Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет14/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   85
Байланысты:
Мадибаева-Қ.XIX-ғасыр-әдебиетінің-қөркемдік-дамуы-Оқу-құралы-2007ж.

Хан Абылай өтіп кетті-ау кеше жүрген
Үш жүздің баласына олжа берген.
Сегіз жыл ит жеккеннен арман кетіп,
Ханымыз Абайділда қайта келген.


Биылғы қатты болды-ау қыстың жұты,
Бес теңге Қызылжарда ұнның пұты.
Орта жүз ырысың бар ел екенсің,
Хан келді Абайділда елдің құты.


Атығайдың баласы он екі ата,
Ханың алтын, Атығай тұрған қалта,
Кеткен келіп кемтігің толып қалды,
Қалыбыңа түсерсің майлы балта.
… … … … … … … …
Тақсыр сізге зар болдық былтыр күзден,
Үйде жатқан жамандар күдер үзген.
Былтыр кеткен кісідей келдің биыл,
Енді қырсық тарқайды Орта жүзден.


Хан келді деп қуанды қалың жаным
Тәңірім жесе бейнет елдің қамын.
Әр байталың әр жаққа тозып кеткен
Өзің жиып алмасаң арғымағым.

Өлең 10 шумақ, мәтіні аталған еңбекте тұтас берілген. Атап айтар бір жай: Сәбит Мұқанов бұл еңбегінде қарастырылған өлең-жырлардың көпшілігінің тексін тұтас беріп отырады. Халыққа жете берсін деген Сәбит Мұқановқа тән мүдде, пейіл байқалады.


Ғұбайдолланы Сәбең 8 жыл айдауда болды деп, Орынбай өлеңіне қарап айтқан сияқты. Әрі алғашқы Көкшетау, Баянауыл округтеріне аға сұлтан қарадан сайланды дейді. Ал Ғұбайдолла жайлы басқа деректер де бар. “Хан Кене” (“Жалын”, 1993) жинағындағы В. Моисеевтің “Қазақтың соңғы ханзадасы” мақаласында Көкшетау округінің Аға сұлтаны болып 1824 ж. Ғұбайдолла сайланды дейді. Әрі итжеккенге айдалуы туралы айтылмаған.
“Сөйтіп, 1824 жылдың 28 сәуірінде Көкшетаудың оңтүстік бауырында Көкшетау округінің ашылу құрметіне орай сұлтандар мен билер, старшындар мен қатардағы көшпенділер, сондай-ақ Омбының шенеуніктері қатысқан алқалы жиын болып, артиллериядан салют берілді, әскер шеруі өткізілді. Мұндағы Сұлтан болып Орта жүздің соңғы ханы Уәлидің ұлы Ғұбайдолла, ал қазақтардан оның заседателі болып старшындар Байтөллин мен Жәнібеков сайланды. Олар құранға басын тигізіп, патша ағзамға адал қызмет ететіндіктеріне ант етті. Алқалы жиын соңы ұлы дүбір тойға жалғасты. Осылайша Абылай ханның немересі, Уәли ханның ұлы Ғұбайдолла заңды мұрагерлік хан атағынан айырылып, патша әкімшілігінің қазақ даласындағы бір шенеунігіне айналды” [63, 11 б.].
Сәбит Мұқанов орыс отаршылдығы ХІХ ғасырда жүргізген астарлы-қатпарлы, түпмақсат саясаттың көп жайын аяусыз ашып, әшкерелейді. Орыс тарихшыларының өз дерегімен дәлелдеп отырып, бұлтартпайды.
“1819 жылы, І Александр, қазақ балаларын сатып алуға, балалардың алып-сатарымен сауда жасауға заң шығарды. 1832 жылы “Қырғыз-қазақ ордаларының тарихы” атты кітап жазған Алексей Левшин, “базарда қазақтың еркек баласының сатылатын құны 4 я 5 қапшық арыш бидай еді, қыз баланың бағасы 3 я 4 қап арыш еді”, – дейді, және бір айда қазақтан жүз бала сатылғанын айтады” [9, 79 б.].
“Очерктерде” С. Мұқанов Хан Кене көтерілісінің туу себептерін тікелей отарлау саясат мүддесімен сабақтастыра қарап, қозғалыстың барысына, даму тарихына егжей-тегжейлі тоқталып, оның ұлт тарихындағы саяси мәртебесін айқындады. Хан Кененің қазақ тарихындағы орнын атап көрсетті. Кенесары Наурызбай, Исатай, Махамбет, Бекет, Жанқожа туралы жырлардың туу, таралу сақталу басылым жөнінен мол мәлімет беріп, олардың көркемдік құндылығын маман әдебиет зерттеуші есебінде бағалап, саралады.
“Наурызбай-Қаншайым” жырын (авторы белгісізҚ.М). ХІХ ғасыр әдебиетінде ерекше маңызы бар деп бағалаған С. Мұқанов оны “поэма” деп атайды. Құрылымы, адам образын жасауы, тақырып түр, мазмұн жағынан аяқталып, ашылған шын мағынасындағы көркем шығарма, шын мағынасындағы поэма екендігін артықшылық, ерекшеліктерімен ашып дәлелдеп отырады.
“Наурызбай-Қаншайым” поэмасының ХІХ ғасыр әдебиетінде ерекше маңызы бар. Бұл ең алдымен (сюжет, композиция) адам образын жасау жағынан төрт аяғын түгел басқан, ақынның алған темасы түр жағынан да, мазмұн жағынан да аяқталған, шын мағынасындағы көркем шығарма, шын мағынасындағы поэма…
Поэмада ақын махаббат мәселесін романтизм жолымен емес, реализм жолымен шешеді, және бұл махаббат, оның ақынның я оның жазушылық қолынан жасалған жеңіл махаббат емес, өнер, гуманизм негізінде шешілген шын адамдық махаббат.
Сюжет, композиция құруда, адам образын, оның әлеуметтік өмірімен жеке өмірін қатар қоя отырып шешуде “Наурызбай-Қаншайым” поэмасы үлгіге ұсынуға жарайтын поэманың бірі” [9, 94-95 бб.].
Сәбит Мұқанов “Очерктерде” Кенесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет, Бекет, Жанқожа батырлар туралы жырлардан аса толымды мол дерек берді. Әдеби, көркемдік құндылығын салмақтайды.
Ол қолында сол тұста Кенесары, Наурызбай туралы жырлардан “Досқожа ақынның Кенесарыға айтқаны”, “Наурызбайдың Қаншайымға үйленуі”, “Топжарған”, “Жасауылқырған”, “Тілеген молданың Кенесары туралы айтқаны”, Нысанбайдың “Кенесары, Наурызбай туралы жыры”, т.б. жырлар барын айтады. Сол жырлардың басылым, жарияланым тарихын індете
зерттеу – әдебиет тарихын зерттеудің ендігі жөндерінің бірі. Сәбит Мұқановта атаған “Жасауылқырған” қайсыбірде “Жасауыл қырғыны” болып беріліп жүр. Сәбит Мұқанов авторы белгісіз десе [48], Нұрхан Ахметбековтің 1953 жылы хатқа түсірген шығармасы деп жариялады.
С. Мұқановтың Нысанбай жырының жарияланым уақыты, бірнеше нұсқалық туралы деректерінен бұл жыр туралы өзгеше де деректер кездеседі. Олардың ізіне түсіп, зерттеу де – ғылым мүддесі.
С. Мұқанов Кенесары мен Наурызбай туралы жырларды екі салаға бөліп қарастырған. Біріншісі – Кенесарының өз ықпалына көнбеген ру байларын шабуы, малын барымталауы, екіншісі – 1847 жылы Кенесарының қырғызбен соғысуы, шейіт болуы.
“Осы екі жүйелі жырлардан басқа, не Кенесарының өзі тірі кезде, я өлгеннен кейін Россия әскерімен соғысуы туралы айтылған жырды біз әлі естігеміз жоқ”, – дейді [9, 86 б.].
“Очерктерде” “Досқожа ақынның Кенесарыға жермен қоштасып айтқан” жыры тұтас берілген.
Нысанбай жыры “Россия географиялық қоғамының оренбурлық бөлімінің еңбектерінің” ІІІ кітабында 1875 жылы басылып шыққанын айтқан Сәбит Мұқанов мынадай бір мәселені көлденең тастайды.
Нысанбай жырының дұрысы – 1875 жылғы басылымы. 1925 жылы Басығарин редакциясымен шыққан жырдағы қырғыз халқын сөгіп, балағаттайтын сөз онда жоқ.
“1925 жылы, Москвадағы “Күншығысы елдердің баспасы” Нысанбайдың бұл жырын Сырдария қазағы – Жүсіпбек Басығариннің редакциясымен қайта басты. Басығарин алашордашыл, байшыл-ұлтшылдың біреуі еді. Сондықтан ол Нысанбай жырына редакция жасағанда жырды байшыл-ұлтшылдардың идеологиясына сәйкестеп өзгертті. Жалпы алаш-ордашылар, оның ішінде Басығарин, Кенесарыны қазақтың байларының ғана туын көтерген, еңбекші халыққа қарсы болған адам деп көрсетуге, Кенесарыны Алаш-орданың рухани әкесі ғып көрсетуге тырысты. Оған дәлел, Басығариннің, редакциясымен 1925-жылы шыққан жырдың аяғы:
“Азғанамыз емес пе,
Қойшыдан сынды сағымыз”–
деп аяқталады. 1875 жылы басылған вариантта мұндай сөздер жоқ. Басығарин өз жанынан қосқан осы екі жол өлеңнің өзінен алаш-ордашылардың Нысанбай ақынды да, Кенесарыны да, қойшылардың (“қойшы” деп отырғаны еңбекші халық қой” дұшпаны ғып сыйпаттағысы келгені айқын көрініп тұр” [9, 101 б.].
Бұл жерде қайсыбір пікірі бүгіннің биігінен қарағанда өткен тарихтың еншісі екендігін есте ұстай отырып, жалпы Нысанбай жырының басылым жайынан тың деректер берілгенін атап айтқан жөн.
Сәбит Мұқанов бұл жыр туралы мынадай ақиқат тұжырым жасайды: “Нысанбайдың бұл поэмасының тарихи маңызымен қатар, әдебиеттік маңызы да зор. Бұл поэма арқылы бір ақындық бойы зор, ой өрісі кең, сөз құрылысы көркем ақынның бетін көреміз. Поэманың қасиеті реализм негізінде құрылуында, реалдық уақиғаға ақын бай сюжет бере білуінде, бай сюжеттің композициясын ақынның шебер құрастыруында, адам образдарының ішкі, сыртқы қасиеттері айқындықта; поэмасын халыққа түсінікті тілмен жазған ақынның, жабайы тұрмыс тілін көркем сатыға шебер көтеруінде. Бұлардан басқа, Нысанбайдың бұл поэмасының бір зор қасиеті – эпикалық уақиғаға ақын лирика дәнін тамаша еге білген. Поэмада оқушының жан жүйесін босататын, ойын тербететін лирикалы мотивтер көп. Бұл поэмасымен Нысанбай
ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының арасында төрден орын алады” [9, 106 б.].
Негізінде М. Әуезов ірі ақын, айрықша бағалаған, Сәбит Мұқанов алабөтен үрдістің ақыны есебінде ашқан Нысанбай жырау ХІХ ғасыр әдебиеті, қазақ әдебиеті тарихындағы жолы мен жөні айқын екендігіне қарамастан, әдебиет тарихы, оқулықтарына ұзақ жылдар бойы енбей келуінің түп-төркіні Хан Кененің тарихымен сабақтас жатыр.
Ендігі уақыт бізге сол олқылықтардың орнын толтырудың мүмкіндігін беріп отыр.
Нысанбайдың “Кенесары-Наурызбай” жыры өз тұсында кездеспеген үлгіде ауыз әдебиеті қисындарын қоса отырғанымен, нақтылы уақиға, қасіретті өлең қауызына өзгеше шыншылдықпен құя білген шеберлік, өмірден ойып алған жанды суреттермен өзгешеленіп, кейінгі көп тарихи өлеңге үлгі салған шығарма. М. Әуезов айтқандай, Нысанбай жырау өзі баяндап отырған, өзі ішінде болған уақиғаны ел ақындығы дағдысын сақтап көлденең айтушыдай болып, көрініп отырып, көп қайғының қасіретін қызулы, жанды шындықпен жеткізеді. Жырау тілі аса көркем, ұтымды, тапқыр, тым бейнелі, тым бедерлі. “Бақыты шауып тұрғанда”, “Бауыры суып сол жақта”, “Науан бұл жол ағытты, ерлігінің тиегін”, “Шабытты туған сұғанақ”, “Шіл боғындай тарадық”, “Кемшілік түсті басына”, “Олжа атын алмады”, “Қызыл тұмсық болсын деп, ақылмен аузын қандады”, “Бітеу сойып басыңды”, “Жасанған жаудай көрінді”, “Алатаудың тастары”, “Киімді бала тудырған” (Кене хан ) “Бір енеден жалғыз дақ” (Науан)...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет