Уп- бар/ бар болу логикалық ұғымының семантикалық өрісі: Философиялық категория ретіндегі болмыс (бытье) ұғымы санадан тыс өмір сүретін обьективтік әлемді – материяны білдіреді. Қоғамдық өмірге қатысты ол қоғамдық болмыс деген ұғымда қолданылады. Болмыс ұғымы материалистік және идеалистік тұрғыдан әр басқа түсіндіріледі. Материализм болмыстың материялық негізін қолдап, идеялық болмыс туралы идеалистер түсінігіне қарсы шығады. Материализм материяның, яки болмыстың алғашқылығын, ал сананың екіншілігін уағыздайды. Дегенмен, ол сананы болмыстан пайда болатын жаратынды пассив әрекет деп қана емес, болмысқа әсер ететін актив күш ретінде де таниды. Идеялистік түсінік бойынша, материалық болмыстан тыс идеялық болмыс ұғымы насихатталады. Тілдік таным түсінігінде болмыс – уп-ғалам, оның таңба-нышаны – «шар-қоршау» бейнесі. Яғни ғаламдағы барша заттар мен құбылыстар – болмыстық заттар мен құбылыстар және олар болмыстық заңдылықтар арқылы өмір сүреді. Сонымен қатар, болмыстық негіз ун-тілдік негізі арқылы да түсініледі. Мұндағы ун негізі – материяның түп негізі – атомдар мен оларды құраушы нано-элементтерді білдіреді. Ал ун-негіздің арғы бастаулары идеялық негіздерге баруы да мүмкін деп болжанады.
Уп тілдік негізі арқылы бейнеленетін болмыс (бар) ұғымы қазіргі тілімізде осы бар, болу сөздері арқылы көрінеді. Бұл сөздердің түп негізінде де уп тілдік негізі тұрғаны бұлардағы ба/бо (уп) тілдік элементтерінен көрінеді. Автор мұның орыс тіліндегі быть, бытье, ағылшын тіліндегі be және to be тұлғаларын келтірген [48. 17 б]. Соңғы сөздің (to be) быть сөзімен тұлғалас екені айқын көрінеді: to be <>быть. Айналып келгенде, үш тілде де олардың негізі – уп тілдік негізі екені анық. Мұның өзі тағы да тілдік жаратылыстың негізінде ғаламдық жаратылыстың бейнесі тұрғанын дәлелдейді, - дейді автор. Сондай-ақ, осы түбірден тарайтын болашақ, болжау т.б. көптеген сөздер бар және ол сөздерде де бар болу ұғымы тұр. Мәселен болашақ сөзіне түсіндірме сөздікте: «алдағы уақыт, келешек» деген анықтама берген. Демек, болашақ сөзін де уп «бар болу» яғни «болатын шақ» түрінде түсінеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |