Мақалалар, баяндамалар жинағы


–  Дегенмен де көңілге үміт ұялатарлықтай ілгерілеушіліктің де  бар екендігі рас қой? –



Pdf көрінісі
бет13/45
Дата22.12.2016
өлшемі3,09 Mb.
#25
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   45

– 

Дегенмен де көңілге үміт ұялатарлықтай ілгерілеушіліктің де 

бар екендігі рас қой?

– 

Әлбетте,  бұл  мәселеде  бізде  жетістік  жоқ  деуге  болмайды. 

Бірқатар игі нышандардың бар екендігі рас. Мәселен, Президентіміздің өзі 

тағына  отырар  алдында  қазақ  тілінде  емтихан  тапсырғанын  білеміз.  Ол 

кісіден емтихан алғандардың қатарында мен де болдым. Енді жасыратын 

несі  бар,  Елбасымыз  қазақ  тілін  өте  жетік  меңгерген  ғой,  тіл  қорының 

байлығы бірден байқалып тұрды...

Міне, сондай жағдай...



– 

Тіліміз бай, тек соның мемлекеттік маңызын арттыру жағы 

әлсіздеу дейсіз ғой?

– 

Рас,  солай.  Тілдің  өзінде  кінә  жоқ.  Қазақтың  тілі  бай.  Оны 

күстаналауға болмайды. Олай дейтініміз, қазақ тілін жақсы білетін адам 

Маркс, Энгельстің еңбектерінен бастап бүкіл жер жүзіндегі тілдерді аудара 

алады. Біздің тіліміз жетпейді деу ағаттық. Тіліміздің қоры бәріне жетеді, 

тіпті асып та кетеді. Қазір жер жүзіндегі бай тіл ағылшын тілі деп жүр. 

Оксфорд сөздігінде 1милионға жуық сөз бар дейді. Ал енді біз әр сөздің 

жеке санын емес, мағынасына қарай есептейтін болсақ, бір сөздің бірнеше 

мағынасы  бар.  Одан  кейін  фразеологизм  дейді,  тұрақты  сөз  тіркестері... 

Осылардың әрқайсысын жеке-жеке бір мағынадан есептесек, қазақ тілінде 

де 1 миллионға жуық сөз қоры бар. 

Сондықтан  да  мен  айтамын,  қазақ  тілін  «қойшылардың  тілі», 

«мемлекеттік тілге жарамайды» деп жүргендердің бәрі бос сөз.

 – Демек біздің тіліміздің мүмкіндіктері шынымен-ақ орасан десек 

қателеспейміз...

–  Қазақ  тілінің  басқа  тілдерден  ерекшеліктері,  артықшылықтары 

көп. Соны дұрыс пайдалана білсек...Мысалға, біз бірінші кезекте орыс 

тілімен  салыстырамыз.  Себебі,  біздің  терминологиямызда  орыс  тілі 


133

арқылы енген интернационалдық сөздер құрамы 75 пайызды құрайды. 

Осының  салдарынан  тіліміз  біршама  бояу-нақыштарын  жоғалтуда. 

Әйтпесе  интернационалдық  сөздер  қай  тілде  жоқ?  Бәрінде  бар.  Тек 

біздің тіліміз сондай сөздерді өте көп мөлшерде қабылдауда. Бар мәселе 

сонда.


Кейбіреулер осыған орай «Біз өзге терминдерді сөз жетпегендіктен 

қабылдаудамыз», – дегенді айтуда. Олай емес, біздің сөз байлығымыз 

оларды түсінікті тілмен беруге жетеді. Тек сол мүмкіндікті өзіміз дұрыс 

пайдалана алмай отырмыз. 

Тіліміз өте бай тіл. Еркебұлан дейтініміз, біздің тіліміз ресми тілдің 

стандартына көнбейді, еркін. Біздің әрбір сөзіміз ояу, астарында бірнеше 

мағына, бірнеше ой жатады. Міне, соның бәрі терминнің талабына сай 

келмейтін  қасиеттер.  Бір  жағынан  сондықтан  да  жан-жақтылықтан 

қашып,  орысшасын  ала  бердік  қой.  Сөйтіп,  орысша  сөздерді  әбден 

орнықтырып алдық та, енді содан құтыла алмай жатырмыз. Орысшадан 

қол үзгісі келмейтіндер бар. 

Бір  жаманы,  осыны  түсінбейтіндер  де  кездеседі.  Тіпті  кейбір 

ақсақалдарымыздың  өзі  «Өй,  ана  сөз  жақсы  еді  құлағымызға  сіңіп 

қалған, мына сөз жақсы еді», – деп жатады. Бұл дұрыс емес. Егер ұлт 

болып  қалыптасқымыз  келсе,  кешегі  мен  бүгінгіні  емес,  болашақты 

ойласақ, онда ана тіліміздің тазалығын сақтауға тырысуымыз керек.



–Өмірлік маңызы зор жанды пікіріңізге қарсы айтар дауым жоқ, 

аға. Бірақ, осы ұлтаралық терминдерге қатысты ғалымдар арасында 

не түрлі көзқарастар бар емес пе?

–  Иә,  ұлтаралық  лексиканы  қабылдамай,  қалай  күн  көреміз  деп 

«жылайтындар»  да  жоқ  емес.  Олардың  бұлайша  қорқуы  бекершілік. 

Өйткені, жер жүзіндегі тәжірибеге қарайтын болсақ, мысалға жапондар, 

40-жылдардан  бастап  бүкіл  техникаларды  өз  тілінде  шығаруда.  Ал 

олардың техника саласындағы жетістігі қандай екендігін бүгінде бүкіл 

әлем біледі. Қытайлар да солай. Және бұлардан басқа қанша елдер бар, 

тек өз тілдерін ғана қорғап, дамытып жатқан. 

Кейбіреулер  айтып  жүргендей,  интернационалдық  терминдерді 

аударуға  болмайды  деген  сөз  дұрыс  емес.  Болады.  Бірақ,  мысалға 

медицина саласындағы мыңдаған латын тіліндегі атауларды аударудың 

жөні жоқ. Олар халықаралық деңгейде қалыптасып қалған терминдер.

Міне, сондықтан да ғалымдар жан-жақты ақылдаса отырып, ортақ 

шешім бойынша қабылдаса, тілімізге көптеген жаңа сөздерді енгізуге 

болады. 


134

– 

Жүйесіз,  бей-берекет  емес,  ақылмен  істелсе,  бәрі  оңды 

болатыны рас қой...

– 

Әрине,  өз  тіліміздің  негізінде  жаңа  сөздерді  қабылдау 

керек.  Өркениеттің  дамуына  байланысты  туындап  отыратын  ондай 

қажеттіліктерге шек қоюға болмайды. Мысалға, орыс тілінің өзінде 12 

мың түрік сөзі бар.

Бұл жөнінде мен талай мақалалар жаздым, бір кітапша шығардым. 

Қайталап  айтамын.  Жаппай  аударуды  қолдамаймын,  сапалы  түрде 

біртіндеп істеу керек бұл жұмысты. Себебі, терминология – бұл әдеби 

тілдің жон арқасы. Терминология принципінде ең алдымен өз тіліміздің 

байлығын сарқа пайдалану керек деп жазылған. Біз басында сол сарқа 

пайдалану дегенді дұрыс түсінбей, көптеген терминдерді жөнсіз енгізіп 

алдық  та,  тілімізді  бүлдірдік.  Енді  қазір  үйреніп  қалған  құлаққа  бәрі 

жақсы,  үйлесімді  сияқты.  Шындығында  олай  емес  қой.  Сондықтан 

да  осындай  проблеманы  біржақты  шешу  қажет.  Тілдің  аса  маңызды 

мәселелерінің бірі осы.

–  Тұтасымен  алғанда,  елдегі  мемлекеттік  тіл  мәселесі  бүгінде 

біршама алға жылжыды дей аламыз ба?..

–  Қуанарлығы  сол,  қазақ  тілінің  мәселесі  Үкімет  тарапынан 

түбегейлі түрде қолға алынған тәрізді. Бұл орайда төрт облыстағы іс 

қағаздарының  біртіндеп,  мемлекеттік  тілге  аударыла  бастағандығын 

айтуға  болады.  Бұлар  –  Атырау,  Ақтау,  Қызылорда  және  Оңтүстік 

Қазақстан. Мұның өзі сәл де болса ілгерілеу. 

Осы тұрғыда Үкіметке И.Тасмағанбетов, М.Құл-Мұхаммед тәрізді 

ұлтжанды азаматтардың келгендігі көңілге үміт ұялатады. Олар қолда 

бар  мүмкіндіктерін  пайдаланып-ақ  жатыр...  Бірақ,  кері  тартатындар 

көп. Мысалға, теледидар хабарларын 50 пайызға қазақ тілінде жүргізу 

мәселесі  дер  кезінде  өте  орынды  келтірілді.  Біреулер  оны  күлкі 

етеді,  әшейін  нәрсе  деп  келемеждейді...Ол  дұрыс  емес.  Өз  елімізде 

телеарналарды  50  пайызға  ұлттық  тілде  сөйлетудің  не  айыбы  бар?.. 

Қайта бұл бүкіл халық болып, қолдайтын бастама емес пе? Бұқаралық 

ақпарат  құралдары  да  осы  бағытта  жан-жақты,  жетімді  жұмыс  жүргізуі 

керек деп ойлаймын.

– 

Елбасымыз  ана  тілімізді  кез  келген  әдебиетшіден  кем 

білмейді. Ендеше неге белден басып тұрып бүкіл іс қағаздары қазақ тілінде 

жүргізілсін дегендей Жарлық шығармайды екен деп ойлаймын кейде мен. 

Бәлкім, олай жасауға болмайтын шығар. Бірақ, осылайша әліптің артын 

күте берсек, әлі қанша жүретінімізді бір Алла біледі... Сіз қалай ойлайсыз?


135

– 

Біздегі  қалыптасып  қалған  демографиялық  жағдайға  қарай, 

олай істеуге болмайды. Өйткені республикамыздың бірқатар облыстарында 

орыс  ағайындардың  саны  көп.    Егер  жаңағы  айтылғандай,  Жарлық 

шықса, солардың бәрінің байбалам салатыны анық. Шындығында, біз сол 

тыныштық үшін өзімізді көп нәрседен шектеп отырмыз ғой...

Мысалға,  сол  Ресейдің  өзінде  орыс  тілін  білмеген  адам  үкімет 

басындағы жоғарғы қызметке тағайындалмайды. Сол сияқты Германияда 

да неміс тілін білмейтін адамды жұмысқа алмайды. Ал бізде ше? Бізде орыс 

тілі ұлтаралық қатынас құралы, ресми тіл қызметін атқаруда. Бұлай болғаны 

дұрыс емес. Тіл саясатындағы жалтақтықтан арылмай, ісіміздің оңалмасы 

анық. Соны біле тұра, түсіне тұра солай істеуге мәжбүр болудамыз. 

Елбасының ойлайтыны, алдымен ел ішінің тыныш болуы. Тіл мәселесі 

тұра  тұрар,  ұлтаралық  татулықты  сақтаудың  мемлекетіміз  үшін  өмірлік 

маңызы зор дейді ол. Бұл туралы талай ол кісімен әңгімелескенбіз. Әрине 

ел ішінің ынтымақты, бейбіт болуы ең басты нәрсе. Бірлігіміз ыдырамасын 

делік. 

Ең  бастысы,  ұлт  санасында  сілкініс  болуы  керек.  Осылай  деп  мен 



жазғанмын  да.  Мәселен,  латын  графикасына  байланысты  жағдай  да 

осындай күйде...



– 

Қанша айтылып, қанша жазылғанмен де осы мәселе де әзірге 

аяқсыз қалып жатқан секілді...

– 

Иә,  қанша  жыл  болды,  латын  жазуына  көшу  ісінде  алға 

жылжыр емеспіз. 1993 жылы осы мәселені көтеріп, ашық хат жазғанбыз. 

Содан бері міне, 10 жылдай уақыт болды. Ешқандай нәтиже жоқ. Әлі күнге 

сөзбұйдаға салуда. 

Көршілес елдердің бәрі шетінен латын графикасына көшіп жатыр. Тек 

біздің ғана қозғалар түріміз жоқ. Бұл Өзбекстандағы бауырларымыз үшін өте 

қиын. Олар қараңғы болып қалатын болды. Ауғанстан мен Моңғолиядағы 

қандастарымыздың жағдайы одан да қиын. Ал Қытайдағы қазақтар арапша 

оқиды.  Сөйтіп  несін  айтасыз  тіл  мәселесіне  келгенде  төрт  көзіміз  түгел 

емес. Әр елдегі қандастарымыздың жазу үлгісі де, даму үрдісі де әр басқа. 

Идеология да бөлек... Түптеп келгенде, осының бәрі қазақ тіліне кері әсерін 

тигізуде. Міне, мәселе қайда! Біз сондай бір табиғи, тарихи түйінді жағдайға 

душар болып отырмыз. Сондықтан да, әсіресе, бүгінгі таңда бізге жүйелі де 

икемді, көреген тіл саясаты керек.

– 

Саясат жүйелі де икемді болуы үшін заң сапалы да, салмақты 

болуы  керек  шығар.  Осы  арайда  Тілдер  туралы  Заңға  байланысты  не 

айтасыз?


136

– 

Егер Тіл  Заңы жайлы  айтар  болсам, ондағы мемлекеттің және 

оны бекітіп отырған Парламенттің жауапкершілігі аз. Айтқан болады, олай 

істеу  керек,  былай  түсу  керек  деп.  Бірақ  аяғына  дейін  күреспейді.  Соны 

орындатуға құлықсыз. Бұл бір. Екіншіден, егер біз қазақ тілін шын мәніндегі 

мемлекеттік тіл жасағымыз келсе, бұдан батыл, жылдам қимылдауымыз 

керек. Жедел арада бетбұрыс жасайтын кез келді. Олай дейтінім, мемлекеттік 

жетекші  қызметкерлердің,  әкімдердің  қазақ  тілін  білуін  қатаң  қадағалау 

қажет.  Өзге  ұлт  өкілі  болса,  жедел  арада  тілді  үйренсін,  қазақ  болса,  ол 

қайткен күнде ана тілін білуге тиіс. Одан соң мемлекеттік жауапты жоғары 

орындарға Иманғали Тасмағанбетов сияқты мемлекеттік тілді жетік білетін 

азаматтарды тағайындау керек. Үшіншіден, заң талаптарын орындау үшін 

мемлекет қаржы бөлуге тиіс. Сонан кейін ол ақша шенеуніктердің қолында 

жүрмей, тиісті мақсатқа жұмсалса. Міне, сонда ғана заң пәрменді болады.

Осы жерде айта кеткеніміз орынды болар, «Кедейді кезеңде бір тонаса, 

ойпаңда күтіп алып екі тонайды» дегендей, бүгінгі таңда біз үшін екі тілдің 

проблемасы  аздай,  енді  үшінші  тіл  тағы  қосылды.  Ол  –  ағылшын  тілі. 

Глобализация  туралы  конференцияда  осы  мәселені  айттым  мен.  Нағыз 

глобалдық  проблема  –  бұл  тіл...  Енді,  міне  орыс  тілі  де  қалатын  болып 

отыр. Қазір халық бәрін тастап, шет тілін үйренуге кірісті. Әрине, уақыт 

талабына сай шет тілін білген жөн. Бірақ өз тіліңді ұмытпауың керек. Ана 

тілін ұмытады екенсің, онда ұлт өмірінен шет қаласың деген сөз. Міне, тілге 

байланысты осындай кереғар құбылыстың да алдын алғанымыз жөн. 

- Уақыт бөліп әңгімелескеніңіз үшін рахмет!

«Алматы ақшамы», 2002. 25 шілде.  (Сұхбаттасқан М. Мұқаштегі) 

Ұлтты ұйыстыратын құдіретті ұйытқы

Қазақ  тілі  тағдырдың  тәлкегіне  түскелі  кашан?  «Тіліміз  туралы 

бүгінгі  әңгіменің  көбісі  бұдан  жүз  жыл  бұрын  басталған  еді»  десек, 

біреу  сенер,  біреу  сенбес.  Ал,  шынында  да  солай.  Мәселен,  Әлихан 

Бөкейханов  1905  жылы  маусым  айында  Қоянды  жәрмеңкесінде 

жазылған «Қарқаралы петициясында» қазақ қоғамының ұлттық мүддесі 

етіп қойылған негізгі талаптардың бірі ретінде: «ауылдарда сабақ орыс 

тілімен бірге қазақ тілінде де жүргізілетін мектептер ашу, мемлекеттік 

аппаратта,  сот  орындарында,  іс  қағаздарын  қазақ  тілінде  жүргізу, 

олардың  жұмысында  қос  тілділікті  жолға  қою,  т.с.с.»  мәселелерді 

атап көрсетті (Ә.Бөкейханов. Шығармалары. Алматы, 1994, 13-б.). Тіл 

туралы талас-тартыстар бұдан кейін де тоқтаған емес. Мәселен. Сәкен 

Сейфуллин  кезінде  (1923-1925  ж.ж.)  қазақ  тіліне  мемлекеттік  мәртебе 


137

берілуіне  байланысты  кеңсе  істерін  қазақ  тілінде  жүргізу  жайында 

«Енбекші  қазақ»  (қазіргі  «Егемен  Қазақстан»)  газетінің  бетінде  9 

мақала  жариялапты.  Соның  бірінде:  «Біздің  қазақ  коммунистерінің 

кейбіреуі  қазақ  тілі  туралы  қатты  кірісуге  бара  алмай  жүрсе,  енді 

біреулері  «ұлтшыл»  деп  айта  ма  деп  бой  тартады.  Бірақ  бұл  қылық 

–  коммунистік  кылық  емес,  ол  –  жарамсақтық,  жағымпаздық»  деп 

жазыпты.  Ол  оларға:  «жас  буынға  ісіңмен,  күшіңмен,  тіліңмен  болса 

да, оқу ісіне жәрдем қылмасаңдар, жас буынның қолы жағаңда кетеді!» 

деп  ескертті.  Бұл  кездерде  қазақ  тілінің  тағдырына,  жастарға  ана 

тілінде білім беру, т.б. мәселелерге белсенді түрде кіріскен зиялы қауым 

өкілдерінен Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов. Тұрар Рысқұлов, 

Сұлтанбек Қожанов, т.б. осы сияқты мемлекет қайраткерлерінің есімін 

ерекше атауға болады.

Тіліміз  туралы  сол  дау-талас  күні  бүгінге  дейін  толастаған  емес. 

Бұрынғы әңгіме мен бүгінгі әңгіменің бір-ақ айырмашылығы бар. 20-30 

жылдары қазақ зиялылары қазақ тілінің мүддесін ашық айтып, талабын 

айқын білдіре алмады. Өйткені «ұлтшыл» деген «қарғыдан» (ярлыктан) 

қорықты,  ал  бүгінгі  таңда  демократияның  арқасында  тіл  туралы  не 

айтам десең де өз еркің.

Бірақ тіл үшін күресу тәсілі әр кезде әр түрлі болғанымен, кезінде 

«батпандап кіргенімен, мысқалдап шығып кете алмай жатқан» қасиетті 

ана тіліміздің кеселі біреу-ақ, ол – өз жерінде, өз елінде мемлекеттік биік 

мәртебеге ие бола тұрса да, қоғамдық өмірде өзінің сан алуан қызметін 

өз  дәрежесінде  атқара  алмай,  өрісін  кеңейтіп,  өз  деңгейіне  көтеріле 

алмай, әлі күнге дейін мүшкіл жағдайды басынан кешіруі.

«Өлеңге  әркімнің-ақ  бар  таласы»  (Абай)  дегендей,  бүгінде  сол 

тіліміз  пікір  айтушылардан  кенде  емес.  Бірақ  бүгінгі  пікір  кешегідей 

емес. Пайымдап қараған адам, бейнелеп айтқанда, ит талаған терідей 

додаға  түсіп,  серкедей  бұтарланған  тіліміздің  мүше-мүшелерін  әр 

көкпаршының қолынан көруге болады. Бәрінен бұрын ұлт тілінің иесі 

–  қазақ  халқының  жанына  жара  салып,  жан  дүниесін  күйзелтетіні  – 

кешегі  академик  В.В.Радлов,  қазақ  тілін  зерттеген  П.Мелиоранский, 

демократ поляк жазушысы А.Янушкевич таңдайын қағып, таңғалған, 

«дала демосфендерінің тілі» деп мақтап-мадақтап кеткен тілін бүгінгі 

саясаткерлердің  «көп  ұзамай  өлетін  тіл»  деп,  кәлимаға  келтірмей, 

жаназасын  шығаруы,  «мемлекеттік  тіл  болуға  жарамайтын  қойшы-

қолаң  тілі»  деп  қорлауы,  «орыс  тілімен  теңдесе  алмайтын  «тесік 

қоржын» деп күстаналауы...т.т.


138

Miнe,  мемлекеттік  тіл  туралы  ширыға  түскен  дау-дамайдың 

бір  жағындағы  топтың  ол  жөніндегі  өзіндік  ұғым-түсінігі,  ұстанған 

принцип-үрдісі  осылар  және  әр  жерде  әркімде  өзінше  туындап,  осы 

төңіректен өрбіп жатқан қияли, қитұрқы, кияс ойлар. Бұл топтағылар – 

Қазақстанда орыс тілінің өктемдігінің мәңгі-бақи болуын армандайтын, 

өздерін  «орыстілділер»  деп  санайтын  орыс,  қазақ,  т.б.  ұлт  өкілдері, 

қазақ  тілінің  дұшпаны  екендігін  ашық  танытып  келе  жатқан  бір  топ 

зиялы қауым.

Тіліміз  туралы  дау-дамайдың  екінші  жағында  жүргендер  – 

қазақ  зиялылары:  ғалымдар,  ақын-жазушылар,  журналистер,  тіл 

жанашырлары.  Бұлардың  максаты  –  талас-тартыспен  әрең  алған  ана 

тілінің  мемлекеттік  мәртебесін  қорғап  қалу,  қоғамдық-әлеуметтік 

өмірде оның өз қызметін толық атқаруына қажетті жағдай жасап, оған 

қатысты шараларды жүзеге асыру. Өкініштісі, осы бір аса қарапайым да 

заңды талапты орындаудың өзі күні бүгінге дейін қиямет-қайымдай ең 

қиын істердің бірі болып отыр.

Сайып  келгенде, қоғамдағы  текетірестің  түп мақсаты:  бір жағынан, 

орыс тілінің үстемдігін сақтап қалу болса, екінші жағынан, қазақ тілінің 

үстемдігін орнату. Бірақ осы тұста ақын Олжас айтқан «Асқар тауларды 

аласартпай, жазық даланы асқақтатайық» деген идеяны жүзеге асыру 

оңайға түспей отыр. Өткен он жылдан астам уақыт ішінде «Батпандап 

кірген ауру, мысқылдап қана кетеді» деп білген өкімет мемлекеттік тілді 

бірден емес, біртіндеп жүзеге асыру саясатын ұстанды, егемендігіміздің 

іргесі  қаланып,  белі  бекігенше  ауадай  қажет  тыныштықты  сақтауға 

тырысты.  Елдегі  келісім,  бейбіт  өмір  үшін  ұстанған  осы  саясаттан 

мемлекеттік  тілдің  ұтқанынан  да  ұттырғаны  көбірек  деп  ойлаймын. 

Әйтпесе, көрінген көк аттының тіліміздің жағасынан алып, шаужайына 

жабысатын не қақысы бар еді? Мемлекеттік тіл о бастан-ақ өз мінезін 

таныта  алмады,  өз  құқығын  жүзеге  асыра  алмады.  Оның  негізгі  екі 

себебінің бірі – Қазақстанда қалыптасқан демографиялық баланс болса, 

екіншісі – қазақ халқының болмысына тән құлдық психология.

