Мақалалар, баяндамалар жинағы


Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде



Pdf көрінісі
бет10/45
Дата22.12.2016
өлшемі3,09 Mb.
#25
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   45

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, 

Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.

Ақылдылар арланып ұялған соң,

Ойланып, түзеле ме деп айтқанмын.

Абай. 


Ұлы Абайдың қазақ өмірінің қай кезеңіне де дөп келмейтін сөзі бар 

ма,  тәйірі!  Мына  жолдар  да  бүгін  тілге  тиек  білдіргелі  келіп  отырған 

зиялылар мен қазақ ұлтының қасиет тұтар қазынасы – қазақ тілінің он 

жыл бойы мұңын мұңдап келе жатқан Халықаралық «Қазақ тілі»

 

қоғамы 


қайраткерлерінің көмейіндегі көп сырмен үндесіп тұрған жоқ па?

Содан бері тіл туралы айтылмаған сөз қалды ма, сірә. Әр жылы 

бір  ғасырға  татырлық  осы  он  жыл  ішінде  біздің  басты  нысанымыз 

–  Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев  айтқандай,  тәуелсіз  «Қазақстаның 

болашағы  –  қазақ  тілінде»  екеніне  жұртшылықтың  көзін  жеткізу 

болды. Жұрт мұны бүгін түсінбесе, ертең түсінер. Бүгінгі сөзіміз де, 

міне, осы мәселе төңірегінде болмақшы. Өйткені ғасырлар ауқымында 

«мың  өліп,  мың  тіріле  жүріп...»  өзінің  тарихи  орнын  мәңгілікке 

бекіткен  қазақ  халқының  кешегі  және  болашақтағы  болмысын, 


107

тағдырын оның тілінен бөліп алып қарауға болмайды. Бұлар бірінсіз 

бірінің  күні  жоқ  мәңгі  бірлікте  жасауға  тиіс  таңғаларлық  табиғи 

тұтастық, ғажайып құбылыс.

А.Байтұрсынұлының «Біз – кешегі заманның баласымыз, ертеңгі 

заманның  атасымыз»  деуінде  де  тіл  тағдырына  тікелей  қатысы  бар 

үлкен мағына жатыр. Тілдің абстракты құбылыс емес, адам қоғамымен 

тікелей жалғастығы. онымен тағдырлас, тамырлас екендігі осыдан да 

көрініп тұрған жоқ па?!. Қазақтың өзі қандай ғұмыр кешсе, оның тілі 

де  сол  ғұмырмен  еншілес.  Ендеше,  тарих  беттеріне  зерделі  көзбен 

қарасаңыз «мың өліп, мың тірілу – қазақтың өз басы ғана емес, оның 

тілінің де бірге кешіп келе жатқан ортақ қасіреті. Сонда тілдің өлген сәті 

мен тірілген кезеңі қайсы? Алдағы ұрпақтан бүгінгі бізге жеткен тілдік 

мұра  қандай  еді,  ертеңгі  XXI  ғасырда  осы  топырақта,  осы  мемлекетте 

жасайтын  ұрпақка  қалдырар  сол  мұрамыздың  сиқы  не  болмақшы?  Біз 

кешегі  заманның  суығына  тоңып,  ыстығына  күйген  қасіретті  мұрагері 

болғанымыз рас, ал енді алдағы ұрпаққа ата ретінде берер тағылымымыз 

бен  көрсетер  үлгі-өнегеміз  не  болмақшы?  Ата-  бабамыздың  асыл 

мұрасы – қасиетті тілімізді болашаққа мұра етіп қай қалпында қалдыра 

аламыз?  Түптеп  келгенде,  мәселенің  түйіні,  міне,  осында  болса  керек. 

«Қазақстанның  болашағы  –  қазақ  тілінде»  деген  сөзді  жай  ұран  емес, 

бүгінгі  егеменді  елдігіміздің  де,  ертеңгі  жарқын  болашағымыздың  да 

бірден-бір кепілі деп қарайтын болсақ, он жылдық мерзім аз емес, осыны 

тереңнен  ұғатын,  жан  дүниеңізбен  сезінетін,  серпілетін  уакыт  жеткен 

сияқты.

