10-тарау. Сыйымдылығы үш топқа дейінгі МДҰ-ны күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар 139. Ең аз үй-жайлар жиыны бар сыйымдылығы 3 топқа дейінгі МДҰ-ның жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Қосымша алаңдар бөлу мүмкіндігі болмаған жағдайда мынаған: 1) бір үй-жайда 1 балаға кемiнде 3,0 м2 есебінен ойын және жатын үй-жайларды біріктіруге жол беріледі, бұл ретте жатын аймағында түрлендірілетін (қайырмалы, жылжытылатын, домалатып шығарылатын) кереуеттер орнатылады; 2) киімге және аяқкиімге арналған жеке шкафтармен, орындықтармен жабдықталған ортақ киім шешетін бөлмелерді ұйымдастыруға; 3) буфет-тарату бөлмелерін жабдықтамай топтарда немесе кесте бойынша ортақ асханада тамақтандыруды ұйымдастыруға; 4) топтан тыс асхана ыдыстары мен аспаптарына арналған орталықтандырылған жуу орындарын ұйымдастыруға; 5) дәретханаларда 10 балаға 1 унитаз және 1 раковина орнатуға; 6) балалардың есептік саны 30-дан аспайтын МДҰ-да бір дәретхана бөлуге; 7) дайын өнімдердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда, ас блогындағы үй-жайлар жиынын және технологиялық жабдықтарды қысқартуға жол беріледі: тамақты аймақтарды (тарату орны, шикі өнімдерді, дайын өнімдерді өңдеуге арналған, асүй ыдыстарын жууға арналған) бөлу сақталған жағдайда кемінде 21 м2 болатын үй-жай алаңдарында дайындау; көкөністер мен сусымалы өнімдерді сақтауға арналған аймақтар бөлінген қойма; персоналға арналған үй-жай (бөлінген орын); шикі өнімдерді және персоналдың қолын жуу үшін бөлек жуғыштар, асүй ыдыстарын жуу үшін – пайдаланылатын ыдыстарды толық батыру үшін жеткілікті көлемдегі бір жуғыш орнатылады; көп пәтерлі тұрғын үйдің алғашқы екі қабаттарында орналастырылатын, балалардың есептік саны 30-дан аспайтын сыйымдылығы 3 топқа дейінгі МДҰ-да тамақты аймақтау (тарату орны, шикі өнімдерді, дайын өнімдерді өңдеуге арналған, асүй ыдыстарын жууға арналған) сақталған жағдайда кемінде 12 м2 болатын үй-жай алаңдарында дайындауға жол беріледі. Тамақ өнімдеріне арналған қоймалар болмаған жағдайда сатып алу бір аптадан аспайтын уақытқа жүзеге асырылады; тамақ дайындауға арналған үй-жайдың алаңын 10%-дан асырмай азайтуға; 8) төсек-орын қорын сақтау үшін қойма үй-жайлары немесе шкафтары бар бөлінген орынға; 9) серуендеуді ұйымдастыру үшін үй маңындағы аумақтағы қоршалған ойын алаңын пайдалануға (кесте бойынша серуендеуді ұйымдастыруға жол беріледі); 10) серуендеу алаңында балалар үшін олардың конструкциясының (жинаудың, орнатудың) қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жылдың ыстық уақытында пайдалану үшін құрастырмалы қалқаларды, күркелерді орнатуға жол беріледі. 140. Медицина қызметкері болмаған кезде медициналық қамтамасыз етуді аумақтық медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының жүзеге асыруына жол беріледі. Бұл ретте ауданы кемінде 6 м2 медициналық кабинетті жабдықтау көзделеді. Көп пәтерлі тұрғын үйдің алғашқы екі қабаттарында орналасқан, балалардың есептік саны 30-дан аспайтын үш топқа дейінгі сыйымдылығы бар МДҰ-да медицина қызметкері үшін жеке жұмыс орнын бөлу. Жарақтау көрсетілетін медициналық қызметтерге сәйкес жүргізіледі.