжым мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасын білдіретін сипаттама. Жақсы ұйымдасқан ұжымда бір-біріне көмек, бір-біріне жауапкершілік, дұрысын айту, өзін-өзі сынау, бәсекелестік сияқты сана қалыптасады.
Формалды қатынастағы адамдар тобында мұндай қасиеттер болмайды, ал ұжым бұл қасиеттерсіз өзінің артықшылығынан айрылады. Жоғарыда аталған белгілері бар ұжымда еңбекке, адамдарға, жеке және қоғамдық міндеттерге ізгіліктік қатынастар жүйесі қалыптасады.
А.С. Макаренконың ұжым туралы тағылымы А.С.Макаренко тағылымы білім алушылар ұжымын сатылы қалыптастырудың егжей-тегжейлі технологиясынан тұрады. Ол ұжымның өмір сүру заңын былай түсіндіреді: қозғалыс – ұжымның өмір сүру формасы; тоқтау – оның жойылу формасы. Әйгілі педагог ұжымның даму принциптерін анықтады (ашықтық, жауапты тәуелділік, перспективалық, бірлестік әрекет).
Ұжым болу үшін, топ сапалы тіктелу жолынан өтуі қажет. Осы жолда А.С.Макаренко бірнеше сатыларды белгілейді.
Бірінші саты (алғашқы бірігу сатысы) – ұжымның құрылуы. Бұл кезеңде ұжым педагогтың тәрбие жұмысының мақсаты ретінде көрінеді, мұның өзі ұйымдасқан, белгіленген топты (сынып, топ, үйірме т.б.) ұжымға айналдыруға талпыну, яғни білім алушылардың ұжымға қатынасы бірлескен іс-әрекет мазмұнымен, мақсат-міндеттерімен, құндылықтарымен анықталады. Ұжымның ұйымдастырушысы – педагог, барлық талаптар осы педагогтан басталады. Ұжым белсенділері анықталып, тәрбиеленушілер жалпы мақсатқа, іс-әрекетке және ұжымдық бірлікке келгенде бірінші кезең аяқталады.
Екінші сатыда белсенділердің ықпалы арта түседі. Енді белсенділер тек педагогтардың талаптарын қолдап қана қоймай, ұжым мүшелеріне ұжымға не пайдалы, не зиянды екенін байқатып, өз түсініктері бойынша басқара бастайды. Егер белсенділер ұжым қажеттілігін дұрыс түсінсе, онда олар педагогтың сенімді көмекшілеріне айналады. Бұл кезеңде белсенділер жұмысына педагог көп көңіл бөлуі керек.
Екінші саты ұжым құрылымының тұрақтануымен сипатталады. Бұл сатыда ұжым бүтінделген жүйе ретінде көрінеді, онда өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі реттеу механизмдері іске қосыла бастайды. Ұжым өз мүшелерінен белгілі-бір қылықтар мен нормаларды талап ете бастайды, ал талаптар біртіндеп кеңейе береді. Бұл сатыдағы педагогтың басты мақсаты – осы ұжымның алға қойған міндеттерін шешу мүмкіндіктерін мейлінше көп пайдалану.
Ұжымның бұл сатыда дамуы кейбір қарама-қайшылықтарды жеңумен байланысты, атап айтқанда:
ұжым мен жеке білім алушылар арасындағы;
жалпы және жеке перспективалар арасындағы;
- топ ішіндегі әр қилы ерекшеліктері бар білім алушылар топтары арасындағы т.б.
Тәжірибе жүзінде әр ұжым – дара білім алушының жеке дамуын мақсатты түрде бағыттайтын тәрбие субъектісі ретінде танылуы тиіс. Сондықтан ұжым дамуында секірістер, тоқыраулар, өзгерістер мен ауысулар болмауы мүмкін емес.
Үшінші және одан кейінгі сатылар ұжымның кемелденуі. Алдынғы даму сатыларында қол жеткізген жетістіктер киелі тұлғалық ерекшеліктерді: жолдастарына қарағанда өзіне жоғары талап қоюын, көзқарастарының, әдеттерінің, әрекет-қылықтарының тұрақтануын дамытады. Егер ұжым осы сатыға жетсе, онда толыққанды, адамгершілігі мол тұлға қалыптастыру үстінде деген сөз. Жалпы тәжірибе, болған оқиғаны бірдей бағалай білуі – үшінші сатыдағы ұжымнын ең негізгі белгісі.