«Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие» мамандығына арналған



бет35/50
Дата21.04.2022
өлшемі202,91 Kb.
#31731
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   50
Байланысты:
кешен балалар әдебиеті

Өмір жолы. Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 29 қазанда қазіргі Ақмола облысының Қызылту ауданында туады. Екі жасында анасы өліп, әжесінің тәрбиесінде болған оның балалық, жастық шағы Баянауыл өңірінде өтеді. Кедейлігінен "Шоқпыт" атанған әкесі Әбубәкір ақ көңіл, жомарт әрі айтқанынан қайтпайтын қайсар да қайратты адам болады.

Сұлтанмахмұт алты жасында әкесінен оқып, хат таниды. Бұдан кейін де Шоқпыт бірде өзі оқытып, енді бірде ауыл молдаларына беріп, баласының оқуын үзбейді. Болашақ ақын 1902-1903 жылдары – Әлі, 1904-1905 жылдары – Тортай, 1906-1907 жылдары Мұқан деген молдалардан дәріс алады. Сұлтанмахмұт үшін әсіресе Мұқан молданың тәрбиесі ерекше болады. Мұқан молда көп оқыған, әдебиеттен хабары бар, өзі де аздап өлең жазатын адам болады. Оқушыларын үнемі қазақ ауыз әдебетінің, шығыс әдебиетінің үлгілерімен таныстыра отырып, шәкірттерін өлең жазуға баулады.

Сұлтанмахмұттың он үш жасында жазылған "Секілді өмір қысқа, жарты тұтам" – деп аталатын алғашқы өлеңі, міне, осы Мұқан молданың ықпалымен туған еді.

 

Секілді өмір қысқа, жарты тұтам,



Надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам.

Аз өмірді ақындық жолға бердім,

Лепес қып түкірген соң молда Мұқан, –

 

деп жазады бұл өлеңінде болашақ ақын.



1908-1910 жылдары Сұлтанмахмұт Баянауылдағы медреседе оқиды. 1911 жылы Троицк қаласынан көрші ауылға келіп, молдалық құрған Нұрғалидан дәріс алады. Нұрғалидың көмегімен бұл кезде ол қазақ, татар тілінде шыққан кітаптарды, газет-журналдарды көп оқиды. Өлең, әңгіме жазуға ден қояды. Білімі толысып, өнерге құштарланған Сұлтанмахмұт қаламынан бұл кезеңде "Дін", "Сарыбас", "Соқыр сопы", "Кезек қашан келеді", "Оқу" атты бірқатар өлеңдер мен "Зарландым" деген әңгіме туады. Оларда талапкер ақын ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасы, өнер мен білімнің пайдасы, байлық пен кедейлік, т.б. туралы толғанады.

1912 жылдың күзінде Сұлтанмахмұт оқу іздеп Троицк қаласына барып, осындағы медресеге түседі. Қуанышында шек болмайды. Көңілін шабыт кернеп, "Оқудағы мақсат не?", "Анау-мынау", "Қандай?", "Зарлау" тәрізді бірқатар өлеңдерін жазады.

Әйтсе де бұл медреседе көп оқи алмайды. Қыс өте науқастанып, амалсыздан Троицк маңындағы қазақ ауылдарына барып, бала оқытады. Өзі де көп оқиды, өлеңдер жазады. Осында жүріп "Ауырмай есімнен жаңылғаным" – деген белгілі әңгімесін жазады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге оралып, осында шығатын "Айқап" журналына қызметке орналасады. Бұл Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолындағы аса табысты кезең болды. Шабыты толысқан ол әр түрлі жанрда көптеген шығармаларын жазады. Атап айтқанда, "Қамар сұлу" романы, "Өлең және айтушылары", "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу, оқыту жайы қалай?" деген тәрізді мақалалары, бірсыпыра өлеңдері осы "Айқап" редакциясында қызмет істеп жүрген уакытында дүниеге келеді. Осында жүріп "Тентектің жинаған шоқпары", "Тамшы" атты жинақтарын әзірлейді. Өкінішке орай, бұл кітаптары жоғалып кетеді.

1914 жылдың жазында ауылда біраз болып, қаржы жинап, үлкен қалалардағы оқуға бармақ ниетпен Сұлтанмахмұт Баянауылға келеді. Ел ішінде бала оқытады, жастар арасында оқуға, мәдениетке шақыратын насихаттық жұмыстар жүргізеді. "Шоң" деп аталатын мәдени-ағарту ұйымын құрады.

Күзде орысша оқу мақсатымен Семейге барады. Бірақ оқуға іліне алмайды, қаржысы таусылады. Көп қиындық көреді. Ақырында Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай деген жерге барып, екі жылдай осы аймақта бала оқытады. Арасында өзі де орысша оқиды. Бірқатар өлеңдерін, "Кім жазықты?" – деп аталатын өлеңмен жазылған романын жазады.

1916 жылдың күзінде Томскіге барып, курсқа ілігеді. Әдебиет, тарих, философия кітаптарын көп оқиды. Қиындықтарға кездеседі, жоқшылық көреді.

Ресей патшасы тақтан құлаған 1917 жылдың көктемінде Сұлтанмахмұт Семей қаласына келеді. Қазақтың оқыған азаматтарымен танысады, араласады, қызметке кіреді. Алаш қозғалысына белсене ат салысады.

1918 жылдың жазында кеңес өкіметі құлаған аласапыран тұсында емделу мақсатымен Сұлтанмахмұт Баянауылға келіп, шығармашылық жұмысын жалғастырады. "Социализм" атты мақала, "Неге жасаймын?", "Осы да әділдік пе?", "Адасқан өмір", "Кедей" поэмаларын жазады. Бұл шығармаларында ақын айналасына көзқарасын білдіреді, өмірге үмітпен қарайды. Өзінің демократтық ой-пікірлерін, түсінігін алға тартады.

1919 жылдың соңында Сұлтанмахмұт Павлодарға келіп, біраз уақыт кеңес өкіметіне қызмет етеді. Бірақ көп ұзамай бойындағы науқасы меңдеп, төсек тартып жатып қалады. 1920 жылы 20 мамырда 27 жастағы Сұлтанмахмұт дүние салады.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет