Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет24/85
Дата01.03.2023
өлшемі1,9 Mb.
#70870
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   85
Арғымақ жабы көрінер
Аса шауып болдырса
Бәйтерек сабау көрінер
Жапырағы түсіп қуарса.
Арғымақ өсіріп не керек?
Артынан жабы жеткен соң


Ағайын туған не керек
Аңдысып күні өткен соң.
“Замана” толғауынан Бұхар, Шортанбай, Дулат сарынын көреміз.
Мырзалардың көңілі жай,
Ішкендері қант пен шай.
Соңынан халқын ерте алмай уайым жеген көсем, көпке сөзін өткізе алмай дал болған шешен, бектен аса алмай бұққан би, тарыққан батыр.
Сегіз сері өлеңдері ұлт-азаттық қозғалыстар заманының белгілі бір кезеңдегі қалпы жайлы шындықты аша түсуге себепкер. ХІХ ғасырдың бел ортасындағы беймаза шақтың көкірек құрты – қасірет дерті Сегіз өлеңдеріне түсті. Алды тұман, арты күмән, дүрбелең уақыттың – Шортанбай мен Дулаттың зар заманының, хан Кененің тар заманының қасірет күйі, уы, зәрі Сегіз толғауларын да шарпыды.
Орыс алып Еділді,
Мекені көптің тарылды.
Қазақ пен ноғай зар жылап,
Екі жаққа жарылды…
Оның ұлт-азаттық сарынды ту еткен, жаугершілік заман рухын түсірген өлеңдері дәл Махамбетше асқақтап, айбындап айтылмаса да – өткір, таусылмайтын ұлы арманға толы.
Сегіз серінің батырлары – халық батырлары. “Жарлыға теңдік күнді әперем деп, әскер жинап, шатыр тіккен, азаттықтың жасыл туын көтерген” ерлер.
Ұлт-азаттық қозғалыстар қазақ тарихында аз емес. Соның әсіресе өршіген жалпыхалықтық ұлы қозғалысқа айналған кезеңі – ХІХ ғасырдың бел ортасы. Сегіз серінің шығармашылық мұрасына, өміріне тоқталуда оны өзінің осы бір алапат заманынан тыс алып қарау, еш мүмкін емес. Сал-сері деген қазақ ұғымында сұлу құшып, сәнмен топ құрап, серуен-сайран құрып жүретін, халықтың сұлулыққа, мәңгілікке құштар жүрегінің қалауы – идеалы болса, Сегіз серінің кезеңі қазақ өнеріне ол ұғымнан әлдеқайда күрделі, кереғар өлшемдер сыйып жатқан, мазмұн-мән жағынан мүлде бөлек із қалдырған өнерпазды әкелді.
Сегіз серінің “Үбі батырға сәлемі”, “Көтібар батырға жоқтау”, “Бұғыбай батырға сәлемі”, “Туған еліме”, “Қыз сипаты”, “Қашқын келбеті”, “Ер Исатай”, “Исатайға жоқтау”, “Өкініш”, “Жәңгірдің он екі биіне келеке”, “Шомбал биге айтқаны” дейтін шығармаларын Исатайдай, Үбідей, Бұғыбайдай, Көтібардай батырлардың халықтық сипаты, ел үшін жан беріскен күрес шағы аса шешен, аса көркем, аса нанымды баяндалады. Ұлықтарға мін, сын айтуда алдына жан салмайды.
Әспембет би – ылаң
Шман төре – шаян
Қарауылқожа – қабан
Егіз қарсақ болғанда,
Балқы – түлкі
Жетуінің жемінде елдің мүлкі…

Жол тонаған ұрыны


Он екі төбет қорғайды”, –
деп, Жәңгірді жол тонаған ұрыға, оның он екі биін төбетке теңейді. Ұсқынсыз кейіпкерін әр қырынан келтіруге, есте қалар өшпес суретпен орнықтыруға тым шебер. “Жыртқыштарға қатты ұқсар, жем іздерде келбеті” сияқты жолдар – құлқын, мінез, пиғыл, сырт пішін біртұтас сыйып тұрған ұтқыр, тапқыр өлшемдер.
“Дайындық” өлеңі ұрыс, жаумен, қақтығыс, шайқас жайын баяндайды. Отаршылдық езгіге қарсы тұрған жыр-толғаулар қатарына жатқызуға болады.
Тастай қашқан дұшпанның
Қаруын түгел жинатып,
Қолға түскен жендетін,
Тергеуге алдың қинатып
Айналып дұшпан келер деп,
Зеңбірек сүйреп төнер деп
Үңгірлерге көп бекіндік,
Жазықта жүрсек көрер деп.
Сегіз серінің аса көп барған, ар жақ – бер жағын түгендеген жайының бірі – әлеуметтік теңсіздік мәселесі. Отаршылдыққа наразылық. Сегіз сері хан –төре, би мен бек халқына қайтсе жақпақ дегенді көп айтады. Қатты айтады. Әлеуметтік үні ашық естілген Сегіз серінің алғашқы өлеңі – “Горчаковке”. Бұл шығарма негізінде жазалаушы отрядқа бар деген нұсқауға қарсы туған. Сол қарсылыққа жас офицер жігіт халық мұңын, сол кездің саяси ахуалына, отаршылдық саясатқа, замананың беталысына өз көзқарасын қоса сөйлейді.


Жер-суымды алғандай,
Елімді қанға малғандай
Елден-жерден қуғандай,
Горчаков, саған не қылдым…

Озбыр саясатқа, қиянатқа, ел қорғаны болған ерлердің тұқымын тұздай құртуға кіріскен сұмдыққа тосқауыл қоймақ. Ақын жеке бастың наразылығынан бірте-бірте қалың қазақ елі бастан кешіп отырған қуғын-сүргін, айтыс-шабыс, берекесіздікке ойысады.
Осындай істің дүмпуі,
Жиғызды жұрттан сарбазды.
Бас көтерді әр жерден
Кіші жүздің елдері
Сол елге басшы болмаққа
Атқа мінді ерлері…
Бұл жерде Сегіз сері сөз жоқ, Исатай-Махамбет жөнінде де айтып отыр. Жалпы, мұзбалақ қыранды қанатынан қайырған сол заман саясатына көзқарас-бағада Сегіз сері көп жағдайда ақиық ақын Махамбетпен үндес.
Махамбеттің қазақ ерлеріне арнап айтқан отқа оранған, ұрысқа шақырған жырларының сарыны Сегіздің басқа да шығармаларында кездесіп отырады.
“Исатайға жоқтауда” Сегіз сері замананың ақиық тұлпарына теңеу таппай “қиналады”. Өкініш пен қайғының салмағына жаншылып отырып, жалын мен отқа оранған бас батырдың бейнесін қайта тірілтеді.
Талтүсте атын ойнатқан,
Офицерін патшаның,
Ұстап алып байлатқан.
Мылтық пенен садақты,
Өзі жөндеп, өзі атқан.
Бас бармақтай бөдене,
Басына байлап көзге атқан.
Қара арғымақ қатырған,
Қара лашын ұшырған,
Жігітке сұлу құштырған,
Сұлтандарды жаулаған.
Момынның малын даулаған
Жолбарыс, қабылан аулаған
Алдына жауын шақыртқан
Жүгенсіз кеткен ұлықты
Дүреге жығып бақыртқан…
Сегіз серінің отаршылдыққа қарсы, көкірегін кек кернеп отырып туғызған шығармасының бірі – бұрын жарияланбаған, арнайы сөз болмаған “Орал тау” өлеңі. Қуғын-сүргінде жүріп айтқан жан зары. Қашып жүрген сәттің көңіл-күйі түскен өлең.
... Орал тау, шыңың биік көкке өрлеген
Білсең де болып тұрсың түк көрмеген.
Бұл өлең сол дәуірдің шындығынан, ел мен жердің саудаға түскен қасірет жайын айтады. Айтқанда да небір айшықты теңеуге, жер сұлуына деген құштарлыққа толы сезім сырына орап айтады.
Жалпы Сегіз сері мұрасы жайлы көп айтылып жатқандай көрінгенімен, ол еңбектерде бірін-бірі қайталау, өмірбаян деректерін жаңалық ашқандай жаңғырта баяндау, қайсыбір ән-өлеңдер төңірегіндегі ойды, олардың туу-тарихын, сақталу, кейінгіге жету әңгімесін көбірек айту басым. Сөз жоқ, белгілібір дәрежеде танымдық дерегі мол, Сегіз бейнесін әр қырынан аша түсуге септігі көп болған еңбектер. Алайда қайта-қайта тамсанып айта беруді қоятын уақыт жетті. Енді Сегіз сері мұрасына әдеби талдау, талғам, таразы, түр, мазмұн-мән, көркемдік кестелер тұрғысынан тереңірек үңілу қажет. Сегіз серінің шығармаларының жанры, оның өлең үлгісі, ән-өлең, орындаушылық шеберлік сырлары, көркемдік қитұрқылары жағынан қарастырып, жүйелеуге негіз боларлық көп дүние бар.
Сегіз Серінің “Ақбет”, “Қарғаш”, “Тілеуқабақ”, “Назқоңыр”,“Бозқараған”, “Мақпал”, “Ғайни”, “Гауһартас”, “Сарыбидай” сияқты өлмес өлең, ән маржандары ән үлгісі, музыкалық күйі жөнінен өнер зерттеушілер тарапынан да жан-жақты зерттеле түссе – нұр үстіне нұр.
Сегіздің ән өлеңдері негізінен – ғашықтық лирика. Сегіз сүйген сұлулар, қазақ қызының қайталанбас сипаты жайлы көп дерек, аңыз бар. Олардың ақиқатын аршу да бүгінге парыз.
Сегіз сері мұрасын қарастыруда әлі де айғақтай аша түсуді қажет етіп жатқан мәселелер аз емес. Оның әр жанрда, басқаны былай қойғанда халқымыздың ән-әуен әлемінде қалған мұрасы мамандардың, ғылыми бағасын тұжырымын күтіп жатыр.
Сегіз серінің өзі айтқандай “кеудедегі жыр қоймасы” – кең. Оны тауып, танып тауысып айту – бір күннің ісі емес.
Жылқыдан таңдап таратып,
Тұлпар міндім астыма.
Маржанмен буып төбесін
Дулыға кидім басыма, – деп асқақтаған,
Жарқабаққа соғылар,
Дауыл тұрса толқының
Қуғын көрген мен дегдар –
Жағаңда талай толқыдым, –
деп сыр шерткен ақынның өмірбаяны да көп күдіктен, күмәннан аршып алуды күтеді.

Сегіз серінің шығармашылық мұрасын қарастыруда аталған негізгі сарындар ХІХ ғасырдағы әнші лирик ақындардың көпшілігінің шығармашылық мұрасымен үндесіп жатыр. Олардың дара шығармашылық сырын ғылыми негіздеу жалғасын таба бермек.
Соңғы жылдары “Сегіз сері ойдан шығарылып, қолдан жасалды, өмірде мұндай өнерпаз болған жоқ” дегендей үзілді-кесілді байламдар да болды. Бұл жөнінде мәселенің біржақты қалмауын, Сегіз Сері жайлы алыпқашпа қисындарға негіз болған қайсыбір деректердің мәнін, себебін байыппен қарауды, шын сырға бойлауды “қарсы” жақтар ортақтаса отырып қарастыра түссе, нұр-ұстіне нұр болар еді.
Ескерту: Сегіз серінің қарастырылған шығармалары Н. Әбутәлиевтің “Сегіз Сері” (1991) [77], Т. Сүлейменовтің “Сегіз сері” (1991) [76] жинақтарынан, мерзімді басылымдардан, ҚРҰҒА. Қолжазба қорынан алынды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет