Салалас құрмалас сөйлемдер
Салалас құрмалас сөйлемнің өзіндік белгілері.
Жасалу жолдарына қарай түрлері
Тіл дамуының көнерек заманында сөздердің де, сөйлемдердің де арасында дербестіктің, бытыраңқылықтың басым болғандығын үнді-европа тілі синтаксисін зерттеген ғалымдар да көрсеткен. Үнді-европа тілдерін салыстырмалы түрде зерттеуге арналған еңбегінде А. Мейе сөйлемдер бір-бірімен ешқандай дәнекерсіз, бірінен соң бірі қатар қойылғанын айтады. Көне заманда сөздер мен сөйлемдер байланысының нашар болғандығын А. Рифтин де “Құрмалас сөйлем дамуының 2 жолы туралы” деген мақаласында айтқан. Осы мақаласында А. Рифтин тетелес тұрған екі жай сөйлемнің салаласу негізінде бір-біріне қосылуы, бірігуі құрмалас сөйлем дамуының бірінші жолы дегенді айтады. Құрмалас сөйлемнің мұндай түрі – яғни компоненттері бір-бірімен ешқандай қосымша дәнекерсіз, тек мағына жақындықтарына қарай іргелес, қабыса айтылулары арқылы байланысатын түрі – паратаксис деп аталады. Ғалымдардың айтуынша, алдымен салалас құрмалас пайда болған да, соның негізінде сөйлемнің әртүрлі дәнекерлер арқылы байланысатын түрлері, соның ішінде сабақтаса байланысатын түрлері де тіл дамуының кейінгі дәуірлерінде пайда болған. Бұл пікірдің дұрыстығын қазақ тілі жазба ескерткіштер фактілері де дәлелдейді. Мұны “Құрмалас сөйлем және олардың даму жолдары” деген мақаласында Н. Сауранбаев та айтқан еді: “Жеке сөйлемдердің бір-бірімен байланысуы түркі тілдерінің ескі дәуірлерінде басталған, яғни сөздердің бір-бірімен байланысуы сияқты жеке сөйлемдер де өзара байланысатын болған”.
Құрмалас сөйлемнің бастапқы түрі болып саналатын көне заманғы салалас құрмалас сөйлемді қазіргі тіліміздегі салалас құрмалас сөйлеммен тең дәрежеде қарауға болмайды. Ол кездегі сөйлеммен салыстырғанда тіл құрылысы күрделеніп, жаңалану үдерісінен өткеніне көз жеткізуге болады.
Құрмалас сөйлемнің бастапқы көне түрі болып табылатын паратаксистен кейінірек келе жай сөйлемдердің бір-бірімен сабақтаса құрмаласатын гипотаксис деп аталатын түрі пайда болған. Тіл дамуында, алдымен, сөздерді, жеке сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыратын дәнекерлер пайда болмайды, керісінше, алдымен, сол дәнекерлерді керек ететін мұқтаждық пайда болып, соның қажет етуінен барып, әртүрлі жалғаушы дәнекерлер пайда болған. Сөйтіп әрқайсысы өз дербестіктерін толық сақтап компоненттері бір-бірімен нашар байланысатын құрмалас сөйлемнің бастапқы көне түрінің орнына компоненттері бір-бірімен тығыз байланыстағы жаңа түрі пайда болады. Құрмаластың ең бастапқы түрі болып табылатын паратаксис пен оның негізінде туған гипотаксистің бір-бірінен өзгешелігі тек байланыстырушы дәнекерлерде ғана емес, сонымен бірге олардың әрбір жеке компоненттерінің ішкі құрылысындағы жаңалықтарында.
Қорыта айтқанда, құрмалас сөйлемнің алғашқы түрі бір-бірімен мағыналық жағынан да, грамматикалық жағынан да нашар байланысқан жеке, дербес жай сөйлемдердің өзара салаластық негізде байланыса айтылуынан пайда болған да, кейінірек келе сол салаластың негізінде компоненттері әртүрлі дәнекерлер арқылы бір-біріне бағына байланысатын сабақтас сөйлемдер қалыптасқан.
Қазақ тілі құрмалас сөйлемін ана тілімізде зерттеу А. Байтұрсынұлы оқулығынан басталады. 1924 жылы “Тіл құралы” деген атпен Орынборда баспадан шыққан еңбегінде автор “Қазақ тілі сөйлемдері арасында екі түрлі жақындық болады: оның бірі – мағына желісі жағындағы жақындық та, екіншісі – сөйлемдердің сыртқы қисын жағынан жақындығы. Мұның алдыңғысы, яғни тек ой іргесі, ой желісі жағынан ғана жақын болатын іргелес сөйлем (Күн ашық. Торғайлар шат.), ал әрі ішкі мағына, әрі сыртқы қисын жақындығы бар сөйлем құрмалас деп аталады” – дейді. Құрамына енетін жай сөйлемдердің бір-бірімен байланысу түріне қарай автор құрмаласты салалас құрмалас, сабақтас құрмалас сөйлем деп екіге бөледі. Бұл екеуінің бір-бірінен өзгешелігі – салаласта оның құрамына енген жай сөйлемдер өзара тең байланыста болады да, сабақтаста тең болмайды, бірі екіншісінен кем болып келеді дейді. Құрмалас сөйлемнің салалас түрі мен сабақтас түрлерінің, олардың құрамына енген компоненттерінің бір-бірімен мағыналық қатынастарына қарай өз ішінен әртүрлі салаларға жіктеу де тұңғыш рет А. Байтұрсынұлы оқулығында кездеседі. Терминдік жағындағы өзгешелігі болмаса, әдеби тілімізде кездесетін салалас, сабақтас сөйлемдер түрлері толыққа жуық қамтылған. Сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің бір-бірімен мағыналық қатынастарын сөйлем мүшелерінің атымен бастауыш бағыныңқы, анықтауыш бағыныңқы деп бөлуі де ғалы еңбектерінен бастау алады. А. Байтұрсынұлының құрмалас сөйлемге қатысты жазғандары кейінгі зерттеулерден, әсіресе Н. Сауранбаев, С. Аманжолов еңбектерінен берік орын алды, мол пайдаланылды.
Достарыңызбен бөлісу: |