Әлі  де  осы  екі  фактордың  зардабын  тартып  келеміз.  Тіл  туралы 

ашық  талас-тартыстарда  орыс  тілінің  елдегі  мәңгі-бақи  үстемдігін 

қалайтындар  бұрынғы  партократия  заманыңдағыдай  астарлап  емес, 

пікірлерін  жасырмай  айтатын  болды.  Халқымыз  қадірлеп,  қастерлеп 

келген  қасиетті  ана  тілімізді  аяғымен  таптап,  түкке  тұрғысыз  етіп 

көрсетуге  тырысуда.  Тілімізге  жасалып  жатқан  «лингвотеракт»  деп 

бағаланған  (Ә.Жүнісбеков)  ашық  шабуылдар  ана  тілін  сүйіп  өскен 


139

әрбір перзентке анасын балағаттаумен бірдей әсер етіп отырғанын сол 

саясаткерлердің өздері түсінбейтіні қасірет қой.

Тіл майданындағы талас-тартысқа қатысушылардың «орыстілділер» 

жағы тек орыс ұлтының ғана өкілдері еместігін жоғарыда айттық. «Іштен 

шықкан  жау  жаман»  дегендей,  тіл  саясатына  теріс  ықпалын  танытып 

отырған, кейбір қағынан жеріген киіктей өз тілінен жиренген тоғышар, 

енжар қаракөз бауырларымыздың іс-әрекеттері әлдеқайда қатерлі болып 

отыр.  Мемлекет  басшымыз  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  «қазақпен  қазақ 

қазақша  сөйлессін»  деген  талабы  мұндайлардың  санасына  да  кіріп-

шықпайды. Ет пен терінің арасында болатын ескі шаншудай жаныңды 

мазалайтын  осындай  нигилистер  (аттарын  атамай-ақ  қояйын,  өздері 

де  түсінсе  болады)  халық  атынан  «қазылығын»  айтып,  қазақ  тілінің 

«кем-кетігін»  бетіне  басып,  оны  қорғаушыны  айыптап,  жығып  беруге 

тырысатын жандайшаптық танытып бағуда.

Тіл қатып қалған қасаң құбылыс смес, жанды организм. Ол – өмір-

бақи  дамып,  жаңғырып,  жаңаланумен  болатын,  оның  грамматикалық 

құрылымы, сөз байлығы, дыбыстық жүйесі, мағына-мазмұны, атқаратын 

қызметі, емлесі, әдеби нормасы, стилі жетіліп, дамып отыратын өте күрделі 

құбылыс.


Бұлар  жанды  тілдердің  барлығына  тән.  Ал  ана  тіліміздің  кейбір 

оппоненттерінің  бұл  саладағы  «кемшілік-кемістіктерді»  айтып,  қазақ 

тілінің өзін түгелдей жоққа шығаруға, мемлекеттік тіл болуға жарамсыз 

етіп көрсетуге тырысатындары қанша?

Көп мысалдың ең соңғыларының біреуін ғана келтіре кетейік (бұлар 

көбінесе орысша жазғыш), В.Нүсіпханов деген азамат өзінің «Дайте этому 

языку спокойно умереть» атты мақаласында:

«Мне смешно и грустно наблюдать за тем, как у нас в стране идет 

мистификация  языка.  Давным-давно  всем  ясно,  что  у  казахского  языка 

нет ника ких перспектив с точки зрения его применения в будущем. Мир 

говорит на английском. А мы что – будем отвечать ему на своем казахском?

Казахский  язык  –  это  язык  застолья,  песен  и  айтысов.  Он  был  у  нас 

в  кухне  –  там  и  останется.  Сто  последних  лет  сделали  свое  дело  –  мы 

похоронили  язык  заживо,  подрубили  у  самого  корня.  Так  зачем  надевать 

на  высохшее  дерево  праздничные  букеты?  Там  должен  висеть  венок.  Все 

остальное – сплошное лицемерие, еловоблудство и пустая трата времени и 

денег...», – деп жалғастырады ол өз пікірін («Известия», 14.XI.2002).

Бұл  автордың  айтқанына  құлақ  ассақ,  мемлекеттік  тіл  туралы  дау-

дамайға  араласып,  қара  тер  болудың  еш  қажеті  жоқ  сияқты...  Міне,  өз 


140

қандасымыздың  жүрегін  жарып  шыққан  ойы  осы.  Ол  «ана  тілім  өлетін 

болды-ау!» деп қабағын да шытпайды, қайта «тиіспеңдер оған, өз жөнімен 

өле берсін!» деп жұртқа ақылын айтып тұрған жоқ па? Сонда қазақ тілінің 

тамырына  балта  шапқан,  оның  болашағын  көзінен  ғайып  қылған  кім? 

Ағылшын  тілін  білу  –  өз  тілінен  ат-тонын  ала  қашу  ма?  Қазақ  тілі  таң-

тамаша, өлең-жыр, айтыс тілі болғаны айыбы ма? Ана тілін тірідей көмуге 

дәтіңіз қалай шыдайды?

Ана тіліміздің әлеуметтік қызметіне байланысты түгел шешімін таба 

алмай жатқан мәселелері, әрине, баршылық. Солардың біразын атап көрейік.

Иә, ана тіліміздің бүгінгі ахуалы, ертеңгі жағдайы, болашақ тағдыры 

тіл  маманы  ретінде  мені  де  ойландырмай,  толғандырмай  жүрген  жоқ. 

Әсіресе, соңғы он бес жыл бойы өз басым қанды майдан болмаса да, соған 

бергісіз,  ақын  Қадырдың  сөзімен  айтсақ,  «ықпыл-жықпылы  джунглиден 

бетер» қарбаласта, жауың да, досың да өз ішіңде, ашық айқас бол маса да, 

етектен басып, шаужайыңнан тартатындар көп, бір табан ілгері бастырғысы 

келмейтін «ғайып бір күшпен» арпалысып келе жатқандаймын.

Ол қандай күш, қандай құдірет? Мәселе, ең алдымен осыны анықтап 

алуда тұрған сияқты. Менің «жаман» ойым: ол «қауіпті күш» – өзімізге 

тән, өз халқымыздың бойындағы қасірет. Бірі – міне, осы болса, екіншісі – 

сол қазақ халқының өзі табиғат сыйлаған тіл шеберлігіне ие халық, түркі 

әлемінде одан асқан ділмәр халық жоқ.

Айқын шындық: өз алдыңа мемлекеті бар бүгінгі түркі халықтарының 

ішінде қазақ тілінің жағдайы алаңдарлық денгейде әлі. Себебі неде?

Қазақ  қауымында  ана  тіліміздің  тағдырына,  қажеттілігіне, 

мүмкіншілігіне,  дамуына,  болашағына  байланысты  екі  түрлі,  бір-біріне 

кереғар пікір қалыптасқаны белгілі.

Солардың бәрі мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің кешегі мүшкіл 

жағдайы мен бүгінгі ахуалын салыстыра бағалаудан туындаған екіұдай 

пікірлер. Соның бірі: «тіліміз баяғы мүшкіл халінде, өзгеріс жоқ, қайта 

бұрынғыдан  да  мүсәпірленіп  барады,  т.т.»  деушілер.  Екінші  топқа 

жататын пікір – «қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін көтеру, беделін 

арттыру және оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірталай іс-

шаралар жүзеге асты. Олардың нәтижелері де жоқ емес, ақырын болса 

да алға басушылық бар»– дегенге барып саяды.

Менің  бүйрегім  осы  екінші  пікірге  бұратын  сияқты.  Сөйте  тұра, 

екі  пікірдің  екеуіне  де  айтар  базынам  бар.  Бірінші  пікірді  кейбір 

кереғар адамның аузынан есту «аузын қу шөппсн сүртіп», барды жоқ 

деп айтуға дағдыланған, «түймедейді түйедей етіп көрсетуді» әдетіне 


141

айналдырған, жаңалықты көре алмайтын қияс, жымысқы адамды көз 

алдыңа елестетеді.

