Мемлекеттік тілдің жайын ойласақ
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы құзырындағы
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Министрлер
кеңесі жанындағы тіл комитеті, Бұқаралық ақпарат құралдары
министрлігі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесе отырып,
үстіміздегі (1994ж.) қазан айында тіл мәдениетіне арналған ғылыми-
практикалық мәслихат (конференция) өткізуді қолға алып отыр.
Көпшілікке белгілі, бүгінгі таңда қалың жұрттың назарын өзіне
аударып отырған өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік мәртебе алған
тіліміздің өз мәртебесіне сай атқаруға тиісті әлеуметтік қызметін
жандандырып, қолданыс аясын кеңейтуге байланысты қоғам тарапынан
істелетін істер мен нақтылы шараларды айқындау болып саналады.
Мәселе өте күрделі әрі ауқымды: балабақшадағы бүлдіршіндерден
бастап жоғары оқу орындарында мамандық алатын жастарға дейін
қазақ тілінде тәрбиелеп, оқытып, білім беру, кеңсе-іс қағаздарын
мемлекеттік тілде жүргізу, ғылымды қазақ тілінде сөйлету, шаршы топ
алдында ана тілінде дұрыс та таза, шешен сөйлеу – міне, осылардың
барлығы кезек күттірмейтін тілдің өзекті мәселелері. Бұлардың бірі
бәсеңдеу, бірі қарқынды түрде жүзеге асырылып жатқаны да белгілі.
Алайда осыған қарап мемлекеттік тіліміз қоғам тіршілігінің барлық
саласында бірден дұрыс қызмет атқарып жатыр деп айтуға болмайды.
Өйткені, мәселе оның әйтеуір бір жұмсалуында емес, табиғи әсемдігі
мен әуезділігін бұзбай, қалыптасып қалған заңдылығы мен әдеби
(жазу, сөйлеу) нормаларының қатал сақталуында, ұлан-асыр сөз
байлығының кең пайдаланылуында болып отыр. Қысқасы, қоғам,
зиялы қауым алдында мемлекеттік тіліміздің беделін көтеріп, бүгінгі
үрдіс пен биік талаптарға сай оның әлеуметтік мәнін арттырып, әдеби
тіл нормаларының көпшілікке ортақ, қолайлы да сындарлы сипат алып,
бірізділікпен жұмсалуына ат салысу міндеттері тұр.
Күн тәртібіндегі толғағы жеткен осы мәселелерді саралай келіп,
алдағы мәслихатымыздың (конференциямыздың) тақырыбын «Тіл
мәдениеті» деп атап, оның мақсат-міндеттерін осы тұрғыдан анықтауды
мақұл көрдік.
Әрине, «Тіл мәдениеті» – ауқымды кең ұғым, алдымен, «мәдениет»
деген сөздің өзі айтып тұрғандай, бұл, біріншіден, тілдің дұрыстығы,
қолайлылығы, көркемдігі, жүйелілігі дегенді білдірсе, екіншіден, тілдің
осы сипаттарымен жұмсалуын талап ету дегенді танытады. Бүгінде қазақ
15
тілінің ағартушылық, қоғамдық, мәдени, рухани қызметі мен атқаратын
жүгі арта түсуде. Бұл жүк оның көпшілікке түсінікті, баршаға ортақ және
белгілі нормаларға бағынған сипатта жұмсалуын, яғни тіл мәдениетін
талап етеді.
Бұл тұрғыдан келгенде, ең алдымен ана тіліміздің сөздік қазынасын
дұрыс пайдалану мәселесі сөз болуға тиіс, өйткені, бұл бүгінгі танда шешетін
тұстары ұлғайған, әрқилы талас туғызып отырған мәселеге айналуда.
Соның бірі – көркем әдебиетте және бұқаралық ақпарат құралдары тілінде
әр сөзді орнымен дұрыс қолдану, әдеби тілде жергілікті сөздер мен көне,
сирек, қарапайым сөздерді пайдаланудың бағыт-бағдарын, шама-шегін
айқындау мәселесі. Қазақ көркем әдебиетінің сөз мәдениетіне арнап,
Академияның тіл білімі, әдебиет пен өнер институттары Жазушылар
одағымен бірлесе отырып, 1986 жылы ғылыми практикалық мәслихат
өткізгені белгілі. Мұнда қазақ көркем прозасындағы әдеби тіл мен көркем
тіл нормаларынан ауытқушылықтың, тілге деген жауапсыздықтың орын
алып келе жатқандығы айқын мысалдармен көрсетіліп, ана тіліміздің
жүйелі заңдылықтары мен әсемдігін сақтаудың бағыт-бағдары ұсынылған
болатын. Сондықтан биылғы өтетін мәслихатта әңгіме арқауы негізінен
бүгінгі баспасөз бен радио, теледидар тілі болғаны абзал.
•
Тіл тәрбиесі бесіктен басталады
•
Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру оның қолданылу аясын
кеңейтуге байланысты
•
Тіл мәдениеті тазалығымен жоғары
Келесі мәселе терминология саласына қатысты болмақ. Мұнда
терминдердің жасалу принциптерін айқындап, заман талабына, қоғамдық
жаңа үрдіске байланысты дұрыс деп табылғанын берік ұстану, яғни термин
жасауда төл сөздеріміз бен кірме сөздердің қатысын айқындау, олардың
тұлғалануын реттеу: бөлек не бірге жазу, түбірін сақтап не кіріктіріп айту,
кірме терминдердің қазақша айтылуы мен жазылуын сөз ету сияқты
мәселелер мәслихат талқысына салынады.
Бүгінгі сауатты, мәдениетті қауымды алаңдатып отырған тағы бір
келесі мәселе – емле жайы. Бұл да қашаннан пікір таласы арылмаған, ол
талас қазіргі күнде күшейе түскен саланың бірі. Тегіс сауатты жазуды
қалыптастыру – ұлттық мәдениеттің бір шарты болса, оның да әңгіме
қозғайтын тұстары бар. Қазіргі графиканы – «орыс жазуын» пайдаланып
отырған күндерімізде кейбір қалыптасқан нормаға айналған ережелерді
бұзып, басқаша жазу (мысалы, ерін үндестігін сақтап, күлүн, өрүк,
бүгүн, күмүс деп жазуды ұсынып жүргендер бар), кірме сөздерді тегіс
16
қазақ тілінің дыбыс заңдарына сәйкес сындырып айтып, сол айтылған
күйінше таңбалау, т.т сияқты мәселелер.
Емле мәселесін сөз еткенде бұл күндерде жазу (графика) жайы
көкейімізде тұратын анық, яғни кириллицаны тастап, латын жазуына
көшуге бет алған екенбіз, қалған уақытта қазіргі емлені сөз етудің
қанша қажеті бар деушілер де табылады. Алдымен, егер жазудың жаңа
түріне көшетін болсақ, оның емле ережелерін де бірден дұрыс, сындарлы
етіп ұсынудың негізі қазіргі еліміздің басты-басты қағидаларында
жатқандығын ұмытпауымыз керек. Екіншіден, жаңа жазуға көшу
бірер жылда бітетін, күрт орындалатын шара емес, ең азы 5-10 жылға
кететін, ал жарты ғасырдан астамғы жазба дүниені қалың көпшіліктің
оқып пайдалануы одан да көп жылдарға созылатынын ескертсек,
әлі де біраз уақыт қазіргі еліміздің дұрыстығын діттеу – мәдениетті
қоғамның талабынан шығады. Оның үстіне, қазіргі емле ережелерімізді
түп-тамырымен өзгертпей, бірақ жөндеп-қырнайтын, бір ізге түсіретін
тұстары бар болса, ол жөнінде де пікір алысып, ғылыми әрі практикалық
негіздерін салмақтау қажет. Сірә, жазудағы дәл қазіргі бейберекеттілікті,
яғни әр редакция, әр автор, әр баспаның төл немесе кірме сөздерді өзінше
өзгертіп жазып жатқан «еркіндігі» мен сынақтарды (экспериментті)
құптау қиын, өйткені, тіл мен жазу дегендер – миллиондардың «мүлкі»,
ол мүліктің «сынған, сындырылған» тұстарынан зиян шегетін әлеумет
топтары аз болмайды. Мысалы, мектепте үйретілетін емле ережелері
мен олардың баспасөз беттеріндегі бұзылған сәттерін көретін мектеп
оқушылары мен мұғалімдерінің халі қандай болмақ?
Егер кейбір сөздердің жазылуына немесе бір-екі ережеге қайткенде
де өзгеріс енгізу қажет болса, ол күнде бұл өзгерісті уәжімен дәлелдеп,
ғылыми-практикалық орындар болып келісіп, жүзеге асыру керек
және ол өзгерісті ресми түрде көпшілікке міндетті етіп ұсыну қажет.
Сірә, мұндай ресми міндеттілік бізге әлі де керек болар. Кезінде емле
ережелеріміздің өкімет тарапынан Жоғарғы Кеңес президиумының
жарлығымен бекітіліп, заңдастырылыуы тегін болмаған болар. Бұл
әрекет жазу ісінде жүйелілікті, баршаға ортақтықты қамтамасыз ететін
пәрменді шаралардың бірі болғанын айта аламыз.
Мәслихатта пікір алысатын келесі мәселе – сөзді дұрыс айту
(дыбыстау) жайы болмақ. Бұл – тіл мәдениетінің бүгінгі танда
әбден қиюы қашып бара жатқан саласы. Ана тіліміздің ғасырлар
бойы қалыптасқан дыбыс заңдылықтары, дыбыс үндесулері әр алуан
себептермен бұзылып бара жатқаны айтылып та, жазылып та, көрсетіліп
17
те келеді. Бұл жерде әңгіме кірме сөздердің қазақша қалай дыбысталуы
жайында ғана емес, қазақтың төл сөздерінің сөйлеу барысында дұрыс
айтылу сазы туралы да болуға тиіс.
Адам тіл мәдениетін, тіл заңдылықтарын оқу-тәрбие арқылы, негізінен
саналы түрде үйренеді, яғни әдеби тілдің қалыптасқан нормаларын,
әсіресе, ана тілінің дұрыс жазу және сөзді дұрыс дыбыстау қағидаларын
оқытып-үйрететін және ана тілінің сөздік байлығы мен көркемдік әлемінің
жүйелік түрде танытатын орны – мектеп болатындықтан, оқушылардың тіл
мәдениеті де мәслихат көздейтін мақсаттардың бірі деп саналмақ.
Тіл мәдениетін насихаттайтын, тіл нормаларын көрсететін,
тұрақтандыратың пәрменді құралдардың бастысы- жазба дүниелердің,
оның ішінде баспасөздің орны ерекше.
