7. Санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес бұйрықтар. Процедуралық кабинеттегі мед. құралдарды зарарсыздандыру алдындағы тазалау, қолды өңдеу. Зарарсыздандыру алдында барлық медициналық құралдарды міндетті түрде тазалау қажет. Яғни, зарарсыздандырылатын заттарды ақуыздан, май қалдықтарынан, дәрілік заттардан, тағы басқа ластардан қолмен немесе механикалық əдістермен тазартады. Бөлшектенетін заттар залалсыздандыру алдындағы тазалауға бөлшектеніп жіберіледі.
Қажетті құрал жабдықтар:
• медициналық құрал-жабдықтар;
• жуу ерітіндісіне арналған ыдыс;
• дистельденген суға арналған ыдыс;
• «Лотос», «Биолот» секілді жуу ұнтақтары;
• 27,5% сутегі асқын тотығының ерітіндісі;
• натрий олеат;
• 1% фнеолфталеин ерітіндісі;
• азоперам ерітіндісі;
• астаушалар;
• тамшуырлар;
• өлшеу-сызықтары бар ыдыстар;
• мақта-дәке тампондары;
• дәке салфеткалар;
• резеңке қолғап, клеенкалы алжапқыш.
Жұмыс тәртібі:
1. Алжапқышты, резеңке қолғаптарды кию.
2. Төмендегі жуу ерітінділерінің бірін дайындау:
а) «Лотос» жуу ұнтағы – 5 г;
27,5% сутегі асқын тотығының ерітіндісі – 17 мл;
натрий олеат – 1,4 г;
50°С-қа дейін жылытылған су – 1 л.
б) «Биолот» жуу ұнтағы – 5 г;
40-45°С-қа дейін жылытылған су – 1 л.
3. Құрал-жабдықтарды жуу ерітіндісіне 15 минутқа салып қою. Қатты ластанған құрал-жабдықтар болса алдын-ала 1% лизоформин (дезинфекциялық ерітінділердің басқа да түрлері) ерітіндісіне 22˚С-та 1 сағатқа салып қойып, кейін 30 секунд ағынды судың астында шаю.
4. Әрбір бұйымды жуу ерітіндісінде дәке-мақта тампонымен 0,5 минут ішінде тазалау.
5. Бұйымдарды ағынды судың астында жуу («Лотос» жуу ерітіндісінен кейін – 10 минут, «Биолот»-тан кейін – 3 минут).
6. Бұйымдарды дистельденген суда 0,5 минут бойы жуу.
7. Зарарсыздандыру алдындағы тазалаудың сапасына бақылау жүргізу:
- фенолфталеинмен тексеру: бақыланатын затқа тамшуырмен 1-2 тамшы 1% фенолфталеин ерітіндісін тамызу. Егер 30 секундта реактив алқызыл түске боялса, онда жуу ерітіндісінің бар болғаны, ал егер түссіз күйінде қалса, онда таза болғаны.
- азопираммен тексеру: универсалды бақылау әдісі. Азопирам ерітіндісін дайындау: 100 мл. ерітінді дайындау үшін 10 г амидопирин және 0,5 г анилиннің тұзды қышқылын өлшеп алу. Оларды құрғақ ыдыста араластырып, 100 мл-ге дейін 95% этил спиртін құю. Дайын ерітіндіні аузы тығыз жабылатын ыдысқа құйып, +4°С-тағы тоңазытқышта екі айға дейін сақтауға, ал қараңғы жерде н/е қоңыр шыны ыдыстарда 18-23°С-тағы бөлмеде 1 айға дейін сақтауға болады. Реактив түсінің сарғаюы оның сапасын төмендетпейді.
Бақылау жүргізудің алдында жұмыс ерітіндісін әзірлеу. Ол үшін бірдей мөлшерде дайын ерітінді мен 3% сутегінің асқын тотығын араластыру қажет. Мақта тампонын ерітіндіге малып алып құралдарды сүрту н/е тамшуырмен 3-4 тамшы ерітіндіні тамызу. Реакция 1 минуттан соң пайда болады. Егер құрал-жабдықтарда қан қалдықтары болса жасыл-көк түске боялады. 2 минуттан кейін пайда болған реакция есептелмейді. Азопирам гемоглобинді, пироксидазды, хлоры бар зарарсыздандыру ерітіндісінің, жуу ұнтағының және қышқылдардың бар-жоқтығын анықтайды.
8. Құрал-жабдықтарды 80-85°С-тағы ыстық ауалы шкафта ылғалы кепкенше кептіру.
ҚОЛДЫ ӨҢДЕУ
Медициналық қызметкерлердің қолын өңдеу туралы жалпы ережелер ҚР-сының Денсаулық сақтау министрлігінің 2013 жылғы 23 сәуірдегі №111 бұйрығымен бекітілген. Бұл ережелер медициналық қызметкердің қолдары арқылы әртүрлі инфекциялық қоздырғыштардың, микроорганизмдердің берілуі мен таралуының алдын алу үшін қажет. Қолды тиімді өңдеуді үшін тырнақты алу, тырнақта лактың болмауы, жасанды тырнақтың болмауы, қолда зергерлік әшекейлер мен сағаттың болмауы деген сияқты шарттарды ұстану керек.
Медициналық қызметкерлердің қолын өңдеудің 3 әдісі бар.Олар:
1) Әлеуметтік - антисептикті қолданбай, қолды сабын және сумен жуу. Бұл әдісті науқастармен тікелей жанасу болмаған кезде (төсек әбзелдерін ауыстыру, үй-жайды жинау,т.б.), пациенттің күтімі бойынша іс-әрекеттерді жүргізу алдында, тамақ дайындаудың және таратудың алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолданады. Қолды EN 1500 стандарты бойынша жуады.
2) Гигиеналық – антисептикті қолдану арқылы қолды өңдеу. Ол инвазивтік емшараны орындамас бұрын, қолғап кимес бұрын және шешкеннен кейін, зақымданған және жұқпалармен жұмыс істеген заттармен қатынастан кейін жүргізіледі. Бұл әдіс кезінде бірінші қолды EN 1500 стандарты бойынша сабынмен және сумен жуады. Содан кейін осы стандарт бойынша қолды антисептикпен өңдейді.
EN 1500 стандарты бойынша:
1. Алақандарды бір-біріне үйкелеп, ысқылап жуу.
2. Оң қолмен сол қолдың сыртынан саусақ арасын ысқылап жуу. Қолды ауыстыру.
3. Екі алақанды қосып, саусақтың ішкі бетін, саусақ арасын үйкеп жуу.
4. Екі қолды қабыстырып, бүгілген күйі бір қол саусақтарының сыртқы жағын екінші алақанға ысқылау.
5. Оң жақ саусақтарымен сол қолдың бас бармағын айналдыра ысып жуу. Білек тұсын ысқылап жуу. Қолды ауыстыру.
6. Оң жақ саусақ ұштарын жұмып, сол алақанға айналдыра ысып жуу. Қолды ауыстыру.
Әрбір қимыл 5 рет қайталанады.
3) Хирургиялық - қолды өңдеу әрбір хирургиялық араласулардан соң, ауыр инвазивті процедуралар алдында (мысалы, ірі тамырлардың пункциясы) жүргізіледі. Қолды хирургиялық өңдеудің мақсаты-қауіпті азайту.
Қажетті жабдықтар:
1. Сұйық дозаланған рН-бейтарап сабын.
2. Өлшемі 15х15 см бір рет қолданылатын, стерильді салфеткалар.
3. Тері антисептигі.
4. Бір рет қолданылатын стерильді хирургиялық қолғаптар.
Қолды өңдеу ережелері:
Қолды хирургиялық емдеу үш кезеңнен тұрады:
1-қолды кейіннен кептіре отырып механикалық тазарту
2-қолды тері антисептикімен екі рет дезинфекциялау
3-қолды стерильді бір рет қолданылатын қолғаппен жабу