Екінші  пікірді  естігенде,  «істеліп  жатқан  іс-әрекеттердің, 

қабылданып жатқан қаулы-қарарлардың нәтижесі не болды екен?» – деп 

жан-жағымызға қараймыз. Қараймыз да, олардың орындалу барысына 

қарнымыз тоймайды. Өйткені ана тілімізге байланыс ты сананың оянуы, 

ынта-жігер,  ықылас-ниет  қалың  жұртшылықтың  тұла  бойына  терең 

сіңіп, ұлт табиғатына толық дарымай отыр. Сондықтан да, бұл саладағы 

іс-әрекеттің бәрі, сайып келгенде, «міне, біз мемлекеттік тілді үйретіп 

жатырмыз,  іс-қағаздарын  аудартып  жатырмыз,  тіл  фестивальдерін 

өткізіп  жатырмыз,  қаулы-қарарларды  орындап  жатырмыз...»  –  деген 

сөздер тек ақпарат жүзінде ғана көрініс тауып отыр.

Бірақ, қалай болғанда да, мемлекеттік тілімізде бір табан болса да 

ілгері  жылжу  бap.  Қоғамдық  өмір  ортасына  қайта  орала  бастады.  Өз 

үйінің құрметті төріне бірден шыға алмаса да, жетім баладай есіктен 

қарауын қойып келе жатыр. Алайда, мемлекеттік тіліміздің өз деңгейіне 

көтерілуінің ауылы әлі алыс, оның көкжиегі асыл армандай мұнарланып 

қана көрінеді.

«Ол  мақсаттың  орындалуы  үшін  не  істеу  керек?»  деген  сауалға 

менің  өз  басым:  егеменді  еліміздің  ең  бір  игілікті  шарасы  ретінде 

қоғамның барша құдіретті күш-қуаты, Конституция, Тіл заңы, қаулы-

қарарлардың пәрменді әрекеті ұлттық санамызды оятуға, елдігіміздің 

рухын паш етуге бағышталуы керек деп білемін.

 «Тіл туралы» Заңның соңғы бетін (VI тарауын) оқысаңыз, оның 

жүзеге асырылуы, қаржымен қамтамасыз етілуі, орындалуын бақылау 

– бәрі Үкіметке жүктелген. Заңды шығарып, бекітуші бүгінгі Парла мент 

бұл міндеттен дін аман. Ең болмаса, «Заңның орындалуын қадағалау» 

деген де тапсырма жоқ.

Сондықтан да, мен тіліміз егемендіктен бұрын да, одан кейін де өгей 

баланың  күйін  кешуде  деп  ойлаймын.  Олай  дейтін  себебім:  мәселен, 

Жапония  ұлттық  табысының  пәленбай  пайызын  өз  тілін  көркейтуге 

бағыштап  отырады  екен.  40-шы  жылдары  компьютер  техникасы  мен 

технологиясын  қай  тілде  дамытамыз  –  жапон  тілінде  ме,  жоқ,  әлде 

ағылшын  тілінде  ме?»  –  деген  проблема  күн  тәртібіне  қойылғанда, 

жапондықтар  «тек  жапон  тілінде  ғана  дамыту  керек»  деген  шешімге 

келіп, бүгінде бұл салада АҚШ-пен тайталасып отыр.

Мемлекеттік  тілді  дамыту  үшін  жай  сөз,  құрғақ  уәде,  жалған 

мағлұмат емес, күшті мемлекеттік саясат, айқын идеология және қыруар 


142

қаржы қажет. Ал өкімет тарапынан тіл дамыту мақсатына (қабылданған 

бағдарламалар  бойынша)  қанша  ақша  бөлінді  екен?  Меніңше,  жаңа 

ғана  мемлекеттік  мәртебе  алған,  бұрыннан  да  соқталанып  қалған 

проблемалары шаш-етектен тілімізге бөлінген қаржы оның жұмырына 

жұқ  та  болған  жоқ.  Мемлекеттік  тіліміз  күні  бүгінге  дейін  «қалдықты 

болу принципі» («остаточный принцип») бойынша күн көріп келе жатқан 

бейшаралық халде.

Ау,  ағыл-тегіл  қамбаға  да,  қалтаға  да  түсіп  жатқан  байлықтың  ең 

болмаса  бір  мысқалын  тілге  бұратын  қазақжанды  азаматтың  билікте 

болмағаны ма?

Тіл туралы заңның өз басында да кінәрат аз емес. Төрт құбыласы сай, 

төрт аяғы бірден тік тұра қалатын Заң бола бермейді. Сондықтан да 1989 

жылы қабылданған «Тіл туралы Заң» сияқты (ол Заңның кемшілігі туралы 

менің мақаламды қарауыңызға болады: «Ана тілі», №7, 18.02.1943) кейінгі 

Тіл  заңының  да  (1997  ж.)  кемістіктері  аз  емес.  Соның  ең  бастысы  екеу: 

«мемлекеттік тілді құрметтеу Қазақстан халқының үлкен-кіші баршасының 

парызы болса, ал оны меңгеру – ауылдан бастап, республика деңгейіндегі 

жауапты  қызмет  иелерінің  (бірінші  және  екінші  басшылардың)  міндеті» 

деп жазылмауы; екіншісі – орыс тілін «ресми тіл» деп мемлекеттік тілмен 

қабаттастырудың қажетсіздігі.

Тіл заңы да, Конституция да дәл осы қалпында қала берсе, екі тілдің 

текетірестік қалпы әлі де созыла берері даусыз. Қазақстандағы халықтардың 

жартысынан көбі өзін «орыс тілділікпіз» деп санайтын жағдайда мемлекеттік 

тілдің беделін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту өте қиын.

Міне,  солардың  біріне  –  бірден  болмаса  да  біртіндеп,  мекеме 

ұжымдарының  ұлттық  құрамына  қарай  іс  қағаздары  мен  ресми 

құжаттардың,  мандайша-жарнамалардың  бәрін  мемлекеттік  тілге  көшіру 

мәселесі  жатады.  Бұл  игілікті  істің  үш-төрт  облыс  көлемінде,  кейбір 

министрліктер мен аудандарда, мекемелерде жүзеге аса бастағанына өзіміз 

де куәгерміз.

Алайда,  менің  байқауымша,  бұл  мәселені  шешуге  байланысты, 

егеменді еліміздің тарихында ғана емес, халқымыздың жалпы тарихында 

алғаш  көтеріліп  отырған  осы  бір  жауапты  проблемаға  –  «мемлекеттік 

тілде  сөйлету,  басқару  проблемасына»  –  немқұрайдылықпен  қарау  әдеті 

дәстүрге,  үрдіске  айналып  бара  жатқан  сияқты.  Бұл  –  бүгінде  соқталана 

бастаған көзбояушылықпен барабар құбылыс, ол басқа емес, ащы болса да 

ашығын айтсақ, әр түрлі деңгейдегі шенеуніктер мен ел билігіне араласып 

жүрген  әрқилы  лауазымды  азаматтардың,  мекеме  басқаратындардың 


143

қырсыздығы мен енжарлығына тікелей байланысты әрекеттердің салдары. 

Олар іс қағаздары мен pесми құжаттарды өздері жазу былай тұрсын, тіпті 

оны, біреуі – қазақ тілін білмегендігінен, екіншісі – тілге шалағайлығынан, 

ал үшіншісі – енжарлығынан оқымайды да.

Егер  өкіметтің  барлық  қаулы-қарарлары  мен  заң,  ресми  құжаттары 

мемлекеттік  жауапты  адамдардың  өздері  ойланып-толғанып,  тікелей 

араласуымен  жазылмай,  жалдамалы  аудармашы-хатшылар  арқылы 

ғана  жазылып,  осы  үлгі-тәсіл  бойынша  дәстүрге  айналып  кетсе,  онда 

аударма тіліне айналған мемлекеттік тілдің көсегесі көгереді деп өз басым 

ойламаймын.

Бұдан шығудың жолы қалай?

