Ісінулер. Жүрек жетіспеушілігі кезіндегі ісінулер үлкен қан айналу шеңберінде қанның іркілуінен және ағзада сұйықтық жиналуынан пайда болады. Науқас жүріп жүрсе ісік аяқтарында, ал төсек тартып жатса сегізкөзде, жауырында, бел аймағында болады. Ісінулер аймағында тері жылтыр, тегіс, керілген болады. Оны басқанда ұзақ сақталатын ойық пайда болады. Жүрек жетіспеушілігінің ары кеткен уаыр кездерінде пайда болатын сұйықтық іш қуысына жиналса – асцит, плевраға жиналса – гидроторакс, перикард қуысында болса – гидроперикард, бүкіл дененің ісінуі анасарка деп аталады.
Адам тәулігіне 1,5-2л зәрі бөледі. Бұл тәулігіне қабылданған сұйықтықтың 70-80%. Егер зәр мөлшері тәулігіне қабылданған сұйықтық көлемінің 70-80% -нен аз болса, теріс диурез дейді, яғни сұйықтықтың бір бөлігі ағзада қалып қояды. Егер зәр мөлшері тәулік бойы қабылданған сұйықтықтан артық болса, онда диурезді оң дейді. Оң диурез зәр айдағыш дәрі ішкеннен кейін ісінулердің қайту кезінде де көрінеді. Су балансы жағдайын дене салмағын өлшеу арқылы да бақылауға болады. Дене салмағының күрт артуы ағзада сұйықтықтың кідіруін көрсетеді. Төсек тартып жатқан және зәр айдағыш дәрі қабылдайтын науқастарды дәрет ыдысымен, зәр қабылдағышпен қамтамасыз ету қажеттігін есте сақтаған жөн. Іш қуысында көп мөлшерде сұйықтық жиналған кезде емдеу және диагностикалық мақсатта іш қуысын тесу (парацентез) жүргізіледі. Бұл шараны іске асырарда өте сақ болу керек, өйткені бірден көп мөлшерде сұйықтық алғанда науқаста коллапс болуы мүмкін.
Төсек тартып жатқан жүрек жетіспеушілігі бар науқастарда ісінулер болатын жерлерде – сегізкөз, бел және жауырында – трофикалық өзгерістер жиі дамиды, сондықтан бұл жерлерде ойылулардың пайда болу қауіп өте жоғары. Сол себертен ойылулардың алдын-алу шараларының маңызы ерекше.
Талу – бұл бас ми қан айналымының жедел жетіспеушілігі салдарынан қысқа уақытқа естен тану. Әдетте талу жүйке-психикалық қатты әсер кезінде (шошыну, қатты ауырсыну, қанды көру), тыншу бөлмеде, қатты шаршағанда болады. Бұл кезде науқастың басы айналып, құлақтарында шу пайда болып, көзінің алды қарауытып, есінен танады. Терісі мен көрінетін шырышты қабаттары бозғылт тартады, аяқ-қолдары суынады, суық жабысқақ тер жабады, АҚ күрт төмендейді, тамыр соғуы жіп тәріздес болады. Талу әдетте 20-30 минутқа созылады да, содан кейін науқас есін жияды.
Көмек: Басына қан келу үшін аяқ жағын көтеріп жатқызу керек, қысып тұрған киімдерін шешіп, таза ауамен қамтамасыз ету керек. Науқастың бетіне суық су бүркіп, самайы мен кеудесін уқалауға және мұрнына үмсәтір спиртіне батырылған мақтаны жақындатуға болады.