Қайшылыққа толы ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Ресей империясының шеңберiнде қысылған, езiлген халықтың ұлттық сана-сезiмi оянып, ерiктiкке, халықтың өз бостандығына деген құштарлығы оянады; халық зорлық-зомбылықтың негiзiнде жартылай қырылып, геноцидке (тұқымымен құру) түсе жаздап, Кеңес заманының алғашқы кездерiнде түпкiлiктi түрде көшпендiлiк өмiр салтымен қоштасып, жерге отырады, сауаты ашылып, мәдениетi дамиды. Жергiлiктi халықтың саны күрт төмендеген соң, оның кең-байтақ бай жерiне басқа ұлттар мен ұлыстардың өкiлдерi өз еркiмен, я болмаса қуғын-сүргiнге ұшырағаннан көптеп келе бастайды, қазақ елi көпұлттық елге айналады. Жаңа қалалар бой көтередi, тау-кен өндiрiстерi тез қарқынмен дамиды, тың жерлер бұрынсоңды болмаған қарқынмен игерiле бастайды. 70 жылдардың аяғы, 80 жылдардың басында Кеңес Одағы iрiпшiрiп, империя күйзелiске ұшырайды, соның нәтижесiнде 90 жылдары Кеңес Одағы ыдырап, оның орнында жаңа тәуелсiз мемлекеттер пайда болады. Қазақ халқының жүздеген жылдар бойы армандаған ел бостандығы жүзеге асып, Егемен Қазақ Елi дүниеге келедi. Сонымен, ғасыр трагедиямен басталса, соңында халықтың шаттыққа толы жарқын үмiттерiмен, оның жаңа мемлекет орнатудағы құлшынысымен аяқталып, ХХI ғасырға ұласады. Мiне, жоғарыдағы айтылған тарихи өзгерiстер мен көлемдi оқиғалар философия саласында терең толғауларды тудырып, отандық ой-талғамды жаңа сатыға көтередi. 309 Ендi әңгiменi нақтылай келе, ХХ ғ. ұлы ойшылдардың философиялық шығармашылығына назар аударайық. Кеңес дәуiрiнiң бастапқы кезiндегi ахуалды бiз жоғарыда әңгiме еткен болатынбыз. Әрине, кеңес заманын сыңаржақты бағалауға болмайды. Көп нәрсенi жоғалтқанымызбен, қол жеткен жетiстiктерiмiз де аз болған жоқ. Әсiресе 50 жылдардың аяғынан бастап, жеке басқа табыну әшкереленгеннен кейiн, қоғамның өрлеуi басталды. Қазақстандағы тың игеру үдерiсi елдi көпұлттық қоғамға әкелдi. Жер байлығы игерiлiп, жаңа қалалар, жоғары оқу орындары, театрлар мен кiтапханалар, мұражайлар бой көтердi. Философия саласына келер болсақ, Қазақ Мемлекеттiк университетiнде арнаулы факультет ашылып, кәсiби философия дүниеге келiп, олар зиялылар тобының iшiнде ерекше орынға ие болды. Сөйтіп, ұлттық тарихта классикалық философия дискурсының үлгiсiмен қалыптасқан философиялық ой-өрiс дүниеге келдi. Қазақ философтары маркстiк парадигманың (үлгiнiң) шеңберiнде әсiресе 60 жылдары үлкен жетiстiктерге жеттi. Бiршама дарынды жас философтар жоғарыдан түсiрiлетiн «тапсырмалы тақырыптардан» бас тартып, сол кездегi саяси жағынан алғанда қауiпсiз логика саласына назар аударады. Оларды айрықша көзге іліндіріп, дүниежүзiлiк деңгейге көтерген философия саласы – ол диалектикалық логиканың категориялық құрылымын байытып, тереңдетуге арналған зерттеулер едi. Бұл зерттеулерге аса қомақты үлес қосқан Ж.Әбділдин, А.Нысанбаев, М.Хасанов және олардың шәкiрттерiн айтуға болады. Философия мен жаратылыстану саласындағы байланыстарды зерттеуге Қ.Рахматуллин, М.Сәбитов, З.Мұқашев, А.Балғымбаев, В.Зорин, М.Изотов т.б. ғалымдар өз үлесiн қосты. Немiс классикалық философиясының (Г.Гегель, И.Фихте) қойған адам мәселесі, оның ерiктiгi мен жасампаздық iс-әрекетi, жаттану, т.с.с. мәселелерiн терең талдап, маркстiк тұрғыдан дамытқан көрнектi ғалым Қ.Әбішевтi және оның шәкiрттерiн ерекше атауға болатын сияқты. Қазақ философиясында ерекше орны бар тұлға – А.Қасымжанов. Ол алғашқылардың бiрi болып, Әл-Фарабидiң философиясын зерттеп, оны өз халқымен тағы да қауыштырды. Сонымен қатар өз халқының тағдыры, қазақ, жалпы түркi руханиятына арналған оның еңбектерi – ғалымнан болашақ ұрпақтарға қалған асыл мұра. Философияның өзектi салалары саналатын этика ғылымының отандық философиядағы iргесiн қалаған Г.Ақмамбетовті, эстетика бойынша Б.Қазыханова, Қ.Нұрланованы және олардың шәкiрттерiнiң қызметiн атап кетуге болады. 319 Ендi әлеуметтiк философияға келер болсақ, қазақ халқының тарихына алғашқылардың бiрi болып философиялық сараптау жасап, көшпендiлiктен жаңа өмiрге өту үдерiсiн мазмұнды талдаған Д.Кiшiбеков болды. Қазақ халқының ғасырдың аяғында тағы да бiр өтпелi кезеңнен өту үдерiсiне байланысты ғалым бүгiнгi таңдағы өзгерiстердi сараптап, нақтылы да тиiмдi ұсыныстар бердi. Қоғамның әлеуметтiк құрылымын терең талдап, бүгiнгi өтпелi қоғамдағы әлеуметтiк рестратификация (қайта құрылу) мәселесiн зерттеуге қомақты үлесiн қосып жүрген М.Әженовті және оның шәкiрттерiн атаймыз. Бұл тұлғаның философиялық кадрларды дайындауға қосқан үлесi де ерекше. Қазақстанның кеңес заманында «халықтар достығының лабораториясына» айналуына байланысты ұлтаралық қатынастарды зерттеуге ерекше көңiл бөлiнген болатын. Бұл мәселенi зерттеуге қомақты үлес қосқан Н.Жанділдин, М.Сужиков, А.Айталы, Т.Сәрсенбаев, Р.Әбсаттаров, Н.Байтенова, Н.Малинин т.б. ғалымдарды атауға болады. 60-80 жылдары қоғамдық қатынастардың нормативтiк табиғатын, дәстүрлi мәдениеттiң даму жолдарын зерттеп, өзiндiк iзiн қалдырған көрнектi ғалым Н.Сәрсенбаевты атау керек. 80 жылдардан бастап әлеуметтiк таным әдістемесін дамытуға өз қомақты үлесiн қосқан, сонымен қатар отандық философия тарихын зерттеуге атсалысып жүрген ғалым А.Қасабек зиялы қауымға жақсы таныс. Осы кезде ғылыми-техникалық революция және тұлғаның дамуына байланысты Ә.Тұрғынбаевтың бiршама нәтижелi еңбектерi жарық көрдi. Саяси және құқықтық философияға өз үлесiн қосқан Л.Байделдинов, Т.Мустафин, М.Баймаханов, Л.Вайсбергтi атап өтуге болады. Бұл жылдары қоғамның рухани өмiрi, қоғамдық сана мәселелерi де зерттеуден тыс қалған жоқ. Оған ерекше iзiн қалдырған ғалымдар: Қ.Шүлембаев, С.Темірбеков, О.Сегізбаев, Е.Шехтерман, Л.Славин т.б. ғалымдар болды. Әрине, кеңес заманында өмiр сүрiп, шығармашылық тұрғыда еңбек еткен ғалымдардың бәрiн атап, олардың еңбектерiне талдау жасау мүмкiн емес, ол үшiн арнаулы кiтап жазу керек. Жоғарыда аталған тұлғалардың өздерi-ақ елiмiздегi кәсiби философияның биiк деңгейде болғанын көрсетедi деген ойдамыз.