Қиылыс цистернасы, cisterna chiasmatis, көру қиылысының алдында орналасады. Бұл цистерна екі жағынан латералды шұңқырдың цистернасымен байланысады.
Торлы қабықастындағы кеңістік шүйде сүйектің үлкен тесігі арқылы жұлынның торлы қабықастындағы кеңістігіне жалғасады.
Ми-жұлын сұйықтығы ІV қарыншадан оның артқы қабырғасындағы үш тесік арқылы мишық-ми цистернасына өтеді.
Торлы және жұмсақ қабықтарды көптеген дәнекер тінді будалар байланыстырып , бекітіп тұрады.
Торлы қабық құрылымының ерекшелігі - қатты қабық қойнауларының маңында өсетін кішкене өсінділерінің болуы. Торлы қабық (Пахион) түйіршіктері, granulationes arachnoidales, деп аталатын бұл түйіршіктер веналық қойнауларға және бүйір қуысшаларға ашылады. Олар жоғарғы сагитталды қойнауды бойлай жақсы дамыған, басқа қойнауларың маңында аз кездеседі. Олардың кейбіреуі бассүйекке батып өседі, соның нәтижесінде түйіршіктер шұңқыршалары, foveolae granulares, пайда болады. Пахион түйіршіктерінің қызметі: олар арқылы – субарахноидалық кеңістіктегі ми-жұлын сұйықтығы – мидың қатты қабығының қойнауларына өтеді.
Мидың жұмсақ (тамырлы) қабығы, pia mater encephali, мидың ішкі қабығы, миға тығыз жанасып жатады да, оның барлық жүлгелері мен саңылауларына енеді. Бұл қабықта көптеген қан тамырлары өтеді. Жұмсақ қабық ми қарыншаларының қуысына еніп, олардың тамырлық өрімдерін, plexus choroidei, түзеді.
Ми-жұлын сұйықтығының айналымы
Жұлын-ми сұйықтығының, liquor cerebrospinalis, негізгі бөлігі бүйір қарыншалардың тамырлық өрімінде, қалған бөлігі ІІІ және ІV қарыншалардың тамырлы өрімдерінде түзіледі. Сұйықтық бүйір қарыншалардан қарыншааралық тесік(Монрой тесігі), foramen interventiculare, арқылы ІІІ қарыншаға, одан ортаңғы ми суқұбыры, aquaeductus mesencephali (cerebri), арқылы ІV қарыншаға өтеді. Бұл қарыншаның төменгі қабырғасындағы үш: орталық (Можанди тесігі) және жұп латералды тесіктер (Люшка тесіктері) арқылы ми-жұлын сұйықтығы торлы қабықастындағы кеңістікке (мишық-ми цистернасына) өтеді. Ми-жұлын сұйықтығының басты бөлігі торлы қабықастындағы (субарахноидалық) кеністіктен, торлы қабық (Пахион) түйіршіктері арқылы мидың қатты қабығының қойнауларына өтіп, веналық қанға қосылатыны жоғарыда айтылды. Ал, оның аз бөлігі ми қабықтарының жалғасы болып табылатын нервтер қабықтары арасындағы кеңістіктер арқылы лимфа жүйесінебарып құйылады.
Тамырлы өрім құрылымының ми-жұлын сұйықтығына кейбір заттарды жібермей ұстап қалатын қасиеті - гематоэнцефалдық тосқауыл - деп аталады. Оның миды зиянды әсерлерден қорғаудағы маңызы зор.
Ми-жұлын сұйықтығының қызметі: 1. миды, жұлынды механикалық қорғайды; 2. орталық нерв жүйесін қоректендіру (трофикалық) қызметін атқарады; 3. орталық нерв жүйесінің оңтайлы қызмет атқаруын қамтамасыз етеді.