Біріншіден, «бұл мекемеде мемлекеттік тіл жүріп жатыр» деп жоғарыға 

жалған ақпарат беруді тоқтату керек – бұл басшылардың өзін-өзі, өкіметті 

және халықты алдауы. Екіншіден, егемендігімізге он жылдан астам уақыт 

өтсе  де,  Конституциядан  тартып,  қарапайым  қаулы-қарарлардың,  заң, 

өкімдердің барлығы алдымен орыс тілінде жазылып, содан соң қазақ тіліне 

аударылып  келе  жатқанын  мойындаған  жөн.  Аудармада  қазақ  санасына 

сіңімді, рухына сай, етене жақын ой-пікірден гөрі аққаптал, сірескен дүние 

болып тұратындығы газеттерде аз жазылып жүрген жоқ.

Бұдан  кұтылу  тек  мемлекет  қолынан  ғана  келеді.  Бүкіл  мемлекет 

бойынша  ауылдан  Президент  Әкімшілігіне  дейінгі  (және  керісінше) 

жүргізілетін барша іс қағаздарын ортақ бір жүйемен мемлекет тілінде жүзеге 

асыратын  және  оларды  орыс,  туыс,  т.б.  шет  тілдеріне  аударатын  арнайы 

мекемелер  құрылуы  және  олардың  істері  барлық  деңгейде  қаржыланып, 

кадрлармен  қамтамасыз  етілуі,  өкімет  тарапынан  тұрақты  бақылауға 

алынуы қажет.

Онсыз мемлекеттік тілдің өз міндетін толық аткаруы мүмкін емес.

Өз тарихымызда қазақтардың біртұтас халық болып қалыптасқанына, 

біртұтас (монолитті) тілге ие болғанына 5-6 ғасыр болды деп көрсетіледі. 

Міне, сол қазақтың өз атамекенінде тек үштен екі бөлігі ғана, ал қалған үштен 

бірі Қазақстаннан тыс елдерде (ҚХР-да, Моңғолияда, Ресейде, Түркияда, 

Иранда,  Ауғанстанда,  Өзбекстанда,  Қырғызстанда,  Түркіменстанда,  т.б.) 

жасайтыны баршаға белгілі. Демек, бұл – халқымыздың 4,5-5 миллиондайы 

әр  түрлі  мемлекеттердің  құрамында,  әр  алуан  әлеуметтік,  саяси, 

экономикалық, мәдени және тілдік жағдайда ғұмыр кешіп отыр деген сөз. 

«Төрт көзі түгел емес» дегенде біз осыны айтып отырмыз.

Тұтас  халықтың  әp  алуан  себептерге  байланысты  жер  жүзіне 

тарыдай шашылып, бытырап жүруі – көп халыққа тән табиғи құбылыс 


144

болса да, қазақ сияқты ұлан-ғайыр жері бар, аз санды халық үшін, әсіресе, 

оның тілінің толықканды дамуына көптеген кедергі келтіретіні сөзсіз. 

Қазақ диаспорасының тілі ортақ рухын сақтаса да, әдеби тіл нормалары 

мен даму үрдісін бірдей деп айту қиын. Диаспора тіліне әр аймақтың, 

әлеуметтік  ортаның,  басқа  тұрақты  елдің,  мемлекеттің  өзіндік  салт-

дәстүрі әсер етпей тұрмайды. Оқу-тәрбие, жазу-сызу (кириллица, араб, 

латын, т.б.), қоғамдық өмір т.б. факторлардың баршасы диаспоралық тіл 

шоғырларын  мемлекеттік  тілден  алыстатпаса,  жақындатпайды;  жазу 

тілі арқылы араласу қиындай түссді. т.т.

Қазақ әдеби тілінің бірыңғай да бірегей қалыптасуына кедергі болып 

отырған халықтың бұл бытыраңқы жағдайы, өткен тарихымыздың ісі 

деп қараған күннің өзінде де, барша қазақ халқына мемлекеттік тіл болып 

отырған қазақ тіліне теріс әсерін тигізері сөзсіз. Қазақ диаспорасының 

3-4  түрлі  жазуды  пайдалануының  өзі  қандай  қасірет.  Көрші  отырған 

Өзбекстанда өзбек халқының латын жазуына көшіп, осында жасайтын 

1,5  миллиондай  қандас  бауырларымыздың  кириллицада  қалуы  қазақ 

балаларына Өзбекстандағы жоғары оқу орындарына түсу жолын кесіп 

тастап отыр. Ол туыстарымыздың жанайқайын күнде естіп отырсақ та, 

Қазақ өкіметінің қолдан келер қайыры жоқ.

Осы  сияқты  тілдік  проблемалар  Қытай  қазақтарының  да,  Ресей 

қазақтарының да, Түркия, т.б. шетел қазақтарының да ортасында бар.

Бұл  проблемаларды  шешудің  жолы  өте  қиын,  әрине.  Жержүзі 

қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы Қалдарбек 

Найманбаев бұл құбылыстың салдары туралы айта келіп:

“Демография ғылымында “жоғалған ұрпақ” дейтін ұғым бар. Ол, 

әдетте, өз тілін ұмытқан, ұлттық тамырынан қол үзген, болашағы жоқ 

буынға байла нысты айтылады. Көп шетелдік қандастарымызға қатысты 

осындай қауіп барлығы бекер емес”, –деп ескертеді.

Мемлекеттік тіліміздің бір тағаны – қазақ диаспорасы екеніне мән 

берсек, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, “олардың бәрін мемлекеттік туымыздың 

астына, мемлекеттік тіліміздің құзырына топтастыру” деген ұғым-идеяны 

жүзеге асырудың бағдарламасын бүгіннен бастап ойластырған жөн. Бұл 

игілікті іс мемлекет ауқымыңда белсене қолға алынып жатқаны да бiзге 

белгілі.  Бірақ  “әттеген-ай!”  –  дейтін  жағдайлардың  да  көп  айтылып 

жүргендері бар.

Қазақтың тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер жүзіне тарап кеткен ұрпақтары 

өз топырағына жиналып, оларға жағдай туғызылып, іргелі ел болып жатса, 

мемлекеттік тілдің де тағдыры біржолата шешілер еді. Елбасы Нұрсұлтан 


145

Назарбаев  Дүниежүзі  қазақтарының  екінші  құрылтайында  жасаған 

баяндамасында  атап  көрсеткеніндей,  “Ұлтты  күшейтудің  бірінші  тетігі, 

әрине, тіл. Өйткені, толық канды тілсіз толықканды ұлт болу мүмкін емес’.

Тіл тағдырына өзіміз араласып жүргендіктен бе, қайдам, кейбір тілге 

деген  жауапкершілігі  бізден  мол  болмаса,  аз  болмауға  тиіс  лауазымды 

адамдар (олардың жалпы атауы –шенеуніктер) мен жақсы-жайсаңдардың 

(оған  депутат  мырзаларды  да  енгізуге  болады)  тілге  деген  көзқарасы 

адамды  қайран  қалдырады.  Бұдан  бірнеше  жыл  бұрын  газет  арқылы 

«мемлекеттік  тілді  бір  жылда  үйреніп  шығамыз,  мекемеде  дамытамыз, 

өйтеміз де бүйтеміз!” деп, калың жұрттың алдыңда уәде берген министрлер 

мен  ведомство  басшыларының  біразы  орындарынан  тайып  кетті  де, 

қалғандары  “шолақ  белсенділігін”  баяғы  үйреніп  қалған  “тәсілімен” 

жалгастыруда. “Қой!” дер қожа жоқ болғандықтан ба, кім білсін, әйтеуір, 

кыңқ  беретін  түрі  жоқ.  Басқаларды  былай  қойғанда,  тіпті  өз  ана  тіліне 

іші жылымайтын, оған деген перзенттік парызын ойламайтын азаматтар 

жөніңде не айтуға болады? Шетелге елші болып, бір дипломаттың басқа 

жерде  емес,  Парламенттің  төрінде  тұрып  көрсеткен  «үлгісін»  не  деуге 

болады. Әрине әбестік! Бұл енді біздің қазақ зиялыларының көпшілігіне 

тән  «жас  ұрпағының»  қасіретті  қайтарымы  болып  көрінеді.  Әкесі  қазақ 

тілінің  жанашыры  болып  жүрсе,  ал  ол  мәпелеп  өсірген  баласы  аяламақ 

түгілі  менсінбейтін  мінез  көрсеткені  қандай  өкінішті.  Бұл  қазіргі  қазақ 

зиялыларының басындағы бір құбылыс болып тұр. 

Пайымдап  қарасаңыз,  шетелде  жүрген  азаматтардың  көпшілігі  өз 

тіліне шорқақтар. Жоқ әлде «шет елдердегі тек өз тілінен жерігендер ғана 

бару  керек»  деген  шешім  бар  ма?  қазақ  тілінің  беделін  шетелдерде  де 

көтеру қажет емес пе? 

Бұл  кеселмен  қалай  күресу  керек?  Менің  «жаман»  ойым:  тіліміз 

үшін  күрестің  басталғанына  (кейінгі  тарихи  кезеңде  әрине)  Желтоқсан 

толқынынан кейін, 15-16 жыл, мемлекеттік мәртебе алғаннан бері – табаны 

күректей 13 жыл өтіпті.

Тіл үшін күресті біз еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтап, 

жағдайды  ушықтырмай,  парасаттылықпен  жүргізіп  келеміз.  Оны  дос  та, 

дұшпан да білуі тиіс. Бірақ онсызда қасіретке шалдыққан тіліміздің ендігі 

тағдырын  «тыныштық»  ұғымының  құрбандығына  шалып,  қашанғы 

оның аяқ-қолын байлап отыра береміз? Меніңше тіл жағдайын жөндеуге 

қажетті екі шарттың екеуі де қазір бар сияқты: біреуі – тыныштықтың негізі 

қалыптасты; екіншісі – демографиялық жағдай жөнделді (халықтың 52-53 

пайызы қазақтар болып отыр).


146

Ашығын айтсақ, мемлекеттік тілді «құрметтеп, аялап, тағзым етіп» 

болдық  қой  деймін.  Ендігі  жерде  төрт  деңгейде  (аудан,  қала,  облыс, 

республика  көлемінде)  басшылық  етуге  тағайындалатындар  мен 

сайланатындар  қазақ  болса,  мемлекеттік  тілді  6  айдың  ішінде,  басқа 

ұлттардың өкілі болса, бірі жылдың ішінде еркін (сөйлеу, оқу, ойын жазу, 

ұғу)  меңгеруге  тиіс,  оның  орындалуын  қатал  қадағалап,  жүзеге  асыру 

керек.  Несі  бар,  өркениетті  елдердің  (Германия,  Франция,  Ресей  т.б.) 

көрсетіп отырған үлгісін қабылдасақ, айыпты боламыз ба?

Қоғамның  саяси  өмірін  –  тіл  тағдырынан  аулақ  тұрған  құбылыс 

деп  айта  аламын.  Талай  партиялар  құрылып,  халқымыздың  жарқын 

болашағын  құру  тек  менің  қолымнан  ғана  келеді  деп  кеудесін  қаққан 

басшылары  мен  белсенділерінің  сөзін  естіп,  бағдарламаларын  оқып 

келеміз. 

Міне солардың ең болмаса біреуі, ынты-шынтымен мемлекеттік тіл 

тағдырын сөз етті ме, бағдарламаларында өзекті бір мәселе етіп қойды ма? 

Жоқ қойған жоқ. Тым болмаса, қалың жұрт, қарапайым халыққа арналған 

«жалынды» сөздерін ол белсенділер мемлекеттік тілде айта алмай, баяғы 

ескі «әуенмен» сарнағанынан саналы азаматтардың көбінің-ақ «жарқын 

болашақтан» үміттенуі тұрмақ, түңіліп, қайтқандарын да көріп жүрміз. 

Тіл  түзелмеген  мемлекетте  саяси  партиялар  мен  демократиялық 

әрекеттердің  түпкі  мақсаттарына  мен  өз  басым  түсінбеймін.  Өйткені, 

жақсы  өмір  мен  еркіндікті  аңсаған  халқымыздың  өз  тіліне  деген 

көзқарасын,  аңсаған  арманын  біз  Халықаралық  «Қазақ  тілі»  қоғамын 

құрып,  тіліміздің  мемлекеттік  мәртебесі  үшін  күрескен  азаматтарды 

жақсы білеміз. Сол бір алғашқы 5-6 жыл ішінде ана тіліне деген бұрынғы 

қасаң  көзқарастың  күрт  өзгеріп,  қалың  жұрттың  өз  тіліне  қауырт  бет 

бұрысы әлеуметтік сілкініс тудырған еді. 

Бүгін де сол халық қой. Партиялар мен демократиялық қозғалыстар 

сол  халықтың  күйін  күйттеп,  жырын  жырлағысы  келсе,  неге  оның 

осынау  бір  шиыршық  атқан  түйінді  де,  шытырман,  шатағы  мол  тіл 

проблемасына  бәрі  бірдей,  самарқау  енжар?  Өз  басым  осы  партиялар 

мен  демократиялық  қозғалыстардың  елдің,  мемлекетіміздің  жағдайын 

жақсартуға  бағышталған  іс-әрекетіне,  ниетіне,  сенем  де  түпкі  мақсаты 

– билікке қолын жеткізу ме деп ойлаймын. Бірақ, олар өз алдына қандай 

мақсат  қоймасын,  қазақ  тілі  толыққанды  тіл  болмаған  жерде  ұлттық 

мемлекеттің де пайда болуы неғайбыл.

Енді бұған кім не  істей  алады? Партияларды  құру  Заңы  қабылданды. 

Сол заңда әрбір партияның өкімет, халық мүддесімен ортақ, соған сәйкес 


147

келетін,  басқа  мақсаттардан  ерекше:  жерге,  экологияға,  ауылға,  білімге, 

денсаулыққа, т.б. деген келелі де, үздік мүдделері болу керек.

Біз сонда ғана ана тіліміздің мүшкіл хәлін жөндеуіміз мүмкін. 

Тіл байлығының бір өлшемі – сөз байлығы. Бірақ сөз байлығы сөздердің 

санымен  ғана  емес  сапасымен  де,  мән-мағынасымен  де  өлшенеді  Соған 

қарағанда, қазақ тілі – өркениетті тілдердің бірде-біреуінен кем емес, сөз қоры 

1  миллионға  жуық  мағыналық  бірліктен  (“смысловые  единицы”)  тұратын 

бай да бейнелі тіл. Мұны айтып отырған себебіміз: кейбір саясаткерлер мен 

өз қағынан жеріген тоғышарлардың, тіл білмейтін кейбір “жаңа қазақтардың” 

“қазақ тілі кедей тіл, ол мемлекеттік тіл болуға жарамайды”, “ол – қойшы-

қолаңның қарабайыр тілі”, “құнарлы қоры тоқтамайтын тесік қоржын” деп, 

сан-саққа  жүгіртіп,  даттап,  күстәналауларының  түпкі  мақсаты  мемлекеттік 

тілдің  беделін  түсіру,  мәртебесін  қызғану,  қайткен  күнде  де  орыс  тілінің 

өктемдігін ұзағырақ сақтап қалуға тырысудың айла-амалдары, қиястық сөздер.

Мұндай  жағдайда  ғалымдар  қазақ  тілінің  шынайы  болмысын,  барша 

мүмкіндігін  ашып  көрсете  білуі  керек.  1  миллионға  жуық  мағыналық 

бірлігі бар тілдің мүмкіншілігін айтып, дәлелдеп жатуға дәл қазір жер тар, 

әрине. Бірақ – бұл шындық. Солай бола тұрса да, “неге қазақ әдеби тіліндегі 

жалпы  терминологиялық  лексиканың  басым  көпшілігі,  (75%)  орыс  және 

интернационалдық терминдер?” – деген сауал тууы мүмкін. Оған төмендегіше 

жауап берген болар едік:

–  біріншіден,  тілімізде  термин  жасаудың  “өз  тіліңнің  сөз  байлығын 

сарқа пайдалану керек” деген негізгі принципін орындауда о бастан-ақ қазақ 

қауымының енжарлық білдіріп, қиындықка бармай, оңайына бой ұрып, орыс-

интернационал терминдерді есепсіз көбейтіп алуы:

– екіншіден, қазақ тілінің ерке-бұлан қасиеті, бейнелеуіштік, образдық 

табиғаты  кез  келген  сөзді  бұғау  салып,  термин  етіп  қолдана  беруге  көне 

бермеді.

Ал еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болған бүгінгі танда бәрін 

бұрынғыша  жүргізіп,  жалғастыра  беру  болашаққа  да,  жаңа  тіл  үрдісіне  де 

қиянат болған болар сді. Сондықтан қазақтың саналы азаматтары ортасында 

термин жасау, тілді терминдендіру деген процесіне жаңаша да көзқарастар 

бар.  Ол  –қазақ  тілінің  байлығын  сарқа  пайдалану”,  “терминжасамдағы 

шарттылық”  принципін  сақтап,  кешегі  Ахмет  Байтұрсынов  бастаған  игі 

дәстүрді (онда да мүмкін болғанынша, әрі бірден емес) біртіндеп жалғастыру 

деген үрдіске байланысты.

«Қазақ тілінің сөз байлығы» дегенде айтылар әңгіме көп-ақ, Соның ең 

бастысы – тіліміздегі барша қазына байлықты түгел де ұқыпты жинап, бір 


148

арнаға тоғыстыру, компьютердің жадына жазып, мағына-мәнін түсіндіріп, 

қолданыс  аясын  анықтап,  айқындап  мемлекеттік  тілдің  лексикалық, 

фразеологиялық, т.б. қорын жасау, оны мемлекет қамқорлығына алу.

Мұндай  игілікті  істің  тамаша  үлгісін  Маскеудегі  Орыс  тілі 

институтынан көруге болады. Осы күнге дейін “қазақ тілінің сөз байлығы, 

мағыналық  байлығы  қанша?”  деген  сауалға  бірде-бір  ғалым  жауап  бере 

алмайды. Сөз – базардан қаптап алып, қапшықтап тарататын картоп емес, 

әрбір  жаңа  түбір  (одан  сөз  туындай  береді  ғой)  тілде  ғасырда  бір  пайда 

болатын  өте  сирек  құбылыс,  феномен.  Сондықтан  олардың  барлығы 

өркениетті  ел  дәстүрінде  қатталып,  паспортталып,  компьютер  жадында 

мәнгі-бақи сақталып, толығып отыруы керек.

Мемлекеттік тілдің ең жанды, әрі сезімтал тетіктерінің бірі – ақпарат 

құралдары: баспасөз, радио, теледидар екендігі баршаға мәлім. Бұларсыз 

жұртшылық – керең, мылқау, соқыр бейнелі. Сондықтан да мемлекеттік 

тілдің  үрдісі,  қолданыс  аясы,  атқаратын  қызметі  осы  құралдардың 

қаншалықты жүзеге асуына тікелей байланысты.

Мемлекеттік  тіл  мен  орыс  тілінде  шығатын  газет-журналдардың 

ара салмағы – саны мен таралымы – шамамен 30 бен 70 пайыз болғанда, 

радио  мен теледидар бағдарламаларын 50 пайызға жеткіземіз деп (әсіресе, 

Иманғали  Тасмағамбетов  пен  Мұхтар  Құл-Мұхаммед  мырзалар)  қанша 

жанталасып жүрсе де қасаң болып, қалыптасып қалған дәстүрді өзгерту 

қиын болып тұрғанын бәріміз де көріп отырмыз.

Бүкіл отбасы, ошақ қасымыздан тартып рухани өмірімізді билеп-төстеп 

отырған теледидардың мемлекеттік тілімізге ашықтан-ашық шабуылының 

зиянын,  әсіресе  бүгінгі  жас  ұрпақтың  болашағына  келтірер  қасіретін  еш 

нәрсемен өлшеуге болмайды.

Одан  шығатын  жол:  егер  өкімет,  мемлекет  сыртқы  әсер  мен 

ыкпалдың  тек  игіліктісін  ғана  таңдап  алып,  зияндысынан  өзін  таза 

ұстау идеологиясын қатал жүргізе алмаса, жоғарыдағы басқа тірліктің 

бәрі жақын жылдардың ішінде босқа кететіні сөзсіз.

XXI  ғасырда  айқын  сезіле  бастаған  да,  ашық  айтылып  та  жүрген 

жаһандану  үрдісінің  демеушісі  АКІІІ-та,  оның  тіл  саласындағы  ұстанған 

саясаты – ерте ме, кеш пе, ой әйтеуір, жер жүзіне ағылшын тілінің үстемдігін 

жүргізу. Бұл процес ғылым мен техника, экономика, мәдениет, т.б. саламен 

қабаттаса, бүкіл Азия елдерінің де көбіне ене бастады. Қазақ өмірі де содан 

тыс қалып отырған жоқ.

Басқа ұлттарға, әсіресе қалыптасып тұрақтанған елдерге бұл процестің 

әсері өзгеше болса да мемлекеттік тілінің жағдайы өзімізге белгілі қазақ еліне 


149

тигізер әсері бірден игілікті де бола қоймайтын сияқты. Біз үшін, біздің тіліміз 

үшін, бұл жаһандану қазақ атам айтқандай: «Кедейді қарақшы кезенде күтіп 

алып бір тонаса, ойпатта жатып алып екі тонайды» дегеннің керін келтіретін 

сияқты.

Қазақ тілі орыс тілінің өктемдік әсерінен құтыла алмай отырғанында, 



ағылшын  тіліне  қақпасын  ашуға  мәжбүр.  Ал  ағылшын  тіліне  лап  қойған 

жастар қазақ тілі тұрмақ, орыс тілінің өзіне селқос қарайтын болды.

Міне, жаһанданудың тілімізге тигізср әсері.

Ендігі  мақсат-жаһанданудың  тайқазанында  ең  болмаса  “қазақ”  болып 

қайнау үшін қолдан келетін айла-амалды ойластыруымыз керек.

Қорыта  келгенде  айтарым:  мемлекеттік  тілімізді  аман  сақтап, 

тұрақтандырып, ілгері дамыту үшін қазақ баласына, бәрімізге ұлттық сана 

азаматтық биік тұғыр; мемлекеттік идеология қажет-ақ.

Ана  тіліміздің  атқаратын  қызметтері  қандай?  Әдетте,  оның  негізгі 

қызметін  –  адамдар  арасындағы  құралы  деп  санайды.  Алайда  оның  сан 

алуан қызмет атқаратынын қарапайым жұрт біле бермейді. Мәселен көркем 

шығарма  тілі  адамға  эстетикалық  ләззат  сыйласа,  тілдің  жинақтаушылық 

қызметі  халықтың  ғасырлар  бойы  қалыптасқан  рухани-мәдени  байлығын, 

салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, танымдық қасиеттерін бойында сақтап, ұрпақтан-

ұрпаққа, атадан-балаға мұра етіп жалғастыратын қасиетке ие. Ол ғана емес, 

тіл – қорған, тіл – қару, өнер алды –қызыл тіл, тіл– ұлттың жаны мен тәні, 

т.т. Сонымен қатар: тіл – елдің елдігінің кепілі, ұлтты ұйыстыратын ұйытқы.

Осылардың әрқайсысы жеке-дара философиялық ұғымдар. Өз тілінен 

айырылған ел – ел емес, ұлт – ұлт емес. Өйткені, этностың ұлт санатына 

қосылуы  үшін  қажетті  де  міндетті  шарттарына:  ортақ  табиғи  орта,  ортақ 

күнкөріс көздері, ортақ тіл, ортақ психология жататыны белгілі. Сондықтан 

да қазақ халқы бүгінгі жержүзілік жаһандану процесінде біртұтас ұлт болып 

калуы үшін ана тілінің тac түйін етіп ұйыстыратын ұйытқысы болар құдіретті 

күшіне сүйенуі керек деп білеміз.



«Егемен Қазақстан», 30 қазан 2002 жыл


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет