Торлы - жұлындық жол, tractus reticulospinalis, ми діңінің торлы құрылымынан, formatio reticularis, басталып жұлынның алдыңғы жіпшесі арқылы төмен түседі де, алдыңғы мүйізде орналасқан қозғалтқыш ядроларда аяқталады. Бұл жол жұлынның қозғалтқыш нейрондарының қызметіне белсендіруші немесе тежеуші әсер етеді. Торлы құрылымының ядролары үлкен ми сыңарларының базалды ядроларымен байланыста болады.
Үлкен ми қыртысынан мишыққа баратын төмендеген жолдар.
Мишық - ортаңғы мидың қызыл ядросы және көпірдегі кіреберістік ядролармен байланыстары арқылы - бас, тұлға, қол мен аяқ бұлшықеттерінің жиырылуын үйлестіріп отырады.
Үлкен ми сыңарлары мишықтың қызметін басқарып реттеп отырады. Оның бұл қызметі қыртыс – көпір – мишық жолы, tractus corticopontocerebrallis, арқылы іске асады. Бұл жолдың бірінші нейрондарының денесі маңдайлық, шекелік, самайлық және шүйделік үлестердің қыртысында (5 қабатта) орналасады.
Осыған байланысты: маңдай - көпірлік жол, tractus frontopontinus, және шүйде – самай - шеке – көпірлік жол, tractus occipitotemporoparietopontinus, ажыратылады. Олар үлкен мидағы ішкі қапшық, capsula interna, арқылы түсіп ми аяқшасының медиалды және латералды бөліктері арқылы өтеді де, көпірде қыртыс – көпір жолына, tractus corticopontinus, бірігеді. Бұл жол көпірдің меншікті ядроларында аяқталады. Меншікті ядро нейрондарының аксондары қарсы жаққа өтіп көпір – мишық жолын, tractus pontocerebrellaris, түзеді де, мишықтың ортаңғы аяқшасын құрайды. Бұл талшықтар мишық сыңарларының қыртысында аяқталады.
Сонымен, үлкен ми сыңарлары мишықтың қарама – қарсы сыңарларымен байланыста болады. Сондықтан үлкен ми қыртысы неғұрлым күшті дамыса, мишық қыртысы да соғұрлым күшті дамиды.
Мишықтың төмендеген өткізгіш жолдары
Мишық дене тепе – теңдігін қамтамасыз етуге қатысады. Нервтік импулс мишықтың қыртысынан тісті ядроға, одан мишықтың жоғарғы аяқшасы арқылы ортаңғы мидың қызыл ядросына беріледі. Бұл ядролардың аксондары қызыл ядро – жұлын жолын түзеді. Аталған жол талшықтары жұлынның қозғатқыш ядроларында аяқталады. Қозғалтқыш нейрондардың аксондары жұлын нервтерінің құрамында қаңқа бұлшықеттерін нервтендіріп, олардың жиырылу үйлесімділігін, яғни дене тепе –теңдігін қамтамасыз етеді.
Мишық зақымданғанда науқас аяқтарын алшақ қойып, шайқалып, әрең жүреді, бұл симптом “ мас жүрісі” деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |