1.Жеті буынды өлең.
Балаларым, тұрыңдар;
Сөзге мойын бұрыңдар! (Ә.Дүйсенбиев.)
2.Жеті-сегіз буынды өлең.
Биіктен түссең, қол шана,
Ауыр емес оншама.
Сүйресең өрге қол шана,
Жеңіл емес оншама.
Ортақ болсын қол шана,
Жеңіл-ауыр болса да. (Ж.Смақов.)
3.Он бір буынды өлең.
Алматы сұлу едің мұнша неткен!
Құлпырта газондарға гүлдер еккен.
Көз тіксең күлімсірей саған қарап.
Секілді боп кетеді беттен өпкен. (С.Мұқанов.)
4.Алты буынды өлең.
Бұтақтан үзілген
Жарылса анарым,
Моншақтай тізілген
Дәндерін аламын. (Т.Шопашев.)
Қазіргі қазақ поэзиясында бұлардан басқа тоғыз, он үш буынды өлеңдер де кездеседі.
5.Тоғыз буынды өлең.
Көктемде
Маржандай тізіп ап шық суын,
Көк майса, балауса құлпырды.
Күткендей күліп күн шығуын,
Жайқалып балдырған гүл тұрды. (М.Жұмағалиев.)
6.Он буынды өлшем өрнегімен келген өлең.
Халқымның жастық шақ көктеміндей,
Ел көркі ал қызыл еккен гүлдей.
Жас жігер жас ойды құлшындырған
Комсомол – ерліктің мектебіндей. (М.Әлімбаев.)
7.Он үш буынды өлшеммен жазылған өлең.
Сондықтан таңда басыма кеп ой әр түрлі.
Сүйемін күліп, сонау бір оттай шалқуды.
Жүргендей болам ішінде аппақ боранның,
Боранға қарсы қамшылап қойып атымды. (Т.Молдағалиев.)
8.Аралас буынды өлеңдер.
Міне, торғай
Үйін қорғай,
Жер бауырлап зырлайды.
Шырқап биік,
Күнге күйіп,
Қалмай сайрап жырлайды. (С.Сейфуллин.)
Он бір буынды тармаққа он бес буынды тармақтың аралас келетіні де кездеседі:
Шырқау көкті тіреп тұрып төбеммен,
Шымырлатып сыр тартамын тереңнен.
Ай, жұлдызға араласқан
алыстармен танысқан
Адамдардың кіп-кішкентай еместігін көрем мен.
(С.Асанов.)
Төрт буынды тармақ пен он бір буынды тармақ кезектесіп қолданылады:
Сырласайық,
Қызғалдақты иіскеп бір жасайық.
Қыр басайық,
Әмсе бұлай мамырдың тұрмас айы.
Мұңдасайық,
Қос көңілдің пернесін бір басайық. (М.Мақатаев.)
Қазақ өлеңінің дауыстап оқылуында өзіне тән кідірістері болады. Ол – бунақ, тармақ , шумақ кідірістері.
Буындар белгілі ретпен, белгілі мөлшерде топтасып, әр тармақтың бірнеше қысқа бөлшектерге бөлінуіне мүмкіндік береді. Тармақтың осындай ырғақтың құрылымы жағынан жекеленген бір бөлшегін құрайтын буындар тобын бунақ дейміз. Әр бунақта буын кемі екеу, үшеу көбінесе төртеу болады. Осыған орай бунақ кідірісі де болады. Бунақ кідірісі өлеңді оқығанда дауыстың соқпа-соқпа толқыны арқылы сезіледі. Ол қысқа болып келеді.
Мысалы:
Майдалай соқса, майдың қоңыр лебі,
Балауса балбырайды жер желегі.
Тау қалғып, құз құлазып, орман тынып,
Шомғандай терең ойға бәрі тегі. (А.Тоқмағамбетов.)
Өлең арасында қойылған таяқшалар бунақты белгіленген. Енді бунақтың әрқайсысына мысал келтірейік:
Достарыңызбен бөлісу: |