Мәдібаева қанипаш қайсақызы


Сал-серілік өнер. Ән өлеңдер. Өнер тұтастығы жөніндегі ерекшелік



бет19/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   85
1.3 Сал-серілік өнер. Ән өлеңдер. Өнер тұтастығы жөніндегі ерекшелік
ХІХ ғасыр әдебиетінің аса елеулі, айтулы үлгісінің бірі – ән өлең.
Әрине, ән өлеңдер – ел тарихында бағзы замандардан бері жасап келе жатқан өнер. Қазақ әдебиетінің байырғы өкілдері жыраулар өз туындыларын күймен көмкеріп отыратын. Өлеңді жай тақпақ өлең, толғау сөз түрінде емес, ән мен қосып сөйлейтін.
Бұл дәстүр ХІХ ғасырда да жалғасын тапты. Сонымен бірге ХІХ ғасырдағы ән өлеңнің өзіндік өрнегі, дара дауысы бар.
Жаратылысы жаңа, үні бөлек өлең.
Әдебиет тарихында сал-серілер, әнші ақындар шығармашылығын өзіндік үлгі, өлеңдік табиғатындағы ерекшеліктерімен арнайы қарастырудың негізі бар.
ХІХ ғасыр тарихындағы ән өлеңнің табиғаты музыка зерттеушілер тарапынан,өнертану жағынан да зерттеліп келеді.
Әдебиет тарихында әнші лирик ақындардың өмірбаян деректері жиыстырылып, жинақтарға басылып, шығармашылық мұрасы таныстырылып келе жатқанымен, ХІХ ғасырдағы ән өлеңнің жанрлық сипаты, сал-серілік өнер табиғаты әлі де тереңнен зерттеуге зәру. ХІХ ғасырдағы қазақ тарихы, әлеуметтік саяси құбылыстар, қазақтың ежелгі ән өнеріне де өз көлеңкесін түсірді.
ХІХ ғасырда қазақтың қайталанбас қас өнерінің бірі – ән өнері ел тарихында орындаушылық үрдіс, тіл айшығы, жөнінен үздік үн, қайталанбас дара дауыс.
ХІХ ғасырда айтыс өлең, қисса өлең, жоқтау өлең де белгілібір мақамға салынып, өлеңдетіп айтылды. Алайда жеке орындаушы саз – күйін де, сөз айшығын да өзі шығарып, күй аспабын өзі тарта отырып өзі салған әннің табиғаты олардан мүлде бөлек.
Есмағамбет Ысмайыловтың пікіріне жүгінсек, қазақ ұғымында ақын деген сөздің мағынасы кең. Қолына домбыра алып өлең айтқанды, топ алдында өлеңмен айтысқа түскенді ақын деген… Сондықтан бір ақын деген сөздің аумағында әрі поэт, әрі певец, әрі сказитель, әрі суырыпсалмалы (импровизатор) ұғымдар түгел сыятын сияқты [19, 17-18 бб.].
Е. Ысмайылов кең мағынадағы ақындық қасиет Жамбылда түгел болды дейді.
“Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең…”
Иә, көшпелі тұрмыс, дала желімен жарысып, сағым қуып өткен өмірдің, баянсыз ғұмырдың баянды сәнінің бірі – ән еді.
Ән орындаушылар – қазақ тарихында, негізінен, сал, сері.
Өлеңнің орындаушылар арқылы белгілі бір күй аспабымен сүйемелденіп айтылып тарайтын “өлең-ән” түріне Шоқан “Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде” зерттеуінде көңіл бөлген [11].
Шоқан Уәлиханов өз тұсындағы қырдағы поэзияны 5 түрге бөліп, соның әсіресе бесінші түрінің ерекшеліктеріне кең тоқталды. Бұл тұста ғылым үңіле түсер дүние аз емес.
Шоқандағы “өлең-ән”, “өлеңші ақын” анықтамалары зер салып үңілсек, терминдік мәні бар, өзгеше ұғым атаулары. Шоқан “Жыр-өлең” тіркесін де қолданды. Оның ежелгі жыраулар жырына ұласар табиғат ұқсастығын атады.
Ғалымның “өлеңші – ақыны” – жыршы, жырау мағынасындағы өнерпаз сияқты, сал-сері емес. Сал-серілік өнер әлгі аталған “өлең-әннің” табиғатына тән.
Ахмет Байтұрсынов ән өлеңге қысқа ғана тоқталып өткен.
“Өлеңнің өзі де қазақта екі түрлі болған: “Бірі әнді болған, екіншісі мәнді болған, әнді өлеңнің сөзінен де әніне көбірек құлақ салған. Сондықан әнді өлеңді айтушы, әннің ажарлы болу жағына тырысып, сөздің ажарлы болу жағына онша ыждаһат қылмаған… Сол себепті де әнді өлеңнің сөзінен мәнді өлеңнің сөзі ажарлырақ, мағыналырақ болған. Әні басым, мәні кем, ажары аз өлеңге қара өлең деп ат қойып, әні кем, мәні мол өлеңге жыр деп ат қойған” [12, 378 б.].
А. Байтұрсыновтың өлеңнің көңіл көтеретін сипатын ажырата айтуы, өлең өнерінің, қазақ өлең сөзінің халық тарихындағы орнына, даму жөндеріне тартады. “Әдебиет танытқышта” “Сөздің өнер болатын мәнісі” атты ұғындырмасында ғалым өлеңді көңіл көтеріс ісіне жұмсалатын сөз түрі деп бөлгенін айтады. “Адам көңіл көтеру үшін ойнайды, билейді, күреседі, жарысады. Өлең де бұрын сол ойын, күрес, жарыс сияқты көңіл көтеретін нәрсе болған. Өлеңнің көңіл көтеріп, хоштандыратын қасиеті әдемілігінде. Нәрсенің әдемі көрінетіндігі – ұнасымы; әдемі көрсететін де сол ұнасымы” [12, 379 б.].
Өлең сөздің білгірі академик Зәки Ахметовтің “Казахское стихосложение” [67] монографиясы қазақ өлеңінің жаратылысын алымды, ауқымды ғылым негізіне айналдырған аса құнды, мәнді еңбек. Қазақ өлеңінің ішіне еніп, сыртын түгендеп сөйлеген бұл зерттеуден өлеңнің әуезділігі, қазақ өлеңінің жырлап айтуға сұранып тұратын ерекше табиғаты, бар сиқыры тұтас танылады. Зерттеуші зерделеуінде ән өлеңнің сыры да жан-жақты ашылған. З. Ахметов қазақ өлеңінің өзіндік үні қайдан шығып жатқанын ғылыми негізде жеткізеді.
Қазақтар арасында ән шығару өнерінің аса кең таралғанын атап айтқан ғалым былай дейді: “Поэзия и музыка, развивавшиеся на основе устных традиций, – вот сфера, в котрой наиболее и ярко проявлялась творческие силы казахского народа. Этим и обусловлено необычайное богатство форм и видов устно-поэтического творчества народов” [67, 187 б.].
З. Ахметов лирикалық әндерді орындаушы халық өнерпаздарын “өлеңші” деп атайды. Зерттеуде “певец” сөзі жыршы, жырау, ақын және басқалар мағынасында қолданылған.
Ән өлең табиғатының теориясы қазақ әдебиеттану ғылымында, қазақ өлеңтануында аса зерттеле қойған жоқ. Жалпы сипаттама беріледі. Бірақ ән өлеңнің ішіне ену – болашақ еншісі.
С. Негимовтың “Өлең өрімі” (“Ғылым”, 1980) монографиясы осы тұрғыда көптеген қисынды ойы бар құнды зерттеу. Кітапта қазақ өлеңінің мелодикалық интонациялық құрылысы, дыбыстық жүйесі, ырғақтық кестесі, ұйқас табиғаты, сөз музыкалылығы қарастырылған.
Ғалымның орыс өлеңтанушылары пікірлеріне сүйене отырып ұсынған интонациялық құралдары.
1. Үндердің белгілі уақыттағы шапшаңдығы.
2. Дауыс ырғағының бірде көтерілуі, бірде бәсеңдеуі
3. Өлеңді айту мәнерінің күштілігі немесе әлсіздігі
4. Сөйлеудің эмоциялылығы
5. Сөйлеу мәнерінің айтылу мақсатына орай құбылып отыруы
6. Айқындылық
7. Динамика
8. Дауыс
9. Мелодия
10. Пауза
С. Негимов Б. Эйенбаум интонациялық ерекшелікке орай лириканы үш түрге жіктегенін келтіреді.
1. Шешендік стильдегі лирика
2. Ауызекі сөйлеу стиліндегі лирика
3. Шырқамалы әнге негізделген лирика [68, 7 б.]
“Өлең сөздің көркемділігі дыбыс мәнерлілігінің нәтижесінде жүзеге асады. Өлең ішіндегі әсерлі, үнді, мағыналы дыбыстар бейне бір шоқтай жанып, шығарманың өн бойына нұр, жылу үлестіреді. Сөздің суреттілігі мен музыкалылығын арттырады” [68, 15 б.].
Шындығында, жалпы әуезді сөз, музыка тудырған, әнші ақын әуелі сөзін, соның ырғағымен әнін әуелеткен сияқты.
“…ән өлеңдердің эстетикалық күшін айрықша бағалау қажет. Өйткені мұнда сөз бен музыка бар. Бұлардың сезімге әсер ету қабілеті сөзден басталады десек те, музыкадан басталады деп есептесек те бірдей ән өлеңдерінің бұл егіз қасиеті бірлесе өмір сүреді”, – дейді ғалым [68, 25 б.].
Ғалым өлеңнің өріміне тоқталады. Біржан, Жаяу Мұса өлеңдерінің ұйқас шартын сақтау дәстүрін талдайды.
С. Негимовтың айтуында:
Кейде ақындар өлеңнің саздылығы мен әуен келісімі үшін ұйқас қорын есепке алуы да табиғи нәрсе. Ұйқас жүйесіне қанша сөзді тарту керектігін күні бұрын ойлап қоюы да ықтимал. Ой дамыту үшін байланысушы сөздің көбірек болуы өлеңдегі ой-сезім салмағын өсіре түседі. Және өлеңді әнмен айтуға, шырқатып айтуға жәрдемдесетіні тағы бар. Қазақ ақындары жүйрік атқа, қызға, жерге, атап айтқанда, жалқы есімдерге арнап өлең шығарды. Бұл есімдерді тармақ соңына қоюдағы мақсаттың өзі бұған үндесіп-қиысатын сөздердің барлығына байланысты туады. Ал кейде осы атаудың өзі байланысушы сөздерге қарай тууы мүмкін. Мәселен, Біржанның Орынтайға арнаған өлеңі…
Ал Жаяу Мұсаның “Ақ сиса” өлеңдеріндегі ұйқас осы атауға сай туған: сиса – қылса – мұса – туса – ұқса. Ақан серінің “Балқадишасын” алсақ, ол былай боп үйлескен: Бал Қадиша – тал Қадиша – бал Қадиша.
…Ал Абайдың “Қаламқасына” келетін болсақ, осы атауға 18 сөз қиыстырған. Қаламқас – бас – жас – тумас – артылмас – қайрылмас – айрылмас – қарамас – жарамас – жалаңаш – шам – тай – талас – мас – ықлас – рас – тоймас.
С. Негимов Ыбырай Сандыбайұлының “Қалдырған”, Шашубайдың “Мен кіммін?” өлеңдерін ұйқас үйлесім жөнінен қарастырды.
Ән өлеңнің табиғаты, оны орындаудың бітім-болмысы әдебиет зерттеушілердің де, музыка зерттеушілердің де назарын аударып келеді.
Р. Бердібаев, М. Тілеужанов сынды ғалымдар сөз бен сөздің ән өнеріндегі өзара байланысын зерттеу, музыкалық орындаушылықтың мәнін аша түсу жөндерін орынды көтереді [27; 69].
Бұл жөнде академик Ахмет Жұбановтың үлгі, үрдісі өзгеше еді.
Ахмет Жұбанов ән өлеңдер, әнші ақындар, сал-серілер табиғатын ашуда халқына орасан еңбек сіңірді. Жеке тұлғалардың өмірбаян дерегінен бастап шығармашылық мұрасын жиыстырғаны өз алдына, ол мұраның музыка тарихындағы өнердегі өлшеусіз құндылығын теория жүзінде асқан білімпаз, білгірлігінен тұжырымдады.
А. Жұбанов қазақ музыка өнерінің тарихында ХІХ ғасырдағы әнші ақындар не қалдырды, олардың даралық сипаты қайда деген мәселелерді ең алғаш түбегейлі зерттеген ғалым. Ол Біржан әндерінің бар қуатын, динамикасын, Ақынның жан иірімі туғызған әуен толқынын ғажап таниды.
А.Жұбановтың Абай әндері бірінің сөзін біріне ауыстырып айтуға көнбейді: қатаң өлшемі бар деп атап көрсетуі – европаланған өлеңнің ХІХ ғасырда дәстүрлі қазақ ән өлеңіне әкелген өзгерісін тап басып тануы.
“Жаңа өлшеулі, жаңа формалы өлеңдері Абайдың музыкалық творчествосына тікелей әсер етті. Абай өлеңдерінің мелодикасы, ырғағы, формасы өзіне дейінгі келген қазақ әндеріне ұқсамады. Бірінші жағдай – Абай әндерінің әрқайсысының өзіне меншікті өлеңі болды. …Сөйтіп Абай музыка шығаруға текст арқылы келді” [70, 116 б.].
А. Жұбанов әнді таниды, талғайды. Талғамнан шыққан үздік ән жайлы түйін түйіп, ой толғайды.
“Айтпай” – Біржанның кесек шығармасының бірі. Әнді шырқағанда оның шалқыған кең тынысы, ешбір өлшеулі тар корсетке сыймайтын еркін өлшеу ырғағы, тағы да Біржанға тән әннің кеудесінен басқа кейіпте жүретін қайырмасы, саналуан “бұрмалары” жай әдеттегі куплеттік әннің шеңберінен асырып жібереді” [70, 103 б.].
Мұхиттың “Жылқышы” әнін Брусиловский Пуччинидің музыкасындағы шыңға көтерумен теңеген екен, Ахмет Жұбанов “әділ теңеу” дейді. Әрі қарай Мұхит әншілігінің, Мұхит әндерінің ерекшелік, дара сипатын аша түсер айғақтар ұсынады. “Бұл ән халық арасында “Жылқышы” болып та, “Кіші айдай”. Болып та жайылып жүр. “Айдай” болатын себебі өлеңнен де болуы мүмкін. Дауысқа ыңғайлы ашық дыбысты “ай”, “дай”, дегендерді Мұхит көп пайдаланады” [34, 39 б.].
А. Жұбановтың Абай әндері жайлы, олар кейде айтылып жүргендей, тек өлең халыққа тез тарасын деп шығарылған әндер емес, жылпы Абай әндерінің тереңнен ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етер музыкалық қасиеті жоғары деген ойы – ХІХ ғасырдағы қазақтың ән өлеңнің табиғатын аша түсуге тартар ғылыми негіз (Абайдың ән өлеңдеріне байланысты қайсыбір қисындар диссертациялық жұмыстың 4 тарауында қозғалдыҚ.М.)
Ән өлеңнің, ХІХ ғасырдағы қазақ әнінің көптеген ерекшелігін Ахмет Жұбанов қадау-қадау айтты. Замананың айтулы тұлғасы, композитор Ахмет Жұбанов ХІХ ғасырдағы ән, орындаушылық әдіс европалық саз аспаптарымен сүйемелденіп, қазақ әніне орыстан, татардан келген ойнақылықты атап айтқан А. Затаевичтің “Қазақтың 1000 әнінде” жазған түсінігін келтіреді.
“Мұса – көңілді қарт, қазақ ақындарының әдетін қумай, көбіне домбырадан емес, татар әншілері сияқты, скрипкада ойнаған. Шынында да кейбір татар әсері – әрқилы публикаға ұнаймын деген, профессионалдық жағыну әсерінен туған болуы мүмкін. Мұса орысша да ән салған. Ал Мұсаның творчествосында қазақтарға тән емес күлкі, жеңілдік кезеңдер де орын алады. Оның жеңіл, ойсыз, басқаша айтқанда көңіл көтеретін мелодиялары біріңғай екі ширектік өлшеуге сыйып отырады. Бұл да татарға тән, солай аяғына дейін өзгермей “гитараға лайықты” сүйемел керек еткендей және биге шақырып тұрғандай болады (ал ол қазақта тіпті жоқ). Біразды көрген Мұсаға мазурканың ырғағы да белгілі болса керек” [70, 146 б.].
А. Жұбанов Мұсаның қаланың да, даланың да ән дәстүрін зерттеген адам екендігін, қазақтың ән дәстүріне көптеген туынды бергенін, сонымен бірге “ән”, “күй” деген екі ұғымнан басқа ешнәрсені білмейтін қазақ арасына “Марш”, “валс”, мазурка ырғақтарын алып келгенін айтады. Оның музыка үлгілері бірінші тыңдаған кісіге татарша, орысша болы көрінетін, жаңа түр, жаңа ырғақ, сырнай мен срипкада жаңа озат орындау техникасымен ерекшеленді дейді.
Ахмет Жұбанов әнші ақындардың көптеген үздік туындысы кеңестік кезеңде қазақтың профессионал музыкасына, опера өнеріне пайдаланылғанын айтып өтіп отырған. ХІХ, ХХ ғасырдағы халық әншілерінің ән мұрасын түгендеп атап, айқындап, саралауда, бағалауда академик А. Жұбановтың еңбегі өлшеусіз.
Әдебиет зерттеушілердің әдеби мұра тарихын барлаған тұстарда байқап отырған, атап өтіп отырған, қазақ халқының рухани ғұмырындағы елеулі құбылыс – сал-серілік. Кезінде М. Әуезов, С. Мұқановтың әдебиет тарихын зерделеген еңбектерінде сал-серілік өнердің әйгілі өкілдерінің аты аталып, шығармашылық жөндері айтылды. Кейінде де сал-серілер шығармашылығы назарда болып, оқулық-хрестоматияларға ішінара еніп отырды. Жоғары мектептің типтік оқу бағдарламасында қамтылды [35]. Академик Ахмет Жұбановтың “Замана бұлбұлдарында” ХІХ ғасырдағы әйгілі әнші, сал-серілер өмірі де қарастырылды.
Есмағамбет Ысмайылов “Ақындар” (1956) монографиясында сал, сері ұғымдарын тарата айтады. Әрине, ғалымның әдебиеттегі тапшылдық мәселесі қоздап тұрған кезде басылған бұл еңбегінде де сал-сері ұғымына, олардың шығармашылық мұрасына таптық тұрғыдан келген жері де кездеседі. Соған қарамастан, ғалым халық тарихында жасаған, қазақ ұлтының мәдени, рухани ғұмырында өлшеусіз орын алған сал-сері, әнші ақындар жайлы көптеген мәлімет, дерек көзін ашып, сал-серілік жайлы нақтылы тұжырым жасайды.
Е. Ысмайылов әнші ақындар шығармашылығына, ән өнерінің табиғатына байланысты мынадай ой түйеді: “Қазақ поэзиясында әнші-ақындардың творчествосында ерекше орын алады. Әнші ақындар негізінде сал-сері, күлдіргіш өнерпаз ақындар. Бұларды тек әнші ақын демей, халықтық искусствоның адамдары деп таныған жөн” [30].
Әнші ақынға тән негізгі салттың бірі – сәнді, сұлу киім, әшекей, жарқ-жұрқ көзге түсіп жүру. Әнші, күйші, композиторлық, би, спорт өнерлері ақындық өнерімен пара-пар.
Ғалымның мынадай тұжырымы бұл өнердің табиғаты, жаратылысы тым күрделі өнер екендігін көрсетеді.
“Бұлардың көркем өнерінде көне заманның тұтастық (синкретизм) элементі күшті” [19, 55 б.] Ғалым осы бір ғажайып өнер сал-серіліктің қазақ жағдайында, әсіресе ХІХ ғасырда кең дамыған ақындық өнер екендігін атап айтты.
Е. Ысмайылов сал-серілердің әншілік, ақындық, жыршылық, аңшылық, мергендік, спорт – палуандық, сырттай әшекейлік (декороциялық), түрлі күлдіргі, ғажап құбылмалы (фокус, жонглерлік) өнер иесі болғанын атап, Ағашаяқтың ірі әнші ақын халық композиторы болудың үстіне неше түрлі спорт ойындарын көрсететіп отырғандығын айтты.
Әлкей Марғұлан [71] сал-серілік өнердің жан-жақты сипаттамасын жасады.
Бүгінде сал-серілік жеке өнерпаздың өмірбаян, шығармашылық жөндерін әрі қарай зерттеулер негізінде толыға түсіп отыр десек те, бұл өнердің сыр-сипат, түп-төркінін қарастыра түсу тоқталмайды.
Есмағамбет Ысмайылов қазақтың әнші-ақындары, сал-серілері искусствоның тұтастық қасиетін бойына жинаған адамдар. Бұлардың көркем өнерінде көне заманның тұтастық (синкретизм) элементі күшті. Ән-күй, өлең, би өнерінде бөлінбей тұтас искусство түрінде жасалғандығы туралы ғылымдық қағида қазақтың сал, сері, ақындарының өнер тәжірибесінде де толық дәлелденеді дейді [19, 55б.].
ХІХ ғасырдағы сал-серілер өнерпаздығының бір елеулі, басты қыры – лирикалық ән-өлең. Сал-серілер айтыс өнерінде де бағын баптаған. Олардың әлеуметтік үні зор шыққан, замананың ығына жығылған әулетіне ащы сын айтып, мін таққан өлең сөзі де аз емес. Қағытпа қалжыңы, әзіл-күлкі қоржыны да қомақты.
Ақын ұғымының аясына жырау да, жыршы да, өлеңші де, әнші де кіреді. Әнші-ақындар негізінде сал-серілер дейді Е. Ысмайылов.
ХІХ ғасырдағы елеулі әдебиет үлгісі болған ән-өлеңді шығарушы, орындаушы сал-серілердің өнерпаздық өрісі ән-өлеңнің жанрлық өзгешелігіне жол ашты. Өлеңнің адам баласының сезім күйінде өлшеусіз өрісі бар.
Ақын – жырау, жыршы, өлеңші, әнші. Ақындықтың ағынды арнасы, күйі мен сазы, назы мен базы көп. “Өлеңші – өлең айтушы, орындаушы мағынасында. Өлең қазақ поэзиясының негізгі түрі көне салт, әдет-ғұрып поэзиясы да, әндердің текстері де, айтыс, ғашықтық жырларының көпшілігі де, кейінгі поэзияның негізі де осы өлеңмен жазылған. Өлең қазақ әдебиетінде ән өлең (песня) ұғымында да, өлең-жыр (стих) ұғымында да жүреді. Өлең қазақтың барлық тарихи өмірінде біте қайнасып, араласқан. Ойын-сауығын да, әзіл-қалжыңын да, қайғы-қасіретін де, жорық-соғысын да, өлім-азасын да, той, астарын да, мерекелерін де – бәрін де өлеңмен бейнелеген және қазақтың бірер ауыз өлең айтпайтыны сирек...
Қара өлеңде қайым өлеңіндегідей мағынасыз, бос өлең жолдары аз кездеседі. Бұған қарағанда қайым өлең фольклордың ертеректегі үлгісіне жататыны сөзсіз. Алайда, фольклор дәстүрімен айтылатын қлеңнің бәрі бірдей қайым өлеңімен айтылмайды, жүйрік, шешен ақындар өлеңін мағыналы, шебер айтуға тырысқан. Мәселен, Біржан, Естай шығарған әндердің сөздері, немесе Кемпірбай, Шөже, Сүйімбай, онан бері жердегі Жамбыл, Нұрпейістер айтқан өлеңдер белгілі, нақты ойды дәл береді. Өлеңдерін бөтен, бос сөз араластырмай, мағыналы айтуға тырысқан. Бұл бертінгі, ақын шығармасы тыңдаушының сынына түсе бастаған және жазба поэзияның әсері кірген дәуірдегі жаңа құбылыс” [19, 66-67 бб.].
Е. Ысмайылов сал-серілерді көзі көрген адамдардың естелігін жиып, әр тұлғаның өзіндік өнерпаздық қыр-сырын жеткізудің жөнін көрсетеді. Ғалымның Қыпшақ Жаңқа сал туралы Иманжан ақынның естелігін беруі, Кемпірбай туралы Бегалин әңгімесін келтіруі осы бір өнердің сипатын аша түседі.
Тегінде сал-серілер жаратылыс табиғатына орай өнердің бар арнасында ашылып отырған. Мәселен Біржан, Ақан серілердің ерекшелігі көз көргендердің айтуынша жүріс-тұрыстағы сәнділік, сыпайылық, өнерпаздық; салдардың кейбірінде болатын оғаш, қасақана күлкілі киім кию, ерсі мінез көрсету жоқ.
“…Біржанды, Ақан серіні көргендер – олардың жүріс-тұрысында ерекше көз тартарлық сәнділік, сыпайылық, өнерпаздық салттармен қатар, солардың кейбірінде болатын оғаш, күлкілі киімдерді қасақана киіну, қасақана салдың ерсі мінездерін көрсету жоқтығын айтады. Шын салдық дәстүр, өнер сол салдың барлық тіршілігімен біте қайнасып кетуі тиіс. Қария ақын Иманжан бала күнінде, жасы 80-ге жақындаған Қыпшақ Жаңқа салды көргендігі жөнінде былай дейді.
– Жаңқа қыр мұрынды, атжақты, ақсұр адам екен. Ұзын мұртты, тал-тал аппақ сақалы беліне түседі. Әлі қайратты, тіп-тік шарт жүгініп, екі қолымен тізесін айқара жауып отырды. Тұсында домбыра, сыбызғы, қобыз ілулі тұр. Сал басына төбесі біздей шошақ, сегіз сай әлеміш бөрік киіпті. Бөріктің әр сайы әртүрлі ала-құла шүберектерден құралған. Төбесіне қадалған тоқпақтай үкі, сал басын анда-санда сылқ еткізіп тұқыртып қалғанда, бұлғаң етеді. Үстінде тізесінен асатын ұзын қайырма жағалы көйлек, екі иығында екі үкі және қадалған. Аяғында өзбектің ала мәсісі, бұтында шұбатылған ұзын шалбар. Басын шапшаң жоғары көтеріп, шалқайып аспанға қарайды да, отырғандарға бірдеңе деп тіл қатады, үлкендердің ішінде жасы кіші бала мен едім, мынау жынданған ба күліп жіберіп отырдым. Әрине, оны сал елең де қылған жоқ” [19, 52-53 бб.].
Бұл өнердің тегі мен түрі тек орындаушылық, сыртқы түр сипат, киім киіс ерекшеліктермен шектеліп жатпағандығы даусыз.
Мұхтар Мағауин ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің үлкен бір арнасы, рухани ошағы сал-серілік өнер туралы ғылыми негізде анықтама, түсініктеме, түйінге біршама кең, келелі талдау-таныммен келеді [72].
М. Мағауин тұжырымдамасында сал мен сері – суырып-салма ақын, сыршыл композитор, әсем, асқақ дауысты әнші болуы шарт. Сал мен серінің өнер туындысы, өмір кейпіне байланысты айырмашылықтары: сал-ерке, әдемілікке бейім, тентектікпен астас, әлем-жәлем киінеді, топ-топ болып жүреді; сері сәнмен, қымбат киінеді, әнші, күйші, балуан, мерген, құсбегі, атбегі, сыртқы түрі жинақы, сыпайы.
Салдар қалжың, күлкі, асау сезімді әндермен думандатса, кербез сері зарлы, мұңлы сарынмен сөйлейді.
Салдар дене машығына, қол шеберлігіне көңіл қойса, сері балуан күрес, ат бәйгесіне, ұлттық ойындарға бейім.
М. Мағауин Біржан салдың әндері қазақ музыка өнерін жаңа сатыға көтерді деп, Біржанның ән мұрасын айрықша бағалады.
Біржанның әншілік мәдениеті сақарада бағзыдан қалыптасқан вокальдық дәстүрді одан әрі жетілдіре түсті деген тұжырым айтты.
Ғалымның Біржан мектебінен, тәлім алған халық таланттарының Қазан төңкерісінен кейін қазақтың профессионалдық театр өнерінің қалыптасуы жолында ерекше роль атқаруы кездейсоқ емес деп бағалауы – әділ баға, ақиқат сөз.
Қазақ халқының, Шоқанның досы Г.Н. Потанин ілгеріде былай деген екен: “Енді бір 50 жылда қазақ ойыншылары патша театрында ән саларлық дәрежеге жетеді” [52, 161 б.].
Сал-серілік дәстүрді арнайы зерттеп, ғылыми еңбек жазған ғалым
Ш. Керімов бұл өнердің аса кең ауқымы, тарихи негізділігі жөнін былай тұжырымдайды: “Әнші ақындар, яғни сал-серілер – ақын-жыраулардың өнегесін, оның озық қасиеттерін жалғастыушы, жаңа жағдайда қалыптасқан өнер иелері. Көшпелі тұрмыстың сәнін кіргізіп, салтанатына айналған сал-серілік бірте-бірте ұмытылып, халық жадында тек “Ақан сері”, “Сегіз сері”, “Біржан сал”, “Дәурен сал” секілді ел қадір тұтқан талантты өнерпаздардың есіміне қатысты ғана сақталып отыр. Бір кезде сал-серілік жеке адамдар үшін ғана өмірлік мұрат емес, ұзақ уақыттар бойы көшпелі қазақ қоғамы үшін әлеуметтік, этикалық және эстетикалық мәнді құбылыс болып келді” [73, 310 б.].
Өнер жолындағы адам тағдыры… қай заманда да адамзат мұратын кеудесіне қонақтатқан өнерпаздың өмірі сән-сәулет, салтанаттан гөрі, көлеңкесі көп ауыр ғұмыр.
Қазақтың сал-серісі ән салып, сахараны сайрандап жүргенімен, әләулай ән ғұмыр кешкен жоқ. Олардың сұлулыққа іңкәр, жақсыға құштар нұр дидарын мұң басып, жарыққа, сәулеге құмар жанарларын төмен салған тұсы аз болмады.

Құлагер, жерді жарған дабысың-ай,




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет