2.Тіл фактілерін тарихи ескеркіштердің фактілерімен және туыс тілдердің фактілерімен салыстыру арқылы, оның құрылу, жұмсалу ерекшелігі ашылады.
3.Типологиялық әдіс. Бұл - туыс емес тілдердің фактілерін салыстырып зерттейтін әдіс. Әдістің тигізетін пайдасы- тіліміздің синтаксистік құрылысындағы ерекшеліктерді анықтап тануға жәрдемдеседі, әсіресе, бір логикалық форманы білдіретін түрлі тілдегі синтаксистік формаларды жалғастыру арқылы тіл мен ойлаудың ара қатынасын ашуға көмектеседі. Көргенім кеше. Кеше көрдім.
Типологиялық салыстыру тек ерекшелікті байқау үшін емес, тіл-тілдердің шығу тарихы бір болмаған күйде де ұқсас келетін жайларын байқатады, ондай ұқсастықтың себебін білдіреді.
4. Статистикалық әдіс. Бұл әдіс арқылы синтаксистік тұлғалардың жұмсалу аясы, өрісі, тұлғалардың мөлшер көрінісі зерттеледі.
Сонымен, синтаксис сөздердің бір-бірімен байланысу амалдарын, сөз тіркесін, сөйлемді құру тәсілдерін, сөйлемдердің ірі бірліктерге бірігу тәсілдері мен түрлерін, ондағы жеке сөйлемдердің бір-бірімен қарым-қатынасын зерттейтін ғылым.
Сөз тіркесі
1.Сөз тіркесі және оған тән басты белгілер
2.Сөз тіркесінің зерттелу тарихы
3.Сөз тіркесінің құрамы мен құрылысы
4.Түйдекті тіркестер
Синтаксистің зерттеу нысанына сөз тіркесі мен сөйлем жатады. Сөз тіркесі - сөйлем жасаудың негізгі материалы, негізгі синтаксистік тұлғалардың бірі. Сөздің, сөз тіркесінің табиғи жұмсалу айналасы, өмір сүру жағдайы болады. Бұлардың өмір сүру қызметі сөйлем ішінде жүзеге асады. Сондықтан сөз тіркесі сөз бен сөйлемнің арақатынасынан шығатын басты синтаксистік единицаның бірі деп есептеледі. Сөз тіркесі екі сөздік форманың арасындағы синтаксистік қатынасты білдіреді. Бұл оның жеке сөзден құрылымдық ерекшелігін көрсетеді. Ал қызметі жағынан алғанда ол сөзбен бірдей: екеуі де атауыштық қызмет атқарады. Бірақ сөз заттың, құбылыстың, сапаның атауы болса, сөз тіркесі сондай номинативті атаулардан құралған синтаксистік топ. Демек, айырмашылығы - сөз тіркесі заттар мен құбылыстардың сапа, белгілерімен қоса алғандағы кең де нақтырақ түрдегі атауын білдіреді. Мысалы: алма- қызыл алма, піскен алма; жапырақ - қайыңның жапырағы, еменнің жапырағы. Қимыл-күйді де оның қосымша жағдайларымен (мекенімен,мезгілімен, объектісімен) ашып, дәлдеп атап көрсетеді: үйге келу, бүгін келу, поезбен келу.
Сөз тіркесінің сөйлемнен айырмашылығын көрсететін белгілері де бар. Ол - пікірді, ойды білдіретін коммуникативтік тұлға емес, сондықтан онда предикативтік мағына, интонациялық аяқталғандық болмайды. Сонда лексика - грамматикалық мағыналары айқын сөздердің біріне-бірі сабақтаса бағынып барып жасалған синтаксистік тобы ғана сөз тіркесі деп есептелінеді. Өзара тіркескен сөздердің синтаксистік тобын сөз тіркесі деп тану үшін, ең алдымен, оның мынадай белгілерін білу шарт.
Достарыңызбен бөлісу: |