2-тарау. Архивтерді Ұлттық архив қорының құжаттарымен және басқа да архивтік құжаттармен жинақтау тәртібі 3. Архивтерді Ұлттық архив қорының және басқа да архивтік құжаттармен жинақтау, оны жинақтау көздерін белгілеу, архивтік құжаттарды, архив қорлары мен коллекцияларды Ұлттық архив қорының құрамына жатқызу, архивтерге қабылдануға тиіс архивтік құжаттардың құрамын айқындау, архивтік құжаттарды архивтерге қабылдау-беру арқылы жүзеге асырылады. 1-параграф. Архивті жинақтау көздерінің тізімдерін жасау тәртібі 4. Архивті жинақтау көздерінің тізіміне: 1) орталық мемлекеттік органдар және жергілікті мемлекеттік органдар; 2) Ұлттық архив қорының құжаттарын уақытша сақтайтын мемлекеттік заңды тұлғалар; 3) мемлекеттік меншікке жатқызылған Ұлттық архив қорының құжаттарын уақытша сақтайтын мемлекеттік емес заңды тұлғалар енгізіледі. Мемлекеттік емес заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке тұлғалар архивті жинақтау көздерінің тізіміне шарт негізінде енгізіледі. 5. Жинақтау көздерінің тізіміне осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ұйымдарды енгізу мынадай өлшемшарттар негізінде жүргізіледі: 1) ұйымдардың ерекше рөлін және оның басқару жүйесіндегі типтілігін ескере отырып, ұйымдардың функционалдық-нысаналы мақсаты; 2) басқа ұйымдардың архив қорларында ұйым қызметі туралы ақпараттың толық болуы. Жеке тұлғалар жинақтау көздерінің тізіміне мынадай өлшемшарттар негізінде енгізіледі: 1) ғылымның, мәдениеттің және қызметтің басқа да салаларының дамуына жеке тұлғаның қосқан үлесі; 2) жеке тұлғаның қоғам мен мемлекеттің өміріндегі айтулы оқиғалардың қатысушысы, куәгері ретіндегі рөлі; 3) жеке тұлғаның туыстық, достық, шығармашылық байланыстары, жұмыс орны, атқаратын лауазымы; 4) архивтік құжаттардың дәуір үшін типтілігі; 5) жеке тұлғаның жеке архиві құжаттарының құрамы мен мазмұны. 6. Жинақтау көздерінің тізімдерін архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекітетін нысан бойынша архив жасайды. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жинақтау көздерінің жиынтық тізімдерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мемлекеттік архивтері жасайды. 7. Жинақтау көздерінің тізімдерін архивтің немесе жергілікті атқарушы органның (бұдан әрі – ЖАО) сараптау-тексеру комиссиясы (бұдан әрі – СТК) қарайды және олар уәкілетті органның Орталық сараптау-тексеру комиссиясына (бұдан әрі – ОСТК) бекітуге жіберіледі. Ұйымды жинақтау көздері тізіміне қосу және одан алып тастау туралы шешім ұйым басшылығының назарына жеткізіледі. 8. Арнаулы мемлекеттік архивтің жинақтау көздерінің тізімін жасау және бекіту тәртібі ол құрылған мемлекеттік органның ОСТК-мен келісілген құқықтық актілерімен айқындалады. 9. Жинақтау көздерінің тізімдерін нақтылау жұмысы тұрақты негізде жүргізіліп отырады. Жинақтау көздерінің тізіміне өзгерістер мен толықтырулар СТК-ның шешімімен мынадай: 1) заңды тұлға құрылған, қайта ұйымдастырылған және/немесе таратылған; 2) мемлекеттік емес заңды тұлға және жеке тұлға архивпен ынтымақтастық туралы шартты бұзған; 3) ОСТК ұйымды басқа архивтің жинақтау көздерінің тізіміне беру туралы шешім қабылдаған; 4) ұйым қызметінде Ұлттық архив қорының құжаттарын жасау тоқтатылған жағдайларда енгізіледі. Жинақтау көздері тізімдерін қайта қарау және қайта бекіту бес жылда бір реттен сиретпей жүргізіледі. 10. Архив әлеуетті жинақтау көздерінің тізімін қалыптастырады. Оларға Ұлттық архив қорының құжаттары түзілетін, бірақ оларды мемлекеттік сақтауға тапсыру туралы шарттар жасалмаған мемлекеттік емес заңды тұлғалар жатады. 11. Жинақтау көзі болып табылатын әрбір ұйымға бақылау ісі жүргізіледі, онда оның құқықтық мәртебесі, қызметі, архивтік құжаттарды басқару мен сақтауды, құжаттамалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру сипатталатын құжаттар қамтылады. Жинақтау көздерімен жүргізілетін жұмысты есепке алу үшін есептік-анықтамалық картотекалар және дерекқорлар жүргізіледі. 12. Архив өзінің жинақтау көздерінің құжаттама қызметтеріне, ведомстволық архивтеріне және сараптамалық комиссияларына, оның ішінде өз құзыреті шегінде ақылы негізде әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді.