Тапсырма. Текстті көшіріп, сөйлеу тактысына (дестесіне) көбейтіңдер де, логикалық кідірісті анықтаңдар. Осы тексттердің көп жерінде психологиялық кідірістер қоюға болатынын көрсетіңдер.
1.Қыранның серігі – сұңқар.
Бір Қыран өзіне серік іздеп, әлемге жар салыпты. Құс атаулы жиылып, қыранның алдына келіпті. Қыран: - Кімнің бойында қандай қасиет бар? – деп сұрапты.
Қаз тұрып:
-Мен суда да жүземін, жерде де жүремін, ұша да білемін , - депті.
Жапалақ болса:
-Менен басқа бірде –бір құс түнде ұшып көрген емес, - деп мақтанады.
Осылайша мақтанған құстар аз болмапты. Сонда Қыран анадай жерде тұрған Сұңқарға:
-Сен неге үндемейсің, қане, қасиетіңді айтшы, - депті.
Сұңқар:
-Сыпайылық сақтап тұрмын, тақсыр. Оның үстіне менде әр алуан қасиет те жоқ. Бір ғана қасиетім бар, ол – өзіңіз сияқты талмай самғау, - депті.
Қыран:
-Өз басыңа осы қасиет те жетеді. Ендігі жерде сен ғана менің серігім боласың, - депті.
Осыдан былай нағыз шырқау биікте тек Қыран мен Сұңқар ғана қалықтайтын болыпты. (Т.Қажыбаев)
Өлең сөз кідірісі немесе ырғақ кідірісі
Өлеңді өлең ететін ырғақ болса, қазақ өлеңіндегі күллі ырғақ буынмен үндес. Керек десеңіз, тіпті, ұйқассыз (ақ) өлеңнің өзін өлеңге айналдыратын бірден-бір күш, құрал осы – буын. «Шығармада қолданылатын өлшемді, оның құрылыс кестесіне сәйкес туатын өлең ырғағын өлең сөздегі сан құбылып тұратын дауыс толқынының негізгі арқауы ғана деп қарау керек. Белгілі өлшеммен жазылған өлеңнің өзіндік ырғағы, әуендік сипаты болғанымен, олар дауыстың, үннің мазмұн-мағына, сезім, әсер байлығына сай түрленіп, еркін өзгеріп отырады.
Қай елдің поэзиясында болсын өлең деп ырғақты туғызатын – өлең сөздің қайталанып келіп отыратын мөлшерлі бөлшектері десек, қазақ поэзиясында ырғақ туғызатын – өлең сөздің буын саны тұрақты бөлшектері».
Ырғақ өлеңнің мазмұны, интонациялық құрылымымен астасып жатады.
Азамат үні
Әз армандар болашаққа тұр сілтеп, (11)
Жыламасын (4)
Күлсе адам, күлсін тек. (7)
Жер бетінде бір-ақ ұран –
Ол мынау: (11)
Адам ұлы адамша өмір сүрсін тек (11)
Адам үшін ауа таза, тұрсын көк (11)
Бейбітшілік (4)
Күш береке берсін деп (7)
Тілек айтар, бір-ақ өмір –
Ол мынау: (11)
Адам ұлы адамша өмір сүрсін тек! (11) (Ж.Кенебаев.)
Бұл келтірілген өлеңнің буын саны бірінші, төртінші, бесінші, алтыншы, тоғызыншы жолдарында
он бір (11) буын, екінші, жетінші жолдарында төрт (4) буын, екінші, сегізінші жолында жеті (7)
буын болып қайталанып келіп, ырғақ жасап тұр.
Қазақ тілінде өлең шығарудың негізгі шарты – буын санын бірдей келтіру, яғни өлең өлшеуіші – буын.
«Қазақ поэзиясында ең көп қолданылатын өлең өлшемдері – жеті буынды, жеті-сегіз буынды, он бір буынды, алты буынды өлең, онан да қысқарақ төрт буынды өлең сиректеу кездеседі. Он төрт – он бес буынды өлеңдердің тармағы құрама болып келеді. Яғни жеті буынды екі тармақтан құралады. Тармақтың көлемінде, мөлшерінде үлкен мән бар. Айталық, төрт буынды келте тармақтар бірыңғай қолданғанда сөйлемді, сөйлемшелерді тым қысқа-қысқа құрап интонациялық, синтаксистік құрылымы жағынан үзік-үзік етіп алуға тура келер еді ».
Достарыңызбен бөлісу: |