Лекция конспектілері «Педагогикалық психология»


Қиялдың механизмдері, әдістері



бет23/39
Дата28.04.2023
өлшемі0,67 Mb.
#88191
түріЛекция
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   39
2.Қиялдың механизмдері, әдістері
Қиялда анализ, синтез, агглютинация, схематизация, акцентировка немесе әсірелеу, гипербола тәсілдері жиі қолданылады. Қиялдағы елестерді топтастырудың қарапайым түрі агглютинация деп аталады. Осы әдіс арқылы мифологиялық бейнелер (кентавр, жезтырнақ, су перісінің 
бейнесі) жасалады. Жазушы өзінің шығармаларындағы кейіпкерлерді жағымсыз етіп 
көрсететін болса, оған жағымсыз қылықты көбірек тағады. Мұндай тәсілді акцентировка дейді. Қиял бейнелерін жасауға қатысатын әдістердің бірі гипербола. Гипербола деп нәрсенің жеке сипаттары, белгілері үлкейтіліп көрсетілуін айтады.Ертегілерде, қиял-ғажайып бейнелерді жасауда гипербола көп қолданылады. Мәселен, «жел аяқ», «тау соғар», «көл тауысар» т.б. Ал, кеміте көрсету әдісімен бармақтай бала», «қаңбақ шал» бейнесі жасалған. Қиял бейнелерін жасаудың бір әдісі – нәрсенің бір жағын ерекше жағдайда әсерлей көрсету. Карикатуралар мен достық әзілдер осылайша жасалады. Егер, заттың айырмашылығын ескермей, оның ұқсастықтарына көбірек көңіл бөлінетін болса схематизацияәдісі қолданылады. Суретшілер өсімдіктер дүниесінің элементтерінен ою қиыстыруы осыған мысал бола алады.
Қиялдағы елестерді топтастырудың қарапайым түрі: агглютинация – желімдеу (кентавр, сфинкс, жез тырнақ). Гипербола – (грек тілінен аударғанда күшейту деген мағына білдіреді) нәрсенің жеке сипаттары, белгілері үлкейтіліп көрсетіледі. Ертегілер, қиял-ғажайып бейнелер. Д.Свифт «Гуливердің саяхаты». Нәрсенің бір жағын ерекше әсерлей көрсету (карикатуралар мен достық әзілдер). Типтік образдар жасау. Суреттеп жазғанға немесе сызғанға қарап адамның жаңадан бір нәрсені елестете алуын қайта жасау қиялы деп атайды.
3.Қиялдың эмоционалды және танымдық процестермен байланысы
Адам қиялына меншiктi бiрсыпыра ерекшелiктерiн төмендегідей топтастыруға болады:
- Әрбiр адамның қиялы оның жеке басының қызығуы мен ерекшелiгiне, алдына қойған мақсат-мүддесiне байланысты болып отырады. Мысалы, жаңадан машина жасауды ойластырып жүрген инженердiң белгiлi тетiктердi жетiлдiру үшiн оларды жасап шығарудың әдiс-тәсiлдерiн қарастыруын, емтихан тапсырайын деп журген студенттің iс-әрекетiн, шөл далада сусап келе жатқан жолаушының қиялын салыстыра отырып, олардың арқайсысының мүдде-мақсатын айқындауға болады.
- Қиялдың мазмұн-мәнiсi, түр-сипаты адамның жас ерекшелiгiне, бiлiм дәрежесi мен өмiр тәжiрибесiне, дара басының ерекшелiктерiне байланысты. Мысалы, өмiр-тiршiлiгiнде көрiп бiлгенi мен көкейге түйгені көп бiлімдер адамның қиялы мен жеткiншек жастың қиялы бiр мөлшермен салыстырып қарауға болмайды.
- Қиял адамның барлық психикалық құбылыстарымен тығыз ұштасып жатады. Мысалы, мақсат еткен мүдделi iсiн жүзеге асыру үшiн адам оның әр түрлi жолдарын iздестiредi. Бұл қиялмен тығыз байланысты. Адамның ерiк-жiгерi, қайраты оның жоспарлаған мүдделi iсiн жүзеге асыруынан көрiнедi. Қиялда ойлау процесі ерекше орын алады. Осы ретте кеңес психологы А.В.Брушлинский қиялды ойлаудың ерекше бiр түрi деп санайды. Бұл пікiрдi қостаушылар қазiргi уақытта да кездесiп жүр. Өйткенi, ойлау белсендiлiгi адамды шығармашылық iстер мен әрқилы әрекеттерге жетелейдi. Физиолог И.М.Сеченовтың қиялға байланысты пікірiне сүйенсек, адамның басына анық есiнде орын тепкен элементтерден құралмаған бiрде-бiр ойдың келуi мүмкін емес. Ол тiптi ғылыми табыстарға негiз болатын жаңа ойлардың өзiн бұл ережеден шығарып тастауға болмайды деген пiкiр айтқан едi.
- Адамнын қиялы еңбек процесiнде iс-әрекет үстiнде дамып отырады. Мұндағы шарттар: сапалы мақсат, болашақты болжай бiлу, оны өңдеп елестете алу. Адам қиялына тән мұндай қасиеттер оның психикасын жануарлар психикасынан өзгешелеп тұрады.
Қиялдың жаратылыстық-физиологиялық негiзi-мидағы оңашаланған орталықтар емес, мидың үлкен жарты шарларының қабығы Адамның қиялдау әрекетіне қозу мен тежелудiң бірiздік процестерi, иррадиация мен концентрация, оң және терiс индукциялар, талдағыштардың ми бөлiгiндегi талдау мен бiрiктiру қатысып отырады. Сөйтiп, көптеген жүйке процестерiнiң түйiсуi нәтижесiнде адамның нақты қабылдауында бұрын болмаған жаңа образдар мен елестер туады. Мұндай жүйкелiк байланыстар екi түрлi:
1) Сананың қатысуынсыз-ақ, кездейсоқ тiтiркендiргiштердiң әсерінен ми қабығының жоғарғы бөлiктерiнiң бақылауы бәсеңдеп, әлсiрегенде туатын жүйкелiк байланыстар. Мысалы, түс көру, галлюцинациялар.
2) Адамның өз алдына саналы түрде мақсат қоюы мен ми қабығының тиістi орталықтарындағы қозудың баса орталықтар қызметiмен, үйлесуi нәтижесiнде туатын жүйкелiк байланыстар. Бұл-ырықты қиял. Осы саладағы қиялға жетекшi болатын нәрсе - екiншi сигнал жүйесi. Ол-сөз. Сөз бұрынғы байланыссыз, уақытша жүйкелiк байланыстарды жаңғыртып, заттың сипатын айқын ажыратуға, жаңадан байланыстар тудыруға, қиялды дамытып, өрiстетуге жәрдемдеседі. Қиялдың бұл түрiнiң физиологиялық негiзi доминанта принципiне бағынады.

Лекция №10


Тақырыбы: Зейін
Жоспары:
1.Зейіннің психикалық құбылыстар және процестермен байланысы.
2.Зейіннің қасиеттері мен функциялары.
3.Зейін жөніндегі теориялар.
1.Зейіннің психикалық құбылыстар және процестермен байланысы.
Психикалық құбылыстардың ішінде зейіннің алатын орны ерекше. Зейін – адам санасының белгілі бір затқа бағыттала тұрақталуын көрсететін құбылыс. Дәлірек айтқанда, зейін дегеніміз айналадағы объектілердің ішінен керектісін бөліп алып, соған психикалық әрекетімізді тұрақтата алу. Зейін – психологиялық феномен, ол туралы пікірталастар, ғасырлар бойы жалғасып келеді. Ғалымдардың бірқатары «зейін тәуелсіз процес ретінде өмір сүре алмайды, ол тек қана кез келген психикалық процестің немесе адам іс-әрекетінің бір жағы ретінде көріну» деп тұжырымдайды. Басқалары зейінді тәуелсіз процес, өзінің ерекшелігі бар, олар анатомиялық және физиологиялық өзін басқаратын құрылымына сүйеніп басқа таным процестерінің міндетін атқаруын, динамикасын және психикалық ахуалдың ерекшеліктерін қарастырғанда маңызы бар екенін айтады. Зейін – сезім мүшелері арқылы бір ақпаратты іріктейтін, басқаларды елемейтін (саналы немесе санасыз) процес.
Зейіннің физиологиялық негіздерін И.П. Павлов ашқан жүйке процестерінің өзара индуқция заңына байланысты түсінуге болады. Егер ми қабығының бір алабында қозу процесі пайда болса, осымен байланысты қалған алаптарында тежелу процестері пайда болады. Зейіннің физиологиялық негіздерін орыс физиологы А.А. Ухтомскидің доминанта теориясы бойынша түсіндіріледі. Зейіннің түрлері-ырықты, ырықсыз, үйреншікті болып үшке бөлінеді.
Ырықсыз зейін. Сыртқы дүниенің кез келген объектілері кейде ырықсыз-ақ біздің назарымызды өзіне тартады. Күшті, ерекше, қатты, күтпеген тітіркеңдіргіш ырықсыз зейін тудырады. Күтпеген жерден шыққан айғай, ашық терезеден ұшып кірген көбелек, қарсы бөлмедегі күлкі, кіріп келген адам - мұндай тітіркендіргіштердің бәрі балаларда қозудьң басты ошағының орнын өктем түрде алып, қалған әсерлердің бәрін ығыстырады да, олар бағынышты жағдайға түсіп қалады. Адамды таңдандырып, сүйсіндіретін нәрселер де зейінді өзіне еріксіз аударады. Көркемөнер туындыларының адам сезіміне күшті ықпал етуі де ырықсыз зейін тудырып, танымдық процестер мен ойлау әрекетін күшейте түседі. Ырықсыз зейіннің тұрақты болуы адамның ықылас-ынтасы мен қызығуының артуына байланысты. Мәселен, көшемен кетіп бара жатқан адамның бояулы афишаға көзі түссе, оған мойнын бұрады не полицияның ысқырығына жалт қарайды т. б. Қызығу - ырықсыз зейінді туғызады. Өйткені қызықты іске көңіліміз тез ауады. Мәселен, қызықты кітап оқуға ырықсыз зейін жеткілікті. Ал қызықсыз кітапты оқу- ырықты зейінді керек етеді. Ырықты зейінде де қызығу орын алуы тиіс. Бірақ ырықты зейін де жанама, дәнекерлі қызығуды керек етеді. Мұнда адам өз ісінен шығатын нәтижеге қызығады, оны орындау үшін күш жұмсайды, өйтпесе іс өнбейді, күткен нәтижеге қол жеткізе алмайды.Ырықсыз зейіннің көрінуіне төмендегі жағдайлар себеп болады:
а) күшті тітіркендіргіштер (көзді аштырмайтын жарық, қанық бояулы заттар, қатты дауыс, мұрын жаратын иіс т. б.), заттар мен құбылыстардың жаңалығы мен қозғалысы (мәселен, адамның үстіндегі киімінің өзгеруі, дыбыстың, жарықтың артуы не кемуі т.б.);
ә)адамның сыртқы дүниедегі объектілерге қатынас жасауының дәрежесі (қызығу, қажетсіну, көңіл күйінің хош болуы) ырықсыз зейіннің тууына жақсы әсер етеді.
Ырықты зейін - әрекетті саналы түрде ерік күшін жұмсау арқылы орындалуынан көрінеді. Бұл зейінді ерікті немесе белсенді зейін деп те атайды. Сананың әрекеттің белгілі шарттарымен байланысты болып, бір объектіге бағытталуын - ырықты зейін дейміз. Ырықты зейіннің психологиялық мазмұны адамның іс-әрекетіндегі алға қойған мақсатымен, ерік күшімен байланысты. Ырықты зейінді дұрыс ұйымдастырудың маңызды шарты - адамның психикалық күйі. Шаршап-шалдығып отырған адамның зейіні тұрақсыз болады. Адамның сырқаты, жан қинайтын бөгде ойлар т.б. ырықты зейіннің сапасын нашарлатады. Ырықты зейінді күшейту үшін сөз арқылы қайталап айтып, алға қойған мақсатты тұрақтандыруға болады. Әр қилы жағдайларда жұмыс істей білу мен адамның әдеттері де ырықты зейіннің тұрақты болуына ықпал етеді. Ырықты зейінде белгілі бір мақсат қойып, объектіге ерекше зер салып отыру көзделеді, ол жұмыстың басынан аяғына дейін ерік-жігерді сарқа жұмсауды талап етеді. Ырықты зейін мынандай ерекшеліктермен сипатталады:
1). Қандай болмасын бір әрекеттің талабына сай зейінді бағындыра алу үшін іс-әрекетке тікелей кірісу қажет;
2). Үйреншікті жұмыс жағдайын жасап алып, алаңдататын нәрселерден бойды аулақтатқан жөн;
3). Орындалатын істің маңызын түсіну үшін білімге шын ықыласпен берілген дұрыс;
4). Түрлі қолайсыз жағдайларда да жұмыс істеуге машықтану. Мәселен, көңілді алаң қылатын бөгде тітіркендіргіштердің (айқай-шу, тарсыл-үрсілдерде де) әсеріне берілмей жұмыс істей беру. Бұл зейінді шынықтырудың, оны мықты және шыдамды етіп тәрбиелеудің ең жақсы жолы болып табылады;
5) Зейінді болуды өзіңе үнемі ескертіп отыру керек.
Ырықты зейін ырықсызға, ырықсыз зейін ырықтыға қарай жиі алмасады. Шындығында, адамның үнемі ырықты зейін жағдайында болуы мүмкін де емес. Оқушы алғашқыда жай қызыққан нәрсесіне тікелей зейінін аударады, ал содан кейін сабақтың мақсатына қарай тікелей қызық емес басқа материалдарға да зейін қояды. Алғашқы уақытта қызықсыз болып көрінген сабақ кейін балаға түсінікті бола бастайды. Бұл кезде оның ырықсыз зейіні сыртқа теуіп, ырықты зейінінің пайда бола бастағаны.
Үйреншікті зейін - адамға табиғи сіңісіп кеткен, арнайы күш жұмсамай-ақ орындалатын зейін.Үйреншікті зейін ырықты зейіннен кейін жасалады. Мәселен, бала оқуға төселсе, бұл оның тұрақты әдетіне айналса, оның зейіні де үйреншікті бола бастайды. Қандай нәрсеге болса да үйреніп, жаттығып алған соң, адамның іс-әрекеті дағдысына айналады. Үйреншікті зейіннің де табиғаты осыған ұқсас. Өйткені үйреншікті зейін ырықты зейіннен дамып қалыптасады. Сондықтан, адам жұмысты зейіннің осы екі түрін қатынастыра отырып, үйреншікті зейінмен істеуді әдетке айналдыруы қажет. Зейіннің мұндай түрін де еріксіз, бірақ «екінші» зейін деп атайды (Э. Титченер, С. Л. Рубинштейн) Бұл орайда кейбір авторлар Н. Ф. Добрыниннің ұсынысы бойынша, үйреншікті зейінге «еріктіден кейінгі» зейін деген терминді пайдаланады. Жоғарыда қарастырылған зейіннің үш түрі де бір-бірімен тығыз байланысты.
2.Зейіннің қасиеттері мен функциялары.
Зейіннің негізгі қасиеттері: зейіннің көлемі, зейіннің бөлінуі, зейіннің шоғырлануы, зейіннің тұрақтылығы, зейіннің аударылуы.
Зейіннің көлемі – бұл адамның бір мезгілде қабылдаған обьектілердің саны. Егер столдың үстіне, мәселен, марка, қағаз қыстырғыш, тиын, әріп секілді таныс 10-12 ұсақ затты жайып, оларды жауып қойсақ, кейін бұл қағазды 5-10 секунд ашып барып, қайта жауып тастасақ, ересек адам әдетте 6-7 затты жадында сақтайды. Бірақ оған бейтаныс болса және бір-біріне жақын жатса немесе керісінше, шалғай, бытырап жатса, зейін көлемі тарылады.
Зейіннің бөлінуіадамның кез келген іс-әрекет үстінде бірнеше объектіге бір мезгілде зейін аудара алатындығынан көрінеді. Бір мезгілде өлең жаттап, әрі қарапайым қосу мен азайту амалмен есеп шығарып көрсек, мұның оңай емес екенін бірден байқаймыз. Мұндай бір әрекет екінші әрекетке кедергі болды. Іс-әрекет процесінде зейін бір-ақ нәрсеге ауады. Себебі оның физиологиялық негізі - ми қабығындағы оптималдық қозу ошағының жалғыздығы. Күнделікті өмірдегі іс-әрекетінде адам өзінің зейінін бөле білуді жетілдіріп, тәрбиелеу қажет. Ал өмірде іс-әрекет зейінді үнемі әр нәрсеге бөлуді талап етеді. Зейінді бөле білуге дағдылану керек.
Зейіннің шоғырлануы- адамның жұмылу күшін сипаттайды және жаңа тітіркендіргіштің бұрынғы доминантаны өшіріп, жаңасын жасау үшін қажетті күшімен анықталады. Бала үйде қолдан жасалатын ұшатын аппарат құрастырумен шұғылданып отыр дейік. Оның ата-анасының сөйлескені де, інілерінің шуы да, теледидар да ештеңе алаңдатпайды. Оның зейінінің жұмылу күшінің шоғырлануы көп. Зейін шоғырлануы оның аумағы мен бөлінуімен байланысты.
Зейіннің тұрақтылығы деп - оның объектіге ұзақ уақыт бағытталуынан айтады. Тұрақтылыққа қарсы қасиет- алаң болушылық. Зейіннің бұл қасиеті көптеген жағдайларға, нерв процестерінің күшіне, әрекеттік сипатына, іс-әрекетке деген қатынасқа, қалыптасқан әдеттерге т.б. байланысты болады. Зейіннің тұрақтылығы көп уақытқа дейін құбылып, өзгеріп отырумен байланысты қасиет. Егер адамның зейіні тұрақты болмаса, ол бастаған жұмысын аяқтап, түбіне жеткізе алмас еді. Кейбір зерттеулерге қарағанда 3-4 сыныптарда оқитын оқушылардың зейіні 30-40 минутке дейін тұрақты болады. Алаң болушылық - зейіннің толқуынан көрінеді. Зейінде толқу болып отырады, бірақ толқу көп уақытқа емес, 2-3 секундтқа ғана созылады.
Зейіннің аударылуы деп- бір объектіден екінші объектіге назарымызды әдейі ауыстыруды айтады. Зейін аударудың ауытқудан айырмашылығы, оның саналы түрде болатындығында. Зейін аударғанда адам бір нәрсемен шұғылдану немесе тынығу мақсатын қояды. Физиологиялық тұрғыдан мидағы оптималдық қозудың ауысуы. Зейінді тез аудара білу қабілеті көбінесе нерв процестерінің өзгермелілігіне байланысты. Кейбір адамдар бір жұмыстың түрінен екінші бір жұмысқа жеңіл көшеді, зейін қойып жаңа жұмысты тез меңгеріп кетеді. Бұл икемді, оңтайлы зейін көрінісі. Екінші біреудің зейіні, керісінше, басқа объектіге қиындықпен ауысады. Зейіннің ауысуы объект ерекшеліктеріне де байланысты. Зейінді күшті тітіркендіргіштен әлсізге ауыстыру әрқашан қиын болады. Зейіннің ауысуын оңайлату үшін әр нәрсенің қажеттілігі мен қызығуды жандандыру қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   39




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет