Халқымның алтын діңгегі – Сыр бойы
– Қазақ тілі туралы заң қабылдауға белсенді атсалысқан азамат
ретінде, республикалық «Қазақ тілі» қоғамының президенті ретінде сол
Қазақ ССР Заңының қазіргі жүзеге асу барысы туралы айтсаңыз?
– Әрине, заңның іске асуы жөнінде бір ауыз сөзбен келте қайырып айту
қиын. Өйткені, қазақ тілі туралы Заңның дүниеге келуі қаншалықты қиын
болса, оны іске асыру да оңай болып отырған жоқ. Қабылданған заң тәртіп
150
бойынша іске асуы керек. Оны іске асыру үшін толып жатқан шарттар
сақталуы тиіс. Біріншіден, заңның өзінің қабылдануы, яғни мемлекеттің
ана тілін ұстап қалу, оны болашақта дамыту үшін заңдандырылуы
үкімет тарапынан жасалған қамқорлық деп бағалау керек. Бұл бізде бар.
Екіншіден, заңның іске асуына қажетті, оны қамтамасыз ететін мемлекет
тарапынан тиісті қаражат бөлінуі керек. Қазақ ССР үкіметі 2000-шы жылға
дейінгі қазақ тілі туралы бағдарламасында бұл туралы атап көрсеткен.
Егер соның бәрі іске асатын болса онда біздің заңымыз толық жүзеге асады
деп ойлаймын. Бұл бағдарламада қазақ тілі үшін 2,5 миллиард сом қаржы
бөлінеді делінген. Қазіргі қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты
ол әлі бөлінген жоқ.
Үшіншіден, заңды ел болып, жұрт болып шын көңілден ықыласпен
қабылдау, оған қолдау көрсету қажет. Тілге ықылас болмаған жерде нәтиже
шығуы қиын.
Төртінші, бүкіл ел болып, жұрт болып халқымыздың ұлттық, жұрттық
сана-сезімін ояту керек деп білемін. Өйткені, бүкіл республика бойынша
қазір 17 облыс, 80-нен аста қала, 250-ден астам аудандарда «Қазақ тілі»
қоғамының ұйымдары құрылып болды. Өз жұртымыздың қазақ тіліне
деген ықыласы, ынтасы өте жоғары. Соған қарағанда бұл қоғам ерте ме,
кеш пе өзінің алдына қойылған міндетін орындайды деген нық сенім
бар.
Әрине, қазір заң ойдағыдай еш кедергісіз іске асырылып жатыр
деп айту қиын. Өйткені, 70 жылдан бері қағажу көріп келген тілімізді
қалпына келтіру үшін уақыт керек. Бұған ең кемінде 5–10 жыл қажет.
Бұларды заңның орындалу барысына байланысты айтып отырмын.
– Әбеке, қазақ тілі туралы заңның іске асуына кедергі болып
жүргендер туралы айтсаңыз?
– Біз заң қабылдағанда оны орындалады, оны іске асыру міндетіміз
деп қабылдадық. Бірақ, қазірдің өзінде заңға оң жақтан да, сол жақтан да
шабуыл жасаушылар бар. Біреулері, ол тіпті қазақ халқының өкілдері,
олар тілдік нигилизмге салынғандар. Олар қазақ тілінің қажеті қанша,
онсыз да көшіміз жүріп келеді ғой дейді. Біз олардың біразымен күрес
жүргіздік, біразына сын айттық, бірқатарына түсіндірдік. Олардың
бірсыпырасы қазір түсінгендей сыңай білдіріп жүр. Сондай-ақ кейбір
адамдар ашығын айтқанда сол заңның болашағына сеніңкіремейтін
пиғыл білдіреді. Бұлар әсіресе, қазақтың зиялы қауымы, орысшаға ден
қойып кеткен совет, партия қызметкерлерінің арасында бар. Реті келсе
бұлардың бірқатарының аяқтан шалу, етектен басу, кейін тарту секілді
151
әрекеттері байқалып қалады. Екіншіден, қазір ашық айтып жүрміз, басқа
ұлттардың өкілдері, әсіресе орыс ұлтының өкілдері біздің заңымызды
өздері үшін құбыжық көретін пиғыл білдіріп жүр. Осы заң азаматтық
праволарына зиянын тигізетіндей, күндердің күнінде қазақ тілі арқылы
өздеріне қысым жасалуы мүмкін дегендей қарсы әрекет жасайды. Мінеки,
осы жағдайларға қарамастан бүгінгі таңда жүз процнт деп айту әрине
қиын, бірақ заң өзінің күшіне енгенінен бері, одан бұрын да ел болып, жұрт
болып жүргізген жұмыстың нәтижесінде кейбір жоспарлы істер жақсы
басталды.