Газет-журналдардың тілі – үлгі тұтатын қалып, үйрететін ұстаз деуге
болады, өйткені, бұл күнде газет-журнал, кітап оқымайтын адам кемде-
кем. Публицистиканың сөз қолданысына қалың оқырман қауымының
құлақтары үйреніп, жазу үлгілеріне көздері дағдыланып, солай сөйлеуге,
солай жазуға бейім тұратындығын күнделікті өмір байқатып отыр.
Баспасөздің сөз қолдану үрдісі мен емлесінің қалың көпшілікке тигізетін
ықпалының күштілігі сондай, қалыптасқан заңды ереже-нормалар
еленбей, баспа беттерінде кейбір сәтсіз қолданыстар мен қате жазулар
дәстүрге айналып бара жатқаны да байқалады. Сондықтан мәслихат бүгінгі
бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе баспасөз тілінің әдеби нормаларды
сақтауы және олардан жөнсіз ауытқуы жайында кеңінен әңгіме қозғамақ.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесі оның шаршы топ алдында
ауызша жұмсалуы қызметін де жандандыра бастады: жиын-жиналыстарды,
әртүрлі аудиторияларда, өндіріс-шаруашылық ұжымдарының алдында
ауызша сөз айту, жиын-жиналыстарда баяндамаларды қазақ тілінде жасау
жарыссөздерде қазақша сөйлеу, көпшілікке арналған лекция-әңгімелер
өткізу, радио мен теледидардан сөйлеу – осылардың баршасы ауызша
сөйлеу мәдениетін көтеруді талап етеді. Шаршы топ алдында қазақ тілінде
ауызша сөйлейтін адам ойын дәл, жатық әрі әдемі, әсерлі етіп еркін жеткізе
алатын болуы керек, ал бірақ бұл – сан жылдармен берілмеген, өз алдына
жеке мәслихат жиындардың әңгіме өзегі болмаған, арнайы құралдары
жазылмаған, ғылымда да көп зерттелмеген, пән ретінде оқылмайтын,
қысқасы, қалтарыста қалып келе жатқан сала. Демек, ауызша сөйлеу
мәдениеті өткізілетін мәслихаттың назарында тұрмақшы.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі күшін танытатын
шараның бірі оның ресми іс-қағаздарында, күнделікті тұрмыс
18
қажеттілігінде қолданылуы болып отыр. Бұл – кейінгі 60-70 жыл бойы
күнделікті қоғам тіршілігінде орын ала алмаған сала. Демек, жұмыс енді
басталып келеді, мұндай да норма, қалып-тәртіп, жүйелілік – қысқасы
тіл мәдениеті болу керек. Жазу сауаттылығымыздың тағы бір мәселесі
– тыныс белгілерін дұрыс қоюға да байланысты. Мәслихат бұл мұратты
да көздейді.
Сөйтіп, әлеуметтік қару ретінде тілдің, сөздің қуаты бүгінгі
тіршілігімізде орасан артып отыр және әрі қарай да күшейе бермекші.
Ол үшін осы қарудың замана талабына сай болуын насихаттау бүгінгі
таңдағы өзекті шараларымыздың бірі деп танимыз. Тіл мәдениетіне
ұлттық мәдениетіміздің бір саласы ретінде қарап, оны қастерлеп,
дұрыстығы мен ортақтығын бекіте түсуге атсалысу – әлеуметтік ой
пікіріміздің де, оқу-ағарту ісіміз бен ғылымымыздың да, бұқаралық
ақпарат құралдары мен бүкіл жазба дүниеміздің де үлесіне тиетін парызы
мен қам-қарекеті, сондай-ақ бұл әрбір азаматтың, жеткіншек жас ұланды
тілеуге баулитын әрбір ата ана мен тәрбиешінің, мектеп мұғалімі мен
институт ұстаздарының ізгі міндеті болу қажет.
Сондықтан да мәслихатқа дайындық ретінде баспа бетінде кеңінен
пікір алысуға барша жұртты шақырамыз.
«Егемен Қазақстан», 1994. 17 маусым.
( Р. Сыздықовамен бірге)
Мемлекеттік тілдің мәртебесі неге төмен?
–
Әбеке, бүгінгі әңгімеміздің негізгі желісі болып тартылатын мәселе
– мемлекеттік тіліміздің бүгінгі жағдайы қандай және болашағынан не
күтуге болады деген сұрақтар төңірегінде болмақ. Өзіңізге мәлім, Кеңес
өкіметінің кеудесі басылмай тұрған уақытта-ақ, біздің халқымыздың
өз тіліне деген ниет тазалығы айта қаларлықтай еді. Оның себебі сол
кезеңдердің өзінде ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміз қазақ тілінде
дамыды, жетілді. Қиыр қыстап, шет қонған қазақ ауылдарының өзінде
қазақ баспасөзінің тасы өрге домалап тұрды, әрбір кеңшардың шағын
бөлімшелерінің өзінде қазақша кітапқа сөресі майысқан кітапханалар
тоқтаусыз жұмыс істеді. Кірсең шыққысыз кітап дүкендерінің өзі
қандай еді. Ауыл клубтарында қойылып жататын спектакльдер мен
ойын-сауықтардың өзі біздің тіл мәдениетіміздің дамуына қаншама
үлесін қосты. Осының бәрін санамалап айтып отырған себебім – өткен
күннің елесіне емешегім үзілу емес, барымыздан айырылып, бағымыздан
бас тартқандай болған бүгінгі күнімізге қапаланудан болса керек.
19
Өзіңіз басы-қасында болып, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген
«Қазақ тілі» қоғамының тұсауы, әлі есімізде, 1988 жылғы қазанның 21-інде
кесіліп еді. Бұл біздің халық үшін елеулі оқиға болды Одан кейінгі кезеңде, 1990
жылғы шілденің 1-нде «Тіл туралы заң» өз күшіне енді де оңымыздан күн,
солымыздан ай туғандай әсерде болдық, 1992 жылдың қазан айында өткен
«Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы» да жан дүниемізді жадыратып-
ақ тастап еді. Осыдан кейінгі іле-шала желтоқсан айында өткен
республикалық «Қазақ тілі» қоғамының II құрылтайында айтылған сөздер
мен байласқан серттер әлі күнге дейін есімізде. Аталмыш құрылтайда
бүкіл бұқаралық ой-сананың түйіскен тұстарынан туындаған пікірлердің
жиынтығындай болып көрінген «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының
жарғысы» өмірге келіп еді. Біздің мемлекеттік тіліміздің өз дәрежесінде
еркіндеп шығуына ықпал ететін де осы бір тарихи орны бар құжат деп
таныдық. «Тіл комитеті болмаса ештеңе іс жүзіне аспайды» дедіңіздер, ол
да өз кезегімен дүниеге келді.
Өткен-кеткеннің бәрін несіне термелеп отыр демеңіз, осы бір істердің
бастаушысы да, қостаушысы да өзіңіз болған соң өткен уақыттың өрге
сүйреген өршілдігі туралы болсын, өзек күйдірер өкініші болсын ортаға
салсаңыз деген тілек бар еді. Қазақ тілі деген қасиетті қара нар қай қиядан
асып, қай сайға барып шөгіп қалды екен, біздің соны білгіміз келеді.
–
«Қазақ тілі» қоғамын құру үшін ғана қаншама еңбек жұмсалғанын
бұл жерде айтып жатудың қажеті жоқ. Бұл өзі біздің халқымыздың қарық
болғанынан құрылған немесе ұлтымызды ұлы етіп көрсеткіміз келгендіктен
құрылған қоғам емес. Керісінше, керегесі кескіленген, туырлығы тесілген
тума тілімізден айырылуға жақындап қалғандағы тұяқ серпер болса да бір
қимылдап қалудың қажеттігінен туындап еді.
Әуелгі 1985 жылдан басталған жылы лепке бет төсеп, жүрек жібіте
бастағаннан кейінгі уақытта қайта құру, жариялылық, демократияны
тереңдету деген саяси тепкішектерге табан тіреп қалғымыз келді. Өйткені
осы бір кезеңдерде тұтас ұлттардың өткен тарихын таразылауға, бүгінгісін
бажайлап, болашағын болжамдауға жол ашылғандай болды. Мұның ең
басты бір көрінісі ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы еді. Әрине, бұған
әсер еткен КОКП Орталық Комитетінің 1989 жылғы Қыркүйек пленумында
қабылданған ұлттық саясат жөніндегі платформасының қабылдануы екені
аян.
Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алғаннан кейінгі уақытта осы
жетістікке тойынып, тоқырап қалуға болмайтыны өзінен өзі белгілі
болатын. Оның себебі, Қазақстандағы қазақ тілінің қолдану аясының
20
тым тар мөлшерде екені беп-белгілі тұрған жай ғой. Міне, сондықтан да
қалайда «Қазақ тілі» қоғамын құруымызға тура келді. Әрине, бұл туралы
ел арасында қарсы пікірлер де болды. Бұдан кейін ең бірінші, Қазақ КСР-
інің Тіл туралы заңын жасау міндеті кезек күттірмейтін мәселе екендігі
айқындалды да бұл заңның жобасы бекітіліп, 1990 жылдың 1-шілдесінен
бастап өз күшіне енді. Ендігі кезекте осы Тіл туралы заңды жүзеге
асырудың жолдарын нақты белгілеп беретін Мемлекеттік бағдарлама
жасалды. Қазақ КСР Ғылым академиясында терминологиялық орталық
құру, «Қазақ тілі» атты журнал шығару, қоғамның қаражаты, жарна
туралы ұсыныстардың бәрі дерлік «Қазақ тілі» қоғамының тарапынан
түсті десе болар. Бұл мәселелер туралы сол кезеңдегі баспасөз беттерінде
де кеңінен сөз қозғалды.
Шындығын айту керек, мемлекеттік тіл – қазақ тілі үшін сол кездегі
халық арасындағы мәдени және саяси қозғалыстың кең ауқымдылығы
кісі қуантарлықтай еді. Менің өзім Дүние жүзіндегі 10 миллионға жуық
қазақтардың 2-3 миллионы «Қазақ тілі» қоғамына мүше болады деген
дәмегөй ойда едім.
– Осы тұста сөзіңізді бөлейін, «Қазақ тілі» қоғамының II
құрылтайының қарсаңында-ау деймін, «Қазақ тілінің қанша мүшесі
бар?» – деген тақырыпта дабыл қаққан мақала шықты. Онда
республикалық қоғамның басқармасындағылар «Қазақ тілі» қоғамының
қанша мүшесі бар екендігін анық білмейді, тек қана «миллионнан
астам мүшеміз бар» деп мөлшерлеп соғады дегендей сөздер айтылған.
Мақала тілшісі құрғақ сөзбен құрық сілтемей, әр облыстағы «Қазақ
тілі» қоғамдарымен сөйлескенде өзі естіген нақты деректерге сүйенген
екен. Біз сонда осы мақала авторының айтқанына илана отырып,
«сонда республикалық «Қазақ тілі» қоғамы ең басты табыс көзі болып
саналатын мүшелік жарнасын уақытылы түгел жинап алып отыру
үшін өз мүшелерінің нақты санын білуі керек қой. Бұлары қандай?» деп
таң қалғанбыз. Әрине, тереңірек ойлаған адамға бұл істің тым шалағай
жүргізілуі жаңадан қалыптасып келе жатқан қоғамның бастауыш
ұйымдарынан басталатын баспалдақтардың тайғанақтығынан болса
керек. Әйтпесе, әрбір бастауыш ұйымда қанша мүше бар екені ап-анық
болып тұрса, тұтас санға нақты жету сонша қиын емес секілді.
– Жасыратын несі бар, республикалық «Қазақ тілі» қоғамы кейіннен
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы болып кеңейтілгенімен кейін де қаржы
жағынан қанағат тауып көрген жоқ. Жер-жердегі «Қазақ тілі» ұйымдары
кедейшіліктен кембағалдыққа дейін жетті десек болар. Сараңның
садақасындай аннан-мұннан түскен демеушілердің берген қаржысы
21
қай тесікке жамау болады дейсің. Обалдары нешік, елі ішіндегі жалау
жүрек, жалаң төс азаматтар ұлт тілі, мемлекеттік тіл үшін жандары
қалмай-ақ күресіп келеді. Бірақ олардың аттанға айғай қосқанынан селт
еткен ештеңе көрінбейді. Бәрі қаржыға, тек қана қаржыға келіп тіреледі
де тұрады. Әлгі өзің айтып отырған мүшелік жарна дегеннен шығады,
осы мәселенің әу бастан-ақ басы ашылмай қойғаны жасырын емес.
Бізге келіп түскен, газет беттерінде жарияланып жатқан хаттар мен
мақалалардың көбінде-ақ осы жағдай сөз болған, әлі де болып жатыр.
Осындай «сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған» аш құрсақ
заманда «Қазақ тілі» қоғамының мүшесісің, жарна төле» деп, кімнің
соңынан жүгіргендей болып отырамыз. Біз басында, теңгенің құны бар
кезде, жарғы бойынша мүшелік жарнаны 20 тиын деп белгілеп едік,
инфляцияның иіріміне түскен уақытта мұнымыздың өзі түк те болмай
қалды. Оның үстіне қоғамның барлық мүшелері дерлік ауылды жерде
болғандықтан, айлық жалақыларын уақытында алмайтын болғандықтан
мүшелік жарналарын қалай төлесін. Міне, «Қазақ тілі» қоғамының
қожырай бастауына негізгі себептің өзі осында тұр. Ел-жұрттың есі
кетіп, сесі қайтқан заман деген осы болар. Қай қоғамда, қай заманда
болсын адамдардың санасы асқазанымен өлшеніп келген. Аш халыққа
ақыл айтып, пайымды парасат үйретем деу де бір әурешілік іспетті.
–
Бірақ осы бір тұста тағы да бір тереңірек тоқтала кететін
мәселе бар сияқты. Әрине, жоқшылық пен тапшылық мынадай қиын
заманда елге үлкен ауыртпалық түсіріп тұрғаны ақиқат. Осы өзіміз
мәселе етіп көтеріп отырған тіл төңірегінде әңгіме қозғай қалсаңыз:
«қазақ тілін мемлекеттік тіл деп марапаттап қайтесің, орыс тілі
тұрғанда»... деушілер де кездеседі. Шындығында, өзіңіз айтыңызшы,
осы қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қай жерде қандай дәрежеде
қолданыс тауып жатыр?
«Мемлекеттік» мәртебе алды деген атағы ғана болмаса, қазағы
қалың, қаладан аулақ жерлерден басқа қайда, қай уақытта өзінің
барлығын, тірлігін көрсетті. Мен білсем, бұған әлгі бір қаржының
жоқтығы ғана себеп-салдар болып отырған жоқ. Мемлекеттік тіл
мәртебесіне ие болған тілдің бір сүйем, тіпті бір елі болса да дәрежесі
жоғары тұрса қайтер еді?! Қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне
көтеру шараларының толық жүзеге аспай жатуы неліктен? Ел ішіндегі
бір әңгімеден естігенім бар: Қазақстанмен экономикалық қарым-
қатынас жасау үшін Америкада арнайы кадрлар даярлана бастаған
кезде, бізді тәуелсіз республика деп таныған американдықтар бар
22
ниет-ықыластарымен оларға қазақтың тілін, салт-сана, әдет-ғұрпын,
тіпті, ән-өлеңдерін де үйретсе керек. Әрине, олар сондай өркениетті,
мәдениетті ел болғандықтан, тәуелсіз Қазақстанға зор құрметпен
қараған ғой. Осындай арнайы дайындықтан өткен бірінші топтың өзі-ақ
көп уақыт өтпей-ақ Америкаға: «Қазақстанға келетін адамдарды ендігі
жерде бізше тәрбиелеп әуре болмай-ақ қойыңыздар, мұнда қазақтың
тілін, әдет-ғұрпын білудің қажеті жоқ. Бекер әуре боласыздар», – деп
хабар жіберіпті. Осы әңгіменің астарында қиындық бар екені аян ғой.
–
Қазақ тілін мемлекеттік дережеге көтеру ісінің науқаншылыққа
айналып кеткені – ақиқат. Шындығында, қазақ тілі мемлекеттік мәртебе
алғаннан кейінгі уақытта арнайы қаулы-қарар болған жоқ. Тіл туралы
заң қабылданды да «200-шы жылға дейін мемлекеттік тілді дамытудың
шаралары» деген бағдарлама жасалған болатын. Бұл бағдарлама
бойынша істелетін істер, жасалатын шаралар жан сүйсінерлік дәрежеде
болды десем артық емес. Бұл өзі жеке бір кітапша болып шықты. Біз осы
уақыттың ішінде республиканың 19 облысында іс қағаздарын мемлекеттік
тілге 1996 жылға дейін көшіріп болатын етіп кесте жасағанбыз. Бірақ
1990 жылғы қыркүйектің 27-і күні Қазақ КСР Министрлер Советінің
«Қазақ КСР-інде қазақ тілі мен басқа да ұлт тілдерін 2000 жылға дейінгі
кезеңде дамытудың Мемлекеттік бағдарламасына кейбір өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы» қаулысы жарық көрді. Оның бірінші тармағы
мынадай болатын: «Қазақ тілі. Тілдің қолданылуы» бөлімінің 3-тармағы
мынадай редакцияда берілсін: «Қалаларда, аудандарда, мекемелерде,
кәсіпорындар мен ұйымдарда мемлекеттік тілде іс жүргізуді енгізу
мерзімдерін облыстық атқару комитеттері, қалалық (аудандық) атқару
комитеттері аймақтағы нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен
демографиялық ахуалды ескере отырып белгілейді».
Бұл қаулының шығуына негізгі себепші болған жағдайлар, атап
айтқанда, тіл саясатына бір жақты қараушылық, асыра сілтеушілік,
тұрпайы белсенділік сияқты қимыл-әрекеттер еді. Біз 1996 жылға дейінгі
кестені жасағанда осыны да ескере отырып, кестенің аяқ жағына ескерту
берген болатынбыз. Бұл бірақ есепке алынбады.
Министрлер Советінің қаулысының алғашқы редакциясы өз күшінде
тұрған кезде, мәселен, Семей облысының әкімі Чернов тұтқиыл шешім
шығарып, іс қағаздарының барлығы тез арада қазақ тіліне көшірілсін деп
бұйырды. Сол сияқты Мәдениет министрі Е. Рахмадиев те іс қағаздарын
түгелдей қазақшаға көшіріпті. Ал ел ішіндегі мұндай істер жұрттың
бәріне ұнай қоймағаны мәлім. Әсіресе, жергілікті ұлт тілінде сөйлей
23
алмайтындарға. Әрине, бұл дүмпу Министрлер Советіне жетпей қалған
жоқ. Қаулыға әлгіндей түзету енгізілгеннен кейін қазақ тілінің қадамы да
қысқара бастағаны белгілі. Бұдан кейінгі уақытта сол кезде мемлекеттік
мәні бар болып есептелетін № 51 қаулы жарқ ете қалды. Бұл қаулыда
барлық ресми құжаттар екі тілде жазылатын болсын делінді. Мемлекеттік
тілді менсінбеушілікті бүркемелеу үшін тағы да бір қитұрқы тәсіл табыла
кеткені де осы шақ. Ресми құжаттардың орысшасы бар, қазақшасы жоқ
болғандықтан, оларды қазақшалау үшін әрбір мекемеге бір аудармашы,
бір машинка басушы тағайындап қойса жеткілікті. Мұның үстіне
қазақша үйрететін бір оқытушысы тағы бар. Міне, мемлекетгік тілді
дамытудың ең оңай жолы осылай табылды. Ал жаңағы үш қызметкер
(аудармашы, машинка басушы, оқытушы) кімдер дейсіз ғой. Олардың
көпшілігінің арнайы білімі жоқ еді. Мәселен, аудармашы өзінің алдына
келген әлгі бір ресми құжатты аударуға толық білімі жетік адам болса
бір сәрі ғой, ол өзінің шамасы жеткен дәрежеде ғана аударады, көптеген
сөздерді тұспалдап қана бере алады, ал машинка басушының не қате
жіберіп жатқанын бір құдайдың өзі білсін. Қазаққа қазақша оқыта
алмайтын мұғалімнің орыс тілді адамды қазақ тіліне үйретуі де бір
керемет. Айтпақшы, біздің қазақ тіліне соңғы кезде келіп енген «термин
сөздердің» көкелерін де әлгі бір шала сауатты аудармашылар әкеліп
кіргізді. Абырой болғанда бұндай аудармашылардың біразы соңғы кезде
қысқартылды.
Расында да «ресми» деген сөз мәртебе болмаса да, іс жүзінде
мемлекеттік тілді ығыстырып шығаруға айналды. Қазір Қазақстан
Республикасының Конституциясына сәйкес жасалған Тіл заңының
жаңа редакциясы дайындалып болды. Мұны Ұлт саясаты жөніндегі
мемлекеттік комитет дайындады. Бұл заңда тілге деген қамқорлықтың
белгісі – оң ықпалды идеология, тілді уағыздау көріністері баршылық.
–
Барлығы заң шығарумен ғана шектеліп қалмайтынына әбден
көзіміз жеткендей болды. Бұрынғы Тіл туралы заңда жазылған сөздердің
еш кемшілігі жоқ болып көрінетін. Қазақ тілін дамытудың алғашқы
кездерінде ұранға сүрен қосқанымызды әлі ұмыта қойған жоқпыз.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтудің алуан-түрлі
шараларын да белгілеген едік. Тілді дамытудың мемлекеттік
багдарламасын кадрлық, материалдық-техникалық, қаржылық
жағынан толық қамтамасыз етуге уәде байласқан кездер де есімізде.
Мәселен, ілеспе аударма аппаратымен барлық залдар жабдықталады,
қазақша жазу машинкалары болады, байланыс мекемелері телеграф
24
хабарларын мемлекеттік тілде қабылдап тұрады, кәсіпорындар
мен мекемелерде интенсивті тәсілмен сабақ жүргізетін қазақ тілі
мұғалімдері арнайы даярлықтан өтеді, түрлі-түрлі сөздіктер мен
тілашарлар шығарылады деген сияқты бұқаралық ақпарат құралдары
мен үлкен жиындарда айтылған уәделердің көпшілігі су түбіне кетіп
қалған жоқ па? Ең аяғы астанамыздағы көше қатынасы көліктеріне
орнатыла бастаған аялдама аттарын қазақ-орыс тілінде хабарлайтын
электронды аппараттардың да үні өшкелі қашан.
–
Қазақ тілінің жолы болмай тұрғанының ең басты себебі – өзіміздің
өкімет адамдарының мемлекеттік тілге деген ықылас-ниетінің жоқтығынан
немесе аздығынан деп білемін. Ең бірінші халыққа үлгі болатын адамдар
– солар. Өкінішке орай, олардың көпшілігі қазақтың өзімен де қазақша
сөйлеспейді. Парламенттегілердің өзі де арасында бір орыс отырса,
қазақшаны былай сырып қоя салуға түк арланбайды. Сылтаулары біреу
– «бәріне түсінікті болсын» дейді, «ойымызды жеткізгіміз келеді» дейді.
Өткен жылы Абайдың 150 жылдық тойында Президент Н. Назарбаев
соншама үлкен баяндаманы қазақ тілінде-ақ жасады ғой. Қандай тамаша
болды. Өз халқының алдында беделі өсті, жұртын қуантты. Мен өз басым
Премьер-министріміз Ә. Қажыгелдиннің бірде бір рет қазақша сөйлеп,
баяндама жасағанын естіген емеспін. Қазақстанның астанасы Алматы
қаласының әкімі бола тұрса да Ш. Құлмахановтың да жөні дұрыс қазақша
сөйлегенін көргем жоқ.
Жалпы, біздің жоғарғы өкімет адамдары тіл мәселесін екінші кезекке
сырыңқырап отырған сияқты.
Ал енді өзіміздің ғалымдарға не жорық десеңізші. Көпшілігі
қазақ тілін бір кісідей-ақ біле тұрып, қазақша жазуға қадам баспайды-
ау шіркіндер. Сенсеңіз, біздің ғалымдарымыздың бүгінгі таңда он-
ақ проценті қазақ тілінде жазады. Олардың да дені тіл, әдебиет
төңірегіндегілер. Біз, шындығында да барлығын керісінше жасағанды
тәуір көреміз.
Осы тұста мына бір мысалды келтіре кетейін. «Егемен Қазақстан»
газетінің биылғы жылғы 2-ақпандағы санында «Қазақ тілі» қоғамының
Шиелі аудандық төрағасы Қ. Әбденов менің атыма ашық хат жолдапты.
Содан бір үзінді келтіре кетейін: «Біздің Шиелі ауданы – қазақи аудан.
Соның өзінде соңғы жылға дейін қыстақ орталығындағы жеті орта
мектептің үшеуі таза орыс тілінде, төртеуі аралас мектеп ретінде жұмыс
істеді. Орыс кластарында отырған балалардың 60-70 проценті қазақ
балаларын құрады. Сондай-ақ қыстақтағы он екі бала бақшаның он бірі,
ондағы тарбиешілердің 70-80 проценті қазақ екеніне қарамастан, оқу-
25
тәрбие жұмысы тек орыс тілінде жүргізіліп келді. Аудандық «Қазақ тілі»
қоғамының араласуы, білім бөлімі басшылығының батыл азаматтық танытуы
нәтижесінде қазір орыс тілінде бір мектеп, бір бала бақша ғана қалды».
Міне, осы бір ақпардан-ақ «Қазақ тілі» қоғамының қандай белсенді
күш екенін танып, білуге болады емес пе?! Ал біздің өкіметіміз неліктен осы
бір оңынан келіп отырған істі оңашалап тастағанына тіпті де таңданбасқа
болмайды.
– Сізге газет арқылы хат жазған жігіттің сөз төркініне терең
үңілгеніміз жөн. Қазақ мектептерін көбейту ісінде «Қазақ тілі» қоғамының
атқарған қызметі ұшан-теңіз. Амал қанша, соңғы кезде беті қайтып,
беделі төмендеп бара ма деп қорқамыз. Мен таяуда сіз атаған «Егемен
Қазақстан» газетінің бетінен Өмірсерік Қасеновтың «Түсінбеушілік пе
әлде бұра тарту ма?» деген рецензия-мақаласын оқып отырып, көптеген
фактілерге кез болдым. Соның бірі мынау: біздің елімізде 871000 мектеп
оқушысы, 77243 студент қазақ тілінде, 2,2 миллион және 189416 окушы
мен студент орыс тілінде оқиды екен. Екі тілдің ара салмағын осыдан-ақ
айырып алуға болатын шығар.
– «Бәрін айт та бірін айт» дегендей, ең аянышты жағдай – мектептеріміздің
болашағы болып отыр. Қазіргі уақытта қаржының тапшылығынан ауыл-
ауылдардағы 300-дей мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бұлардың дені
– шағын комплектілі мектептер және алыс ауылдардағы қазақ мектептері.
Бұлардың жабылуына байланысты үлкен мектептердегі кластардың
тығыздығы қандай болмақ? Әрбір класқа 40-50 оқушыдан. Бұдан кейін білім
сапасы қандай болмақ?! Осыдан келіп орыс мектептеріне ауысу науқаны
күшеймей тұрмайтыны тағы белгілі. Оның үстіне қазақ мектептерінде білім
беру сапасы да төмендеп барады. Дені дұрыс мұғалім даярлап шығарудың
өзі күшке түсуде. Жоғары оқу орындары үшін оқулық (пәндік) жоқтың қасы.
–
Ғабит Мүсірепов ағамыздың мына бір сөзі ойға оралады. «Тіл
сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеуінің бірде-
біреуіне көңіл аудармау – ең үлкен қылмыс».
Осы бір ғажайып сөзден шығатын қорытынды – қазіргі уақыттағы
біздің өз тілімізді өзіміз елемегендей болып отырған қылығымыз қылмыспен
тең деген сөз. «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген де Ғабең
еді ғой. «Авгейдің ат қорасынан бастайық» деген мақаласында.
Әрине, тіл туралы, ана тілі туралы қазақ ғұламалары аз айтқан
жоқ, аз күрескен жоқ.
Менің бір таң қалатыным бағанадан бері әңгімелеп отырған
«Қазақ тілі» қоғамына мемлекеттік деңгейдегі құқық неге берілмейді?
26
Күні кеше туа салып аз уақытта тұншықтырыла, аты да, міндеті
де өзгерген Тіл комитетінің шыр ете түскен даусын ғана естігендей
болдық емес пе?! Расын айту керек, сол Тіл комитетінің болашағынан
үлкен үміт күткенімізбен, тындырған ісін біліп үлгермедік. Оның
есесіне жер-жерлер кешегі әміршілдік-әкімшілдік қоғамнан қалған
бірталай «қаратаяқтарға» аз уақытқа болса да нәпақа тауып беруге
әбден жарады. Мәселен, бір облыстағы аудандық, партия комитетінің
идеология бөлімінің нұсқаушысы болып істеген бір әйел «Қазақ тілі»
қоғамы алғаш құрыла бастаған кезеңде оған жан-тәнімен қарсы болып,
шабуылға шыққаны бізге мәлім. (Аты-жөнін атап айтуды қажет деп
таппадық). Мына қызыққа қараңыз! Сол әйел кейіннен Тіл комитеті
құрылған кезде облыстық, тіл басқармасының бастығы болып отыра
қалған. Бұдан нені аңғаруға болатынын тарқатып айтудың қажеті
де бола қоймас. Тіл комитетінің қызметін өзінше ұнатып барған да,
құлатып таратқан да осындай адамдар екені ақиқат. Жүрмей жатып
жүрелеп, күлмей жатып күмілжіп отырсақ, сырт жұрттың бізге
күле қарамасына кім кепіл. Мысалы, күні кеше ғана, осыдан үш-төрт
жыл бұрын астанамызға ат арытып, «елім, жерім, тілім!» деп еңіреп
келген дүние жүзі қазақтары құрылтайына жиналғандардың өзі біз
туралы не ойлады? Салтанатты мәжілісте сөйленген сөздердің оттай
ыстық лебі олардың жүрегінде әлі сақтаулы екені ақиқат. Қазақ тілінің
қалтыраған бүгінгі қалпын естігендердің еңсесі түсіп, ет бауыры езіліп
жатпағанына кім кепіл.
Мұның бәрін айтпағанда Ғылым академиясының болашағы туралы
да жұрт сан саққа жүгіртіп айтып жүр.
–
Ғылым академиясының бүгінгі жағдайының қиын екені рас.
Егер біз ғылымнан бір айырылсақ, ол тез арада қолымызға түсе қоймас.
Оның қайта айналып келуіне кем дегенде елу жылдай уақыт керек.
Адам білімімен жетіледі, мемлекет ғылыммен өркендейді. Мұны біздің
ешқайсымыздың ұмытуға қақымыз жоқ. Мемлекет өзінің өркениеті,
экономикасы, мәдениеті мен әдебиетінің, ең бастысы тілінің дамып
жетілуі үшін ең соңғы қара бақырына дейін аямаса керек.
Өкінішке орай, біздің Ғылым ордасының халі нашарлап кетті.
Ғалымдарымыздың жалақысын жалақы деп те айтуға болмайды. Одан
гөрі тапанша тағып банкінің алдын күзеткен күзетші мен автобустағы
билет тексерушінің табысы әлдеқайда жоғары. Сондықтан болар ғылымға
келіп жатқан жастар өте аз. Тіпті бар ғылым кандидаттарымыздың өзінен
айырылып, қалып жатырмыз, Көбі бизнеске кетті. Біз, әйтеуір, 40 жылдан
27
бері осының қабырғасында жүрген соң қиып кете де алмаймыз. Біз үшін
ең қасиетті орын – Ғылым академиясы...
Тындырар жұмыс әлі көп. Осы жазда халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының III құрылтайын өткізуге дайындық жұмыстарын жасап
жатырмыз. Ісіміз оңға басар, тасымыз өрге домалар деген ойдамыз.
«Қазақ әдебиеті», 1996. №15. 9 көкек.
(Сұхбаттасқан Ә. Қайран)
Достарыңызбен бөлісу: |