6-айлық буаздық белгілері. Жатыр мойны да тармақтары да құрсақ қуысына терең түсіп кеткендіктен төлді ұстап көруге қол жете бермейді, тек карункулдердің тауық жұмыртқасындай болып үлкейуіне байланысты жатыр қабырғасы бұжырланып білінеді. Ортаншы жатыр артериясы екі жағынан да дірілдеп соғып тұрады. 7-айлық буаздық белгілері.Төлдің көлемі, салмағы үлкейгендіктен жоғары көтеріледі де, қолға оңай табылады. Жатыр мойны қайтадан жамбас қуысына оралады. Екі ортаншы жатыр артериясына қосылып, буаз тармағы жағынан артқы артериясы да дірілдеп соға бастайды. 8-айлық буаздық белгілері.Төлдің кейбір дене мүшелері жамбас қуысына кіріп тұрады. Артқы жатыр артериясының буаз тармағы жағынан шуылы күшті білінеді, ал қарсы жағынан артқы артериясы ғана дірілдеп соға бастайды. 9-айлық буаздық белгілері.Екі ортаншы және екі артқы артерияның шуылы қолға өте жақсы білінеді. Төл жамбас қуысына кіріп тұрады. Сиырдың сарпайы ісінген, жыныс саңылауынан кілегейлі шырыш ағып құйрығына, жыныстық ернеулерге қатып қалады. Екі бүйірі түсіп, емшегінен уыз тәрізді сұйық бөлінеді. Құйрық түбі мен жамбас сіңірлері босаған. Желінінде қарнының астыңғы жағында салқын ісіктер пайда болады.