Сегізкөз өрімі
Сегізкөз өрімі, plexus sacralis, IV белдік жұлын нервінің алдыңғы тармағының бөлігінен (LIV ), V белдік және сегізкөздік жоғарғы төрт жұлын нервтерінің (LV, SI-SIV) алдыңғы тармақтарынан құралған. Сегізкөз өрімі алмұрттәрізді бұлшықеттің алдыңғы бетінде жатады. Өрімінің қысқа және ұзын тармақтарын ажыратады.
Сегізкөз өрімінің қысқа тармақтары. Қысқа тармақтарға: бұлшықеттік тармақтар, бөкселік жоғарғы және төменгі нервтер, жыныстық нерв жатады.
1. Бұлшықеттік тармақтар, rami musculares: алмұрттәрізді бұлшықетті, m.piriformis;ішкі жапқыш бұлшықетті, m.obturatorius internus, пен егіз бұлшықеттерді, m.gemelli; санның шаршы бұлшықетін, m. quadratus femoris, нервтендіреді.
2. Бөкселік жоғарғы нерв, n.gluteus superior, (LIV-LV,SI), аттас артерия және венамен бірге жамбас қуысынан алмұртүстілік тесік, foramen suprapiriforme, арқылы бөксе аймағына шығып, бөкселік ортаңғы және кіші бұлшықеттерді және санның жалпақ шандырын қатайтатын бұлшықетті нервтендіреді.
.
62 – сурет. Бөксе аймағының нервтері.
1 – бөкселік жоғарғы нерв; 2 – шонданай нерві; 3 – бөкселік төменгі нерв; 4 – санның артқы терілік нерві; 5 – бөкселік төменгі нерв.
3. Бөкселік төменгі нерв, n.gluteus inferior, (LV-SII), жамбас қуысынан алмұртастылық тесік, foramen infrapiriforme, арқылы аттас артерия және венамен бірге шығып, бөкселік үлкен бұлшықетті нервтендіреді
4. Жыныстық нерв, n.pudendus, (SI-SIV), жамбас қуысынан жыныстық ішкі артерия және веналармен бірге алмұртастылық тесік арқылы шығады. Одан кейін шонданай қылқанын артынан айналып өтеді де, шонданайлық кіші тесік, foramen ischiadicum minus, арқылы кіші жамбас қуысына қайтадан кіріп, шонданай – тік ішектік шұңқырда, fossa ischiorectalis, орналасады. Нерв шұңқырдың латералды қабырғасында, ішкі жапқыщ бұлшықет шандырының ішімен алдыға жүріп, өзінің соңғы тармақтарына бөлінеді:
1) Тік ішектік төмеңгі нервтер, nn.rectales inferiores, айналшықты қысатын бұлшықетті, m.sphincter ani externus, және айналшық аймағының терісін нервтендіреді
2) Шаттық нервтер, nn.perineales, несеп-жыныс көкетінің шонданай-үңгірлік бұлшықетін, m.ischiocavernosus, буылтық-кеуектік бұлшықетін, m.bulbospongiosus, шаттың көлденең беткей және көлденең терең бұлшықеттерін, mm.transversi perine superficialis et profandus, және шаттың терісін нервтендіреді.
3) Ұмалық артқы нервтер, nn.scrotales posteriores, еркектерде ұманың артқы бетінің терісін, ал әйелдерде үлкен жыныс ернеулерінің артқы бөлігінің терісін нервтендіріп - ернеулік артқы нервтер, nn.labiales posteriores, деп аталады.
4) Еркек жыныс мүшесінің сыртқы нерві, n. dorsalis penis, әйелдерде деліткінің артқы нерві, n. dorsalis clitoridis, жыныс мүшесінің (деліткінің) артқы артериясымен бірге нессеп жыныс көкетінен өтеді де, жыныс мүшесінің (деліткінің) арқашығында орналасып, үңгірлі денелерді, жыныс мүшесінің терісін, ал әйелдерде үлкен және кіші жыныс ернеулерін нервтендіреді. Бұл нерв шаттың терең көлденең бұлшықетін, m. transversus perinei profundus, пен үрпіні (несеп шығаратын өзекті) қысатын бұлшықетті, m. sphinter uretrae, нервтендіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |