"ЕҢСЕГЕЙ БОЙЛЫ ЕР ЕСІМ" - тарихи жыр. Көлемі - 7000 жол. Дәстүрлі эпик. жанр
арнасында жазылған. Жырдың 1938 ж. Қазанғап Байболұлынан жазып алынған бір нұсқасы
"Есім хан туралы" жыр деп аталады. Ақын мұны ел есінде қалған тарихи аңыз-деректерге
сүйене отырып жырлаған. Жырдың алғашқы "Шыңғыс хан", "Тәуекел хан" деп аталатын
тараулары Шыңғыстың, Тәуекелдің өмірге келуі және хан тағына көтерілуі туралы аңыз
сарындарымен басталады да, олардан бергі қазақ хандарының тарихына қысқаша шолу
жасайды. Шығарманың бұдан кейінгі тараулары Есім ханның ер жетуі мен жорықтарына, оның
заманындағы тарихи оқиғалар мен ел басқару үлгісін баяндауға арналған. Есім хан туралы
өлеңмен жазылған жыр-аңыздар Шығ. Түркістан қазақтары арасында да ұшырасады.
К.Байболұлынан жазылып алынған жырдың бұлардан ерекшелігі Тараз, Шымкент, Сайрам,
Ташкент, Түркістан жерінде болып өткен сол кездің тарихи оқиғалары мол қамтылуында.
Аталған жырдың қолжазбасы Орт. ғыл. кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы. Авторы
белгісіз. Жырда 7- 8 буынды шүбыртпалы ұйқас пен 11 буынды қара өлең үлгісі ауысып келіп
отырады. Жырдың шағын үзіндісі "Ана тілі" газетінің 1990 жылғы 31 мамырдағы санында
жарияланған.