жақтың жақ, садақ, жай, жа (бұхаржа, сарыжа) атаулары,
сауыттың сауыт, көбе, кіреуке, берен деген атаулары, соғысу ұры-
су идеясының (мағынасының) ойнау, соғысу, ұрысу, тоғысу, алау-
лау сөздерімен берілуі, «көп, қалың» ұғымын көп, ауыр (ауыр
жұрт, ауыр әскер) сөздерімен білдіру, «ел» ұғымын ел, жұрт, байтақ
сөздерінің қатарласа беруі, «жауынгер, жасақшы» мағынасында
шора, жолдас, жігіт сөздерінің жарыса жүруі, қылшан, қорамсақ,
қорамса тұлғалары «жақ оғының қабы» мағынасын білдіретіндігі –
осылардың баршасы қазақ лексикасының белгілі бір кезеңдердегі
нормалану сипатын танытатын құбылыс. Атап айтқанда, бұл
құбылыс, бір ұғымның, оның ішінде, әсіресе, қару-жарақ, сауыт-
сайман, ұрыс-соғыс атауларының көп варианттылығын көрсетеді.
Қазақ лексикасы тарихында жоғарыда көрсетілген құбылысқа
қарама-қарсы амал да орын алған, яғни бір сөздің бірнеше ұғым ата-
уы больш жұмсалуы байқалады. Оған мысал ретінде осы кітапта
талданған берен сөзін келтіруге болады. Берен контекске қарай төрт-
бес түрлі мағынаға ие болған: 1) ең мықты болат, берік металл, бұл,
сірә, түпкі мағынасы болар, 2) сол болаттан жасалған қару: қылыш,
семсер, кездік, қанжар, пышақ, бұл – берен сөзінің метафоралық
қолданысы, яғни береннің «беріктік, өткірлік» мағынасын (контекстік
семантикасын) берік, өткір қару атауларына көшірудің нәтижесі,
3) ұрысқа киетін киімнің атауы, яғни сауыт, көбе деген сөздердің
баламасы ретінде қолданылуы; бұл да – береннің метафоралық
қызметте келуі, яғни металдан жасалған сауыттың көбенің беріктігін,
мықтылығын қоса білдіретін атаулары, 4) батыр немесе текті, асыл
адам; бұл да – осы сөздің ауыспалы мағынасы, мұнда да «беріктік,
мықтылық, күштілік» семасы еске алынған, яғни берен сөзі осы
қолданыста бағалауыштық, экспрессивтік қызметте келіп, коннота-
ция құбылысын көрсетеді
5
.
Өткен ғасыр сөздіктері берен сөзінің бесінші мағынасы деп ең
жақсы, қымбат барқытты да көрсеткен. Сірә, бұл да берен-нің түпкі
5
Бұл очеркте әрбір лингвистикалық ғылыми терминнің анықтамасын беріп
отыруды көздемедік, өйткені очерк филология факультеттерінің студенттері мен
тіл-әдебиет пәндерінің оқытушыларына арналғандықтан, олар өз мамандықтарына
қатысты пәндердің терминдерін түсінеді немесе қосымша анықтағыш құралдардан
оқып білім алады деп ойлаймыз, тіпті болмаса, біздің баяндауымыздың өзі біз келтірген
терминдердің мазмұнын танытады ғой дейміз. Мысалы, коннотация немесе сөздің
коннотативтік мағынасы дегеніміз – оның негізгі мағынасына үстелетін қосымша
реңк екенін түсінуге болады. Берен сөзін «батыр, күшті адам» атауына жұмсағанда,
осы сөздің «беріктік» семасы (сема – сөз мағынасын құрайтын компоненттсрдің бірі)
қосымша мағына болып жұмсалған.
199
мағынасында бар «асыл, қымбат» деген семаны пайдаланған атау
болу керек.
Бір сөздің көп мағыналылығы – қай кезеңдерде болатын құбылыс.
Дегенмен қазақ тілінде ілгергі кезеңдердегі кейбір сөздердің осы
күнгі ұмыт болған мағынасы сақталғандықтан, олар көп мағыналы
болып танылады. Мысалы, шал сөзінің «ақ» мағынасы қазірде
қолданылмайды, ал XV-XVI ғасырларда шал сақал тіркесі кәнігі
қолданыс болғандықтан, бұл тұлға «ақ» және «кәрі ер адам» де-
ген екі мағыналы сөз болған. Немесе шора сөзі «жасақшы, жауын-
гер» дегенді және белгілі бір әлеуметтік топ өкілінің атауы (байдың
ұлы шоралар дегендегі сияқты) болып қолданылғандықтан, бұл да
бір кезде көп мағынаға ие болған (кейде бұл мағыналар бір-біріне
жақын да тұрады) сөз екені байқалады. Тегі, бұл қатарға осы кітапта
талданған сызу («сызық түсіру» және «жазу»), сауда («сауда-саттық»
және «қиындық»), сана («сана-сезім» және «ой-пікір»), салу («бір
нәрсені бір жерге қою» және «тастап кету, қалдыру»), саз («балшық»
және «көкорай шалғын»), майдан («ұрыс алаңы» және «көкмайса
жер»), орда («әміршінің орталық мекенжайы» – хан ордасы және «ін,
жан-жануардың шоғырымен, тобымен, үйірімен жиналған жері»: ор-
далы жылан, ордалы киік дегендердегі), оқу («жазылғанды оқу» және
«шақыру», жыланның уытын оқып шығару дегендегі), қарындас («ер
адамның жасы кіші әйел туысқаны немесе ер адамға келгенде одан
жасы кіші әйел бала, әйел заты» және «ағайын, туысқан, рулас»)
қару («құрал» және «жауап»), жетім («әке-шешесі жоқ бала» және
«тұтқын, құл»), жолдас («серік» және «жасақшы, жауынгер»), ару
(«таза, кіршіксіз, адал», «асыл, текті» және «сұлу әйел, жас әйел, ал
шымылдық ішінде ару сүйдім – өкінбен дегендегі) сөздерін жатқызуға
болады.
Тарихи семасиология мәселелерін сөз еткенде байқалатын және
бір қызық құбылыс – бір тұлғаның қарама-қарсы екі мағынада келуі.
Әрине, бұл – сиректеу кездесетін құбылыс, дегенмен өткенде де,
қазірде де бар амал. Мысалы, амандасу сөзін бұл күнде көбінесе тек
көріскенде аман-саулық сұрасу деп түсінеміз, ал зер сала талдай кел-
сек, қоштасарда да айтылатын «қош-сау бол!» деген мағынадағы да
сөз екен. Бұл мағына, әсіресе, ауыз әдебиеті үлгілерінде қолданылға-
нын көрсеттік. Сол сияқты алаш сөзі де бір кезде «жақын» және «жат»
(жұрт, ел, халық) деген қарама-қарсы екі мағынада жұмсалғанын, аса
жұрт тіркесі әрі «өз жұрты, өз елі», әрі «жат жұрт, жат ел» деген
ұғымдарда жұмсалған. Бұндай семантикалық оппозицияны немесе
мағыналық дуализмді тек қана контекске карап тануға болатындығы
осы сөздердің талдауында көрсетілді.
200
§14. Сөз мағынасының құбылу процесін байқау барысында
сөздің ауыспалы мағыналарының активтенуі көзге түседі. Мысалы,
аға сөзінің негізгі номинатив мағынасы «жасы үлкен ер адам» деген
туыстық атауын білдіру болса, оның «белгілі бір топтың, айталық,
әскердің, ауылдың, қостың, үй ішінің т.б. басы, басшысы» деген ауы-
спалы мағынасы ерте кездерден бастап-ақ актив қолданылған. Оған
қос ағасы, жігіт ағасы, от ағасы деген тіркестердің қалыптасуы
және аға сөзінің «қол басы» (қол ағасы) мағынасында жеке тұрып
терминге айналғаны мысал бола алады (Сан шерулі қол болса, ба-
тырлар болар ағасы). Тіпті аға сөзі бір кездерде әлеуметтік қосалқы
ат – титул ретінде де жұмсалған: Ер Жақсымбет аға бар деген өлең
жолында ер сөзі – тұрақты эпитет (Ер Тарғын, Ер Сайын дегендердегі
сияқты), ал аға – Ер Жақсымбеттің атағы, титулы, қол бастаушы
деген дәреже атауы.
Екінші мысал етіп ару сөзін көрсетуге болады. Ол ертеректегі
қазақ тілінде де негізгі «таза, адал, игі, жақсы» деген мағыналарын
сақтап қолданылғандықтан, ару ат, ару жігіт, ару ұл деген
тіркестерді құрай алған. Қазақ тілінде заман өткен сайын бұл сөздің
түпкі мағынасы өзгере түседі: мұнда көне түркілердегідей ару киім,
ару ас тіркестері жоқ. Ол енді «пәк, күнәсіз» дегенді білдіріп, одан
«жас қыз» деген ұғымға ие болады, ал біздің күндерімізде ару сөзі
көбінесе «сұлу қыз, сұлу жас әйел» деген ұғымда поэтикалық сөз
(поэтизм) ретінде жұмсалады. Демек, сөз мағынасы бір емес, бірнеше
рет ауысып отырған. Жоғарыда (осы кітапта) кеңінен талданған ала
сөзінің ауыспалы мағыналары да бұл айтылған тұжырымға мысал
бола алады.
Сөйтіп, тарихи-түсіндірме сөздік ретінде осы кітапта талданған
материалдардан шығатын бұл тұжырымдарды қазақ тілінің тарихи
лексикологиясы курсына әр тұстан септігі тиетін тезистер ретінде
ұсынып отырмыз. Бұл еңбекте көзделген негізгі мақсат – диахрондық
лексикология бойынша ғылыми ізденістер жүргізу емес, ескі өлең-
жыр текстері мен ауыз әдебиеті үлгілерін бүгінгі оқырмандар жақсы
түсініп, әр сөзін дұрыс ұғып оқуларына көмектесу, ана тілінің
лексикалық байлығын зер қоя танып, әрбір сөзін асыл мұра ретінде
сақтап, кәдеге асыра білулеріне жәрдемдесу болды. Бірақ, әрине, тал-
дау нәтижелері сөз мағыналарының тарихын танытқандықтан және
бұл талдауларымыз ғылыми негізде, ғылыми аппаратқа (еңбектерге)
сүйеніп жүргізілгендіктен, жоғарыда 14 бап етіп ұсынған пікір-
байламдарымыз (тұжырымдарымыз) қазақ тіліндегі сөздердің
түптамыры мен мағыналарының қозғалысын (эволюциясын) тануға
біршама мұрындық болар деп ойлаймыз.
201
Достарыңызбен бөлісу: |