Заңның жүзеге асуының жолдары көп. Тілдің өзі бар да оған қатысты
мәдени, рухани өміріміз тағы бар. Балабақшадан бастап, мектептерде,
жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім, тәрбие беру басталды.
Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Жаңадан жүздеген балабақшалар,
мектептер қайта ашылып жатыр. Кейбіреулердің берген бағасындай заңның
іске асуында кішкене мимырттық жүрістің бәсеңдігі, шабандық бар. Оның
да себебін айтуға болады. Бір себебі, заңымыздың өзі халқымыздың өзі
секілді момақан, жуас, жалпақ шешей, созылуға ыңғайлы тұратын заң.
Сол Заңдағы 33-баптың жиырма шақты бабында мемлекеттік қазақ тілімен
қатар орыс тілі бірге жүр. Соның өзінде де кейбір жолдастар бұл заңға қырын
қарайды. Егер екі тіл мемлекеттік тіл ретінде қатар жүргенде бұрынғы
70 жылдық дәстүрді бұзып, қазақ тілін ілгері шығарып, мемлекеттік тіл
ретінде таныту деген оңай шаруа болмай қалады.
Бұл алдымен сана-сезімге де байланысты. Әлі күнге дейін
парламенттік жиналыстарда қазақ тілі өзінің бойын көрсете алмай келеді.
Ол анау есіктің аузында тұрған өгей бала сияқты, төрге шыға алмайды.
Бұл туралы көптеген пікірлер бар. Дегенмен де, Қазақ ССР Президенті Н.
Ә. Назарбаев жолдас өзі өткен кездесулерде, теледидарда әрі қазақша, әрі
орысша сөйлеп, тілімізге мән беріп, үлгі көрсетіп жүр. Осы сияқты біздің
басшы кадрларымыз, азаматтарымыз мүмкін болған жерде қазақша сөйлеу
керек. Сонда оны көріп отырған қарапайым халық «жоқ мынау тілді
үйрену, құрметтеу керек екен, бұл мемлекеттің тілі» деп сезінетін
болады.
– Осы орайда тіл үйренуге байланысты ілеспе аударманың
пайдасы бар ма деген сұрақ қойғым келіп отыр! Басқа ұлттың өкілдері,
не өзіміздің тіл білмейтін «мәңгүрттеріміздің» тілді үйренуіне осы
кедергі келтіреді деп ойламайсыз ба?
– Ілеспе аударманың түптеп келгенде зияны бар. Қазақ тілін
білмейтін қазақ бастықтар, әсіресе жастар «ой, оны неғыламыз
152
үйреніп, ілеспе аударма бар ғой» деп оған арқа сүйейтін болады.
Ілеспе аударма жөніндегі ұсынысты кезінде өзіміз айтқанбыз. Оның
себебі бүгінгі таңда тілдік кедергіні бірте-бірте сатылап жеңу үшін,
оны қолдану қажет. Қазір Жоғарғы Совет сессияларында, академия
жиналыстарында, басқа да ресми жиындарда мұны пайдаланып жүрміз.
Ілеспе аударма мықты жолға қойылған жерде қазақ тілін үйренуге ынта
азаяды. Бұл пікір дұрыс.
– Қазақ телевизиясының тіл үйренуге арнап жүрген хабарлары
жақсы әсер қалдырмайды. Суреттер көрсетеді, хабарлары қысқа
болып келеді, әсері аз. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін берілетін
хабар дәрежесіне жетпейді. Жалпы республика жұртшылығына
осындай хабармен тіл үйретуге талпыныс жасау тілімізге теріс
көзқарас тудырады деп ойламайсыз ба?
– Ол рас. Бұл енді тілді үйренемін деушілерге қалай үйрету керек,
ұстаздардың іскерлігіне, талабына байланысты. Тілді нақтылы үйретуге
арналған методика болады. Әр тілдің өзіне сай оқыту методикасы болуы
тиіс. Бізде осы методика кенже қалған сала болып шықты. Оны біз
енді сезініп жүрміз, Өйткені методика болмағандықтан біздің бірқатар
ісімізге елеулі кедергілер келіп жүр. Қазір «20 сабақ», «40 сабақ» деген
сияқты оншақты оқулықтар шықты. «Тілдескіш» дейміз (орысшасы
разговорник) оны да шығардық. Осылардың бәрінде жетіспей жатқан
негізгі нәрсе – ол методикалық нақтылылық, жүйелілік. Біресе, біз
үйренеміз деушілерге тілдің грамматикасын үйретеміз. Енді біреулерге
жеңіл мультфильмдер дәрежесінде хабарлар береміз. Бұл дұрыс емес.
Қазір тіл үйренудің басқа жолдары қарастырылуда. Кишиневтағы
инженерлердің программасы бойынша видеовизуально экранда бірінде
орысша, екіншісінде қазақша алдындағы дисплейдің экранында екі
тілде жазулар болады. Оны үйренемін деушілер өзі оқып, түзетіп,
өздігімен шұғылданатын тәсіл бар. Алдағы уақытта осыны қолданғалы
жатырмыз. Дегенмен, бұл да әлі шешімін таппаған сала. Әсіресе,
жоғарыда айтқанымдай методикаға байланысты жетімсіздіктер бар.
– Киімі сәнді, ажары әдемі, сырт көркі әсем келген кейбір жастарымыз
өзінің ана тілін білмейді, білсе сөйлегісі келмейді. Қазір тіл жөнінде
аз айтылып жатқан жоқ. Бірақ, оларға бұл сөз жетпейді. Қоғамдық
әлеуметтік өзгерістерден тыс қалған осындай жастарды көргенде
жанымыз күйінеді.
– Ол мынадай жағдайға байланысты. Бізде «қырық процент» деген
күрделі проблема бар. Осыны кім шығарды, бұл қалай деген әңгімелер де
153
болды. Оны шығарған мен едім. Біз халықтың өз тілін білмейтін, шала
білетін қырық процентке жуық адамдарының сана-сезімін оята алмай
келеміз. Егер санасы бар адам болса, олардың түсінетін уақыты болды.
Теледидардан, радиодан, баспасөзден аз айтылып жүрген жоқ. Барлығы
айтылды. Байқап қарасаңыз біз бәрін тек қазақ тілінде ғана айтып жүрміз.
Бұл біржақтылыққа ұрындырды. Біздің «Ана тілі» газетіміз де қазақ тілін
насихаттайтын басқа да, газеттер қазақ тілінде шығады. Қазақша газет
оқитындар түсінеді, біледі. Ал оқымайтындар сол бұрынғы күйінше қалып
келеді.
Республикадағы орыс тілінде шығатын газеттер қазақ тілін
насихаттауға жұмған аузын ашпайды. Қазір бәрін ашық айтамыз, ашынып
сөйлеп жатырмыз. Бірақ біздің айтқандарымыз оларға жетіп жатқан жоқ.
Сондықтан да біз «Ана тілі» газетінің бір бетін орысша етіп шығаруды
да ойластырғанбыз. Бәрібір қазақша газетті олардың алып оқымайтынын
ескеріп, бұл қадамға бастағанымыз жоқ.
Егер біздің тіл туралы бүгінгі сөзіміз, мұқабамыз сол қазақша
білмейтіндер мен нашар білетін қырық проценттің құлағына жетпесе біздің
күресіміз ұзақ уақытқа созылып кете ме деп қауіптенемін.
Ал осы тілдік негізде, қала мен ауыл жастары арасында түсінбестіктер,
жиі-жиі шекісіп қалушылықтар болып жүр. Қырық процент белгілі
әлеуметтік жағдайлармен тікелей өзімізге де байланысты шаңырақтан
шығып кеткендер. Сондықтан ақыры түсінбейді деп, олардан теріс айналмай
қара шаңырақтың астына қайтаруымыз керек. Қазіргі үлкен міндет – осы.
– Әлі күнге дейін автотранспорт, әуе, теміржол қатынасы
салаларында жолаушыларға қазақ тілінде хабарландырулар жариялау
жолға қойылмаған. Қазақстан территориясында Заңның күшімен осының
барлығына ортақ бір ереже есебінде міндеттеуге болмас па еді!!!
– Бұған екі түрлі кедергі бар. Біреуі осы мекемені басқаратын жауапты
адамға байланысты. Мысалы, қазір Алматы облыстық партия комитетінің
хатшысы болып істейтін Шәріп Омаров бұрын қалалық атқару комитетінде
төраға болып істеді. Ол кісі кезінде көп іс тындырды. Журналистерге
мекемелер мен кәсіпорындар маңдайшасындағы жазуларды дұрыс
аудартып, қайта ілгізді. Студенттерді көше аттарын ретке келтіруге
жұмылдырды. Қала транспортында қазақша хабарлап отыруды
ұйымдастырды. Ол кісі басқа қызметке ауысты. Бұл мәселелердің
бәрі қалып қойды. Бұл жерде іс тетігі кейде жеке адамға байланысты
болатынын мойындауымыз керек. Ал, енді аэрофлот қызметін
пайдаланып, Москвадан Алматыға ұша қалсаңыз тіптен ұяламыз.
154
Біз Заңды бұрмалап, орындамағандарға жаза қолдану қажет деп
білеміз. Ол қандай жаза болады? Әлі шешілген жоқ. Тіл туралы Заңды
заңмен қорғау қажет. Мынадай жағдайды айта кетуге тура келеді. Біз
тілге байланысты Заңды, не тілді пайдаланатын адамдарды қорлауға
төзіп келдік, қазір сол арқылы бүкіл халықты қорлауға төзіп отырмыз.
Баспасөзде жазылғанындай, биыл құрылыста жұмыс істейтін, орысша
тіл білмейтін ауыл қызы кезекті еңбек демалысына шықпақшы болады.
Ол арызды орысша жаза алмайды. Оның тікелей бастығы корей жігіті
оған арызды орысша жаз, мен айтып тұрайын деп сол қызға «Прошу
за 1990 год дать мне по ушам» деп жаздырады. Директорға осы
қағазды апарса, оның төңірегіндегі көптеген адамдар қарқылдап күліп,
өздерінше мәз болады. Қыз жылап шығып кетеді. Бұл жерде қыздың
азаматтық намысына, арына тиіп отыр. Осыған байланысты «Қазақ
тілі» қоғамы тарапынан осы мәселені соттың шешіміне ұсынбақшы
болып отырмыз.
Қазақша жазылған өтінішті түсінбеймін деп лақтырып
жіберетіндер әлі бар. Дүкендерге, дәріханаларға барғанда да жауап
бермейтіндер көп. Сондықтан тіл туралы Заңды Заң арқылы қорғау
қажет дейміз.
– Жақында қабылданған республика егемендігі туралы декларация
жобасына орыс тілі ресми тіл болсын деп енгіздік, сессияға ұсынылар
шақта бұл бап алынып қалды. Астанада өтіп жатқан Қазақ ССР
Жоғарғы Советінің сессиясының күн тәртібінде тағы да тіл мәселесі
қойылмақшы. Бұ жөнінде не айтар едіңіз?
– Декларация жобасын жасаушы ғалымдарды осы жөнінде
сұрағанымызда, біз жасаған нұсқада ол жоқ еді, газетке берер жерде біреу
қосыпты, кім қосқаны белгісіз дейді. Осы бір ауыз сөз республикадағы
халықтардың қаншама талқысына түсіп, айтыс туғызды. Елдің шекісуіне,
айтысуына әкеліп соқтырды. Сондықтан да оны кейінге қалдырды.
Сессияда 34–35 мәселе ретінде тіл мәселесі қаралмақшы. Оңнан да,
солдан да шабуылға шығатындар мемлекеттік тілмен ресми тіл қатар
тұруы керек дейді. Ресми тіл деп орыс тілі алынуы тиіс деген уәж айтады.
Егер біз екі тілді мемлекеттік тіл есебінде қатар қойып пайдаланатын
болсақ, онда тұлпар мен мәстекті арбаға қатар жеккенмен пара-пар болады.
Өйткені, орыс тілі өмірдің елуден астам саласында пайдаланылады. Ал қазақ
тілі он шақты салада ғана қызмет көрсетеді. Сондықтан бұлай етуге жол
беруге болмайды. Қазақ тіліне қамқорлық керек. Сессияның назар аударатын
мәселесі ретінде біз де пікірімізді айттық. Халық, көпшілік мұндай мәселеге
155
белсенді араласқаны мақұл. Тікелей сессияға өз тілегін өзінің атынан
немесе коллективтік түрде жазып отырса ешбір артықтығы жоқ.
– Өзіңіз басқарып отырған А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі
институты қазақ тілін өмірдің алуан саласында енгізіп, орнықтыру
бағытында қандай жұмыстар атқарып отыр деп айта аласыз?
– Біздің зерттеп келген мәселеміз аз емес. Қазақ тілі байлығының
жиынтығы – 10 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігі жарық көрді. Енді
4 томдық қазақ тілінің академиялық грамматикасын жасап жатырмыз.
Енді қолданбалы лингвистика деген бөлім аштық, тілге қажетті оқулық,
«Тілашар», «Тілдескіш» жасаймыз. Осыған байланысты 10 жылдық
бағдарлама жасап, оны орындауға кірістік. Келесі жылдан бастап
республикада тілге байланысты қажетті құралдар жеткілікті болады.
– Тіл туралы Заңның қабылдануына байланысты терминдерді
пайдалану мәселесінде екіұдай пікірлер кездесіп жүргені жайлы не
айтар едіңіз?
– Терминологиялық комиссияға байланысты мәселелер өте көп. Біз
термин қабылдау жөнінде біресе оң жаққа, біресе сол жаққа шығып кетіп
жүрдік. Бір кездерде орыс тілін қабылдамаймыз деп барлық атауларды
аударумен айналыстық. Сөйтіп, пуризмге бет бұрды деп сыналдық. Кейін
орыс тілінен келген терминдерді аудармастан қабылдайтын болдық.
Қазір терминдердің үлес салмағы қазақтың байырғы төл сөздерінің
мөлшерінен асып кетіп отыр. Бұл өте қауіпті жағдай. Бізде термин
жасаудың екі жолы бар. Оның бізге қажеттісі біріншісі өз тілімізде бар,
баламасы ыңғайға келетін сөздерді термин етіп енгізу.
– Терминологиялық комиссияның жұмысына ономастикалық
атаулар жөніндегі міндеттер де ене ме?
– Терминологиялық комиссияның төрағасы Өмірбаев та,
орынбасары мен. Ал ономастикалық комиссия ол бөлек құрылған. Жер-
су аттарын реттеуге байланысты сонау патшалық Россияның отарлау
саясатына орай қойылған, өзгерген жер-су аттарын түгелдей қалпына
келтіру ұсынылып отыр. Сондай-ақ, үлкен қалалардың аттарына кісі
аттарын бермеу жөнінде концепция ұсындық. Сонда ономастикалық
атауларды өзгертуге байланысты бірқатар жұмыстар жүргізілетін
болады.
– Голощекин есімі берілген бір станцияның атын әлі күнге дейін
ауыстыра алмай келе жатқанымызды білеміз. Бұл жөнінде белгілі
журналистер, жазушылар, қарапайым тұрғындар әлденеше рет
теледидар, радио хабарлары арқылы баспасөз беттерінде үн көтерді.
156
– Голощекин есімді станцияның атын жергілікті жердің атауымен
өзгертетін болдық. Ол жақтан келген ұсыныс бойынша Приуралье деп
атайық деген болатын. Бірақ, біз оны қабылдаған жоқпыз.
– Кісі аттарын ірі елді мекендерге, қалаға бермеу жөнінде шешім
қабылдағанда қандай қалалардың аттары өзгермекші?
– Бұл концепция қабылданған жағдайда біз Шевченко, Жамбыл,
Ермак, Павлодар, Петропавл, Абай қалаларының аттарын өзгертеміз.
– Ендігі сұрақ сіздің тікелей өзіңізге қатысты. Қазақ тілінің
тағдыры шешілер тұста үлкен жолайрықта көптеген азаматтар қос
тілділікті қошеметтеп жатқанда, сіз қазақ тілі мемлекеттік тіл
болуға тиіс деген принциптен айныған жоқсыз. Тіпті, жалғыз қалған
кездеріңіз де болыпты. Сізге әділет үшін осындай көпшілікке қарсы
шығарып жүрген, дұрыс жолды таңдата білген қандай құдірет екенін
айтсаңыз?
–
Мен бұл жөнінде кейін көп ойландым. Адам өмірінде күнде
той, күнде жиын бола бермейді. Адам өзінің азаматтық көзқарасын
анықтайтын кезеңге тап болады, менде бұндай кезең екі рет болды. Мен
он жеті жасымда соғысқа өз еркіммен сұранып барып, бес жыл майданда
болдым. Өзімнің азаматтық парызымды өтедім. Екінші кезең тіл
тағдырына байланысты мен маман ретінде өзімнің пікірімді, азаматтық
ойымды зерттеп жүрген саламды қорғап қалуға тиісті болған уақыт еді.
Саясатқа байланысты айқайлап шыға келетін адамдар аз емес екеніне
көз жетті. Мен өзімнің көзқарасыма үлкен дайындықпен, Қазақстан
жағдайындағы тілдің заңдылығын тексеру арқылы келген едім...
Колбиннің қос тілділік жөніндегі шығарған қаулыларына
байланысты айтысқа қатысып, шынықтық ғой деп ойлаймын. Талай
таяқ та жедім. Үш рет республика басшысы мені сынға алды. Мен
сонда да өз көзқарасымда қалдым. Себебі басқа республикалардағы
болып жатқан жағдайларды білетінмін. Ал бізде тілге көзқарас о баста
дұрыс қалыптаспады. Біз уақытша саясатқа байланысты жалт беріп
кететін азаматтармен істес болдық. Көзі жетіп тұрса да турашылдыққа
бармайтын ағайындарды да көрдік. Шындығын айтқанда, менің қорқатын
ештеңем де болған жоқ. Себебі мен академик болған адаммын. Кешегі
Ахмет Байтұрсыновтар заманында да осы мәселе тап осылай қойылған.
Түптің түбінде келгенде ақтың отын ақымақ өшіре алмақ емес. Осынша
қазақтың ішінен оның тілінің тағдырына байланысты бір азаматтың
табылмауы мен үшін үлкен намыс болатын еді. Мен ана тілі алдындағы
перзенттік борышымды ақтадым. Мені кезінде қорқытқандар да аз
157
болған жоқ. «Сен еркін суретші емессің, академиксің, партия мүшесісің,
артыңды ойлан» дегендер де болды.
Халық менің еңбегімді бағалады, сенді. «Қазақ тілі» қоғамы құрылды.
Енді қазір жалғыз емеспін. Шәкірттерім бар. Пікірлес азаматтар, бұрын
булығып шыға алмай жүрген ғалымдар бар.
Бірақ, күні бүгінге дейін Қазақстанда екі мемлекеттік тіл болу
керек деген сөздер әлі де айтылып жүр. 7 қараша күнгі «Вечерняя Алма-
Ата» газетінде астананың Москва аудандық партия комитетінің бірінші
хатшысы Котельниковтың жалған деректерге негізделген көпе-көрнеу
зорлыққа құрылған мақаласы жарияланды. Ол барлық республикаларда
орыс тілі мемлекеттік тіл болып алынды, бізде неге олай емес дейді.
Оның айтқаны шындық емес. Мен газетке реплика бердім. Ол таяу арада
жарық көруге тиіс.
– Сіздің ғалымдығыңыз бен қоғамдық қайраткерлік қызметіңіз бір-
біріне кедергі келтірмей ме?
– Бұлардың кедергісі әбден жетіп жатыр. Ғалымдық деген ол өз
салам бойынша тіл байлығын жинап, зерттеп, онан белгілі тұжырымдар,
қорытындылар шығару ғой. Менің ғылыми жұмысым көптен бері ақсап
келе жатыр. Бірақ, бүгінгі таңдағы ең күрделі мәселе – тілге байланысты
болғандықтан мен ол ғылым саласына ептеп зорлық жасап жүрген
жағдайым бар. 19 облыстан күн сайын ондаған телефон шалынады.
Астананың өзінен қазақ тілі мұғалімін тауып беру, жаңадан топтар
ашу, түрлі жиналыстарға қатысу тағы басқа ұшы-қиыры жоқ жұмыстар
көбейді. Алдағы уақытта қоғам журнал ашады ма деген қам жасап
жатырмыз. Қысқасы, қыруар уақытым – «Қазақ тілі» қоғамының
жұмысына арналады.
Дегенмен, жиырма бес жылдар бері өткен еңбегім жақында «Ана тілі»
газетінде жазғанымдай 4 томдық қазақтың этнолингвистикалық сөздігі
деген еңбегімді аяқтап келемін. Мұнда халықтың рухани өміріндегі
байлығы, тарихы, дәстүрі сараланып көрсетіледі. Қолым қалт еткенде
осы еңбекті аяқтау үшін жұмыс жүргізіп жатырмын. Мүмкіндігім болса
екі жақты да бірдей алып жүргім келеді. Бірақ, қоғамдық жұмысқа
басымырақ назар аударып келемін.
– Күні ертең өзіңіз қатысуға келген Қызылордада өтетін
ғылыми практикалық конференцияның мақсаты туралы айтсаңыз.
– Конференциямыз үлкен де күрделі мәселені қамтиды.
Балабақшадан бастап, қазақ тілін үздіксіз үйретуге байланысты
атқарылатын жұмыстар көп. Қазақ тілінде осы уақытқа дейін тек
158
қана филология факультеттерінде сабақ өтіп келсе, енді бұл мәселеге басқа
факультеттер де назар аудара бастады. Оған әзірше мүмкіндік аз болып
отыр.
Ұстаздардың пікірін тыңдау қажет. Ел оянды, басқа ұлттың өкілдері
әсіресе студенттері біздің тілімізге ден қоюға тілек білдіруде деген хабар мен
үшін қуанышты болып отыр. Біз өз тілімізде сөйлессек, оны құрметтесек
басқалар біздің тілімізді үйренетін болады. Шетелден Алматыға келген
іскер адамдар, бизнесмендер алдымен балаларын қазақ мектептеріне
оқуға беруде. Бұл не деген көрегендік және біздің болашағымызға кәміл
сенгендік.
– Осы орайда біз де шетел – ағылшын, неміс, француз тілдеріне
басымырақ назар аударғанымыз дұрыс болатын шығар.
– Біз егемендік алған республикада өмір сүреміз. Одақтық шарт
қабылдағаннан кейін қазақ тілін және шетел тілін меңгерген балаларды
шетелге топ-тобымен оқуға жіберуіміз керек. Бұл бізге үлкен мүмкіндік
ашады.
– Соңғы сұрақ – Сіздің Сыр бойына алғаш келуіңіз емес болар. Сыр
бойы Қорқыттың Отаны дейміз. Сыр сүлейлері шыққан жер деп мақтан
тұтамыз. Осы орайда Сыр бойын мекендеген халқыңызға не айтар едіңіз?
– Мен Қазақстанды түгел аралап жүрген адаммын. Адам өмірі тау,
өзен, көл жағасында тұрмысқа қолайлы жерде өтеді. Сыр бойы ежелгі
тарихтың жері. Мен осы қаланың аты Қызылорда деп тегін қойылмаған
ғой деп те ойлаймын. Сыр бойына биыл екінші келуім. Бұрын жол үстімен
өтіп кететінбіз.
Қазіргі Сыр өңірінің халқы кешегі Солженицын айтып отырған
«Южный дугаға» кіреді. Ол тегін айтып отырған жоқ. Мен Солженициннің
сөзін келтіру арқылы оның идеясын құптап отырғаным жоқ. Қазақтың
белгілі демографы Мақаш Тәтімов әр жерде айтып жүргеніндей қазақтың
демографиялық алтын діңгегінің бірі осы – Сыр бойы деймін. Бұрын
келгенде айтқан қазақ халқының қара шаңырағы деген сөзім бар еді. Мен
сол пікірімді тағы да қайталаймын.
«Ана тілі» газетіне жазылуға зер салып отырсам, Қызылорда облысы
үнемі бірінші қатарда тұрады. Бұл мен үшін көңілге үлкен демеу. Тілші
ретінде, тіл маманы ретінде бұл өлкенің азаматтарына өте ризамын.
Тіліміздің бақыты жанып, өзінің деңгейіне көтерілсе, ол осы өлкедегі
өздеріңіз секілді мыңдаған азаматтар арқылы көтеріледі, сол арқылы ғана
мәртебесі биіктейді деп есептеймін.
«Ленин жолы», 1990. 23 қараша.
159
Достарыңызбен бөлісу: |