21. «Бүгінгі қоғамда Еріктер көп пе, Тағандар көп пе?» (О.Бөкейдің «Атау кере» повесі бойынша) Оралхан Бөкейдің «Атау кере» атты повесі – бүкіл адамзаттық мәселелерді қозғап, адамдар арасындағы қарым-қатынас төңірегінде оқырманды ойға батыратын таңдаулы шығарма. Шығарманың «Атау кере» деген тақырыбы да ерекше. «Атау кере» сөзі ел ішінде адамдардың күнделікті қарым-қатынасында қолданыла бермейтін, шарасыздықтан айтылатын зілді, мағынасы ауыр сөз. Атау кере – адамның өлер алында ішетін соңғы асы, ел арасында «атау кере ішкір» деген де тіркес бар.
Повес сюжеті елден жырақ, таудың басында жалғыз-ақ үйде тұрып жатқан Ерік пен Айна, Еріктің анасы Нүрке(ұлты – орыс, діні - мұсылман), Еріктің жолдасы Таған туралы өрбиді. Шығарма кейіпкерлерінің портреті бір-бірімен мейлінше байланыспайды. Шығармада сюжет әрине бар. Бірақ автор шығарманы оқиға желісіне орайлатып емес, адамзатқа тән рухани аштық пен жалғыздыққа бағыттаған. Мұндағы басты кейіпкер – Ерік. Ерік ұнамды кейіпкер емес, оның маскүнемділікке салынса да терең ойлап, ұшқыр сөйлейтін досы Тағанның ақылы көп, мақсаты айқын. Себебі Еріктің бар есіл-дерті – ақша табу, байлыққа мастану, аң аулау, қиялдағы қызға ғашық болу. Сол дүниеқоңыздық пен тойымсыздығының кесірінен ақыр аяғы анасын өлтіріп тынды, бар тіршілігін жасап, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып отырған жарын бақытсыз қылды. Біздің қоғамда да Ерік секілділер аз емес. Неге?
Себебі, Ерік секілді жандардың көбеюіне – өзіміз кінәліміз. Бала дүниеге келгеннен бастап, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», алдына бар тапқанды тосып, үлде мен бүлдеге орап өсіреміз. Мұндай ұрпақ адал астың, қара судың, еңбектің тәтті дәмі не екенін білмейді. Содан бар дегеніне жетіп, мәпелеп өсірген ата-анаға қарсы шығып, аяулы жарын етектен тебеді. Осылайша бақытты боп отырған қазақтың бір отбасы құртылады.
Екіншіден, атақ-даңқ,байлыққа қызығып, көрсеқызарланып кететін ашкөздік –адамның өмірге келген миссиясын білмеуінен, білімінің аздығынан. Адам бұл өмірге шүкірлік айтып, аманатқа қиянат жасамай, мейірімлді боп, жақындарды бақытты ету үшін келді. Көп жан құмарлық пен надандықтың етегінен кете барады да, соңынан жақындары, балалары, әйелі жылап қалады. Мұндай қоғамның болашаққа қадам басуы екіталай.
Мен Таған секілді жандардың барын жоққа шығарып отқан жоқпын. Сондай білімді, ойы ұшқыр, алысты болжай білетін, мақсаты айқын жандардың арқасында еліміз тәуелсіздік алып, көптеген ғылым саласында үлкен жетістіктерге жетіп, еліміз күннен күнге өркендеп, дамып келеді. Менің арманым – ұлт үшін жанын пида етіп, қара басының қамын ойламайтын азаматтар көп болса екен.