Арғы  дәуірді  қоя  тұрып,  «Кешегі  70  жылдық  дәуірде  тіліміздің 



жағдайы  қалай  болды?»  деген  мәселеге  келсек,  бұл  кезеңде  тіліміз 

мүлдем  дамымады,  тоқырады  деп  бір  жақты  баға  беру  әбестік  болар 

еді. Жалпы тілге тән дамуларды ішкі даму, құрылымдық даму, қоғамдық 

қызметі жағынан даму деп жіктеп қарасақ, қазақ тілінің ең мүшкіл халы 

оның қоғамдық өмірдегі жағдайына байланысты болды деп айта аламыз. 

Ал егер шындықты айтсақ, қоғам өмірінен тәркіленіп, жалпы халықтық 

қатынас құралы болудан қала бастаған еді. Көркем әдебиет, педагогика, 

саяси-элеуметтік жанрлар, баспа сөзі белгілі дәрежеде дамыса да, оларды 

қолданушы,  пайдаланушы  және  күнделікті  қажеттігін  сезінген  қазақ 

қауымының қатары сиреп, тілдік ортаның берекесі кетті.

Неге  бұлай  болдының  сырына  үңілсек,  ертеректегі  отаршылдық 

саясаты мен кейінгі кеңестік идеология салқынына соқпай өту мүмкін 

емес. Мұның алғашқысы халықты түгел бодан ету үшін оның ділін, дінін, 


108

тілін, жерін тұмшалап, торда ұстап, тұншықтыра түсу саясатын жүргізді. 

Осы  мақсатпен  кезінде  арнайы  жер-жерде  миссионерлік  қоғамдар 

құрылып, оған тіпті бірен-сарандап қазақ зиялылары да тартылғаны бар.

Дін  жағынан  мойынсұна  қоймағанымен,  жер  мен  тіл  жағынан 

қыспаққа  түскеніміз  ақиқат.  Атадан  мұра  болып  қалған  бай  тіліміз 

бар  еді.  Міне  осы  тәрізді  көптеген  обьективті  де  субьективті 

факторларға (тарихи әлеуметтік, саяси-экономикалық, географиялық, 

этнодемографиялық т.б.) байланысты «Қазақ» атты қарашаңырақтың 

қабырғасы  қақырап,  іргесінің  сөгіле  бастағаны,  әсіресе  кейінгі 

кезде  байқала  бастады.  Этносты  азғындаудан  (деградациядан)  аман 

сақтайтын ең соңғы қамалы – тіл екенін кеш болса да енді-енді түсіне 

бастадық.  Ол  үшін,  ең  алдымен,  қалғып  кете  беретін  санамызды 

оятып, тілімізді рухани экология апатынан сақтап қалу –ұлт болашағы 

үшін күрестің ең өзекті мәселесі болғаны жұртшылыққа мәлім.

Халықаралық  «Қазақ  тілі»  қоғамының  дүниеге  келуі  де,  міне, 

осы  бір  игі  мақсатқа  байланысты  еді.  Сондықтан  да  болар,  қоғам  аз 

уақыттың ішінде тіл үшін күрестің жалпыхалықтық әрекетіне айналды, 

республикаға  ғана  емес,  одан  тыс  жерде  жасайтын  үш  қазақтың  бірі 

қандастарымыздың санасын оятып, сабына тартты.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басып өткен осы он жылдық 

тарихын бір сәт зерделі оймен шолып өткенінің өзінде қаншама оқиғалар 

еске түседі.

Қоғамды  құру,  әрине,  оңай  болған  жоқ.  Мұның  өз  қиындығы  мен 

қызығы қатар жүріп отырды. Әуелі жаппай облыстық ұйымдарда, содан 

соң  аудандық,  қалалық  ең  соңынан  бастауыш  ұйымдар  іске  қосылды. 

Адамдардың  сол  кездегі  ықылас-бейіліне  таң  калмауға  болмайтын  еді. 

Бір жарым жыл ішінде Қоғам іргелі ұйымға айналды. 

Қоғам өзінің алғашқы қадамын Тіл туралы Заңды түзеуге, оның 2000 

жылға дейінгі бағдарламасын жасауға белсене араласудан бастады. Ол 

1989 жылдың 21 қыркүйегінде ресми қабылданды.

Қоғам  тікелей  осы  шаруамен  айналысып,  оны  ел  арасына 

насихаттаумен шұғылданды. Мұны ең алғаш бастаған Семей облыстық 

депутаттар  кеңесі  болатын.  Сөйтіп,  барлық  жерде  осылайша  бірлесіп 

жасалған нақты шаралар қабылданып, мемлекеттік тіл мәселесі жүйелі 

түрде жүргізіле бастады. Осының нәтижесінде Қоғам және оның жүздеген 

жергілікті ұйымдары бірінші күннен бастап тікелей тіл мәселесімен қатар 

оған қатысты сан алуан проблемаларды шешуге белсене атсалысты. Осы 

жылдары  атқарылған  шаруаны  баяндау  былай  тұрсын,  тек  санамалап 


109

өтудің өзіне талай уақыт керек. Барымызды ешкім тартып алмас, одан гөрі 

жоғымызды түгендеген жөн болар.

Мемлекеттік тілге өзге ұлт өкілдернің көзқарасы қандай? Әдетте, біз 

мемлекеттік тілге орыс тілінің таласы бар деп, барлық дау-дамайды осы тіл 

төңірегінен іздейтініміз рас. Ал, біздегі 130-ға тарта тіл өкілдері бұл жөнінде 

не ойлайды? Әрине, олардың ең алдымен ойлайтыны өз мүддесі. Мемлекеттік 

тілдің  көсегесін  көгертейін  деп  жүргендерді  біз  сирек  кездестіреміз.  Бір 

ғажабы,  олардың  қай-қайсысы  болмасын,  Қазақстанда  жүріп  өз  тілін 

«дамытқысы»  келеді.  Бұл  сөзсіз,  ізгі  ниет.  Бірақ,  Қазақстанда  мемлекеттік 

тілдің  көсегесі  көгермей  тұрып,  ешбір  басқа  тілдің  өз  бетінше  өркендей 

алмайтынын және олар өз топырағында ғана мәселен, орыс тілінің – өз отаны 

Ресейде, неміс тілінің – өз отаны Германияда, корей тілінің – Кореяда, еврей 

тілінің – Израильда өркендей алатынын бұл ағайындардың түсінбеуін түсіну 

қиын. Бұл не, тоңмойындық па, бақталастық па, жоқ, әлде, тілден «ілгішек» 

тауып, ұлтара наразылығын тудыратын солақай саясаткерлік пе?

Бір қызығы, қазақтың елі де жақсы, жері де жақсы, тіпті өзі де жақсы, 

бірақ  бұларға  қазақ  тілінің  керегі  жоқ  сияқты.  «Халықтың  өзін  сыйлау 

үшін оның сөзін сыйла», «Ділін білу үшін оның тілін біл» деген нақыл бұл 

жерлестеріміздің  көбінің  әзір  құлағына  кірмей  жатыр.  Шынайы  достық 

халықтың тілін, ділін білуден басталады емес пе? 

«Демократия»  дейтін  көрпені  бұл  жерлестеріміздің  әрқайсысы  өзіне 

қарай  тарта  бермей,  ең  алдымен  мемлекеттік  тілге  деген  қамқорлығын 

танытқаны жөн болар еді.

Кейбір  саясаткерлер  (әсіресе,  ресейліктер)  «орыс  тілділер»  дейтін 

терминді  шығарып,  Қазақстан  жұртшылығын  іштей  жіктеп,  тілді  білу-

білмеуге қарап топтастыру арқылы сүттей ұйып отырған көп ұлтты, біртұтас 

республика жұртшылығына іріткі салып отырғаны да белгілі. Бұл кімге, не 

үшін керек болып отырған құйтырқы саясат екенін шамалауға болады. Ең 

бастысы,  бұл  тәуелсіз  еліміздің  тілдік  тұтастығына  нұқсан  келтіретін  өте 

тиімсіз пиғыл. 

Ал көрші түркі тілдес халықтар өмірін алып қарасақ, оларда бір-бірінен 

алшақтай түсу жағдайы қалыптасқан. Олардың тілдік тұрғыдағы болмысы 

да бірдей емес. Мәселен, Өзбекстанда орыс тіліне байланысты проблема жоқ 

десе де болады. Әзірбайжанда бұл мәселе басқашалау бағыт алған. Татар, 

башқұрт,  түрікмен,  қырғыздарда  бұл  жағдай  бөлек-бөлек  көрініс  тапқан. 

Мәселен, түрікмендер мен қырғыздар орыс тілінен келетін «қорқыныш жоқ» 

деп сенгендіктен бе, әйтеуір оны екінші мемлекеттік тіл етіп жариялап отыр. 

Бұл не, саясат па, әлде басқа бір тәсіл ме, олар мұны ашып айтқан емес.



110

Бұлардың бірде-бірі Қазақстан үшін үлгі бола алмайды. Өйткені, 

біздегі  тіл  жағдайы  бұлардан  мүлдем  басқаша  қалыптасқан.  Яғни 

саяси,  мәдени,  тарихи-әлеуметтік  даму  жолымызда  біраз  өзгешелік 

бар. Мұны есепке алып отырмаса болмайды. Демек, Қазақстандағы 

тіл проблемасы тамыры тереңде жатқан, «батпандап кіріп, мысқалдап 

шығатын»  ескі  ауру  сияқты  күрделі  құбылыс.  Артық-кем  айтылып 

жатқан пікірлердің біразы кейде осыны түсінбеуге де байланысты.



Мемлекеттік  тіл  мен  мемлекеттің  қарым-қатынасы.  Қазақ 

халқының  тарихи  тағдыры  сөз  бола  қалғанда,  жоғарыда  айтылған 

Жұбан  ақынның  белгілі  қанатты  сөзі  еске  алынады.  Шынында  да 

солай:  қазақ  халқы  өсіп-өркендеу,  өз  мемлекеттілігін  қалыптастыру 

жолында  қилы-қилы  замандарды,  атап  айтқанда,  іргелі  ел  болып, 

дәуірлеген  кезеңдерді  де,  жер  бетінен  жойылып  кетуге  шақ  қалған 

нәубетті  жылдарды  да  басынан  кешіргені  белгілі.  Ата-бабамыздан 

асыл  мұра  болып  келе  жаткан  үш  асыл  қазынаны  –  елдігімізді, 



ұлан-байтақ жерімізді, қасиетті де бай тілімізді – аман-есен сақтап, 

болашақ ұрпақка мұра етіп қалдыруда барлық мәселені алыстан болжап 

шешіп,  елдігімізді  сақтап  қалуға  ұйытқы  болған  алғыр  жандарымыз 

бен билеріміздің, хас батыр бабаларымыздың ерен еңбегі мен ерлігін 

айтып жеткізу қиын.

Ұлан-байтақ  жерін  қорғап,  елдігін  сақтаудың  тағы  бір  басты 

шарты – сол елдің тілін сақтау. Этностардың тұтас бір халық болып 

қалыптасуындағы аса маңызды да қажетті рухани ұйытқысы оның тілі 

екенін туралы біз талай рет айттық.

Алайда,  күні  бүгінге  дейін  елдің  елдігін,  жердің  тұтастығын, 

рухани- мәдени өміріміздің бірлігін сақтауда қазақ тілінің мемлекеттік 

тіл  деңгейінде  атқарып  келген  биік  мәртебесі  туралы  біз  сөз  еткен 

емеспіз.

Міне, сондықтан да болар, «тіл мен мемлекет қарым-қатынасында» 

мемлекеттік  тіл  үшін  ашық  «қанды  күрестер»  болмаса  да,  «қансыз 

күрес» қоғамдық өмірде кейінгі он жыл бойында бірде-бір толастамай 

жүріп жатқанын біз білеміз. Осы орайда, ең бірінші мәселе: «Тілді – 

мемлекеттік рәміздердің бірі» деп білу. Ол мемлекеттік ту, мемлекеттік 

әнұран,  мемлекеттік  елтаңба,  мемлекеттік  шекара,  мемлекеттік 

құрылым,  мемлекеттік  ақша  сияқты  рәміздердің  (символдардың) 

қатарынан  орын  алады.  Елбасымыз  айтқандай,  тілді  тіпті  бірінші 

қатарға шығару керек болар. Демек, оны заты қазақты былай қойғанда, 

бүкіл Қазақстан азаматтары түгел құрметтеуге міндетті.



111

Алайда, біздің бүгінгі қоғамда міндет пенен құрметтің ара-жігін 

ажырата алмаушылық бар. Тілге деген құрметті өзінше «міндет деп 

түсініп,  оған  саяси  астар  беріп,  әуре  болушылар  бар  да,  керісінше, 

«ана тілі алдындағы міндетті перзенттік борыш» деп түсінбей, өзіне 

жасалған қиянат, зорлық деп қарайтындар кездеседі.



«Тіл – Елбасыға да бір сын» деп, тіл мәселесін бір адамға жүктесек 

те,  оның  түбегейлі  шешіліп,  қоғам  өмірінде  баянды  болуы  көп  жағдайда, 

атап айтқанда, лауазымды үкімет басшыларының ниет-пиғылы мен мүдде-

мақсатына  да,  Елбасының  қолдап-қуаттауына  да  тікелей  байланысты. 

Алайда, Елбасы «тіл, тіл!» деп, қанша жар салып, ең алдымен өз төңірегінен 

қызу қолдау таппаса, оның жанайқайы жартастан шыққан жаңғырық болып 

қала бермекші.

Бұл  жағдайды  біз  өз  өмірімізден  көріп  келеміз.  Шыны  керек  қой, 

Конституция бойынша қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруден бастап, тіл 

туралы екі рет заң қабылдауда, тілдерді дамытудың бағдарламасын бекітуде, 

тіл  саясатының  стратегиясын  айқындауға  дейін  Президент  Нұрсұлтан 

Назарбаев тілге деген перзенттік борышын ақтаудан бір сәт те ауытқып көрген 

жоқ. Ол «Қазақстанның азаматтары Мемлекеттік тілді құрметтеуі тиіс, 

үкімет құрылымындағы лауазымды адамдар оны білуге міндетті. Бірақ 

бұл мәселені бірден шешу қиын, «батпандап кіріп, мысқалдап шығатын 

ауру» сияқты оны біртіндеп шешкен жөн» деген пікір қайталаумен және 

осы саясатын іс жүзіне асыруға әрекеттенумен келеді. Мемлекеттік тіліміздің 

бірден  болмаса  да,  біртіндеп  ілгері  басуының  нышанын,  кейінгі  кезде 

байқалып  отырған  кейбір  серпілістерін  жаңа  үрдістерден  көріп  отырмыз. 

Ал оның тіл тағылымын биік тұғырдан таныта бастаған жеке басының үлгі-

өнегесі туралы реті келгенде бір ауыз сөз айту артық емес сияқты.

1998  жылдың  соңғы  қараша,  желтоқсан  айларында  Президенттікке 

үміткерлерден мемлекеттік тіл бойынша емтихан алуға куәгер болғандықтан, 

соны еске ала кеткенімізді мақұл көрдік. Президент Н.Ә.Назарбаевтың бұл 

бастамасы тарихта бұрын-соңды болмаған батыл қадам еді. Ана тіліне бас 

иіп перзенттік парыз өтеудің символдық ишарасы болды...

