Міржақып Дулатұлының «Алаш» қозғалысы мен партиясына сіңірген еңбегі жайында бүгінгі дәуір көзқарасы. Алаш партиясы — Ресей империясы мен Социалисттік Ресейдің қазақ партиясы болған. Партия Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Ресейдің кризисін қолданып, 1917 жылдың сәуір айында қазақ съезінде партия қабылданып, сол жылдың шілдесінде партия құрылды. Партияның ең маңызды тұлғалары қазақ зиялылары болып, олар Ресей құрамында ұлттық мүддені көздейтін демократиялық құрылымды негізге алатын автономия құру мәселесін алға тартты. Ресей партияның жұмысына тыйым салып, ол 1920 жылда таралды.
Ұлтқа арналған ғұмыр Міржақып Дулатұлы 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің белді мүшесі, Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасағандардың бірі болғаны тарихи деректерден белгілі. Ол 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшырап, босқынға айналған елге көмектесу мақсатында Семей қаласында, қазақ тарихындағы ең алғашқы «Жанар» жәрдем қорын ұйымдастырғандардың бірі. Сөйтіп, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің жұмысына бел шешіп, білек түре кіріседі. Сонымен бірге 1921-1922 жылғы ашаршылық кезінде Алаш зиялылары аштыққа ұшырағандарға жылу жинап беруді қолға алған да Міржақып Дулатұлы пен Жүсіпбек Аймауытовтар еді. Олар осы іске басшылық жасап, бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жиып, ашыққан елге үлестірген. Ол Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі ретінде 1917 жылы Орынборда өткен 1-2-ші жалпықазақ съезіне белсене қатысып, «Алаш» партиясының бағдарламасын жазды. 1917 жылы Қызылжарда сот мекемелерінде, 1918-1920 жылдары Ташкент қаласында Түркістан Республикасының «Ақ жол» газетінде қызмет етті. 1922 жылы Алаш қозғалысына қатысқаны үшін қамауға алынып, Орынборға жөнелтіледі де, сонда қамаудан босатылады.
Міржақып Дулатұлы жырларындағы отаршылдық, жаулап алу, басқыншылық саясатының әшкереленуі. Күрескер шығармашылығындағы ең күшті сарын - отаршылдыққа қарсы күрес сарыны. Халықтың өткен тарихынан хабардар ақын оның бүгінгі ауыр халін суреттегенде нақты - тарихи көзқарас тұрғысынан келеді. "Қазақ жайы" атты өлеңде қазақтың өткен тарихын байтақ сахарада емін-еркін көшіп-қонып тіршілік еткен дейді. Өз хандарына бағынып алаңсыз өмір сүргенін айтады. Уақыт өте ішкі бүтіндігі іріп, Ресей қоластына кіреді. Замандар өте келе, берілген көп уәде аяққа басылып, халықтың мойнына отаршылдық қамыты мықтап кигізілді. Өз елінде, өз жерінде отырып бұратана атанды. Бәріне кінәлі өзіміз екендігімізді ақын былай жеткізеді:
Сыя алмай кең дүниеге таласушы
Таршылық енді көріп сығылысқан
Екі сұңқар таласса құзғынға жем,
Берекесін бұл қазақ сөйтіп құртқан.
Осы бір тарихи шындықты жөн-жөнімен саралап, әсерлі өлең тілмен жеткізеді, оқушысына ой сала, толғанып жазады. Мұнда көтерілген мәселе - көшпелі ел тұрмысындағы ең күрделі жер мәселесі. Байтақ даланың әр пұшпағында қазақ тарихының өшпес ізі, әр заманда қан болып тамып, тер болып төгілген таңбасы, әр ұрпақтың өзіне қымбат жәдігерлері бар. Осының барлығын ақын күнделікті өмірдің нақты көріністері арқылы, ұлттық санаға етене жақын ұғымдармен жеткізеді:
Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,
Мұжыққа хош-аман боп барасың ба?
Қасиетті бабамыздың зияраты
Қалдың ғой көшесінің арасында.
Моншаға зияраттың тасын алып,
Ағашын отқа, мұжық, жағасың да...
Отарлау саясатының экономикалық зардабы осындай болғанда, елдік пен егемендікке, дәстүрлі салт-санаға тікелей нұқсан келтірген әлеуметтік зардабының одан кем болмағаны "Сайлаулар хақында" деген өлеңінен көрінеді:
Шыққалы болыс сайлау қырық жыл өтті,
Сол сайлау байқасаңыз түпке жетті.
Ұлы Абайдың мінеулері ("Болыс болдым мінекей", "Мәз болады болысың") Міржақып өлеңінде жаңа бір күшпен шенеледі.