Дәрілерді тынысжолдарына енгізу Тыныс жолдары мен өкпенің әртүрлі ауруларында дәрілерді бірден тыныс жолдарына енгізу қолданылады. Көбінесе дәрілік зат аэрозоль түрінде онымен дем алу – ингаляциясы – арқылы енгізіледі, кейде дәрі ерітіндісі резеңке түтік немесе арнайы құрал-бронхоскоптың түтікшесі арқылы кеңірдекке құйылады. Пенициллинді интратрахеальді енгізу өкпенің жедел және созылмалы абсцесін (ірінді ісік) емдеуде жақсы нәтиже береді. Дәріні тыныс жолына енгшізгенде жергілікті, резорбтивті және рефлекторлы әсер етуге болады.
Жоғарғы тыныс жолдарының жай қабынуы мен баспаны емдеуде қарапайым ингалятордың көмегімен булы ингаляция жасау бұрыннан бері қолданылып келе жатыр. Жылытылып тұрған сулы бөшкеде пайда болған бу ағыны бүріккіштің көлденең түтігімен шығарылады да тік бөлігіндегі ауаны сиретеді, осының салдарынан дәрілік ерітінді стаканнан тік түтіктің бойымен көтеріледі де бумен ұсақ бөлшектерге бөлінеді. Дәрі бөлшектері бар бу шыны түтікке түседі, оны науқас аузына сальып 5-10 минут сонымен тыныс алады (демді ауызбен алып, мұрынмен шығарады). Үйде ингалятордың орнына шәйнекті қолдануға болады, оның тұмсығына қағаз немесе пластмасс түтік кигізіледі, ауыз арқылы дем алады, шәйнекке шөптің тұнбаларын және сода құюға болады.
Булы ингаляторда дәрі бөлшектері біршама ірі болады, сондықтан олар өкпеге жетпей жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабатында тұрып қалады. Неғұрлым ұсақ бөлшекті (альвеолаларға жете алатындай) аэрозоль болу үшін күрделі бейімделулері бар ингаляторлар қолданылады, бірақ ол да бүріккіш үшбұрыш қағидасына негізделген. Аэрозоль жасау үшін будың орнына ауа немесе оттегі пайдаланылады, оны бүріккіштің көлденең түтігіне әртүрлі қысыммен айдайды, ал тік түтікпен дәрі көтеріледі, мысалы пенициллиннің ерітіндісі, онымен науқас белгілі бір уақыт бойы тағайындалған мөлшеріне жеткенше дем алады.
Дәрілерді сыртқа қолдану тәсілдері 1. Дәріні теріге май, эмульсия, ерітінді, тұнба және т.б. формада жағады. Қолданылуы көбінесе жергілікті әсерге, айқын дәрежедегі рефлекторлы және аздаған дәрежедегі резорбты әсерге негізделген. Зақымдалмаған терінің сіңіру қабілеті көп емес, тек майға еритін заттар, көбінесе шаш фолликулалары мен май бездерінің шығару жолдары арқылы сіңіріледі.
Қолдану тәсілдері: жағу, компрестер, ұнтақ себулер, сүртулер, жарақатты таңу. Дәріні жағу әрқашан таза теріге, таза құрал-саймандармен және мұқият жуылған қолдармен жүргізіледі.
Теріні зарарсыздандыру немесе рефлекторлы әсер ету үшін науқастың терісіне йод тұнбасын немесе 70% спирт ерітіндісін жағады. Бұл үшін мақта тампоны бар залалсыздандырылған таяқшаны йодқа малып, теріге жағады (содан кейін таяқшаны лақтырып тастайды). Мақтаны йодқа малу үшін таяқшаны йоды бар флаконға батырмайды, флаконның ішіндегі йодты мақта үлпіршектерімен ластамау үшін йод тұнбасын жайпақ ыдысқа біраз құйып алған жөн. Йод тұнбасытығыны тығыз жабылмайтын ыдыста ұзақ сақталғанда спирттің булануы есебінен оның қоюлануы мүмкін. Қоюланған йод тұнбасын терінің нәзік бөлімдеріне жағу күйдіруі мүмкін.
2. Көз ауруларын емдегенде әртүрлі дәрілік заттардың ерітінділері және майлар қолданылады. Қолдану мақсаты – жергілікті әсер, бірақ конъюктивтің сіңіру қабілетінің жақсылығын есте сақтаған жөн және осы мүмкіндікті ескере отырып мөлшерлеу керек. Көзге дәрі тамызу пипеткамен жасалынады. Бұл үшін төменгі қабақты тартып тұрып шырышты қабатқа тамшыны тамызады. Көз майын арнайы шыны қалақшамен көздің сыртқы бұрышына конъюктивтің шырышты қабаты мен көз алмасы арасындағы сызыққа жағылады.
3. Мұрынға дәріні жергілікті, резорбты, рефлек -торлы әсер ету мақсатында ұнтақ, бу (амилнитрат, мүсәтір спирті), ерітінді және май түрінде қолданады. Ұнтақтар мұрынға дем алған ауамен кіреді: оң жақ мұрын қуысын жауып тұрып, ұнтақты сол жақ мұрын қуысы арқылы ішке тартады және керісінше. Тамшыларды пипеткамен енгізеді, бұл кезде науқас басын артқа қарай шалқайтады. Майлы шыны қалақшамен жағады. Жағуды дәрілер зондқа оралған мақта тампонымен жүргізеді, содан кейін мақта тампонын лақтырып тастайды, ал зонд дезерітіндіде залалсыздандырылады.
4. Құлаққа да дәрі пипеткамен тамызылады. Дәрілік заттардың майлы ерітінділерін дене температурасына дейін жылытқан жөн. Оң жақ есту жолына тамызғанда науқас сол жақ қырына жатады немесе басын солға қарай қисайтады, және керісінше. Дәріні енгізгеннен кейін сыртқы есту жолы мақта тампонымен жабылады.
5. Әйел жыныс жолдарына әсер ету үшін жағуға және жуып-шаюға арналған дәрілер қынапқа какао-майда жасалынған шариктер, әртүрлі сұйықтықтар мен майларға матырылған мақта-дәкелік тампондар, ұнтақтар, ерітінділер түрінде енгізіледі. Медикменттер көбінесе жергілікті әсер етеді, өйткені қынаптың зақымданбаған шырышты қабаты арқылы аз мөлшерде сіңіріледі. Шайып жуу арнайы қынаптық ұштығы бар Эсмарх кружкасының көмегімен немесе алмұрт тәрізді резеңке баллонмен жүргізіледі, бұл кезде науқастың бөксесінің астына дәрет ыдысын қояды. Жуып шаю үшін дәрігердің тағайындауымен дәрілердің жылы ерітінділері немесе емдік шөптердің тұнбалары қолданылады.