М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ «Аспанда жарық жұлдыздай, маңдайға біткен
құндыздай. Ханның болып еркесі, Арғынның
болып серкесі, Толған айдай толғаның» деген
лебіздер «Үзілмей келген асыл тектің», «гауһар -
дананың» келбетін келісті ыспаттайды.
Жоқтауда Мұса Шорманұлының қоғамдық
– әлеуметтік қызметі, елшілдік, мемлекетшіл
бірегей істері, дін шырағын жандырғаны, артықша
күзеткені, Рум мен Қырымға дабысы жеткені, ғазиз
ердің асқақ рухы мейлінше көркем жырланған.
Жоқтау мәтінінде Мұса Шорманұлының Кенесары
ханға жақындығы айтылады. («Абылайдан шыққан
асыл зат, Кенесары хандарға, Жасында жолдас
болғаның! »)
Тоқетері, осынау жоқтау - ұлттық поэзия
тарихындағы үздік үлгі.
«Бұрынғы замандағы құн төлеу, адам емдеу
салты» (екінші нұсқа) – Абылай хан заманындағы
билік-кесімдер шығарушы, төрелік айтушы,
дау-шарларды реттеуші, бітімгер күлік Шобалай
баласы Жаңабатыр бидің құнға қылған кесімдері
көрсетілген. Мысалы, «қара құн - жүз жылқы, он
екі жақсы; сүйек құны – елу жылқы, алты жақсы;
өнер құны – «тоқал құн» болады - тоғыз жақсы.
Бұл үш құн - еркекте Көтеш ақынға алынған,
ұрғашыда Ұлбикеге алынған. Батыр майданда
өлсе, «Жеті ердің құны алынсын!» деген кесім
шығарған. Аттың құйрығын кескен ұры жыл
бойы босаға күзетеді екен. Мұның мәнісі – бір
жыл ішінде кісі өлсе, кісі құнын төлеттіреді екен.
Мал ұрлаушыға мал иесі оның мойнына арқан
салып, өлшеулі жерге дейін сүйрейді екен. О
заманда ойнасқорды қара есекке теріс мінгізіп,
мойнына құрым киіз ілдіріп, арқан тағып, қырық
қысырақтың құйрығына байлап, еркімен жібереді
екен, сөйтіп, үріккен жылқылар тас-талқан қылып
өлтіреді екен.
Мақалада «бақсы», «жарғыш», «құяңшы»,
«оташы» тәрізді халық емшілерінің өнерін
тәптіштеп жазған.
«Тіл мен көз» - Шоң би мен Торыайғыр
би Қаракесек еліне бітімге бара жатып, жол
бойында тұп-тура кісінің басындай ақ тасты көріп,
тамашалап, таңданысып кете барады. Ауылға
байдың үйіне ат басын тіреп, тағы да екі ала бас
ботасы мен екі аққара бас марқасын қызықтапты.
Бұлар аттанғанша, бұлар да пышаққа ілініпті.
Олар өзара шүйіркелесіп: «Мына боталар мен
марқаларға біздің көзіміз тиді. Кешегі біз сұқтанған
тас қайтті екен? – десіп, әдейі бұрылып, тасты
көрсе ортасынан қақ жарылған екен дейді.
«Алланың шайтанынан адамның шайтаны
күшті» делінген сөз – соқыр мен ақсақтың достығы
жайлы, және екеуінің мызғымас достығын бұзуға
Алланың шайтанының шамасы жетпей, адамның
шайтанының айла-шарғысы артық екендігі туралы
тәмсіл.
«Ақтайлық сыны» - тапқырлық пен шешендікке
негізделген. Алшынбай биді алшысынан түсірген
тарланбоз. Ақтайлақ Қарқарылыға келгенде,
Алшынбай би: «Осы сіздің ел: «Қымызға тар,
- дейді ғой, шөлдеп бара жатқан жолаушыға
тостағанмен ауыз тигізіп, шөлін қандырмайды!»
- дейді. Осы рас па? – депті.
Сонда Ақтайлақ би: «Жылқыны қазақ: «Жаным,
- дейді, - қымызын-қаным» - дейді емес пе?!»
Ақтайлақ би ойын әрі қарай сабақтастырып,
көзбен көріп айтып отырсыз ба? – депті.
Алшынбай естігенім бойынша депті. Сонда
Ақтайлақ би: «Көз - шынның расы, құлақ –
өтіріктің ұясы» - деуші еді. «Өтірік пен шынның
арасы төрт-ақ елі – деп, төрт саусағын көз бен
құлақтың арасына қойып тұрып: «Сіз осы сөзді
көзбен көрген шығар, расын айтып отыр екенсіз»
- деп отырсам, «өтіріктің ұясы» құлақтың естігенін
айтып отыр екенсіз ғой – деп өкініпті.
Ақтайлақ бидің Алшынбай бидің бәйбішесіне
айтқан: «Ердің семізі – елдің құты, әйелдің семізі-
үйдің жұты. Атың жемпаз болса, берді Құдай,
қатының жемпаз болса, ұрды Құдай», «Етегім
– төсек, жеңім – жастық» - дейтін уытты, қуатты
сөздері қандай десеңізші!
«Ағыбай батыр» – Хан Кененің бас батыры.
Ол «ақ жолым» деп атаған. Ақжолтай Ағыбай
батырдың бейнесі халықтың жыр – аңыздарында,
халық ақындарының дастандарында жарқын түрде
сипатталған.
Мәшһүр Жүсіптің «Кенесары жорығына
қатысты төртінші дерек» дейтін жазбасында:
«Ағыбай батыр туын жықпай, таң атқанша тұрған
жерінде тұрып қалды. Таң атқан соң, оқ бойы
өз алдында жүріп: «Ағыбай, Ағыбай!» – дегізіп,
жолдастарын шулатты да отырды. Қырғыз қақ
жарылып, жол бере білді. Бір қырғыз беттеп
бөгеуге бата алмады. Сол жүргеннен жүріп
отырып, тайдай тал түсте аман –есен құтылып
шықты» – делінген.