1.15 Мәшһүр Жүсіптің сапар өлеңдері
Мәшһүр Жүсіп туындыларының жанрлық тегін дәйектегенде, оның сапар өлеңдерінің орны бір бөлек екендігі де анықталады. Қамтылатын іс-әрекет, оқиғалардың ауқымдылығы, кейіпкер саны көптігі, олардың қарым-қатынасының біршама өрістетіліп берілуі – бәрі шығарманы эпосқа, оның ішінде дастанға (поэмаға) жақындастыра түседі. Әйтсе де сол көлемділік, кең тыныстылық – бәрі жинала келе бір ғана лирикалық қаһарман сезімі тұрғысынан өрілуі, яғни дара адам сезімі ретінде көзге түсуі – бәрі ол туындыны поэмадан аулақтатып, лирика жанры аясына алып келеді. Мәселен, Мәшһүр Жүсіптің «Ышқышбап сапары» (1896 ж.) өлеңі, сырт қарағанда, дастан тәрізді. Шығарма басында лирикалық қаһарманның сапарға қалай шыққаны, оның қасына кімдер ергені, қай жерде қалай қонақ болғандықтары тізбектеліп берілген. Тіпті қонған үйлері адамдары да бір-бірінен өзгеше болуымен ерекшеленеді. Жолшыбай көрген қиындықтарын нақты суреттеу үлгілері де аз емес:
Шыршықтың таң қаларсың тасқанына,
Сарқырап таудан, тастан асқанына.
Астында тіреуі жоқ ағаш көпір,
Солқылдар жалғыз аттың басқанына.
Жағалай жол үстінде тұрған мазар,
Бұл Мәшһүр көргенінің бәрін жазар.
Астың-су, үстің-аспан, ортасынан,
Жетектеп бір-бір атты өттік азар.
Тау қалды жолда оң қолда Абылқасқа,
Таулар көп толып жатыр онан басқа.
Құдайдың құдіретіне таң қаларсың,
Қатарлап жиған жүктей тұрған тасқа! [22, 107-108 б.].
Міне, мұндағы судың сарқырап ағуы, яғни судың тез және мол ағуы белгісі; «жалғыз аттың басқанына» солқылдаған тіреуішсіз ағаш көпір, мазарлардың жол үстінде жағалай тұрғаны, «қатарлап жиған жүктей» - тастардың тұруы т.с.с. – нақты сурет үлгілері жұптаса келе лирикалық қаһарманның жүрсем, көрсем, білсем деген тілегін ашуға бағындырылуымен көзге түсіп тұр. Сонымен бірге одан кейін көрген жол хикметтері де нақты кестеленген:
Таулар көп: өркеш-өркеш, түйе мойнақ,
Құлын, тай, болатұғын бота, тайлақ.
Ер кетіп, сыпырылып ат көтіне,
Секіріп иығына міндік жайдақ.
Білмедім қалды қайсы жақтан келіп,
Қарамай ерге жайдақ алдым мініп.
Түсірмей ерді жерге шапшандықпен,
Қолымен алды қағып Ақпан келіп.
... Қымызға мас болғанын білмей қалып,
Жығылып Оразымбет тасты құшып [22, 109-110 б.].
Міне, мұнда түрлі көлемдегі, бедердегі тау атаулыны қазақ ұғымына жақындатып, яғни ұлттық өрнек өлшемімен қарау үлгілері басым. Соның нәтижесінде де кездескен таулар лирикалық қаһарманға не «өркеш-өркеш», не «бота, тайлақ» т.с.с. түрінде көрінеді. Ал, лирикалық қаһарман астындағы ер сыпырылуы, оны Ақпан деген екінші адамның жерге түсірмей қағып алуы – бәрі лирикалық қаһарманның алға қойған ниетінен қайтпағанын ашуға, демек лириканың жанрлық сипатын сақтауға бағындырылуымен көңіл бөлгізеді. Тек лирикалық қаһарман емес, екінші бір лирикалық бейненің, Оразымбеттің, бірер қырымен болса да көрінуі, мәселен қымызды көп ішіп, мас болғандай күй кешіп жығылуы т.с.с. – бәрі эпос талаптарына сай келсе, тағы да соның бәріне бір ғана лирикалық қаһарман көзімен қарау шығарманы лирика аясына әкеліп қосуға қызмет етуімен назар аудартады. Міне, осындай мол оқиға, көп әрекетті қамти отырып, бәрін бір лирикалық қаһарман сезімі тұрғысынан өрнектей білу шеберлігі ақынның бұдан басқа «Түркістан сапары» (1908), «Ереймен сапары» (1910), «Ташкент сапары», «Бұқара сапары» өлеңдерінде де орын алған.
Достарыңызбен бөлісу: |