2.2 Мектепте хаттардың оқытудың негізгі ерекшеліктері
Хат жанрындағы шығармалар оқу бағдарламасында аз берілген. Әрине, әр ақын-жазушыны оқытқанда, мұғалім өз қалауы бойынша олардың осы жанрдағы еңбектерін ұсына алады. Мысалы, Ы. Алтынсариннің оқу-білім жайындағы мақалаларын, С. Торайғыровтың «Қазақ кітаптары жайында» атты мақаласын, М.Дулатовтың мақалаларын, эпистолярлық жанрдың бір түрі – естелік-мақалаларды, хаттарды ұсынуға болады. Ғылыми мақалалардан Ш. Уалиханов еңбектері бағдарламада көрсетілген. Ал әдеби-сын мақалаларды, әсіресе М.Әуезовті (оның Абайтану ғылымының негізін салушы екенін) Абай шығармаларын оқытқанда, қосымша материал ретінде ұсынып, оқытуға болады.
Сабақтың ғылымилығын арттыруда, білімді тереңдетуде, әсіресе, сын-зерттеу еңбектерінің орны ерекше. Хаттардың да маңызы зор. Хаттар, естеліктер тарихтан сыр шертеді, оқырман қауымға беймәлім мәселелерге назар аудартады. Суреткердің жеке өмірлері, қоғамдық іс-әрекеттері, көркем туындыларын қалай жазғаны, оған не итермелегені, т.б. туралы маңызды мағлұматтар береді. Мысалы, Алтынсариннің орыс зиялыларына жазған хаттарынан оның білім беру, ағарту саласындағы ауыр өмірін, сол жолдағы кедергілер, қуаныш-ренішін; Шоқанның орыс достарына жазған хаттарынан оның дала тағыларымен күресі, патшалық самодержавие шенеуніктерінен көрген әділетсіздігі, тіпті қала берсе, демократиялық, ағартушылық, гуманистік бет-бейнесі туралы біле түсеміз.
Хаттарды оқытудың негізгі ерекшеліктері
7-сыныпта Ұлы Отан соғысының құрбаны, жалынды, әрі патриот-публицист Баубек Бұлқышевтың «Шығыс ұлына хат» оқуға, талдауға ұсынылған. Хаттарды оқытуда мына мәселелерге көңіл бөлген жөн:
Жанрлық, композициялық ерекшеліктерін аңғарту (басқа шығармалармен салыстыра отыру).
Хат арқылы хат иесінің көңіл-күйіне назар аударту. Мысалы, «Шығыс ұлына хат» аса көтеріңкі көңіл-күймен, асқан сеніммен, халқына, бүкіл Шығыс ұлына арнау мәнінде жазылған. Хаттың ерекшелігі – жалынды үнінде, Шығыс ұлымен сырласу сипатында.
Хаттың мазмұнын меңгерту айналасында төмендегідей жұмыс жүргізу керек:
Мұғалімнің мәнерлеп оқуы, оқи отырып, түсінік беру, ең бастысы, түйінді мәселелерге көңіл бөлгізу. Бұл жұмыста мұғалімнің алдын ала жазып әкелген кесте-плакатын пайдалануға болады.
Үлгі:
Достарыңызбен бөлісу: |