Мемлекеттік тіл тек Президентке ғана емес, халыққа қызмет еткісі келетін 

лауазым  иелерінің  қай-қайсысына  болса  да,  мейлі  ол  Премьер-министр, 

мейлі спикер, немесе әкім, министр – баршасына қажет қой. Осы тұста бұл 

қалай  дейтін  бір  мәселені  айта  кеткен  жөн.  Ата  Заң  мерекесі  тұсында  ҚР 

Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясында бос мемлекеттік әкімшілік 

лауазымдарға  конкурс  бойынша  іріктелген  12  қызметкер  «Қазақстан 

халқына адал қызмет етіп, Елбасы саясатын жүзеге асырамын» деп ант 


112

берді. Өкініштісі, бұлардың бірде-бірі антын мемлекеттік тілде берген жоқ, 

«Мұның қалай?» деп айтқан ешкім болмады. Бұлар антын қазақ тілінде бере 

алмай тұрып, қазақ еліне қалай адал қызмет етпек?

Мемлекеттік қызметте жүргендердің көбінің-ақ ана тілде сауатты 

жазып, оқып, өз ойын еркін айтуға шамасы келе бермейді. Қай мекеме, 

қай  министрлікке,  қай  әкімшілікке  барсаңыз  да  «аруанадай  болып 

аңқылдап», айналып кетейін, орыс тілі алдыңнан шығады. Бұл бізге 

жат тіл емес, әрине, бәріміздің бауыр басып кеткен үйреншікті тіліміз. 

Алайда, Ана тіліміз аяғынан қаз тұрып кете алмай тәлтіректеп тұрған 

кезеңде  оған  көмекке  келетін  мемлекет  қызметіндегілердің  сыйқы 

әлгіндей екенін көріп, еңсе түседі.

Ұлттық  комиссиядағылар  қаржы  рыногының  тілі  негізінен 

ағылшын және орыс тілі дегенді айтады. Сонда біздікі не әурешілік? 

Сондықтан да біз лауазымды мемлекет адамдарының бәрін де әлгіндей 

емтиханнан өткізіп отыру қажет деп санаймыз. Сонда ғана қазақ тіліне 

деген  ықылас  артып,  қажеттілік  туындайтын  болады.  Ол  ғана  емес, 

ел-жұрт аузына қарап отырған басшылардың мемлекеттік тілге деген, 

оның болашағы мен жаңа үрдісіне деген пиғылына, оң көзқарасына, 

жеке басының үлгі-өнеге, ыкылас-бейіліне де көп нәрсе байланысты.

«Шындықты айтқанның айыбы жоқ». Осыған бір мысал келтіре 

кетелік.  Елбасымыздың  бұрынғы  орынбасары  яғни,  егемен  елімізді 

басқарған  екінші  адам  Асанбаев  Ерік  мырза  кезінде  Адам  құқын 

қорғау  комиссиясының  төрағасы  ретінде  өткізген  алғашқы  жиналыс 

үстінде сөзге шыққан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бірінші 

вице-президентіне  (Ө.Айтбаев  мырзаға)  өз  пікірін  қазақша  айтуға 

тыйым  салғаны  бар.  Оның  бұл  туралы  ашына  жазған  пікірі  кезінде 

«Ана  тілі»  апталығында  жарияланған  болатын.  Сонда  онсыз  да 

тағдырдың тәлкегіне түскен ана тіліміз мұндай басшыдан не үміт, не 

қайыр күтеді деп күйзелген едік.

Егемендік  алғаннан  кейін  Қазақстан  үкіметі  басына  Терещенко 

мырза келді. Бұл мемлекеттік тіл мәселесі қызу әңгіме болып жатқан 

кез болатын. Сондықтан да, оны басшы қоярда: «ойбай, орыс болса 

да қазақ тіліне судай екен!» деген лақап тарап кетті. Тіл сүйер қауым 

малақайын  аспанға  атып  қуанды.  Ондағы  бір  ойы:  «биік  үкімет 

мінберінен орыс басшы қазақша сөйлеп тұрса, «орыстілді» қазақтар 

да ұялғанынан өз тілінде сөйлейтін шығар...» дегендік.

Жоқ,  ол  үміт  ақталмады.  «Бақсақ  бақа  екен»  дегендей  Премьер-

министр мырзаның қазақшасы, сыпайылап айтқанда, тор қапаста тұрып, 


113

өткен-кеткенді  келеке  ететін  тоты  құстың  ожақ  -  бұжағындағы  машық 

екен. Оны көрдік...

Сондықтан  да  болу  керек,  «мемлекеттік  тілімізді  көркейтеміз»  деген 

үмітіміз үкімет басының «сайрауының» деңгейінде қалып қойды, қазақ тіліне 

деген нақтылы қамқорлығын да көре алмадық: Тіпті Тіл заңына байланысты 

кейін  қабылданған  Мемлекеттік  бағдарлама  бойынша  тілдерді  дамытуға 

бөлінген қаржының қайда кеткенін де қазір кім білмейді.

Үкімет  басына  келген  Ұ.Қараманов  мырзаның  да  мемлекеттік  тілге 

онша зауқы бола қойған жоқ, қайта оның тарихта атын қалдырған қаулысын 

жұрт әлі ұмыта алмай жүр. Ол қаулы жаңа көтеріліп, жер-жерде қолданыс 

аясы кеңіп, беделі өсе бастаған, мемлекеттік тіліміздің алғашқы қарқынын су 

сепкендей басып тастады. Осыдан кейін тілімізге деген қалың көпшіліктің, 

әсіресе  орыстілділердің  көзқарасы  өзгеріп  шыға  келді,  мемлекет  тілінің 

қолданыс шеңбері шектеле бастады.

Одан  кейін  Үкімет  басына  келген  Ә.Қажыгелдин  мырза  болса,  тілдің 

негізгі ұйытқысы, ортасы болып саналатын мәдени ошақтар мен кітапхана, 

клуб, театр, мектептерді жабумен болды. Бұлардың ешқайсысы мемлекеттік 

тілдің қанат жаюына мынадай үлес қосып едім деп айта алмайтын сияқты. 

Тек  Н.Балғымбаев  кезінде  ғана  мемлекеттік  тілді  көркейту  туралы  бірер 

нақты  шешім  қабылданды.  Бүгінгі  Премьер-министріміз,  белгілі  қазақ 

жазушысының  баласы,  бірнеше  басқа  тілді  еркін  меңгерген  Қ.Тоқаев 

мырзаның тілге деген қабілеті зор. Енді ана тілін де дамытуға өз басының 

үлгісімен ат салысар деген халықтың үміті бар.

Әкім  атаулының  бәрін бірдей «тілге селқос» деу қиын, әрине. Ақтөбе, 

Павлодар,  Алматы,  Семей,  Петропавл  т.б.  қалалардағы  мемлекеттік 

тілге  байланысты  өткізіліп  жатқан  шаралар  көңілге  жұбаныш  ұялатады. 

Атыраулықтардың  да  қозғала  бастаған  түрі  бар.  Әйтсе  де  әкімдеріміздің 

көбі  алқалы  жиындар  мен  іс  қағаздарын  мемлекеттік  тілде  жүргізуді 

дағдыға айналдыра алмай-ақ келеді. Тіпті іс қағаздарын қайтадан бір тілде 

(орыс тілінде) жүргізуге көше бастағандар да бар. Облыс әкімдерінің 80% 

мемлекеттік  тілге  қолдау  көрсетіп  отырған  жоқ.  Олардың  көбі  «тілді  қоя 

тұр, әл-ауқатымызды түзетіп алайық!» деген пиғылды сылтау етеді. Аудан, 

қала әкімдері облысқа қарайды, облыс сиқы әлгіндей. Өзінше әрекет етіп өз 

ұлтымыздың тілі ғой, мұны біз көгертпегенде кім көгертеді, деп отаншылдық 

сезім мен сенім танытқандар әлі аз.

Мемлекеттік  тіліміздің  жалтақтай  күн  кешіп  жатқан  бір  өлкесі 

министрліктер  деп  айтуға  болады.  Бұларда  да  тілге  деген  селқостык, 

немкұрайдылық белең алып барады. Мәдениет, ақпарат, қоғамдық келісім, 


114

Білім  және  Ғылым,  Әділет  тәрізді  үш  түрлі  министрліктерден  ғана 

аздап болса да қазақ тілінің лебі еседі. Басқаларынан қайран тіл баян 

таппай тұр.

Егер  Министрлер  кабинеті  бастап  барлық  министрлер,  әкімдер 

өздері  иелік  жасап  отырған  мекемелерінде  мемлекеттік  тілдің  өріс 

алуын  қадағалап,  нақты  қамқорлық  жасап  отырса,  біздегі  тілге 

байланысты  проблеманың  көбі  шешілген  болар  еді.  Өкініштісі  олай 

болмай отыр. Көбі шаруашылықты, экономиканы алға тосады. Халық 

қамын жеген боп дүрдиеді, онымен оңып жатқан тіршілік те шамалы. 

Бір байқалатыны, рухани мәдениетті, тілді, ғылым-білімді ұмытпай, 

алдыға тосқан әкімдер шаруасы жүре бастайтыны.

Алдағы міндет қазір қазақ қауымының қала мен далада өмір сүріп 

отырған тілдік ортасын қалыптастыруға, тұрақтандыруға байланысты. 

Оларды сақтай, аялай алмай отырып, мемлекеттік тілге кең өріс ашу 

қиын.  Дегенмен,  «ресми  қауымның  зиялы  жұрттың  ұрпақ  алдында 

есеп берер күнін осы бастан ойланған абзал!» дегіміз келеді.

Қазір болашақта не істейміз деп дағдарар жайымыз жоқ. Пайымдай 

білсек, мемлекетіміз ұстатып отырған 2030 жылға дейінгі Бағдарлама 

біраз  нәрсені  аңғартады.  Тек  әркім  өз  шеңберінде  өзіне  лайықты 

міндетін, жауапкершілігін, азаматтық парызын анықтап алуға тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда Халықаралық Қазақ тілі қоғамының, оның 

жер-жерлердегі сардарлары мен сарбаздарының алдында орасан зор 

міндеттер  тұр  деп  білеміз.  Өмірдің  қақпа-соқпасынан  өтіп,  әбден 

сұрыпталып, шыңдалып шыққан қазіргі тіл тірекшілері, қайраткерлер, 

тіл сүйер қауым, Сіз бен Біздің де ел алдында өтер борышымыз аз емес. 

Әкімдер, министрлер көңіл бөлмейді екен деп, көненің көзі, қазіргінің 

өзі  –  қазақ  тілінің  тағдырына  жаны  ашымай  қалайша  қалтарыста 

отыра бермекші. «Тіл үшін күрес – күрестің игісі» деп білген жөн.

Сіздерді  жайбарақат  отырғызбайтын  кезеңге  тап  келіп  тұрмыз. 

Қараңыз,  айналаңыз  қаптаған  шетелдік  насихат.  Көше  бойы  толған 

жарнама,  бәрі  ағылшын,  испан,  кәріс,  қытай,  голланд,  швед  т.б. 

тілдерінде,  қала  толған  ресторан,  кафе,  казино,  түнгі  құлыптар, 

корпорация, ассоциация т.б. мекемелер. Маңдайшасына қарасаңыз әр 

алуан  тілдегі  оймыштар.  Қазақ  тілі  дейсіз  бе,  қазақ  тілі  түгіл  орыс 

тілінің  өзі  қатар  тұруға  жарамай  қалған  сияқты.  Осыны  әкімдер 

көрмей-білмей отыр ма? Көрсе неге үндемейді, неге басындырады?

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі кемел көшін қалыптастыру, 

сөйтіп тәуелсіз еліміздің ең мықты нышанын жұмыс істету жолында 


115

аянатын не бар, дей келіп, сөз басындағы Абай өлеңін бүгінгі әңгімемізге 

жақындатыңқырап оқысақ әруағы кешірер дананың. Ендеше:

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанбыз, 

Түбін ойлап, уайым жеп айтқанбыз.

Ақылдылар арланып ұялған соң,

Ойланып, түзеле ме деп айтқанбыз. 

 «Егемен Қазақстан», 2000.22 қыркүйек. (Ө. Айтбайұлымен бірге)



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет