Нормативтік сілтемелер


Жұмбақтардың тақырыптық түрлері



бет5/18
Дата08.05.2023
өлшемі133,61 Kb.
#91060
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
Жанат Тұрсын диссер

1.2 Жұмбақтардың тақырыптық түрлері
Қазақ жұмбақтарын өзінің құрылысы, айтылуы, мазмұны жағынан іріктеп алғанда, негізінен жеті түрге бөлінеді:
• Қара сөз түрінде айтылатын жұмбақтар алғашқы айтылатын жұмбақтар алғашқы кезде қарапайым сөздерден басталған, соның өзінде де ақыл ойды дамытуда зор рөл атқарған. Мысалы: «Жастық астында жарты күлше» (Бұл айдың жартылаған кезі).
Қара сөзбен айтылатын жұмбақтар бірте-бірте күрделене түскен. Мысалы: «Бір қыз бен жігіт жолаушы жүріп келе жатып, бір ауылдың тұсынан өтіп бара жатқанда, алдынан біреу шығып:
– Мына жігіттің астындағы жорғасын-ай, қасындағы жолдасын-ай! – депті.
Сонда жігіттің қасындағы қыз:
– Бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі. Мен сонда бұл жігіттің кімі боламын? – депті. Сонда қыз бен жігіттің жақындығы қандай болады?»
Міне, бұнда туыстықты жұмбақ еткен. Сөйтіп, қара сөзбен айтылған жұмбақтар ғана жай сөйлем, күрделі құрмалас сөйлем, тіпті қысқа әңгіме түрінде де кездеседі. Оған мысал ретінде «Ел аузында» кітабынан «Жұмбақтың шешілуі» деген әңгімені алуға болады.
• Жұмбақ ертегілер. Қара сөзбен айтылатын жұмбақтардың тағы бір түрі – жұмбақты ертегілер. Жұмбақты ертегілер қызықты келеді. Оқиғасы қою, әрбір айтылған сөздерінде үлкен мән-мағына жатады. Тыңдаушысын үлкен ойға жетектейді. Өзінің барлық мазмұны жұмбаққа ғана құрылған ертегілер қазақта аз емес. Оған «Жұмбақшыл патша», «Қыз бен қара құл», «Қарт пен тапқыр жігіт», «Қарттың ұлына айтқан өсиеті», «Аяз би», тағы басқа ертегілер жатады.
Бұрын қазақта күйеу таңдаған дана қыз жұмбағын шешкен кісіге тием деп серт беретін. Оның мысалы ретінде «Аяз би» ертегісіндегі Меңді қыздың сертінен айқын танылады.
Бір қарт өзімен бірге жүріп келген жас жігіт туралы: «Сөзінде кесапаты зор жігіт», – дейді. Қызы: «Қандай кесапат көрдіңіз?» – дегенде, қарт: «Ойбай, шырағым, оның күні бойы сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: «Жол қысқартайық», – деді. Мен: «Жол қалай қысқарады?» – деп едім. Ол: «Бір-бірімізді кезек арқалап отырайық», – деді. Мен оған: «Біз бір-бірімізді қалай арқаламақшымыз?» – дедім.
Мұнысы былай тұрсын. Бір кезде пісіп тұрған егінге кез келіп едік: «Ата, мына егін желініп қойған ба, желінбеген бе?» – деп сұрады. «Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?» – дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын. Бір кісі өліп, оны табытқа салып қойғалы апара жатыр екен, соны көре сала: «Ата, мына адам шын өлген бе, өтірік өлген бе?» – дейді. Онан шығып келе жатыр едік: «Ата, жаңағы адам өлмеген екен», – дейді. Міне, мен оның осындай төрт кесапатты сөзін естідім», – дейді.
«Әке, бұл сөздерге түсінбеген екенсіз. Оның бірінші: «Кезек арқаласып отыралық», – дегені: «Кезекпе-кезек әңгіме айтып отырайық, жол қысқарғандай болып, тез жетіп қаламыз», – дегені. Екінші: «Мына егін желінген бе?» – дегені: «Байдікі ме, кедейдікі ме?» – дегені екен. Байдікі болса, кісі жалдап, өз көлігімен жыртып, өз тұқымын себеді, өнімін ертең өзі алады. Ал бұл желінбеген болып саналады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік жалдап жыртады да, түскен өнімі борыштан аспайды. Сондықтан ол шикідей жеп қойғанмен бір есеп болады. Үшінші, ана өлікті: «Өтірік өлген бе, шын өлген бе?» – деп сұрағаны: «Баласы бар ма?» – дегені. Ол адамды қабірге салғанда, оның балалары қабірдің басында барлығы білініп, жылап тұрған шығар, «Өлмеген адам екен» дегені – сол болу керек. Артында қалған баласы бар адамның аты жойылмайды, сондықтан ол өлмеген», – деген екен. Сіз сол арасының жұмбағын шеше алмаған екенсіз», – деген соң, қарт өзінің қате ойлағанын сезеді де, жігіттің қолын алып: «Мен сенің айтқан сөздеріңе түсіне алмай, ішімнен соған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің, мына менің қызыммен екеуіңнің ақылың тең, екеуің бірге өмір сүріңдер», – деп қызын соған беріпті.
Міне, бұдан біз жұмбақ ертегілер даналыққа құралғанын байқаймыз. Жұмбақ ертегілер жай ертегілерден гөрі анағұрлым кең толғаныста болатын ерекшеліктерімен танылады.
• Өлеңмен айтылатын жұмбақтар. Жұмбақтың көпшілігі өлеңмен айтылады. Мұндай жұмбақтарды жаттап алуға қолайлы. Бұл жұмбақтардың шешімдері кейде өлеңмен, кейде жай сөзбен шешіледі. Жұмбақ өлеңдердің көркемдік шеберлігі – терең мазмұнды мен аллегориялық суреттеуінде. Қара сөзбен айтылатын жұмбақтарға қарағанда, өлеңмен айтылатын жұмбақтар жаттауға жеңіл, көркем де, әуенді болып келеді. Мысалы:
Күнде есебін жаттайды,
Ешбір тыным таппайды.
Алмайды бір тағат,
Оның аты … (сағат).
Үрлесең іші кебеді,
Босатсаң ұшып кетеді.
Жұп-жұқа қарын домалақ,
Оны жару оңай-ақ. (Шар).
Көк жүзінде көк доға,
Жер жүзінде жоқ доға.
Көзбен көріп болжайды,
Қолмен ұстауға болмайды. (Бұлт).
• Жұмбақ айтыстар. Өлеңмен айтылып, өлеңмен шешілетін жұмбақтардың қамтыған тақырыптары біріне-бірі байланыс жоқ жеке заттар төңірегінде ғана болса, жұмбақ айтыстардың қамтитын тақырыптары біріне бірі жалғасып, байланысып жатқан, өресі кең, мол дүниеге айналып кетеді.
Жұмбақ айтыстарда бірнеше жұмбақтарды төгіліп бірден айтады да, соның шешімін табанда тауып, өлеңмен қайтаруды талап етеді. «Жұмбақ – ақындықтың ұрығы, дәні тәрізді», – деген М. Әуезов. Айтыс – аяқ астынан жауап беру үшін өте ұшқырлықты, шеберлікті, зеректікті қажет етеді. Жұмбақ қазақ ақындарының айтыс өлеңінен ерекше орын алатын болған. Мәселен, Әсет пен Рысжанның, Нұржан мен Сапарғалидың айтыстары жұмбақтау түрінде жырланған.
• Жұмбақпен айтылатын шешендік сөздер. Қаз дауысты Қазыбек ел аралап жүріп, бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоғына қарамастан, әйелі қонақтарды жақсы күтіпті. Сонда Қазыбек: «Әйелі мұндай, мұның ері қандай екен?» – деп тамашалап, жүре қоймай отырғанда үйіне ері келеді. Қараса, ері ұя бөріктеу ғана адам екен.
Қазыбек әзілдеп, жолдастарына қарап былай депті:
Жарандар, бұл сөзімнің мәнісі бар,
Мәнсіздің мәндіменен не ісі бар?
Құданың құдіретіне қарап тұрсам,
Жапалақ үйрек алған бір ісі бар.
Сонда әйел Қазыбектің сөзіне түсініп қалып:
Биеке, ол сөзіңнің мәнісі бар,
Мәнсіздің мәндіменен көп ісі бар.
Жапалақ ілген құсын місе тұтпай,
Ол да қоңыр қаздан дәмесі бар, – депті.
Сонда Қазыбек әйелге риза болып:
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы емес пе!
Атың жаман болса,
Шыбын жанның азабы емес пе!
Қатын жаман болса,
Бұл жалғанның тозағы емес пе!
Туған балаң жақсы болса,
Тән мен жанның шырағы емес пе!
Мінген атың жақсы болса,
Бұл дүниенің пырағы емес пе!
Алған жарың жақсы болса,
Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе! – депті.
• Есеп жұмбақтар. Қанша жаңғақ?
Портфелімде әуелі он үш жаңғақ бар еді.
Науат пен Маратқа,
Самат пен Сағатқа,
Апасына Қанаттың,
Екі-екіден тараттым.
Қанша жаңғақ қалғанын,
Айта қойшы ал, жаным! (С. Қалиев).
Неше алма?
«Бес» алған Асанға – бес алма,
«Төрт» алған Досанға – төрт алма.
«Үш» алған Хасанға – үш алма,
«Екі» алған Бошанға – неше алма? (Қ. Жұмағалиев).
• Диалогқа құрылған сұрақ-жауап жұмбақтар. Мұндай жұмбақтарды көргені мен, білгені мол, білімді, зерек адамдар ғана тез шеше алады. Мысал ретінде Шоқан мен Саққұлақ шешеннің әңгімесін алуға болады.
«Дидарласа отырып Шоқан Саққұлақ шешенге тосын сұрақ қойып:
– Ақсақал, біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды? – дейді.
– Шырағым, көнеден сұрайды, – дейді шешен.
– Көне адасса, кімнен сұрайды?
– Көне адасса, көргендіден сұрайды.
– Көргенді адасса, кімнен сұрайды?
– Көргенді адасса, көптен сұрайды.
– Көп адасса, кімнен сұрайды?
– Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.
– Көп оқыған, кімнен сұрайды?
– Көп оқыған неге адассын! Әлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп, оның Үмбеталы жырау туралы дастанын өзің де менен сұрап анықтап алған жоқпысың? – дейді шешен».
Жұмбақтарды адамның жас ерекшеліктеріне байланысты саралайтын болсақ, оны мектепке дейінгі кезең, мектептегі кезең, жалпы ересек жандарға арналған кезең деп бөлуге болады.
Жұмбақтар мен жұмбақ айтыстар баланың ойын, қиялын шарықтатып, қисындық пайымдау қабілетін дамытады, оны тапқырлыққа баулиды. Академик М.Әуезов: «Жұмбақ – өткір, ұшқыр ой түйінін топшылаған, поэтикалық қасиеті күшті, тәрбиенің тамаша құралы. Ол бүгінгі біздің дәуірімізде де өзінің керектілік қасиетін жойған жоқ», – деген болатын. Жұмбақ адам баласы санасының даму процесінде әр алуан құбылыстарды түсініп, білуге жетектеу, талпындыру, баланың ой-өрісін, қиялын кеңейтуді көздеу мақсатынан туған. Жұмбақтардың әсемдік дүниесі көзге бірден шалынады. Олардың сыртқы құрылысы ойнақы, тілге жеңіл, оңтайлы, оқушылардың рухани қабілеттерін, бәрінен бұрын эстетикалық сезімін дамытады. Сөйтіп, адамдардың эстетикалық қажеттілік, яғни шындыққа, жақсылыққа және әділеттілікке ұмтылу сияқты ең биік рухани қажеттілік пайда болады. Мысалы, «Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды» /күннің көзі/ – деген жұмбақтағы басты мағына – күн шапағын жұқа жібек матамен салыстыру, өрнектелген сандықтың әшекейлігін насихаттау ғана, олардың адам өміріне қажеттілігін түсіндіру.
Қазақтың қазіргі заман жұмбақтары әр алуан тақырыптарға құрылуы мүмкін.
Қазақ жұмбақтарын мазмұн жағынап қарағанда, өзге де көп халықтардағы сияқты бірнеше үлкен тақырыптарға бөлуге болады: бірінші – жаратылыс, екінші – адам, үшінші – жасанды зат, төртінші – еңбек, бесінші – білім жайында.
Сөйтіп. еңбекші халық маңайдағы жанды-жансыз затты еңбек арқылы танып, өмірінде кездесетін барлық пайдалы затты, еңбек ісін, жұмбақ сөзбен сипаттап, оны көпшіліктің игілігі етіп отырған.
Жұмбақтың күрделі саласының бірі – жаратылыс дүниесін жұмбақтау. Жаратылыс қазақ жұмбағында ерекше орын алады. Жаратылысты жұмбақтап айтуда көбірек орын алатын, әсіресе, аспан әлемі мен жер. Әлемді, аспан көлемін жұмбақтап айтқанда оны – кең сарай, байтақ дүние, көк шатыр бейнесінде, не шірімейтін, үсімейтін қасиетпен суреттейді.
Мәселен:
Дүниеде бір дарбыз бар солмайтұғын,
Жаз шіріп, қыста үсіп тоңбайтұғын,
Жаһанның жерін, суын, жәндіктерін
Іші кең бәрін сақтап толмайтұғын [3, 19].
Кейде көк жүзін жойқын дария бейнесінде жұмбақтайды:
Көріп едім бір үлкен дарияны,
Барша қыз мекен етіп жатыр оны.
Ішінде ерді байлы екі аққу бар,
Жарықтық жеті сарбаз балалары.
Мұнда дария – көк аспан болса, қыз дегені – шытырман жұлдыз, екі аққу дегені – ай мен күн, жеті сарбас балалары – жеті жарық жұлдыз.
Күннің көзін жұмбақтаса, оны не алма сипатында, не күміс табақ түрінде, не сандық түрінде суреттейді.
Мәселен:
Алтын алма тербеледі,
Кейде бүркер алма жүзін,
Үлпа мақта перделері,
Шешуін мүпың кім біледі
(күн).
Не болмаса:
Ақ сандығым ашылды
Ішінен жібек шашылды
(күннің көзі), -
деп тамылжыған күннің сәулесін құлпырған ақ жібек бейнесінде айтады.
Ай жүзін жұмбақпен түсіндіру үшін оның су бетіне түскен көлеңкесі мен мезгілі арқылы бейнелейді. Бұл сурет халық қиялының поэзиялық бейнені өте сүйетіндігін көрсетеді.
Мәселен:
Қонақтап күн де келер су бетіне,
Пар келмес гауһар затты келбетіне.
Мекені су жүзінде көрінеді,
Тамаша қарап тұрсам суретіне [3, 58],
(ай жүзі).
Аспан әлемінен жұмбақ болған заттың бірі – жұлдыз. Жұлдыз қазақ жұмбағында көбінесе моншақ, меруерт, не қыз түрінде бейнеленеді.
Көп моншақ үй үстіне қойдым шашып,
Қарасаң, толып жатыр, көзіңді ашып.
Үйіме сәулеленіп түссе жарық,
Кетеді әлгі моншақ бәрі қашып.
Жұлдыз кейде ұсақ тас түрінде де айтылады. Аспан, ай, жұлдыз, планеталарды қосып жұмбақтағанда:
Қиырсыз бір теңіз бар ол немене?
Құбылып қалқиды алтын бір тегене.
Сансыз құс жүреді ойнап ортасында.
Алты қаз бен жеті үйрек, үш бөдене.
Бұл жұмбақта аспан әлемі қиыры жоқ жойқын теңіз бейнесінде айтылса, үркер – алты қаз бейнесінде айтылып. жеті қарақшы – жеті үйрек бейнесінде айтылып, үш бөдене дегені – Үш арқар, таразы дейтін жұлдыз деуге болады.
Аспан көлемінен жұмбаққа мазмұн болған нәрсенің бірі – найзағай. Бір кезде халық жаратылыстаң жаны бар деп және найзағайды, желді, дауылды жаратылыстан тысқары күш деп түсінген. Жаратылыста ерекшелік сыр, қасиет бар деп түсіну қазақ жырында да жиі кездеседі. Найзағайды жұмбақтап айтқанда оны былай дейді.
Аспанда бір нәрсе бар жылмыңдайды,
Тау басында жүгіріп қылмыңдайды,
Жанына жан иесі жақын келсе,
Бақырып бас салуға тайынбайды
(найзағай).
Бұлтты жұмбақпен айтқанда оны қанатсыз ұшатын, аяқсыз кезетін бір зат бейнесінде көрсетеді.
Бір кеме аспанда ұшқан аяғы жоқ.
Ұстаған қолдарында таяғы жоқ,
Күнінде талай жерге кетер кезіп,
Нәрсенің бұл секілді саяғы жоқ [3,70],
(бұлт).
Жерді жұмбақпен суреттегенде, оны өлшемсіз пішілген бір дүние түрінде, не ұшы-қиыры жоқ масаты кілем түрінде бейнелейді:
Зер-зер кілем, зер кілем,
Көтерейін десем зор кілем [3,52],
(жер).
Бір жатқан зор кемеңгер қара кісі,
Қимылдар сол кісіден елдің тісі,
Талқандап беті-жүзін тырнасаң да,
Бір ауыз неге үйттің деп болмайды ісі.
Сөйтіп қазақ жұмбағында жердің мегзеуі болған нәрселер: масаты кілем, өлшеусіз пішілген дүние, жайын, алып, кемеңгер кісі, кәрі ана тағы басқалар.
Суды жұмбақпен айту үшін оны не жылан түрінде, не өзінің құбылысымен келтіреді.
Мәселен:
Жылт-жылт еткен,
Жырадан өткен [3, 72] (су).
Болмаса:
Ақ жылан аяғы да, көзі де жоқ,
Сөйлеген не бір ауыз сөзі де жоқ,
Тоқтамай қысы-жазы жүре берер,
Бір сәтке аялдайтын жері де жоқ (су).
Жұмбақтардағы жер көлеміне кіретін заттардың ең байы өсімдік, оның ішінде көбінесе екпе өсімдіктер. Мәселен: бидай, арпа, сұлы, тары, күнбағыс тағы басқалар.
Егін халық тіршілігінде негізгі қоректің бірі. Сондықтан, оның еңбекпен табылатын бағасы да халық жұмбағында жеткілікті айтылады.
Жеп жатарға жасқанбай бірді берсең,
Он аларсың біріне бір күн көнсең,
Еш уақытта еңбегің еш болмайды.
Әрекет қып, беріп ал тіліме ерсең (егін).
Астықтың ішіндегі ең пайдалысы бидай екенін және оның маржандай сыртқы әдемі түрін:
Бір ағашта қырық бұтақ,
Қырық бұтақта қырық ұя,
Қырық ұяда, қырық жұмыртқа
Қырық жұмыртқада қырық балапан
(бидайдың басы).
Жемісті жұмбақтап айтқанда, оның елжіреген нәзіктігін, еріп, үлбіреп тұратынын және онын ішіндегі пайдалы дәнін көрсетеді.
Үлпершекке қан құйып,
Үріпш талға байладым (қарақат).
Сөйтіп, еңбекші халықтың тіршілігі еңбекке байланысты болғандықтан олар әрқашан өздерінің өміріне, тіршілігіне керек болған заттарды үнемі жұмбақ етіп отырады.
Қазақ жұмбақтарының күрделі бір тақырыбы – төрт түлік мал, жалпы хайуанаттар жайына арналады.
Мал өсіріп кәсіп еткен, оның сырын жақсы білген халық төрт түліктің өзіне тән мінезі мен қасиетін, адам баласы үшін жасайтын қызметін, келтірер пайдасын айтып жұмбағына қосады.
Төрт түлікті жұмбақ еткенде, әрбір малдың аты айтылмайды, тек мүшелері айтылады. Бұл тақырыптағы жұмбақтар:
«Төсек асында төрт бауырсақ»
(сиырдың емшегі),
«Екі кісі қарауыл қарады,
Бір кісі шөпшек терді»
(түйенің өркеші) -
секілді болып келеді.
Хайуанаттар дүниесінен жұмбаққа қосылатыны: қасқыр, қоян, аю, жолбарыс, арыстан, түлкі т.б.
Бұларды жұмбпқтпғанда, олар сыртқы бейнесімен, мінез-қылығымен алынады. Кейде жыртқыш аңдар жұмбақ көлеміне өздерінің адам баласына төрт түлікке жасайтын қастығымен енеді.
Мысалы .
Белестен шапқан бесті ат,
Бүлкіл келген желісті ат,
Кезетсізді іздейді,
Малдан күдер үзбейді, -
деп қасқырды сипаттайды.
Хайуанаттармен қатар, қазақ жұмбақтарының шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, бақа-шаян, т.б. қысқасы барлық жәндіктер дүниесі орын алады. Бұлар өздерінің түс-түрі, сыртқы белгілерімен, әр түрлі тіршілігімен жұмбаққа енеді. Бұл тақырыптағы жұмбақтар:
«Ұшқанда өлең айтады,
қонғанда жер қазады» (қоңыз),
«Кішкене ғана қара тас,
атан түйе тарта алмас» (қарақұрт),
«Ат басты, арқар мүйізді,
бөрі кеуделі, бөкен санды» (шегіртке),
сияқты болып келеді.
Жұмбақтардың аса бір мол тақырыбы – еңбек-кәсіп құралдары және тұрмысқа керекті жабдықтар жайына арналады. Бұл тақырыптағы жұмбақтар үлкенді-кішілі құрал-саймандардан бастап, ыдыс-аяқ, ине-жіпіке дейін қамтиды. Арба, шана, қамыт сайман, ер-тұрман, балға, балта, қысқасы барлық шаруа құралдары, үй жабдықтары, киім-кешек, ыдыс-аяқ, т.б. жұмбақ көлеміне енеді.
Мысалы:
Ізі бар, қадамы жоқ аяғының,
Тимейді ұшы жерге аяғының.
Қос қолды хайуанға арта салып,
Салады әуезіне баяғының -
деп арбаны суреттейді.
Немесе:
«Өзі батыр, жасырынып жатыр» (қақпан),
«Тұрса түйедей, жатса қояндай» (ер-тоқым),
«Алдын айпар, жанын жайлар» (шалғы),
«Ерте тұрдым, екі айыр жолға түстім» (шалбар),
«Бір тышқанда екі құйрық) (ине, жіп),
«Кішкене ғана ақ күшік, жүгіре-жүгіре буаз болды» (ұршық) т.б.
Қазақ жұмбақтарының тақырыбы жағынан әрі күрделісі, әрі көбі, оқу-білім, өнер, техника жайын суреттеуге арналады. Бұл тақырыптардың біразы қазақ елінің Ресей мемлекетіне қосылған кезінде туған секілді. Ал басым көпшілігі советтік дәуірде туғандығын байқаймыз.
Аталған тақырыптағы жұмбақтар өнер-білім, оқу, техникасы жалпылама түрде айтылмайды, әрқайсысын ажырата, жекелеп алады және нәтижесін айтады. Мысалы: оқу оқып, білім алуға керекті жабдықтар мен құралдарды сипаттау арқылы оқу-білім жайы жұмбақталады. Бұл ретте жұмбаққа енетіндер: қағаз, қарындаш, қалам, әріп, кітап, дәптер, т.б. жұмбақ қалам мен қарындашты – жүйрік жорғаға, сия сауытты – тастан соғылған, суы таусылмайтын құдыққа, әріптерді – ағайындас адамдарға теңейді. Кітапты – «жаны жоқ болса да, ақылы адам ісін істейді» - деп, немесе:
Бір нәрсені білмегенді білгізеді,
Өзіңді қарап тұрсаң күлгізеді.
Жалғанда әңгімесі сондай қызық,
Жаныңды тыңдай берсең кіргізеді [3, 79],
деп сипаттайды.
Географиялық картаны жұмбақ еткенде:
Жер көрдім қаласы бар,
Үйлері жоқ мекендейтін.
Көл көрдім, өзен көрдім,
Сулары жоқ тереңдейтін, -
деп бейнелейді.
Техника туралы шығарылған жұмбақтардын көлеміне енетіндер: автомашина, паровоз, пойыз, телеграф, телефон, радио, трактор, самолет т.б.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет