Сегізкөз өрімінің ұзын тармақтары. Оларға екі нерв жатады.
1.Санның артқы терілік нерві, n.cutaneus femoris posterior, ( - ) сезімтал тармақ, жамбас қуысынан шоңданай нервімен бірге алмұртастылық тесік, foramen intrapiriformе, арқылы шығып, төмен жүреді де, бөкселік үлкен бұлшықеттің төменгі жиегінің астынан, санның артқы бетіне шығады. Бұл жерде нерв жартылайсіңірлі және екібасты бұлшықеттердің аралығымен төмен түседі. Оның сезімтал тармақтары санның артқы бетінің терісін тақымға дейін нервтендіреді. Сонымен қатар, бұл нервтен кететін: бөксенің төменгі нервтері, nn. clunium inferiores, бөксе аймағының төменгі бөлігінің терісін, ал, шаттық тармақтары, nn periniales, шаттың терісін нервтендіреді (63-сурет).
2. Шонданай нерві, n. ischiadicus, (LIV, LV, SI-SIII) адам денесіндегі ең ірі нерв болып табылады. Ол кіші жамбас қуысынан алмұртастылықтесік, foramen infrapiriforme, арқылы шығады Нерв жоғарғы жағында бөкселік үлкен бұлшықеттің астында, одан кейін төмен түсіп үлкен әкелетін бұлшықет, m. adductor magnus, пен санның екі басты бұлшықетінің ұзын басының, caput longum m.biceps femoris, аралығында орналасады. Санның төменгі бөлігінде немесе тақымда шонданай нерві екі тармаққа: медиалды жатқан жуанырағы, шонданай нервінің тікелей жалғасы болып табылатын, асықты жілік нервіне, n.tibialis, және латералды жатқан жіңішкесі – кіші жіліктік жалпы нервке, n.peroneus communis, бөлінеді (64-сурет). Шонданай нервісінің екі тармаққа бөлінуі санның жоғарғы немесе ортаңғы бөлігінде де кездеседі.
Шонданай нервінің бұлшықеттік тармақтары, rr. musculares, ішкі жапқыш бұлшықетті, егіз бұлшықеттерді, санның шаршы бұлшықетін (оларды сегізкөз өрімінің қысқа тармақтары да нервтендіреді) және санның артқы бетіндегі жартылай сіңірлі, m.semitendinosus, және жартылай жарғақты бұлшықеттерді, m.seminemranosus, санның екі басты бұлшықетінің ұзын басын, caput longum m.biceps femoris, және санның медиалды тобына жататын - үлкен әкелетін бұлшықеттің, m.adductor magnus, артқы бөлігін нервтендіреді.