ШЕТКІ НЕРВ ЖҮЙЕСІ
Шеткі нерв жүйесіне, systema nervosum periphericum, бассүйек және жұлын нервтері, вегетативтік нерв жүйесінің шеткі бөлігі жатады.
Нервтер – ми мен жұлындағы нейрондардың, шеткі нерв жүйесінің сезімтал және вегетативтік түйіндеріндегі нейрондардың өсінділерінен түзілген.
Орталық нерв жүйесі, шеткі нерв жүйесі арқылы организмнің сыртқы ортамен байланысын (сомалық нерв жүйесі) және ішкі ағзалардың қызметін басқаруды (вегетативтік нерв жүйесі) қамтамасыз етеді.
Нервтер: сезімтал, қозғалтқыш, вегетативтік және аралас болып бөлінеді.
Сезімтал (афферентті) нервтер импулсті рецепторлардан орталық нерв жүйесіне жеткізеді. Олар жұлын түйіндерінде немесе бассүйек нервтерінің сезімтал түйіндерінде орналасқан нейрондардың дендриттері мен аксондарынан түзіледі.
Қозғалтқыш (эфферентті) нервтер – бассүйек нервтерінің қозғалтқыш ядроларындағы немесе жұлынның алдынғы мүйізіндегі қозғалтқыш нейрондардың аксондарынан түзіліп, нервтік импулсті орталық нерв жүйесінен көлденең жолақты бұлшықеттерге жеткізеді.
Вегетативтік нервтер – түйінгедейінгі және түйінненкейінгі тармақтардан, rami preganglionares et postganglionares, түзіліп, нервтік импулсті парасимпатикалық және симпатикалық ядролардан – бездерге, ішкі ағзаларға, тамырларға жеткізеді.
Аралас нервтер – сезімтал, қозғалтқыш, симпатикалық, парасимпатикалық нервтерден түзіледі. Парасимпатикалық нервтер тек кейбір бассүйек нервтерінің құрамында орналасады.
Бассүйек нервтері
Ми діңінен кететін 12 жұп нервтер – бассүйек нервтері, nn.craniales, деп аталады. Рим сандарымен белгіленген XII жұп бассүйек нервтері ажыратылады:
І жұп – иіс сезу нервтері, nn. olfactorii
ІІ жұп – көру нерві, n.opticus
ІІІ жұп – көз қозғалтқыш нерв, n.oculomotorius
ІV жұп – шығыршық нерві, n.trochlearis
V жұп – үштік нерв, n.trigeminus
VІ жұп – әкететін нерв, n.abducens
VІІ жұп – бет нерві, n.facialis
VІІІ жұп – кіреберіс – ұлу нерві, n.vestubulicochlearis
ІХ жұп – тіл – жұтқыншақ нерві, n.glossopharyngeus
Х жұп – кезбе нерв, n.vagus.
ХІ жұп – қосымша нерв, n.accessorius
ХІІ жұп – тіл асты нерві, n.hypoglossus
Нерв талшықтарының құрамы бойынша бассүйек нервтері үш топқа бөлінеді:
Сезімтал нервтер – І,ІІ және VІІІ жұптар.
Қозғалтқыш нервтер – ІV, VІ, ХІ,ХІІ жұптар.
Аралас нервтер – ІІІ, V, VІІ, ІХ және Х жұптар.
Достарыңызбен бөлісу: |