Лекция тезистері Синтаксис туралы түсінік


) сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болады



бет4/66
Дата25.11.2023
өлшемі0,62 Mb.
#127912
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   66
Байланысты:
367983 3

1) сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болады;
2) ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық және синтаксистік байланыста айтылады. Олар салаласа байланыспайды, тек сабақтаса байланысады;
3) тіркескен сөздер предикативтік емес қатынаста болады (анықтауыштық, пысықтауыштық, толықтауыштық).
Жалпы синтаксистік қатынастың негізгі екі түрі бар: предикативтік қатынас, предикативтік емес қатынас. Предикативтік қатынасты білдіретін тұлғалар - сөйлемнің грамматикалық негізін құрайтын бастауыш пен баяндауыш. Бастауыш пен баяндауыштың арасындағы предикативтік қатынасты баяндауыштың жақтық, шақтық, модальдық мағыналары белгілейді. Предикативтік емес қатынастың үш түрі бар. Олар: анықтауыштық (атрибутивтік), толықтауыштық (объектілік), пысықтауыштық (адвербиалдық). Бұлардың әрқайсысы өз ішінде жеке грамматикалық мағыналарды бейнелейді. Анықтауыштық қатынас сын-сапалық, сан-мөлшерлік, меншіктік мағыналарды білдіреді (үлкен үй, он студент, баланың кітабы). Толықтауыштық қатынас қимылдың немесе сапалық күйдің затқа тікелей немесе жанама түрде ауысып түсуіне байланысты тура және жанама объектілік қатынастарға бөлінеді (тауды бұзу, ағашты жару, қаламмен жазу, оқуға ықыласты болу). Пысықтауыштық қатынас мезгілдік, мекендік, себептік, мақсаттық, амалдық, сын - мөлшерлік мағыналарды білдіреді ( бүгін келу, теңізде жүзу, қуанғаннан секіру).
Осындай синтаксистік қатынас тек толық мағыналы сөздердің сабақтаса байланысуы нәтижесінде пайда болады, яғни лексика-грамматикалық дербестігі бар сөздерден басыңқы-бағыныңқылы сөз тіркесі жасалғанда, ол сөздердің бұрынғы мағыналары өзгеріліп, жаңа лексикалық мағына пайда болмайды, мүшелік қарым- қатынасты білдіретін қосымша грамматикалық мағына пайда болады.
Синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан тобын сөз тіркесі деп атайды.
Түркітанушы ғалымдардың бір тобы есімдер тобын сөз тіркесі деп танығанымен, олардың басты ерекшелігі бір тұтастығы деп есептеді. Проф. А.П.Поцелуевский сөз тіркесін жеке сөзге балап, оны былай бөледі:1) детерминативті; 2) салалас; 3) сабақтас; 4) сөйлем. Бұл бөлістің қандай принципке негізделгенін түсіну қиын болғанмен, автордың сөз тіркесі аясына әр алуан сөздер тобын тарту керек деген ойын аңғаруға болады. Н.К.Дмитриев пен Н.А.Баскаков «атрибуттық» топтарды ғана сөз тіркесі деп қарастырады. Н.А.Баскаков анықтауыштық, пысықтауыштық, толықтауыштық қатынастағы сөздер тобы байымдауды білдірмесе сөз тіркесі деп таниды да, білдірсе сөйлем деп таниды.Түркі тілдерін зерттеушілердің ішінде сөз тіркесін жан-жақты зертеудің нысаны еткен - Е.И.Убрятова. Ол «Исследования по синтаксису якутского языка» деген еңбегінде сөз тіркесінің түрлерін синтаксистік байланыс формаларының ізімен қарастырады, сөз тіркестерін «предикативті», «предикативті емес» деген тұрғыдан қарастырады.
Қазақ тіл білімінде сөз тіркесі деген термин 1950 жылдардан бері қарай қолданыла бастады. 1954 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» атты кітаптың синтаксис саласындағы бір жаңалығы - сөз тіркесі синтаксисін жай сөйлем синтаксисінен бөліп алып, өзіндік өзгешеліктері бар мәселелер ретінде қарастырылуы.
Синтаксистік байланысқа түскен екі сөздің құрамын сөз тіркесі деп тану үшін ол сөздер мағына жағынан, синтаксистік қызметі жағынан дербес, дара болуы керек. Осы шартпен құралған тіркес еркін тіркес деп аталады. Өйткені тіркестің құрамындағы сөздер еркін қатынаста өзгеріп, алмасып отырады: кеңседен шықты, кеңсеге жиналды, ауылға оралды, қаладан оралды. Тіркес тек сөйлем құрауға немесе сөз тіркесіне ғана қатысты пайда болмайды. Лексикалық, грамматикалық тұлғалар тудыру үстінде де тіркестер пайда болады. Мысалы: асау жүрек, асау қиял, асау жел, тәтті қылық-метафоралық тіркес болса, жүрегі шайылу, қаһарын төгу, көз қырын салу-тұрақты тіркестер.
Сөз тіркесі синтаксисінің басты зерттеу нысаны - еркін құрамдағы сөз тіркестері. Өзара тіркескен сөздің бірі екіншісін өзіне бағындырып тұрады. Сондықтан сөз тіркестері сабақтаса байланысқан екі сыңардан құралады: бірі-сөз тіркесінің ұйытқы бөлігі, негізгі мағынаға ие болатын грамматикалық діңгегі - басыңқы сыңары, екіншісі - басыңқы сыңарды айқындап тұрған, оған қатысты әрі тәуелді бөлігі - бағыныңқы сыңары деп аталады. Мысалы: Ұлытаудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі.
Құрамы екі сөзден тұратын сөз тіркесін жай сөз тіркесі деп, ал құрамы үш не одан да көп сөзден тұратын сөз тіркесін күрделі сөз тіркесі деп атайды. Көлге қонды- көлге қонып жатыр; асықпай сөйле-асықпай сөйлеп ала жөнелді.
Сөйлем ішінде сөз тіркестері екі түрлі ыңғайда құралады:
1) Сөз тіркестері тізбектеліп, ондағы сөздер біріне – бірі сатылана байланысады. Үшеуінің көңіл-күйі бұзылды.
2) Кейде сөз тіркесінің құрамындағы бірнеше бағыныңқылар бір басыңқыға ортақтасып тұрады. Сол күні Теңсер үйге кеш оралды.
Сөз тіркесін құрауда зат есім мен етістіктердің қызметі ерекше. Олар көбіне сөз тіркестерінің басыңқы сыңары болады да, сапалық есімдер ( сын есім, сан есім, есімше, сілтеу есімдіктері) мен үстеулер, еліктеуіш сөздер мен көсемшелер көбінесе сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары қызметінде жұмсалады. Сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары қара сөзден құралған сөйлемдерде басыңқыдан бұрын тұрады, поэзияда керісінше орналасуы мүмкін.
Сөз тіркестерін дұрыс талдай білу үшін, олардан басқа тіркестердің түр- тұрпаты қалай болатынын жақсы білу керек. Өзара байланыста тұрып, тобымен сөз тіркесінің құрамына енетін тіркестер түйдекті тіркестер деп танылып жүр. Түйдекті тіркестер құрамындағы сөздердің бәрінің не біреуінің лексика-семантикалық дербес мағынасы болмайды. Олардың тіркесуінен қосымша грамматикалық мағына пайда болмайды. Ерлік жолдасының нұрлы жүзіне күлімсіреп көз тігеді. Қаракер шапқан сайын үдейді.
Лексика-грамматикалық топ болып, сөз тіркесінің бір сыңары қызметінде жұмсалатын тіркесті түйдекті тіркес деп атайды. Түйдекті тіркес қалпында айтылатын сөз тобына мыналар жатады:
1) Күрделі етістіктер тобы: оқып жатыр, келе бер, келе беретін болды, көріп отыра бер.
2) Есім мен көмекші етістіктер тобы: жұмыс істеу, қонақ болу, уәде беру, ағалық ету.
3) Қосарлы есімдер тобы: бірін-бірі, біріне-бірі, өзімен-өзі, жылдан-жылға, бау-бақша.
4) Күрделі есімдер тобы. Бұған енетін сөздердің 1-сыңары барыс, шығыс, ілік септігіндегі есім болып, 2-сыңары осы жалғауларды керек ететін көмекші есімдер не шылаулар болады. Шығанақ жұмыс басында болды. Қала үстіне біздің самолеттер де келіп қалды.
5)Тұрақты тіркестер тобы. Тұрақты тіркестер 2 түрлі болады:
а) Идиомалық тіркестер: қой аузынан шөп алмайтын, іші күю, қабырғаңмен кеңесу т.б.
Идиомалық тіркестегі сөздердің байланысы берік болады, олардың тұтас топ болып тұрғандағы беретін мағынасы жеке тұрғандағы мағыналарына қатысты болмай, мүлде бөтен мағынаны білдіреді.
ә) Фразалық тіркестердің мағынасы оларға қатысып тұрған сөздердің бірі болмаса, бірінің лексикалық мағынасымен байланысты болады. Мысалы: жаны ашу, көзі жету, бас көтеру т.б. Ол бүгінгі келісілген уәдені есіне салды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет