Нуржігіт Алтынбеков 229
ЖЕКЕ АУРУЛАРДЫҢ ПАТОЛОГИЯЛЫҚ АНАТОМИЯСЫ Жеке аурулардың патологиялық анатомиясы — аурудың материалдық негізін
зерттейтін нозологиялық сала.
Нозология (латынша: nosos — ауру, lоgоs —
ілім) — ауру туралы ілім. Ол аурулардың этиологиясын, патогенезін,
морфологиялық және клиникалық бейнесін, өзгергіштігін (патоморфозын),
классификациясы мен номенклатурасын, сондай-ақ диагнозды құрастыру,
ауруды емдеу мен алдын алу мәселелерін пайымдайды.
Ауру дегеніміз — организм тіршілігінің түрлі себептерден өзгеруі. Қазір
аурудың мән-мазмұны жайлы мәселе өз шешімін экологиялық (грекше: оіkоs —
үй, баспана), яғни қоршаған орта мен организмнің қалыпты арақатынасының
бұзылуы тұрғысынан тауып отыр. Ауру жайлы мұндай ұғым XIX ғасырдың
екінші жартысында қалыптасқан-ды. Көрнекті орыс емгері (клиницист) А.А.
Остроумов ауруды қоршаған ортаның кері әсерінен қалыпты тіршілік әрекетінің
бұзылуы деп түсінген. С.П. Боткиннің түсінігінде, ауру — сыртқы ортаның
зиянды әсеріне организмнің жауабы. К. Бернардың пайымдауынша, ауру
организмнің физиологиялық тепе-теңдігін бұзады.
Ауруды экологиялық тұрғыдан саралау барысында бірқатар міндетті түрде
негізге алынатын теориялық ұстанымдар ұсынылды. Олар мыналар:
1. Ауру өздігінен туындамайды, ол — организмнің қоршаған ортамен
әрекеттесуінен өрістеп, адамның өмір сүріп, еңбек еткен жағдайындағы
шиеленісті бейнелейді. Сондықтан да ауру мен деннің саулығын қарама-қарсы
мәнді құбылыстар деп бағамдау дұрыс емес. Ауру мен денсаулық — адамның
өзін қоршаған ортамен сәйкестікте өмір сүру мақсатындағы әрекетінің түрлі
бейнелі нысандары (формалары) ғана.
2. Аурудың этиологиясында сыртқы факторлардың әсері басты орын алады.
Тіпті ішкі себептер де, оларға қатысты тұқымқуалайтын факторлар да, кезінде
сыртқы әсерден қалыптасқан.
3. Ауру — организм әрекетінінің жаңа сапасы; ол даму барысында
физиологиялық үдерістерді арқау етеді. Сондықтан аурудың патогенезін
зерттеу дегеніміз — сырқат организмде жаңа сапаға ұласқан физиологиялық
құбылыстарды сараптау болып табылады.
4. Аурудың бейнесінен түрлі себептерден дамыған (И.П.Павлов — «қирау»
деп атаған) зақымдармен қатар компенсациялық бейімделу (адаптация)
үдерістері де өте айқын орын алады. Бұл, әдетте аурудың патогенезімен тығыз
сабақтасып жатады.