Тыныс алу жиілігін анықтау
Тыныс ырғағының, жиілігінің,
тереңдігінің бұзылуы
Тыныс алу мүшелері ағзаны оттегімен қамтамасыз етуге және одан көмір қышқыл газын шығару қызметін атқарады. Дені сау адамның тыныс алу қимылы минутына 16-дан 20-ға дейін болады, бұл адамның жасына, жынысына, дене бітіміне байланысты. Дене қызуының көтерілуі, қобалжуы, дене еңбегімен айналысу тыныс алу жиілігін арттырады.
Тыныс алу жиілігін науқасқа байқатпай санау керек. Осындай мақсатпен науқастың білегін алып, тамыр соғуын анықтағандай болады, ал екінші қолын науқастың көкірек клеткасына қойып оның бір минуттағы қимылын санайды.
Тыныс алатын орталығының қызметі зардап шеккен кезде тыныс алу сирейді. Ауыр жағдайларда Чайн-Стокс, Биота және Куссмауль типтес патологиялық тыныс пайда болады. Чайн-Стокс тынысы – дем алу қимылдарының оқтын-оқтындылығымен сипатталады. дем алу қимылдарының арасында біртіндеп өсетін және тыныс толық тоқтап қалғанша азаятын үзілістер болады. Биота тынысы қалыпты, ырғақты тыныс алумен сипатталады, ол арасында 1 минутке дейін созылатын ұзақ үзілістермен сипатталып отырады. Куссмауль тынысы қалыпты сирек тыныс алу циклдермен, шулы дем алу және дем шығаруы күшеюімен сипатталады.
Дәрілік емнің тәсілдері мен әдістері
Дәрілік заттардың негізгі түрлері және қолдану әдістері
Емдеу бөлімшелерінде дәрілік заттарды жаздырып алу, сақтау, есебін жүргізу және тарату
Дәрілік терапия емдік шаралардың ең маңыздысы болып таьылады. Емнің жетістігі көп жағдайда мейірбикенің тағайындалған дәрілік затты науқасқа білікті және сауатты енгізуіне байланысты болады. Ауруханада емделіп жатқан науқастарға дәрілік заттарды жаздырып алу арнайы талап қағаздарына жазылады. Дәрігер күнделікті бөлімшедегі науқасты қарап, оған қажетті дәрілік заттарды және олардың мөлшерін, қабылдау реттілігі мен енгізу жолдарын медициналық картаға жазып отырады. Бақылаушы мейірбике күнделікті науқастың медициналық картасынан арнайы дәптерге немесе тағайындау парағына көшіріп жазып алады. Бақылаушы және емшара мейірбикелері әрбір науқасқа бөлек-бөлек барлық тағайындалған заттарды жазып бөлімшенің аға мейірбикесіне береді. Аға мейірбике бұл мәліметтерді жинастырып, белгілі бір форма бойынша жаздырып алады. Науқастарға жасалатын инъекция жайындағы мәліметтер инъекция жасайтын емшаралық мейірбикеге беріледі. Дәріханадан дәрілерді алу жөнінде талап тізімі болады. Бұл талап қағаздарында бөлімше меңгерушісінің қолы болуы тиіс.
Бөлімшеде үш күнге жететін қажетті дәрілік заттар болуы тиіс. Улы және есірткі заттар мен этил спиртінің талап қағазы, штампы бар арнайы бланкте латын тілінде жазылып, емдік мекеменің басшысының немесе емдеу жөніндегі орынбасарының қолы мен мөрі қойылады. Бұл қағазда этил спиртінің концентрациясы мен препараттардың енгізу жолдары көрстеіледі. Улы және есірткі, аса тапшы, қымбат дәрілер бөлек жазылып, науқастың аты-жөні, сырқатнамасының нөмірі, диагнозы көрсетіледі. Дәріханадағы дайын дәрілік формаларды аға мейірбике күнделікті алып, ал дайындауды қажет ететін дәрілерді келесі күн алады. Жедел керекті дәрілік затты дәріханаға сол күні дайындап береді. Дәріханадан дәрілік затты алғанда аға мейірбике тапсырысқа сәйкестігін тексереді. Дәріханада дайындалған дәрілік формада препараттың нақты атауы, мөлшері, дайындалған күні және дәрілік затты жасаған фармацевтің қолы жазылған белгілі бір түсті этикеткасы болуы қажет.
Бақылаушы мейірбике түрлі дәрілік заттарды, керектісін тез табу үшін қалай реттеп салу керек? Жарықта бүлінетін, бөлме температурасында өз қасиетін жоғалтатын, буланып ұшып кететін дәрілік заттарды қалай, қай жерде сақтау қажет?
Дәрілік заттарды енгізу тәсілдеріне байланысты бөлу қажет. Барлық ампуладағы және флакондағы стерильді ерітінділер емшара бөлмесінде: шыны шкафтың бір қатарында – антибиотиктер мен оның ерітінділері, келесі қатарында тамшылатып құятын ерітінді флакондары 200-500 мл, қалған қатарларында А (улы) Б (әсері күшті) тізіміне кірмейтін қораптағы ампулалар (витамин, дибазол, папаверин, магний сульфат ерітінділері) тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |