Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет21/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   85
Кигенім үстімдегі бәрі қызыл, – дейді.
Балуан Шолақ:
Шын атым – Нұрмұхамет – Балуан шолақ,
Бойымда толып жатыр күшпенен бақ,
Сұлу қыз, келіншекке тиышсыздаумын –
Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ.
Мен-Шолақ он сегізде өнер тапқан,
Үкілеп Ақбоз атқа тұмар таққан.
Басымда пұшпақ бөрік шекемде үкі,
Үстіме кидім жібек шымқай ақтан.
Өнерпаз атқа мініп неге керек,
Тудым мен өнерпаз боп елден ерек.
Есікті шегіншектеп сүзгенімде,
Ұшырдым тақтайларын төртке бөлек, – деп шырқайды [38].
Иманжүсіп:
Екі жағы дарияның қалың шұбар,
Көк мойынға үкілеп тақтым тұмар.
Бір түстеніп аттанған аулымның
Қыздары болушы еді маған құмар.
Ішім өлген, дүние-ай құр сыртым сау,
Маған десең төбемнен жаңбыр боп жау.
Бүркіт ұстап басыңа шығар ма едім,
Көзіме бір көрінші, Ерейментау! – деп мұңын төгіп, ішін ашады [74, 317 б.].
Сал-серілер – ХІХ ғасырда қазақ даласының әр аймағында өзіндік ән мектебін қалыптастырған, ғасырдан ғасырға кетер дәстүр жасаған халық мәдениетінің біртуар саңлақтары.
Арқа, Жетісу, Батыстағы ән дәстүрі – күні бүгін сақталып отырған ұлы өнер. Арқадағы ән өлең ерекшеліктерінің бір қырын Ахмет Жұбанов Естай ақынға қатысты тұста және бір былайша түйіндеп, түгендейді: “Естайдың Біржан мен Ақанды көруі, бірге болуы, олардың орындарын есітуі, әндерін үйренуі үлкен мектеп болды. Ол мектеп Естайдың ән шығару әдісіне әсер етті. Байқаған кісіге Естай әндерінде Біржанның да, Ақанның да әуендері сезіледі, шалқыған кең тыныс, куплеттік өлеңнің схемасының әлде “шығуға жайылу”, кеудеден кем соқпайтын, аса дамыған қайырмалар, сөз мәні мен ән мазмұнының қабысып жатуы, демократиялық арқау тағы тағылар қағидаларының дәстүрінен көшкен деуге болады” [70, 267 б.].
Ахмет Жұбановтың әнді тек сазы, күйі жөнінен емес, ән өлең есебіндегі өзгешеліктерін түгендеп, теріп отырып зерттеу үрдісі – ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының, қазақ өлеңінің мың бұрам сұлулық сиқырын өнерсүйгіш сезімталдықпен аулау.
Ол Ақан әндеріндегі лириканы музыкаға қосақабат сөзден де табады.
Әннің өзгешелігі, өтімі нендей сыр, сиқырға тұнғанын дөп танытады.
“Көкжендет” әні “адам жанының жырын жырлайды”. “Себеп құс болғанымен, ән тынысы кең дария, оның ішінде көп ойлар, арландар бар сияқты”.
“Сарымойын” – “өлшеуі анық, мелодиясы өткір, көбіне сөздің бір буынына екі нотадан келіп отырады”.
Біржанның әндері Ахаң талғамында: “Көктем желіндей сүйкімді, жұмсақ, терең жүректен шыққан. Мұнда әншінің образының сәулесі, әділдік, көпке бірдей жарық іздеген адамның арманы... бәрі де бар; басынан аяғына дейін сазды, өте байсалды екпінде жүретін, үлкен адамгершілікке, азаматтық лирикаға толы; Біржанның сал деген атына сәйкес келеді” [70, 43 б.].
А. Жұбановта “төбеден түспей”, “шыңға өрлеген дауыс күні” дегендей тапқыр, шешен, музыка тілімен ұғындырғандай жанды оралымдар, “әннің кеудесі, ән құрылысы, бұрмасы, әннің шөгіп жетуі” сынды ән өлең, ән өнердің жаратылысын айнытпай ашқан тамаша тіркес, ұғымдар, сазгерлік сауаттылықтан туған термин мәнді атаулар мол.
Ол Мұхиттың, Жаяу Мұса, Ыбырай, т.б. әнші-ақындардың қазақ өнеріндегі дара дидарын тастан қашап ойған мүсіндей анық айғақтады. Абай әндерінің алысқа тартар жұмбағын ашты.
А. Жұбанов ақын, әнші дегенді бөліп атап отырады.
Сал-серілер шығармашылығын зерттеу кейінгі кезде Е. Тұрсынов,
С. Негимов, Б. Әбілқасымов, Ш. Керімов, т.б. ғалымдар еңбектерінде жалғасын табуда. С. Негимовтың “Өнерпаздық өрнектері” [75] еңбегі бұрынғы зерттеулерде қағаберіс қалған өнерпаздар шығармашылығын әдебиет тарихына қосуымен, қайсыбір “белігілі жайдың” беймәлім қырларына байлауымен құнды.
Кейінгі олқымыздың орнын толтырып жатқан уақыттағы ел аузынан түспей келе жатқан сондай саңлақтың бірі – Сегіз Сері.
Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мұхит, Иманжүсіп, Балуан Шолақ, т.б. көптеген әнші ақын, сал-серінің шығармашылық мұрасы белігілі бір дәрежеде айқын, анық. Зерттеліп, зерделенді. Ақан серінің “Құлагер”, Біржанның “Жанботасы” мен “Теміртасына”, Ыбырайдың “Гаккуіне”, Балуан Шолақтың “Ғалиясына”, Жаяу Мұсаның “Ақ сисасына” ешкімнің дауы жоқ. Өз еншілері Сол тұрғыда, шығармашылық мұрасы әдебиет тарихына, ән тарихына соңғы кезде ғана енген Сегіз Сері шығармашылығынан біраз ғана мәлімет беріліп отыр.
ХІХ ғасырдағы қазақтың әйгілі серісі, әнші, ақын, композитор Сегіз Сері – Мұхамедханафия Баһрамұлы Шақшақов туралы соңғы 20 жылдай уақыт көлемінде аз айтылған жоқ. Ән мұрасы, шығармашылық ғұмырбаяны халқымыздың өнерпаздың тарихынан ұзақ жылдар бойы түрлі себептермен қағаберіс қалып келген Сегіз жайлы ғалым Төлеш Сүлейменов, жазушы Нәбиден Әбутәлиевтер жеке жинақтар шығарды. Белігілі өнер зерттеушілер, әдебиет мамандары, тарихшы, ақын-жазушылар І. Жақанов, Б. Тоғысбаев,
Е. Жақыпов, Қ. Биғожин, Р. Отарбаев, И. Кенжалин, т.б. Сегіз Сері өміріне байланысты түрлі пікір-байламдар айтты. Сегіз Сері өмірде болмаған деген дау да бар.
Сегіз серінің шығармашылық мұрасы сан жағынан келгенде баспа жүзін көргені бар, қолжазба күйінде жатқаны бар өлең-толғау, жыр-дастандары әлденеше мың жол дүние.
Сапа жағынан келгенде былайда ұзақ, бірсарындылау қабылданар өлең-толғаулардың ар жағына тартып әкетер, ойға батырар салмағы, сезімге шомылдырар шуағы мол. Сегіз Сері табиғатында сұлулыққа іңкәр, құштар, әдеміні қырғидай қырдан шалатын талғамның иесі. Ақынның көркемсөздегі мүмкіндігі ұшан-теңіз.
Сегіз ақын түрлі аңыз-әңгімелерді қиссаға айналдырып жыр тілімен сөйлетті. Өз жанынан дастандар шығарды. Замандастарының жеке бас қасиеттерін көтеріп, немесе кемшілік, пендешілігін аямай түйреп арнау өлең шығарды. Өмір иірімдеріне ойлана қарап отырып, тіршілік жұмбағының шешіміне шақырар, дүниенің қарама-қайшылығынан туған, опасыз жалғанның “опалы” тиянақ-тірегін, шартын түгендеген толғау, термелер туғызды.
Сегіз Сері жайлы біршама деректі, бірнеше шығармасының толық тексін Мәди Болатовтың ҚРҰҒА Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөліміне өткізген (08.V.78) № 863 папкадан (1-10 дәптер) табуға болады.
1976 жылы Мәди Болатов ҚҰҒА Әдебиет және өнер институтына хат жолдап, 18 парақ – 36 бет өлеңін жіберумен қатар, кім екенін анықтап беріңіз деп өтініш айтады. “Сегіз Сері секілді тілге бай, сөзге шешен, ақын, әнші (ірі композитор), әрі жетім-жесірге ел қорғаны болған адамның аты тұншығып бүркеу астында қалып, қазақ тарихи әдебиетінен өз орнын ала алмай келе жатқаны таң қалдырады” [75].
Сонан соң қозғалыс басталғанын айтып, қолындағы дүниелердің түп-төркінін баяндайды.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы “Сунақата” совхозының “Екпінді” бөлімшесінде тұратын 86 жастағы қарт, руы Балталы Найман, Төлеген ұлы Бекен деген кісіден алдым дейді.
Бағаналы Найманның Тоқболат тайпасына жататын Сарыаталық деген кісіден бес бала: Тілеке, Бердіке, Құлеке, Сеңгірбай, Кенжебай тарайды. (Құлеке нәсілінен Елғон мырзаның қызы Ырысбике туады. 1838 жылы Сегіз сері үйленген. Мұстафа, Мұсайым, Құнәфия дейтін балалары болған).
Құлеке нәсілінен. Жандәулет баласы Қалманбай шығады. Қалманбай тарихи кітаптарға, ертегі-аңыз, ауыз әдебиетін қазақ шежіресін жинақтаған адам. Сегіз сері – Қалманбайға жезде. Ырысбике аталас апасы. Қалманбай хат танып, оқи білген. Бір адамын арнайы Сегіз балаларына жіберіп, оның өмір тарихын, өлеңдерін, нақыл, мәтел, өнегелі сөздерін, жұмбақтап жазған өлеңдерін, толғауларын, шығарған әндерінің сөздерін, шығарған қисса-дастандарын, Сегіз туралы мағлұматтарды көшіртіп алғызған екен (Бұл дерек жарияланған басқа материалдарда айтылмайды Қ.М.).
Жандәулет ұлы Қалманбай туралы бір дерек – Ә.Тәжібаевта [71, 78-79 бб.]. Шәді төреге “Шаһнаманы” қазақшалатқан “Мен Қалманбай жинақтаған мағлұматтардан алып, тіпті қызыққандығым сонша, бірер жылдан кейін көптің жиналған жерінде Сегіз сері шығармаларын жатқа айтатын болдым”, – дейді екен Бекен қария.
Сегіз сері туралы Мәди Болатов: “Нақыл, мәтел, өнегелі сөздері, жұмбақтап жазған өлеңдері, толғаулары ән сөздері, ол шығарған делінген қисса, дастандары толық болмаса да, әркімнің қолында бөлек бір шумақтары, яки үзінді кездеседі. Бір кездерде Сегіз шығармалары ауыздан ауызға айтылып, елге кең тараған болса, бұл күндері ұмыт болып барады” деген алаңдаушылық білдіреді.
“Сегіз серінің менің қолымда – біраз жинақтары бар. Анық ашып айтқанда, тетрадь қағазымен есептегенде 150 парақ, 300 бет сөзі және өлеңдер жинағы бар. Осының ішінде, Сегіз сері ауырып, төсек тартып жатқанда шығарған толғауын әркімдерден көріп жүрмін 20-30 жолдан артық емес. Ал менің қолымда осы ауырып жатқандағы толғауы 350 жолдан асып, 400 жолға тақап қалады (Бірақ бұл толғауды біз таппадықҚ.М.).
Мәди Болатовтың жолдаған жазбалары күн өткен сайын танымдық құны өсе түсер деректер. Сегіз Сері жайлы кейінгі зерттеу, жарық көрген жинақ авторларының кәдесіне жараған мәлімет, айғақтар.
Әлкей Марғұлан “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырының көпнұсқалылығына қатысты зерттеуінде Сегіз Сері жайлы құнды дерек келтіреді.
“Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырының бір әдемі нұсқасын қағаз бетіне түсірген – атақты Сегіз Сері (1808-1854). Ол ХІХ ғасырдың бірінші жартысында жасаған атақты сері. Туған жері – Обаған төңірегінен, ажамайлы керейлерінен, қыстаулары Маманай орманының іші. 12 жасына дейін ауылдағы мектепте оқып, содан кейін Омбыдағы Азия мектебін (Азиатская школа) бітіреді (1828). Осы жылдары Омбыда отырып “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырын жазады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет