КОММУНАРЛАР
Баймағамбет екеуміз, Жақаттың Сəдуінің үйіне түстік. Бұл үйге өткен
жаздағы курста оқыған кезде үйір болғамыз. Арықтау денелі, ұзындау
бойлы, басусыз қалыңдау қара мұртты, жасы со кезде елулерді орталаған
Сəдудің де , оның əйелі Ғарифаның да жайдары, кішіпейіл мінездері бізге
ұнаған. Өзіндік кішіректеу келген екі бөлмелі ағаш үйі бар, мал атаулыда,
жеңіл жүкті тасып кəсіп істейтін арбалы жалғыз аты бар бұл үйдің тамағы
тоқ, көйлегі көк болатын. Бала атаулыда, жасы со кезде он бір, он екідегі
бір көзі соқыр жалғыз ұлы бар. Кеңесшіл Сəду Баймағамбет пен менен
барып қайтқан жағымыздың хал-жайын сұрастырып, қанып алды да:
— Заманның өзі қиындады ғой, шырақтарым, жуырда мына Токушин
жаққа, былайғы Ешім жаққа барып қайтқан адамдардан естуімше, əр жерде
жанжал шығып, тынышсыздық боп жатыр дейді. Мұның арты неге соғарын
бір тəңірінің өзі білмесе, кім білсін.
Бұл сөз Баймағамбет екеумізді бұрынғыдан да елеңдете түседі.
Ертеңіне мен Упродкомға барсам, жауапкер қызметкерлерінің біреуі де
жоқ, «қайда?» деп сұрасам, «білмейміз» деп жауап береді қатардағы
қызметкерлері!..
Ревкомға барсам, Гозак та, басқа жауапты қызметкерлері де жоқ,
«қайда?» деп сұрасам, «штабқа кетті» дейді, «неге кетті?» десем,
«білмеймін» деп жауап береді!..
Укомға барсам, онда да осындай хал!..
«Е, не болған бұларға?!»..
Бұл сұраудың көңілді қобалжыта түсетін қысқаша жауабын, маған
Укомның шаруашылық бөлімінің бастығы Эдуард Лещинский дейтін
қартаңдау жебірей жолдас айтты. Мені танитын ол, қайдан келген
жайымды қысқаша біліп алды да, «р» əрпін «ғ» ғып сөйлейтін тілімен:
— Ыңғайсыз бірдеме бар сияқты,— деді кейіген кескінмен.
— Қандай?
— Бай-кулактар, оларға қосылып патшашыл элементтер дүрлігіп жүр-ау
деймін, тегі!..
— Не ғып?!.
— Жанжал шығарып...
— Қойыңыз?!.
— Рас көрінеді! — деді Лещинский күрсініп.
— Қайда?..
— Оншасын білмедім... Хал аса ереуілді түрде сияқты... Бандитизм
басын көтеріпті. Белең алдырмай оны басу керек. Сол жайында сөз боп
жатыр ғой деймін...
— Қайда?
— Штабта.
— Ол қайда?
— Думская көшесі, жиырмасыншы үйде болу керек.
«Думская — 20» маған белгілі үйлердің біреуі боп шықты. Қаланың
батыс жағындағы көшелерінің біреуіне салынған бұл үйге кездескен сайын
мен қызыға қарап өтетінмін. Биіктігі екі қабат, кең терезелері доғаланып
иіле салынған, сырты сарымен боялған, қарама-қарсы бұрышында мешіті
мен медресесі бар, бір жақ бұрышында кең дүкені бар, орамының айналасы
темір торлы шарбақпен қоршалған, үйдің де мешіт-медресенің де, басқа -
қопсылардың да төбелері қаңылтырмен жабылып, жасыл бояумен
сырланған, орамын айнала, қорасының ішін толтыра қолдан тіккен ағаштар
ескен бұл үйің архитектурасының сұлулығы, Қызылжардың басқа
үйлерінің біреуінде жоқ.
— Кімнің үйі бұл? — Деген сұрауға:
— Хамит хажы Янгуразовтың үйі,— деп жауап беретін, тұрғын адамдар.
— Ол кім болған?
— Осы Қызылжардың атақты байларының біреуі болған...
Сол үйде штаб бар дегенге таялып келсем, алды бықыған көп адам екен,
ішінде менің жолдастарымнан Баймағамбет Ізтөлин, Оспантай Қашағанов,
Мұхамметжан Бейсенов, Жанұзақ Жəнібеков, Ояздық, оқу бөлімінің
инструкторы Қожахмет Бейсенбин шешесі татар, əкесі қазақ, Ревкомның
инструкторы,— Хасен Маназаров жүр, бір жерде ұзын бойлы Зəбировтің де
басы көрінеді, жəне тағы бірнеше таныс адамдар бар. Баймағамбет пен
Қожахмет менің алдымда маған келген екен, сондықтан:
— Бұ не?! —деген менің, сұрауыма:
— Өзіміз де білмейміз, — десті олар,—бар білетініміз,— коммунистер
осы үйге кеп регистрацияға кіріп жатыр.
Регистрация қораның ішіндегі екі бөлмелі флигельде екен, оған кіріп-
шыққан адамдар иін тіреседі. Біз де сығылыса кезекке тұрып, регистрация
столының шетіне, бірер сағатта əрең жеттік. Регистрацияны жүргізіп
жатқан əскери киімдегі екі жігіттің сұраулары қысқа: «Фамилияңыз? Өз
атыңыз? Əкеңіздің аты? Туған жылыңыз? Партияда мүшесіз бе,
кандидатсыз ба? Мүшелік билетіңіздің я кандидаттық, не тілектестік
карточкаңыздың номері? Қай жерде, қай ұйымда, қашан берілген? Патша
өкіметінің армиясында қызмет еттіңіз бе? Егер қызмет етсеңіз қатардағы
боп па, офицер боп па? Ақтар армиясына қызмет атқардыңыз ба? Қызыл
партизан дар отрядында болдыңыз ба? Қызыл Армия да қызмет еттіңіз бе?
Егер етсеңіз, — атағыңыз? Қазір қай мекемеде, кім боп қызмет атқарасыз?
Қазіргі адресіңіз?»
Осы сұрауларды ол ауызша береді де, тұрқы ұзын сары қағазға сызылған
графалардың бойын өз қолынан толтырады. Регистрацияға алып болғаннан
кейін:
— Сіз боссыз,— дейді ол.
— Не туралы, бұл регистрация?—деген сұрауға:
— Онда жұмысыңыз болмасын,— деп қысқа жауап қайтарады да, сіз
сұрауыңызды қайталасаңыз,— қызмет атқаруыма бөгет болмаңыз! — деп
жекіп тастайды.
Баймағамбет екеуміз штабтан пəтерімізге қайттық. Жолшыбайғы
кеңесіміз — бүгінгі хал. Менің Лещинскийден естіген сөздерім
Баймағамбетке жаңалық болды. «Ендеше, əлгі регистрация орнына неге
хабарламадың ол халді?» деп таңданды ол. Оның сөзін мен де қостадым.
Əзірге жарияланбағанмен, жан-жақта бандылар барын қала халқының
пыш – пышынан -ақ естиміз, бірақ, олардың айтуынша, бандылар əлі өзара
ұласпай, əр жерде аз адаммен топталып, қашып жүр, көз келген жерлерде
Совет қызметкерлерін өлтіріп жүр...
Жалпы хал солай болғанмен, қалада да, мекемелерде де тыныштық.
Ертең не боларын білмегенмен, əрбір мекеменің қызметкерлері мерзімді
уақытта орындарынан қозғалмайды, бірақ бəрі де сөзге аса сараң өзін,
сұраған бірдемеге қысқа ғана жауабын береді де, артық сөз айтпайды.
Ояздық мекемелердің біз білетін бастықтарынан бірнеше адам бұл
күндері қалада жоқ. «Қайда?» деп сұрасаң, сыр айтқысы келмегені
«білмей.мін» дейді де, сенетін біреулері, «Омбыға кетті» дейді...
Маған не Гозак, не Соколовтың қалада болмауы аса өкініш. Егер олар
болса, мен Жақып Қыстаубаевтың жұмысын сөйлесер едім де, мүмкін
болса шығартып алар ем.
Олар қалада болмағандықтан, мен заң мекемелеріне барам. Ояздық қала
— Петропавлда ол кезде заңның үш мекемесі бар: Убюст — Уездное бюро
юстиции — Ояздық заң істерінің бюросы, Совнарсуд — Советтік халық
соты, Ревтрибунал — революциялық трибунал.
Мен мұның үшеуіне де бардым. Убюст,— «біз заңды зерттеуші не іске
асырушы мекеме емеспіз, тек, бақылаушы ғана мекемеміз»,— деп жауап
береді, Совнарсуд — «біз тек зерттеліп біткен істі ғана қараймыз»,— дейді,
Ревтрибунал,— «біз соғыстық немесе революцияға қарсылық істерді ғана
қараймыз»,— дейді.
Бұл үш жақтан істің ұшығын таба алмай, істің өзі қайда жатқанын
іздесем, Уголовная розыскада жатқан боп шығады. Жақыпты ұстап əкелген
баяғы Семенякин екен. Ояздық розыскада жолыққан ол менімен боқтасып
сөйлесіп:
— Қалай екен?! — дейді мені табалап,— кім күшті екен? Қыстаубаев
па? Мен бе? Мен оны абақтыға қамап қойдым, одан Қыстаубаев енді тірі
шықпайды.
Семенякинмен дауласудан шығар нəтиже жоғын көрген мен, розыска
начальнигіне сөйлессем, ол да:
— Немене, сен, қылмыстыны жақтап? Жоғал, көзіме көрінбей!..
Əйтпесе, өзіңді де қамап қоям,— деп едіреңдейді... (Аз күннен кейін
білдім, — Семенякин сияқты, ол да бандылар жағына шығып кетіпті).
Абақтыға барып, Жақыптың өзіне жолығайын десем, қаладағы
жағдайдың салдарынан, абақтыдағы адамдармен қатынасуға қатты тиым
салыныпты...
Сол сандалумен екі-үш күн өтті. Қаланың халі ауырлай түсті. Үшінші
күні, қалалық гарнизонның штаб начальнигінен «бүгіннен бастап қалада
соғыс халі, кешкі сағат 9 дан кейін пропуокасыз кісіге жүруге болмайды,
жүрген кісі тұтқынға алынады» деген бұйрық жарияланып, көше - көшені
бойлай діңгектерге, үйлердің заборларына жапсырылды...
Сол күні Сəду мен Ғарифа Баймағамбет екеумізді ортаға алады да,
қосарлана сөйлеп ақыл айтады.
—
Хал-жайдың
неменеге
айналып
баратқаны
мəлім
болды,
шырақтарым,— дейді олар,—«есің барда етегіңді жап» депті. Достық
көңілден айтамыз, тұтанғалы тұрған өрттен бас сауға қылуларын жөн
болар.
— Сонда қайда барамыз? — дейді, мінезінде қулану салты бар
Баймағамбет, қуланғанын сездірмей, шынын айтып отырғандай кескінмен.
— Біздің ел бұл арадан алыс, танымайтын ел бізге баспана бола ма?
— Ол рас қой, — дейді Сəду Баймағамбеттің сөзін шын көргендей, тек,
жасырынуға ризашылық беріңдерші, ел - жұртпыз ғой, жан сақтаудың
амалын ойлап көрейік.
— Жаныңыз ашып айтқан сөзге көп рахмет, Сəду ағай,— деді
Баймағамбет, енді расына көшіп,— бірақ, жасырынуға болмайды ғой, ағай.
Туған ауылымыз осы маңда таялып тұрса да, қашып барып тығылуымыз
ұят қой...
— Неге?! — дейді Сəду.
— «Адамгершілік» деген бір зор сөз бар ғой, ағай. «Ар», «намыс» деген
екі үлкен сөз тағы бар ғой, бойыңда осы үш сөздің басы қосылса, оларды
басқа қалай тебе аласың? Біз коммунист партиясына мүше боп жазылдық.
Ешкімнің зорлауымен емес, өзіміздің, ықтиярымызбен. Ендеше, осы
партияның ыстығына да, суығына да ортақ болуға тиісті емеспіз бе? Олай
болмай, Абай айтқандай, «күн ашықта мойында, күн жауғанда қойында»
болсақ, бізде адамгершілік, ар, ұят деген бола ма? Əрине, болмайды.
Ендеше, сіздің қамқорлық жасап айтқан сөзіңізге кеп рахмет,— дейді
Баймағамбет.
Бауырмал мінезді Тарифа жеңгей қамқор сөзін қайталағысы келгенмен,
ойлы Сəду, «ім-м-м» деп мұрнынан ықылдаңқырап отырады да:
— Сөз қысқарып қалды ғой, Ғарифа, «өнбейтін дауды, өспейтін ұл
қуады» деп, несіне қайталайсың. Айтпасақ кінə бізден. Айттық — көнбеді.
Ендігі тілек—бұл балалардың əрдайым аман болуында да!
Ол күні біз ұзағырақ отырып, түн ортасын еңсеріп барып жаттық. Сəду
ағайдың аздап ішетіні болатын. Баймағамбет пен мен де «ол судың» дəмін
татып көрген кісілерміз, сондықтан, жатар алдында Сəду əйеліне «əлгі
біреуді əкелші, жұтып жатсақ, жақсы үйықтармыз» деп жарты бөтелкелік
«ақ жорғаны» алдырған да, бір-бір жүз граммнан қағып жатқамыз.
Соның əсері ме, əлде, кешірек жатқандықтан ба, аса қатты ұйықтап
қаппыз. Бізді терезе қаққан əлдекімнің дүбірі оятты. Үйдегі бар жан
шошынғандай басымызды көтере түрегелсек, терезе қақпалары жабылған,
үйдің іші қара көлеңке екен.
— Бұ неғылған мезгілсіз қағыс?— деп Сəду түрегелді де,— кім бар
онда?—деп, терезеге барып дыбыс берді.
— Ізтөлин Мұқанов осында ма?— деген сөз естілді ар жақтан.
— Осында! — деп дыбыс берді.
— Штабқа шақырады,— деп жауап берді сырттағы адам.
— Қазір барамыз,— деді Баймағамбет.
Сырттағы адамның салт келгендігі, шаба жөнелген аттың тұяғы мен
сықырлаған қардың дыбысынан байқалды.
— Ал, балалар,— деді Сəду мен Ғарифа, біз киініп болғаннан кейін
қосарлана сөйлеп, кездеріне жас ап, дірілдеген дауыспен.— Амандықпен
көрісейік, басқа не айтайық!..
Тысқа шықсақ, таң жаңа бозарып келеді екен. Ауа райына қарағанда
бүгін ашық болатын түр бар. Думская — 20-ға келсек, үйдің алды мен
қораның ішіне топталған адамдардың саны регистрация күнінен əлдеқайда
көп. Бəрі де ықшам киініп, белдерін буынған, қабақтары қатыңқы, түстері
суық...
Біз қораға кіре, «тыңдаңыздар!» деген зор дауыс саңқ ете қалды.
Сапырылысқан көпшілік тына қалған кезде, бір биікке Соколов көтеріле
берді. Ол қазір бұрынғы азаматтық киімдерінің бəрін тастап, қызыл
командирдің киімдерін киіп апты, сондықтан ба, əлде, бүгінгі зор оқиғаның
салдарынан ба,— оның кескіні бұрынғысынан əлдеқайда сұстанып кетіпті.
— Жолдастар! — деді ол, биікке көтерілгеннен кейін жан-жағына қарап
ап,— патшашылардың, ақ гвардеецтердің үгітіне еріп, кулак пен байлар
Совет өкіметіне қарсы көтеріліске шықты. Көп жерде олардың үгітіне
кедей крестьяндар да алданды. Қазір олар аса қауіпті қалың күш боп алды.
Бандылар жергілікті коммунистер мен активтерді қапыда басып өлтіріп
жатыр. Телеграф хабарына қарағанда, бандылар көтерілісі Петропавл
оязын түгелімен, Ешім оязының бергі бетін, Қорған оязының күнгей
жағын, Қостанай оязының шығыс жағын, Көкшетаудың теріскей жағын,
Омбы оязының батыс жағын қамтыған көрінеді. Ақ гвардеецтердің жəне
революцияға қарсы тағы басқа элементтердің бұл көтерілісті ұзақ уақыт
ұйымдастырғандығы мəлім боп отыр. Мақсаты — ақтар өкіметін құрмақ.
Таратқан листовкаларында, олар «Россияның өзге жерінде Совет өкіметі
құлап боп, жалғыз осы тұста ғана қалды» депті. Ол, əрине жалған сөз,
жұртты соңына ерту мақсатымен айтылған сөз. Расында, бандитизм осы
маңайда ғана шықты. Бірнеше жерде коммунистер мен бұрынғы
фронтовиктер кедейлерді ұйымдастырып, партизан отрядтарын құрып
үлгіріпті. Олардың бандылармен күресіп жатқан хабарын алдық. Бірақ,
қауіп аз емес. Большевикше ашығын айтқанда, біз — Петропавл
коммунарлары бандылардың қоршауында қалып отырмыз. Қаланы
құрсаулаған бандылар, айнала шабуыл жасап бері жылжып келеді... Егер,
ішкі мүмкіндігімізді ұйымдастыра білмесек, қашан Шығыс пен Батыстан
Қызыл Армия бөлімдері кеп бандылар қамауынан бізді құтқарып алғанша,
өте қиындыққа ұшырайтын түріміз бар, сондықтан, тығыз шаралар
қолдануымыз керек...»
Соколов одан əрі, бандылармен күреске шығатын отрядтардың қалай
құрылу жағдайын айтты. Қалалық гарнизонның қарамағында екі полк əскер
болады екен, олардың бір жүйесі қалаға шабуыл жасап келе жатқан батыс
жақтағы бандылардың алдынан кеткен бір жүйесі Омбы жақтан шабуыл
жасап келе жатқан бандылардың алдынан кеткен... Өзге жақтан шабуыл
жасаған бандыларға төтеп беретін ЧОН отряды ғана.
Соколовтың айтуынша қалада үш жүз елуден астам коммунист бар
көрінеді, солардан үш отряд құрылуға тиісіп, бас командирі — өзі. Үш
отрядтың бірі құрылып үлгірген де, оны Гозак басқарып өткен түні
бандыларға тойтарыс беру үшін Ешім жаққа жүріп кеткен. Қалған адамдар
екіге жүйеленетін болды: бір жүйесі бұрын əскерлік қызметін атқарғандар
енді біреуі — атқармағандар. Соколовтың мəліметі бойынша соңғы жүйелі
адамдардың саны да жүзге тарта бар. Олар осы сағаттан бастап əскерлік
дайындыққа кірісуге тиісті. Қай отрядтың майданға қашан жіберілу
ықтияры штабта...
Хал-жай айқындалғаннан кейін ЧОН адамдарына түгендеу бола
бастады. Кеше регистрация жұмысын басқарған ұзынша ақ сұр жігіт, биік
орынға шықты да, қолына ұстаған тізіммен кімнің бар, кімнің жоғын
тексеруге кірісті: «Томбовцев бар ма?» деп айғайлады ол. «Бар» деген
дауыс естілді топтан. «Расторгуев?», «бар». «Бурадин?», «бар».
«Страднина?»,
«бар».
«Гафтель?»,
«бар».
«Винокуров?»,
«бар».
«Гуськова?», «бар». «Соколова?.. Маназаров?.. Қашағанов?.. Бейсенов?..
Трай?.. Контарович?.. Ізтөлин?.. Дубинина?.. Кияшько?.. Матросов?..
Бейсенбин?.. Паули?.. Яйлов?.. Базарбаев?.. Коновалова?.. Аппель?..
Данилов?.. Алданазаров?.. Павлов?.. Муратов?.. Расулова?.. Шишкин?..
Дорский?.. Апсалямов?.. Бляхман?.. Азвалинская?.. Кинцбурнер?.. Анна
Гофман?.. Павлов?.. Гричешко?.. Лотайко?.. Лещинский?.. Ромащук?..
Куппершмидт?.. Матрос?.. Дуров?.. Филькеңберг?.. Роза?.. Хмель?..
Безухов?.. Ситников?.. Яронин?.. Веренько?.. Безимянный?.. Фонвизин?..
Стенькова?.. Еронин?.. Мисшта?.. Прохоров?...»
Тізім ұзақ жарияланды. Əркім өз атын естігенде «бар, бар, бар...» деп
дауыс беріп тұрды, тізімде аталғаннан жоқ адам естілмеді.
Тізім тексеріліп болғаннан кейін, топталған адам роталарға, взводтарға,
отделениелерге беліне бастады. Біздің отделениенің командирі талай
майданды басынан өткерген татар Нұролла Янбаризов, взводтың командирі
Хасен Маназаров, ротаның командирі Шахизаман Зəбиров. Біздің ротаның
тең жараға жақыны татар, қазақ, башқұрт жəне тағы бірнеше ұлттардан
құралды. Бөліну жұмысы біткеннен кейін бəрімізге де тізіммен қару
берілді. Қатардағы жауынгердің алатын қаруы бір ғана винтовка. Менің де
үлесім сол. Баймағамбетке «Смит - Вильсон» пистолеті тиді, Маназаровқа
наган, Зəбировқа маузер берілді...
ЧОН отрядының адамдарында киім ала-құла — кім үйінен не киіп келсе,
со қалпында сапқа тұрады. Мысалы, Қожахмет Бейсенбиннің үстінде кең,
қолтық, ұзын жең, салпы етек қазақша тіккен түйе жүн күпі, басында жекей
тымақ; менің аяғымда баяғы солдат ботинкесі, шалбарым мен тоным да
сол, тек, басыма ұзын құлақ қоян малақай тауып кидім; Баймағамбеттің
аяғында саптамалы қазақы етік, басында құлақшын, үстінде əкесінен сұрап
алған қазақылау сары тон; заводтан, типографиядан, фабрикадан, темір
жолдан тағы сол сияқты орындардан келген адамдардың əрқайсысының
үстінде өз кəсібіне лайықты көнетоз киімдер... əйелдердің көпшілігінде
шолақ тон мен пимадан басқа жылы киім жоқ, біреулерінің басында
құлақшын, біреулерінің басында шəлі... Кейбіреулерінің аяғында солдаттық
етік...
Біз əскерлік əзірлікке кірістік. Біздің, бөлімнің адамдарынан үйренуге ең
олағы екі кісіміз: бірі — мен, бірі — жасы со кезде елулерге келген
Жылқыайдар Базарбаев. Ол былғары заводының жұмыскері. Жалғыз
баласы Хафизді 1918 жылы ақтар комсомол болдың деп азаппен өлтірген.
Жылқайдардың өзі 1917 жылдан партия мүшесі, мінезі — өте момын, жас
күнінен орыс жұмысшыларының арасында қызмет атқарғанымен, орыс
тілін өте шалағай сөйлейді. Бұдан бұрын ол əскерлік ойынды ешуақытта
өтіп көрген жоқ екен. Мен де сондаймын. Екеуміз «на право» мен «на лево»
дегеннің өзін көпке шейін аңғара алмай, оқиға көтер деген мылтықты солға
көтеріп, сол аяқтың орнына оң аяқты басып, қасымыздағы жолдастарды
жүрістерінен шатастыра бердік... Біздің бұл қимылымызға Баймағамбет
əуелі күле қарап жүрді де, артынан ұрсуға айналды; ал, жайшылықта
ойыншыл Хасен Маназаров, взводтың командирі болғаннан кейін темірдей
қақиып, мүлт өткен жеріңді көрсе ақыра сөйлейтін болды. Сондай
қатаңдықтың салмағы батқандықтан ғой деймін, бір күні демалыс
уақытында Жылқыайдар ағай, қоршаған жұртты шектерін қатыра күлдірді.
— «Нош не спаю, день не хохахаю» деді ол кейін тұрып, əлдекімге.
Онысы қазақша «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеймін» деген сөзі.
Орысшылап айтқан болғаны екен. Түзу аудара алса «ночью не сплю, днем
не хо хочу» дер еді ғой.
Тілінін, келгені сол болған соң қайтсін!.. Оның «хохохаюына» күлмеуге
де болмайды: əрі күлерлік сөз, əрі, күн тəулігі 24 сағаттың ең кеміне
жиырмасын маршировать етумен өткізетін, ұйқы, күлкіден шынында
қалған, əрі бандының қаланы алып қою қаупі күн санап қысып баратқан
коммунарларға бір рет күлудің өзі қандай қымбат!..
Адам не нəрсеге үйренбейді!.. Жылқайдар ағай екеуміз де күн санап
əскерлік ойынға жаттыға бастадық. Енді, біз де аяқ ала білеміз, біз де
винтовканы тəртібімен түсіріп көтере білеміз!..
Біздің тамақтанатын жəне аз уақытқа болса да демалатын орнымыз,—
миновой двордың күнгей жағындағы ағаш ішіне салынған госпиталь
үйлерінде де. Таң қараңғысынан орнымыздан көтерілеміз де, бір кесек нан
мен ыстық суды ішіп ойынға шығамыз. Содан түс ауғанша жүрісте боламыз
да, мекенімізге кеп түстік ас ішеміз, онымыз,— капустаның сорпасы мен
суға пісірген картошке ғана... Содан кейін тағы да жүріске шығып, кейде
қас қарая, кейде түн ортасын аудара қайтамыз да, кешкі асты ішуге
көбінесе шама келмей, жатар орнымызға мұрыннан шаншыла құлаймыз.
«Қара тас ұйқың келсе болар төсек» дегендей, сабан тыққан матрац кейінде
бар, кейінде жоқ темір кроватьтарға қисая кетсек, мамыққа жатқандай
қатып ұйықтаймыз... Кейбір түндері тревога боп жүреді. Алғашқы
тревогаға қорқа қалатын біз, бой үйреніп алғаннан кейін, немқұрайды
қарап, қараңғы коридордың ішінде қоңырау қаққан күзетші «тревога,
тревога» деп бақырып жүрсе, ести жата мыңқ етпей ұйықтай береміз.
Онымызды көрген командир, «егер жау шын кеп қалса қайтесіңдер» деп,
бізді сыбап кеп ұрсады. Оған да етіміз үйреніп алады... Аса шаршаған бір
күндерде, тревогаға оянғаннан, жаудың кеп өлтіргенін артық көретін
шақтарымыз да болады... Ұйқы қысқан бір кездерде, командирлеріміз
бізбен саяси сабақ еткіземіз деп те əуре болады... Ондай сабақтың көбін біз
қалғумен тыңдаймыз...
Міне, сондай ауыр күндердің біреуінде бізге тревога болды. Мезгіл
қараңғы түн еді. Бұны да дағдылы тревогалардың біреуі болар деп жорыған
біз, мыңқ етпей жатайық деп ек, əр бөлмеге арнаулы кісі кіріп, еріксіз
тұрғызды. Шала ояу қалыптағы бізді командирлеріміз клубқа арналған
бөлмеге алып кірді. Қиыншылықтың салдарынан қалада уақытша сөнген
электр жарығы, біздің казармамызда да болмайтын, түнгі жиналыстарды
кəрəсін шамның жарығымен ғана өткізетінбіз. Клубта бүгін де сол жарығы
аса күңгірт шамдар жанған екен.
Жұрт ұзын тақтайдан жасалған скамейкаларға орналасқаннан кейігі,
жалғыз Зəбиров қана көтерілді де, сүлдері құрыған адамдай сенделіп аз
тұрып:
— Жолдастар! — деді аса ауыр үнмен.
Ар жағындағы сөздерін айтуға, Зəбировтің жасқа қақалғандығы үнінен
естіліп тұр. Со қалпында ол сенделіп аз тұрды да, шинелінің қалтасындағы
орамалын суырып, аз уақыт өксіп алды.
— Не болған? — деген сөз күңіреніп кетті клубтың өн бойына.
Зəбиров аздан кейін көзін орамалымен қаттырақ бір уқалап алды да,
ауыр жəне бөлшектей сөйлеп естірткелі тұрған хабарын айтты. Оның
хабарлауынша, кеше Ешім жақта бандылар Гозакты барлық отрядымен
қамап алған да, көп атыстан кейін, оғы таусылған олардың тірілерін
сыммен байластырып, үстіне кəрəсін құйып өртеп жіберген!.. Бұдан ауыр
хабар бола ма!.. Ауырлағанда амал нешік!.. Бұл хабар, əрбір коммунардың
құлағына ыстық қорғасындай құйыла, жанын сондай азаптай тұра,
əрқайсысына бір ойды өз ішінде қайталата берді, ол — социалистік
құрылысты
орнату
күресінің
жолында
ауыр
қазаға
ұшыраған
жолдастарының қанын жаулардан қайтару. Бұл сөзді қайғылы коммунарлар
трибунадан да айтты, — өзара да айтты, жеке де айтты...
Қызметке шығуға мезгіл əлі ерте екен, сондықтан ұйқысы ашылған
көпшілік клубтың əр жеріне топталып, өзара кеңеске кірісті. Сондағы
айтарлары — революциялық қызметте көрген қиыншылықтарды, оларды
жеңуге қолданған қайрат-жігері, айла-амалы... Бұлардың бəрі де тыңдауға
қызық, бəрінде де нелер ғажап ерлік істерінің, уақиғасы жатады.
Кейбіреулердің əңгімесі шындықтан гөрі ертегіге ұқсайды. Мысалы,
украина ұлтынан шыққан Федот Лотайконың басынан кешкең бір
ауыртпалық.
Жасы отыз беске келген, биік, алып денелі ол өмірінде үйленбепті.
Себебін сұрасаң: «он сегіз жасымда орыс - япон соғысына алындым, со
қалыппен солдат болып жүріп, енді босанам дегенде, орыс - герман соғысы
басталды, оны аяқтамай азамат соғысына араласып кеттім, қай жерде жүріп
үйленем?» деп жауап береді. Партияға ол 1915 жылдан бері мүше екен.
Бір қызығы — зор үш соғысты басынан аяғына дейін қолынан түгел
өткерген ол, мобилизацияға солдат боп іліккен қалпынан əлі өзгерген жоқ,
оның 1921 жылғы аты да «қатардағы қызылармеец»: Демобилизацияға
шығам десе, оның жасы келіп-ақ тұр, өзінің айтуынша, қызмет атқаратын
бөлімінің командирі өткен жылы сондай ұсыныс жасаған екен, ол
қабылдамапты.
— Қайтем босанып?—дейді қулықшыл ол күле сөйлеп,—- капиталистер
жер жүзінде құрымай демобилизацияға шықпаймын.
— Сен өлгенше олар құрып болмаса қайтесің? — десе:
— Онда күзетте тұрып қартаям да өлем,— дейді.
Ол өткен 1920 жылдың күзінде Қиыр Шығыстаи Петропавлдың
госпиталіне жаралы күйінде емделуге жіберіледі екен. Оның ерекше қызық
əңгімесі соңғы жаралануына байланысты екен.
— Япон интервенттерімен бір соғыста,— деп бастайды ол əңгімесін,—
оқ тиді де құладым... төз арада талып кетіппін... Бір уақытта есімді жисам,
қап-қараңғы жерде жатырмын, көзге түртсе көрінер емес... Жан-жағымды
сыйпаладым да шошып кеттім,— қатарлай салған қалың өліктің арасында
жатырмын!.. Үстіңгі жағымды сыйпаласам,— қаз-қатар салған бөрене!..
Енді ғана білдім, — мен өлген екем де, өзге өліктермен бірге мені көмген
екен!..
— Ия, сонан соң қайттің? — дейді бірнеше кісі.
— Қайтем?.. Өліп көрмегенмен, өліктерді көруім бір бұл ғана емес.
Бастан өткізген үш соғыста, талай рет өліктермен бірге түнегем...
— Оны қоя тұр,— дейді тыңдаушылар асығып,— мына соңғы уақиғаңды
айт!
— Айтсам, аз ойланып жаттым. Төбеге қатарлай жапқан бөренелерді
сипаласам, қолдың саласындай ғып жиі салыпты... бəрі де жуан
бөренелер... оларды көтеруге, не арасынан жік ашуға мүмкін емес.
— Міне, қиыншылық! — деп қояды тыңдаушылар,— ия, сонан соң?..
— Байқаймын, өліктер қатар жатқан жер мен төбеге жапқан
бөренелердің арасында, адам бауырлап жылжырлық қуыс бар. Енді үміті
тұтана бастады. Ойладым: «осы қуыспен жылжып, жатқан көріміздің
балшық қабырғасына жетейін» деп.
— Ия!..
— Жылжи бастадым... Қуыс аяқ-қолды қимылдатуға мүмкіндік беретін
сияқты... Өліктердің иістенбеген түріне қарағанда, жуырда ғана көмілген
сияқтымыз, бірақ... өліктердің суықтығы мұздай... əрі қимылдап кетсең
былқ ете түседі... қанша тас жандымын дегенмен, жүрегім өрекпіп аузыма
тығылады... өкпем алқынып, демімді зорға алам...
— Өйтпегенде ше?!
— Сонан қанша сырғығанымды білмеймін, жан - дəрмен дегенде,—
көрдің балшық қабырғасына кеп тірелдім - ау!..
— Бəрекелде!..— деді бірнеше кісі қуана қап,— ия... содан кейін?..
— Қуануға əлі ерте,— дейді Федот, жымиып қойып.— Менде жер
қазатын қару жоғын білесіңдер ме, сендер?
— Айтпақшы, сонысы бар екен ғой! Сұрамаппыз ғой, оны!.. Ештеңең
жоқ па еді ондай?..
— Қару керегі өз есіме де көрдің қабырғасына жеткен соң ғана түсті.
Белбеуімнен қынды пышағым қалмайтын еді, сыйпаласам, қын түгіл
белбеуім де Жоқ!..
— Қап!..
— Аяғымда етігім де жоқ... Соған қарағанда, көмген жолдастар (əрине,
өз кісілеріміз көмген ғой, япондар бізді онша қадірлеп көме ме, шұқырға
үйіп тастап, топырақпен бастыра салмай ма?..)
— Əрине...
— Сонымен, көмген жолдастар бір сыдырғы киіммен ғана жатқызып,
етік, белбеу сияқты өлікке қажетсіз киімдерді шешіп алған ғой деймін...
— Ия, сонымен не істедің?..
— Ойланып аз жаттым... «Қолыммен қазуға болар ма екен» деп,
тырнағы өскен саусақтарымды салып көрсем, Сібірдің сағызданған күзгі
дымқос, əрі тобарсыңқыраған балшығына батар емес...
— Міне, қиындық?!.
— Маңайдағы өліктерді сыйпалап қарасам, бəрі де мен сияқты қарусыз
көрінеді... Не істеу керек?..
— Апырай десейші!..
— Ойыма бір ақыл келді...
— Ия?..
— «Ең шетке салған бөрененің бір басын төмен түсіруге тырысайын»
деп ойладым, «мүмкін, сол тұстан қазып шыға алармын» деп дəмелендім...
Сол оймен балшықты тырналай бастадым...
— Тырнағын, өтті ме?..
— Өткен - өтпегеніне қарағам жоқ... «Əйтеуір өлдім ғой» дедім де,
тырнақтарымның ауырғанына қарамай тырналай бердім... Сонымен,
қысқасы, өлдім-талдым дегенде шеткі бөрененің басын жерге түсірдім -
ау!..
— Бəрекелде!.. — деп ду ете түсті бірнеше адам.
— Сендерге қуаныш болғанмен, маған қуаныш болған жоқ,— деді
Лотайко, — ауыр бөрененің басы өліктердің үстіне түсті!.. Одан арғы
үйілген балшықты қазайын десем, көбесінен сөгілген тырнақтарым зыр-
зыр етеді...
— Сонан соң қайттің?!.
— Көрмеген сендерге өтірік, маған шын, балшықты аяқтарымның,
тырнағымен, түйген жұдырығымның қырымен қазып көрдім...
— Міне қандай азап?!—десті біреулер тітіркеніп,— ар жағын айтпай-ақ,
қой!..
—« Ия, солай! — десті көпшілік,— Тек шыққаныңды ғана айт!..
— Өзім де білмеймін қалай шыққанымды,— деді Лотайко, со
қиыншылық басына қазір түсіп тұрғандай, қабағын қатты шытып ап,—
сөздің қысқасы, қуыс тауып шықтым – ау!
— Бəрекелде! — деп шу ете қалысты тыңдаушылар.— Ия, сонан?..
— Жұлдызды ашық түн екен!.. Əрі салқын!.. Айнала қалық орман...
Көсілген кең, қабыр тарындау бір алапта тұр... Кең, дүниенің ауасы кеудеме
жан құйып жіберген сияқтанды!.. Бойым сергіп кетті! «Қай жер бұл? Кім
бар мұнда?.. Қайда бару керек?..» деген сұрау туды... «Жарам қайда?» деп
сипаласам, сол жақ қабырғам қол тигізбейді... əрі күлтілдеген ісік сияқты.
Оған қарауға уақыт бар ма? Жан-жағыма қарап, жұлдыздардан батысты
мөлшерлеп, «не де болса тəуекел!» деп жүріп кеттім... Қалын, орманның
ішімен келе жатырмын... Маңайға құлақ түрем,— анда-санда аш
тоқылдақтардың ағашты тоқылдатқан дыбысы мен бұтақтан - бұтаққа
қарғыған тиіннің сыбдыры болмаса, басқа дыбыс білінбейді... Кейбір
жердегі төмпелер, немесе ағаштың түбірлері аю сияқты елестеп, бойымды
түршіктіре қалады...
— Оның бəрін не қыласың. Кімге жолықтың саны айт!..
— Сонымен, шым-шытырық орманның ішіндегі мəңгіден бері
жиналмаған қоқырына сүріне-қабына, əрі шаршай жанталасып келе жатсам
жылқы кісінеді!.. Елең ете қалдым... Жалғызсыраған жылқының даусы...
«Неткен жылқы екен бұл?!» Қайыра кісінеген жылқының жобасымен, жан-
жағыма сақтана қарап жылжып ем, бір алап көрінді... Шетіне тақала
қарасам, ағытқан ходок арбаға байлаулы ат тұр... Ар жағында от
жылтырайды, қасында екі адам қараңдайды... Кім бұлар?.. Не істеу керек?..
— Ия!..
— Жетіп баруға қорқып, сол арада отырдым, ойым — кім екенін
дыбысынан байқау... Бірақ, қасақана істегендей, олар үн шығармайды...
Қорқыныш па, суық па,— отырған сайын дірілдеп таңып барам... Miнe,
қалтырап, тісім - тісіме тимеуге айналды...
— Қиын екен!..
— Сонымен, өлдім-талдым дегенде, құлағыма японканың даусы шалына
кетті... 1904 жылдан бергі таныс дауыс... Елеңдей қалдым... Əрбір
қимылына көз тігем, жобасы тыныққалы жүр... Бақыладым да отырдым...
Əне от та сөнді... Əне олар тынышталды да...
— Түлкінің жүрісіндей қимылмен таянып келсем, японкаларымның
қорылдап ұйықтаған дыбысы шығады... Батылданыңқырап жақындасам, екі
кісі... Екеуі де солдат... Атты ұрлап əкетейін десем, аяғында кісен.. Не істеу
керек?..
— Өлтіру керек!—деді біреу,— жауды аяймын деп өзің өлемісің?..
— Мен де соны ойладым. Бірақ, қалай өлтіру керек? Винтовкалары
басында жастаулы...
— Ходоктың кіндік темірімен!..
— Өзім де соны ойладым. Кіндік темірді суырып алсам, жуандығы
білектей, ұзындығы жарты құлаш...
— Персейші, тез!..
— Ондайда асығуға болмайды... Олар екеу, мен жалғыз, оятып алсам
қиын.
— О жері де бар!..
— Ұратын жерлерін дəлдеп алдым да, біреуін құлақ шекеден періп кеп
жібердім!.. Аунап түсуге шамасы келді...
— Бəрекелді!.. Екіншісін?..
— Ұрып үлгірмей, ол басын көтеріп алды.
— Қап?!.
— Қалай үлгіре алмадың?
— Айтуға ұмытқан екем, сол қолымда дəрмен жоқ, қару ғып жүргенім
оң қолым ғана...
— Ия, сонан?!.
— Шошып оянған жапон мылтығына жармаса бергенде, қақ төбеден
пердім кеп!..
— Əп - бəрекелді!..
— Шыр-көбелек айналып ұшып түсті... Тағы пердім. бастан! Ендігі
тулаған денесіне тиген жоқпын... Аздан кейін ол да тынышталды...
Кісеннің кілті соның қалтасында екен, аттың аяғын ағыттым да, ырғып
міне жөнелдім... Ендігісін айтпасам да болады...
— Тек жау қоршауынан шыққаныңды ғана!..
— Қайтып жауға кездескен жоқпын. Бетімді батысқа түзей ағаш арасын
кезіп жүріп, екі күнде өз кісілерімізге қосылдым... Содан госпитальға...
содан осы Петропавл госпиталіне...
— Ғажап əңгіме екен!—деседі əркімдер.— Жазылдың ба өзің?
— Оң жақ қабырғамның астыңғы үшеуі жоқ... Сүбемнің жарасы бітті,
тек, жарасын тіккен жіптері ғана алынып болған жоқ...
— Ендеше неге шықтың?
— Шықпаған еркіңе бандылар қойып отырма?—дейді ол.— Кроватьта
жатып өлгеннен, айқаста өлейін...
— Басқа жаққа жіберді ме сендерді?
— Үлгермеді. Енді, «қоршауда қалдық» деген соң, госпитальға жатқым
келмеді.
— Неге? Егер, қаланы ала қалса, жаралыларға тимеуі мүмкін ғой?
— Өзі банды болсын да, коммунистерге тимесін! —дейді жолдас
Лотайко кекетінді күлкімен. Петлюршілдердің коммунистерге не істегенін
мен білем, бұл бандылар соның бір бұтағы.
— Ия, — дейді біреу күрсініп,— ғажап мəселе бұл! Бандылардың ұраны
—«Коммунистсіз Совет жасасын» көрінеді. Неге олай дейді екен?!
— Соны да білмеймісің?— дейді қасындағы кейіп,— коммунистердің
басқаруынсыз социализм құрылмайтынын бандылар білмейді деймісің?
Əрине, біледі. Коммунистсіз «Совет» байлардың парламентіне айналады.
Бандылар оны да жақсы біледі. Олардың «Коммунистсіз Советке» ұмтылуы
да содан.
— Рас,— дейді біреу,— коммунистсіз социализм жоқ. Ендеше,
«коммунист» деген сөз, не деген ардақты саз!..
Олардың коммунист атын ешкім құлата алмайтын биікте ұстауы да
сондықтан ғой!..
— Рас!— деседі басқалары...
Со мезгілде таңның бозарып келе жатқаны да терезеден байқала қалды.
Бізге жиналуға команда болды...
АРПАЛЫС
ЧОН - ның қаладағы екі рота əскері со күннің кешіне қарай екі жөнге
аттанды: бір рота — Гозак отряды апатқа ұшыраған Ешім жағына қарай,
екінші рота Арханский арқылы батысқа қарай.
Қаладан кештетіп шыққан бізді, командиріміз əлі мұзы қатып жатқан
Есіл өзенінің үстінен тура өткізіп, арғы тоғайға апарғаннан кейін, əрбір
взводтың командирі өз жауынгерлеріне халдің қандайлығын баяндап берді.
— Біз беттеп келе жатқан жақта бандылар Надежкадан бері қарай
шыққан болу керек,— деді Хасен Маназаров бізге. Мүмкін Кондратьевка
станциясына жақындап та қалған шығар. Егер, Кондратьевкаға олар бізден
бұрын жетсе, темір жолды қияды да, батыс жақтан келетін поездарды
өткізбейді. Онда қиын болады. Штабтың айтуынша, Челяба жақтан біздің
регулярлық армияның бөлімі келе жатқан көрінеді. Темір жол кесілсе,
бөлім аз уақытқа болса да бөгеледі, онда Петропавлды бандылар . бүгін-
ертең алып қоюы мүмкін. Ендеше, біздің негізгі міндет — бандыларға
темір жолды қидырмау.
Қызылжардан жиырма шақырымдай жердегі Кондратьеваға біз Есіл
тоғайынын, арқасындағы қары қалың соны жерді кесіп отырып, түн ортасы
ауған шақта жеттік. Станция əзірге біздің қолда екен, бірақ
барлаушылардың айтуынша, бандылар Кондратьевтің ар жағындағы қалың
ағашқа жақындап қалған...
Станциядағы үйлерге тарап, аз уақыт көздің шырымын алуға ЧОН
адамдарына рұқсат берілді де, салт адам тағы да барлауға барып қайтпақ
болды: командир — Старлыков, қасында комсомол Романчук жəне мен.
Оқушыларға менің ұйқышылдау адам екенім өткен бір тараудан белгілі.
Сол ұйқым продразверсткаға аттанғалы сергіген еді, енді, көтеріліс
басталғалы біржола қашты. Енді мен шөп басы қимылдаған сыбдырдан
оянып кетем, аз уақыт қалғысам ұйқым қанып қалады!..
Бүгін де солаймын. Кондратьевкаға жақындаған шақта мойныма аттай
мініп, көзімді түйілдіре бастаған ұйқы, Хасен Маназаров «сен разведкаға
барып қайтасың» дегенде серпіліп жүре берді. Командирдің бұйрығы екі
болмауын алдақашан ұққам, сондықтан, маған ұйқы қайдан жуысын!..
«Барлау» дегеннің не екенін бұрын білмегенмен, көтеріліс басталғалы
түсініп болғам. Барлауға барған жолдастарымның айтуынша, бұл сапарға
аттанған адымының алдында аранын ашқан ажал тұрады. Егер, өзіңді аса
сақ ұстап, сергек жүрмесең ойда жоқта өліп кетесің... «Өлу» деген оңай сөз
бе екен?.. Аранын ашқан ажалға кімнің жем болғысы келеді дейсің!..
Командиріміз Старлыков дедім ғой, аты Семен. Қара бұйра шашты, қою
қара қасты, кішірек қара көзді, қоңыр кескінді, тұмсығы көтеріңкі зор
мұрынды, кең, иықты, бүкіштеу биік денелі бұ жолдаспен мен ЧОН отряды
құрылған күні танысқам. Өткен империалистік жəне азаматтық соғыстарда
Старлыков үнемі барлау жұмысында ғана болған. Осы қызметінде
кездестірген талай қызықтарын, ойыншыл ол біздің шегімізді қатыра
күлдіріп талай айтқан.
Бізге əрине тəуір аттар берілді: Старлыковтың астында арғымақтау
қарагер ат, менің астымда, тегі қарабайыр болғанмен; мүсіні сұлу, жүрісі
пысық жирен қасқа ат, Романчуктың астында, денесі жуандау, жүрісі
доғалдау, бірақ білекті көк жал ат. Старлыков атқа тақымы үйреніп қалған
қу екен, арғымағын ұршықтай ойнатады. Романчук бұрын салт мініп
көрмеген жігіт болса керек, аты қаттырақ желсе, ер үстінде қолбаңдап, жас
баладай жан-жағына толқып кетіп отырады. Мен, əрине, атқа жүре алам.
— Ал, қалай туыстар,— деді Старлыков, біз қараңғы түнді жамылып,
қалың ағашқа жақындай берген кезде,— егер, ағаш іші қаптаған банды
болса қайтеміз?
Романчук пен екеуміз «ну, и что же?..» деп қосарлана жауап бергенмен,
Романчуктың сезімі қандай халде екенін білмеймін, менің жүрегім қобалжи
қалады.
Соны
түсінгендей
Старлыков
қалжыңды
үнін
кенет
байсалдандырды да:
— Енді, сақ болу керек,— деді бізге.—«Банды» деген зұлым жау. Жау
атаулының бəрі де қапыңды тапқысы келеді, ал, «банды» дегендер тым
қапелімшіл болады. Жол ағашқа кіре үш тармаққа бөлінуге тиісті. Мен орта
жолмен кетем. Романчук, сен оңға бұрылатын жолмен тартасың, Мұқанов
— сен солға тартасың. Бандылардың алды жеткен жерге дейін барып
қайтамыз...
— Ағаштың ар жағында алыс болса да ма?— деп сұрайды Романчук.
— Əрине! — деді Старлыков нық дауыспен.— Мəлімет бойынша
ағаштан аса алыс болмауға тиісті. Бандылардың үстінен шығып қалатын
болсаңдар, өлмей қолға түспейсіңдер. Не аттарын, өліп, не өздерің
жараланып қолға түсе қалсаңдар, өлімге шыдайсыңдар, біздің жақтан
ешбір мəлімет бермейсіңдер. Қалай қинап сұраса да «білмейміннен» басқа
тіл қатпайсыңдар. Ұғымды ма?
— Ұғымды,— дестік Романчук екеуміз.
—« Онда, бақытты сапарға! — деп Старлыков атын тебіне, үш жолдын,
ортасындағысымен жөнеле берді. Романчук екеуміз де ыдырай жөнімізге
тарттық.
Қалың ағаштың арасымен жалтара, орала созылған жолмен жортып
келем. Мезгіл қараңғы түн, бірақ, түнге үйренген көзге жолдың,
қарауытқан сүрлеуі айқын көрінеді. Айналам аппақ қалың қар. Ағаштардың
бұтағына оралған қырау да бүгін қалыңдай түскен сияқты, сондықтан, мен
жүріп келе жатқан дүниенің ішінде, менен басқа қара ноқат жоқ тəрізді.
Сөйтіп келе жатып Старлыковтың сақтандырған сөзін есіме түсірем. Жолға
кейде таялып, кейде алыстаңқырап отыратын қалын, орманның əр
ағашының түбінен аңдып отырған бандыны күтем... Далаңқы жерде өскен
шырпылар мен қурайлардың қырау жамылған əрбір денесі, маған мені
тосып
отырған
бір-бір
жау
сияқтанады...
Сонша
қорқыныштың
салдарынан, тіршілікке тырысатын менің, жүрегім, жылдамдата соғып, бар
қанымды басыма шапшытады да, қауіптен басқа ойды жуытпайды...
Адам не қиындыққа үйренбейді!.. Алғашқы кезде денем сонша
түршіккенмен, бойымды біртіндеп жинағаннан кейін, енді «банды» дегенді
көруге асыққан сияқтандым...
Оны көрдім де, бірақ, төз емес, таң сібірлеп келе жатқан уақытта... Сол
кезде, ішін жол кесіп өтетін сирек ағаштан шыға берсем, ар жағында
шоқытқан жүріспен он шақты салт келеді екен, кілт тоқтай қалдым да көз
тіктім. Бірнешеуі атқа жайдақ мінген, киімдері олпы-солпы оларды
көргенде, «жаудың барлаушысы» деген ой келе қалды маған...
Не істеу керек?.. Қашуға ма?.. Болмаса, кідіріп, кімдер екенін анықтап
білуге ме?..
Ілезде арғы бір дөңнің үстіне қаптаған қалың адам көтеріле берді.
Шаналылары, салттары, жаяулары араласқан бұл қалың топтың енінін,
жалпақтығы төрт-бес шақырымдай жерді қамтиды. Жəне жолсыз сонымен
өріп келеді... Бұлар, əрине, бандылар!..
Одан əрі күтуге дəтім шыдамады да, атымды кілт кейін бұрып, келген
ізіммен шоқыта жөнелдім, со кезде артымнан атылған мылтықтардың да
даусы естілді, жалт қарасам, əлгі салттылар қуып келеді. Мен жүрісі əлі
тың атымды тебініп жіберіп, бар шабысыммен айдап жөнелдім...
Атым жүйрік екен, қуған жауларға шалдырмастан, қалың ағаштың
Кондратьевка жағындағы жазығына шыға келдім. Со бір тұста қиғаштай
шауып маған қарай келе жатқан біреуді «бұл да бандылардың барлаушысы
болар ма?» деп жорып, сескене қалып ем, аздан кейін тани кеттім, өзіміздің
Старлыков!.. Ол да құйындата шауып келеді.
Қуғыншыларымның алыста қалғанын көрдім де, атымның басын
тежеңкіреп, командирімді тосып алдым.
— Көрдің бе?— деді ол маған жанаса беріп.
— Көрдім.
— Мен де көрдім.
— Романчук ше?
— Оны білмеймін.
Біздің шабысымыз бəсеңдеңкіреді ме, немесе,—ағаш арасынан
қуғыншылар көріне бастады.
— Бас қамшыны! — деді Старлыков маған.
Екеуміз жарыса тарттық. Түр жағынан қарағанда бойы қораштау
көрінгенмен, менің атым Старлыковтың атынан əлдеқайда шабысты екен.
Лезде мен одан ұзаңқырап сала бердім. Со кезде артыма қарасам, бізді
қуып жетуден күдер үзді ме, немесе, Кондратьевка маңында қалың
тосқауыл барын сөзді ме, — ағаштан шыға бере бандының қуғыншылары
тоқтады да, кейін қайтып кетті. Оқ шалар жердей алыстап кеткендіктен,
тосып алған Старлыков екеуміз, атымызды тежеп желе - жортақ жүріске
түсірдік.
— Бандылардың жобасын көрдің ғой?— деді Старлыков.
— Көрдім.
— Əлденеше мың бар-ау деймін?
— Болар.
— Бізде ғой, жүз шақты ғана кісі бар?
— Солай ғой! — дедім мен мұңайыққыраған дауыспен.
— Қалай, төтеп бере аламыз ба?—деді Старлыков əлденеге жымиып.
— Қайдам?— дедім мен күрсініп.
Соғыста жеңу мəселесін адамның саны шешпейді, құрал шешеді,— деді
Старлыков көңілді даусын өзгертпей,— бар жердегі бандылардың
құралдары біркелкі: оларда мылтық, əсіресе, пулемет пен винтовка ете аз,
қаруының көбі қолдан соққан найзалар, немесе, айыр, шалғы сияқтылар...
Біз оларды жақсылап тұрып тойтарамыз!..
Бандылардың Кондратьевкаға шабуылы күн түстен ауып бара жатқан
кезде басталды. Біздің адамдар темір жолдың өн бойына қаз-қатар
пулеметтерін құрып тастады. Бұйрық бойынша, бандылар оқ жетер жерге
келгенге шейін мылтық атылмауға тиісті...
Көпшіліктің арасында, винтовканың тұмсығын темір жолдың рельсіне
сүйей мен де етпетімнен жатырмын... Ағаштан шыққан қалың банды
қарақұрттай қаптап бері қарай келе жатыр. Тегі, олар да оқ жетер жерге кеп
атыспақ қой деймін. Сондықтан да болу керек, қатарларын жазбай қалың
топпен ақырын жылжып келеді...
«Жаумен соғысу дегенді мен бірінші рет бастан кешіргелі жатырмын.
«Соғысудың» аты — өлтіру. Бұған дейін мен ешбір адамды өлтіріп керген
жоқпын. Енді қаптап келе жатқан жауды біз атқылаймыз. Сонша қалың
жауға атылған оқ тимеуге мүмкін емес. Ендеше, менің, де оғым тиеді
оларға. Мен де өлтірем оларды. Бірақ, мен оғымның, бұл арадан қайсысына
тиіп жатқанын кермеймін. Соғыс солай боп қана етсе жақсы, егер олай
етпей, қолма-қол соғысатын күн туып қалса ше?..
Осы сұраулардың шырмауында шатасып жатқан уақытымда, «Пли!»
деген команда боп қалды. Жан - жағымдағы адамдардың мылтықтары
сатыр-күтір атыла бастады... Пулеметтердің те таңдайлары тақылдап, «тат
– тат - татқа» баса жөнелді... Менің де қолым қимылға кірісті. Бірақ, ол
сөзімнің ғана қимылы еді, санамда еш нəрсе жоқ...
Старлыковтың сөзі рас екен. Бандылар қаншa қабындап келгенмен,
қаптата жаудырған оққа төтеп бере алмай, дауыл жыққан қоғажадай
жапырылып, бірталайы құлаған жерлерінде қалып қойды, көпшілігі
қайрыла қашып, ағашқа тығылды. Менің есім сонда ғана кіріп, қасыма келе
қалған Баймағамбетке:
— Бандылар қашты ғой, оларды неге қумаймыз біз?— десем:
— Қуатын күш қайда оны?— дейді Баймағамбет. Қуу үшін қалың, ол
керек. Біздің бар санымыз жүздей ғана. Қууды қойып, темір жолға ие боп
тұрсақ та жетер.
Кондратьевка станциясын біз үш күн қорғадық. Қайталап шабуыл
жасағанмен, жау оны ала алмады. Төртінші күні замена келді де, біздің
рота қалаға қайтты. Бізден шығын болған адамның саны он бес — жиырма
шақты ғана...
Қалаға келе біздің рота ішкі тəртіпті сақтауға жұмсалды. Рота үшке
бөлінді: бір жүйелі адамдар көшелердің күзетінде болады, екінші жүйе –
қала маңайының темір жолын күзетті, үшінші жүйелі адамдар — қаладағы
күдікті жерлерді тексереді. Мен соңғы жүйелі адамдардың қатарына
қосылдым.
Жаңа
командирім
Пуговкиннің
айтуынша,
революцияға
қарсы
элементтер көтеріліс тұтанған күні-ақ, қаланы қолына алудың əрекетіне
кіріскен екен, бірақ, сигнал көзінде берілгендіктен, біздің күштер оларды ұя
- ұясында басып қалған. Қолға түспегендері ЧОН - ның, немесе Қызыл
Армияның адамдарын аңдып, реті келген жерде өлтіретін болған. Мен
қосылған жаңа взводтың міндеті — бандиттердің қаладағы ұсақ ұяларын
жою.
Араласа келе, бұның да қиын іс екендігі байқалды. Бейғамдық жасаған
біздің кейбір жолдастарды, бандиттер өлтіріп тастады, сезілген бандитті
еппен аулау керек болды...
Мен осы қызметте жүріп жаттым. Жалпы хал-жай ауырлай түсті. Соңғы
алынған мəліметтерге қарағанда, Қызылжар арқылы жүретін темір жол
батыс жағында Мамлютка мен Кондратьевка арасынан, шығыс жағында
Москаленко мен Есілкөл арасынан бандылардың қолында қалған. Күшіне
сенбеген бандылар темір жолдың бұл тұстарын əлденеше жерден кесіп,
топырақтарын қазып бұзған... Қалаға жан-жақтан келетін телеграфтық
жəне телефондық сымдар түгелімен үзілген, бағаналары құлатылған. Ресми
айтылмағанмен, анық мəліметтерге қарағанда бандылардың қоршауы
Қызылжарға тым жақындап қалған. Біреулердің айтуынша, бұл қалаға жан-
жақтан шабуыл жасап келе жатқан бандылардың саны отыз, қырық
мыңдай... Жəне біреулердің айтуынша, қалалық гарнизонда сатқындық
болған, оның штаб начальнигі мен бас қолбасшысы қару, құралдардың
көбін бандылардың қолына қалдырған жəне қаланы қорғауды ойдағыдай
ұйымдастырмаған, сондықтан, қазір ең сенімді күш ЧОН отряды ғана боп
қалған...
Халдың соншалық қиындаған күндерінің біреуінде, менің взвод
командирім екі адаммен мені, түн ішінде Қызылжардың «Ой қала»
аталатын жағына, əлденендей үйге тінту жасауға жіберді. Оның айтуынша,
сол үйде тығылған бандиттер тобы бар, оларды ұстап əкелуіміз керек.
Біз аттанған шақта басталған боран, тінтетін үйге жеткенше түтеп кетті.
Жел аса қатты. Күн аса суық.
Ленин көшесін бойлап Дөң қаладан Ой қалаға түсе берген шақта ар
жағымыздан азан-қазан шу естіле бастады.
— Бұл не?!.— дептік біз тұра қап.—Əлде, қалаға бандиттер кірді ме
екен?!.
«Əй» демге жеткен жоқ, шу қалыңдай түсті жəне бір жақтан емес, əр
жақтан...
— Ох, чорт побери! ,— деді менің қасымдағы Бариков Василий,—
бандылар қалаға кірген екен!..
— Рас, солар,— деді Гречишко Федор.— Енді не істеу керек?
— Кейін қайту керек,— деді Бариков.
— Əрине,— дедім мен де.
Үшеуміз жалт беріп кейін шапқанда, Дөң қалаға көтерілстің биіктің сол
жақ беттегі жырасынан қатыр – күтір мылтық атылып қоя берді... Не істеу
керек?.. Кейін қашуға болмайды... Ой қала жақтық барлық көшесіне
бандылар қаптап кеткендігі, шулаған дауыстарынан айқын көрініп тұр...
— Алға!— деген даусы шықты Гречишковтың Бариков екеуміз кідіре
бергенде.
Атты борбайға қоя жөнелдік. Бұрқыраған қалың бораннан аңғармай
қалдым... Гречишко ма, немесе Бариков пе, біреуінің аты омақата құлады...
Оған кідірер уақыт қайда!.. Жырақтан бізге қарай жауған оқ үдеп барады!..
Аздан кейін атыс екі жақтан да шықты.. «Жау қамап алған екен» деп
ойладым мен. Cay жолдасым менен озып кетті, оның Бариков немесе
Гречишко екенін түтеген бораннан мен айыра алмадым.
Сүрінді ме, əлде оқ тиді ме, бір кезде менің де атым ұшып түсті. Қабат
құлаған мен, жан -дəрменде төз түрегеп, атты тастай ілгері жүгірдім...
Артыма қарасам, əлдекімдер жүгіріп келеді. Оларды жау екен деп ойладым
да, со бір тұста кездесе қалған биік жардың астына қарай домалай
құладым, артымдағылар жар басында қала берді...
Жардың, астымен қашып бара жатқанда, оң жақ аяғым əлденеге
дуылдап, пимамның іші жып-жылы боп кетті. «О, несі?» дегендей
қонышынан қолымды тығып байқасам, жып-жылы бірдеме білінеді... «Бұл
не?!.. Əлде, оқ тиген бе, аяғыма?..»
Оған қарауға уақыт жоқ... Не істеу керек?.. Қайда бару керек?..
Есіме, оқушыларға мəлім Жəмпейістің, үйі түсті. Ентіге жүгіріп əрең
жеттім де, Жəмпейіс үйінің есігін қақтым. Мен кім екенімді сыбырлап есік
сыртынан айтсам, естімей ме немене,— ешкім аша қоймады. Аздан кейін,
жұқа тақтайдан жасалған есіктен ести қойдым: Жəмпейіс пен оның əйелі
Жаңыл мені үйге кіргізу, кіргізбеу туралы күбірлесіп ақылдасады. Ақыры,
Жəмпейіс есігін ашты да, үйіне кіре берген маған:
— Шырағым - ай, қиын болды ғой бұл. Өзім де бандылардан қорқып
отырған кісінің біреуімін, сені қайттім?— деді.
Жəмпейістің қорқатын жөні де бар: бұрын ұрылармен көп араласқан, ол
Совет өкіметі келгеннен кейін, Қызылжардағы Ояздық Уголовная
Розыскаға қызметке кіріп, қалқаладағы ұрылардың талайын ұстап берген.
Олар Жəмпейіске кіжініп жүретін Ендеше, қорықпағанда қайтсін!..
Мен аз уақыт үнсіз тұрғаннан кейін:
— Келмегей еді,— деді Жаңыл,— келіп қалған соң кет деуіміз ұят болар.
Теремнің үйіне апар, сонда жасырына тұрсын, ол үйге батып ешкім кіре де
алмайды, тие де алмайды...
— «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деп, менің есіме де келмепті - ау, ол,
— деді Жəмпейіс,— жақсы ойлап таптың, қатын! Ия, сөйтейік, шырағым,
— деді ол маған, қарап,— жүре ғой, ертіп алып барайын!..
Жəмпейіс есікке беттегенде, мен орнымнан қозғалмай тұрып қалдым.
Несіне қозғалам: Жаңылдың «Терем» деп тұрғаны,— Жəмпейістің інісі
Уəли. Ол байласа бау кесетін ұры, кісіні қойдай бауыздауға шімірікпейтін
қаныпезер. Со қылығынан тиям деп əуре боп, қолынан келмейтініне көзі
жеткен соң, Жəмпейіс одан бөлінген. Талай рет абақтыға түскен оны,
жуырда босанып шықты деп естігем. Жайшылықта да бандит оның, мына
қалың бандыға қосылған соң, «құдайы» бермей ме? Талан-тараждың қалың
ортасында жүрмей ме, ол?.. Бандылардың бүгінгі күні кімдерді талап,
кімдерді өлтіретіні маған айтпаса да белгілі емес пе?.. Ендеше, ол талан-
таражды мен қалай естимін, қалай көрем?!..
Менің орнымнан қозғалмау себебім осы еді. Сонымды сезгендей,
Жəмпейіс, «кəне, жүрмейміз бе, енді?» деген сөзді босаң айтты.
— Жо-о-оқ, мен онда бармаймын,— дедім мен.
— Неге бармайсың?— деді Жаңыл тікіленіп.
— Мен сізге келдім Жəмпейіс ағай,— дедім мен,— пана болады деп
келдім. Болмаймын десеңіз кетем.
— Қайда барасың?— деді Жəмпейіс əйелі мен менің арамда толқып.
— Кетем де, бетім ауған жаққа!..
— Қайда барасың сонда? Ой да, қыр да өрген банды!..
— Азар болса ұстар... Өлтірер... Онымен дүние құрып кетпес...
— Мынаның қисығын қара өзінің!.. Пайдасын айтқан сөзге қыңырайып
болмауын қара!..— деп Жаңыл шаптығып келе жатыр еді, бұрынша, сəкінің
үстінде ескілеу бір көрпені жамылып, бүлкілдеп жатқан біреу, көрпесін
серпіп жіберіп түрегелді, Жəмпейістің кіші інісі — он екі, он үш жастағы
Мақыжан...
— Болсын, осында! —деді ол, өзінің балалық жіңішке даусын қатты
шығарып.
Оған мен жалт қараған шақта, неге екенін білмеймін, жүрегім төмен
тартып, басым айналған сияқты боп кетті... тегі, мен, теңселіп құлауға
айналдым ғой деймін,— ей, не болды саған?!» деп Жəмпейіс ұстай алды
да, сəкіге отырғызды...
— Бозарып кетті өзі, су əкел! — деген даусын естідім оның.
Олар бетіме су бүркіп, есім жинала бастағанда:
— Қолы қан ғой, өзінің! — деген даусы естілді Мақыжанның.
— Рас, қан ғой — деді Жəмпейіс те қолымды ұстап көріп.— Өзің
жараланғансың ба?— деді ол маған.
Оң аяғым сонда ғана есіме түсті.
— Пимамды тартыңдаршы! — дедім мен оң аяғымды қолыммен нұсқап.
Мақыжан пимамды тартқанда, қорыстан əлденені суырғандай, аяғым
қорқылдай қалды...
Пиманы Мақыжан шірене тартып суырып алғанда, ішінен сəкіге қан
құйылып кетті.
— Көтек - ай, бұ несі еді?! —деп, Жаңыл үрейлі кескінмен шегініп
кетті...
Одан кейін не болғанын мен білмеймін... Оянсам,— күндіз. Жəмпейіс
үйінің бұрышында жатырмын. Қасымда Жəмпейістің үш-төрт жасар
жалғыз қызы Гүлзейнеп қуыршақ ойнап отыр... Үйде басқа жан жоқ...
Аяғым сыздап əкетіп барады, қарасам əлденемен сирағымды орап байлап
тастапты... Аңқам кеуіп сусап қаппын...
— Су! —дедім мен Гүлзейнепке.
Бұл үйге келіп жүретін мені танығандай, сəби үлкен əдемі қара көзін
күлімсірете қарады да, байсалды кісідей:
— Апа нет дома,— деді.
— Дай воды! Я хочу пить,— дедім мен.
Ақылды бала орнынан тұрды да, босаға жақтағы сандықшаның үстінде
төңкерулі тұрған шəшкенің біреуін алып, самауырдан су ағызып əкеп берді.
Мен жұта салдым.
— Еще! — дедім шəшкені қайта ұсынып. Бала қайта əкеп берді. Тағы
жұта салдым.
Со кезде үйге Мақыжан кірді. Оның айтуынша қала қырғын боп жатыр,
коммунистер мен советтік қызметкерлердің қолға түскенін бандылар
өлтіруде... Кей коммунистердің тірідей мойнына тұзақ салып, атпен
сүйретіп, көше - көшеде шауып жүр... Темір діңгекке сыммен байлап,
тірідей өртеген біреуді де көріпті... Бірнеше коммунисті бандылар астық
сарайына апарып, тірідей ішін жарып бидай тыққан... біреулерді тірідей
аралап өлтірген... Кеп коммунистің үй - ішін, бала-шағаларын қырып
тастаған!..
Пысық, қала жайын жақсы білетін, орыс тіліне жетік Мақыжан осының
бəрін саралатып айтып отыр... Қорқыныштан ба, əлде, ұшынды ма,—
жараның сыздауы үдей түсті... Бірақ, сарнауға болмайды, жер тар!.. Тек,
мықшия ышқынып, тістене дем алам...
Жарамның жайын да содан естідім. Оң балтырымның сыртынан тиген
оқ, ішкі жағын жалбыратып жыртып шығыпты... Атым тегі сол оқтан
құлаған болу керек. Жəмпейіс врач шақыруға қорқыпты да, жарамды
күйдірген құрым кигізбен орап байлапты.
Жəмпейіс кіріп келді. Оның кескіні өрт сөндіргендей əлемтапырық. «Не
хал боп жатыр, Жəмпейіс ағай?» десем, мені қорқар дей ме немене, «онша
ештеңе жоқ» деп сыр ашпайды. Мен Мақыжаннан естігенімді сұрасам,
оның айтып қойғанын ұнатпауын қабағынан аңғартқан Жəмпейіс, «қайдан
білдің сен оны?», «Не бар балаға сөзге үйір боп?» деп Мақыжанға жекиді.
Өзге хабарға сараң Жəмпейістің үрейлене айтқаны біреу-ақ:
— Үй басы тінту басталды... Іздейтіндері — коммунистер... Біздің
кірпіш сарайға да келмесе жарар еді!..
Бұл сөзді ол өз өкініші сияқты ғана ғып айтқанмен, бар салмағы маған
түседі... Жан тəтті, тінтіп тауып ала ма деп қорқам!..
Сондай қорқыныш Жəмпейісте де барын, ол тез білдірді. Аз отырғаннан
кейін ол :
— Мақыжан,— деді інісіне, жеңгең Сақтаған үйінде отыр. Гүлжан
екеуің сонда барыңдар.
Мақыжанның барғысы келмеп еді, Жəмпейіс зорлап жіберді жəне
«ешқайда шықпа, сонда отыр» деп тапсырды. Олар кеткен соң:
— Ал, шырағым Сəбит,— деді Жəмпейіс,— мен де кетейін. Есіктің
сыртына құлып сап кетейін.
— Неге?
— Банды - манды келсе, үйінде адам жоқ екен деп кетіп қалсын...
Өзге үйді тінтіп кеп есігі құлыптаулы үйге кездессе, оны ашып көрмей
кетіп қалатын, банды ақымақ па?.. Оның сонша ақымақ емесін, Жəмпейіс
білмей отырған жоқ, біле тұра, егер банды кеп тінтіп, мені тауып алса,
ішінде болудан қашып отыр. Сонда, байғұс-ау, өзі үйінде болсын-
болмасын, егер үйіне тыққан коммунисті тауып алса, банды мүсіркей мен
оны?.. Бұны білмейтін Жəмпейіс те ақымақ емес, сондықтан, оның іштей
сасуы, менің сасуымнан артық сияқтанады... Өйтпегенде ше?.. Егер, үйінен
тығылған коммунист табылса, мейірімсіз банды, оны үй ішімен қырып
тастауы мүмкін ғой...
Жəмпейістің сондай халін көре - тұра, бір үйлі нанды ажалдың аузына
итергенше, бəйгеге тіккен басты тəуекелге тапсырып кетіп-ақ қалар ем,
оған аяқтың жайы мынау, қозғайын десем зыр ете қалады, сирағым түгіл
сол жақ санымды дуылдатып əкетіп барады... Сондықтан:
— Барыңыз, ағай!— дедім Жəмпейіске, көзіме іріккен жасқа булығып,—
есікті сыртынан жап, жаппа еркіңіз!..
Көзін орамалымен сүрткен Жəмпейіс үн-түнсіз тұрды да шығып кетті...
Бұл үйге сыю маған енді қиын болды... Сыздаған жара бір жақтан қысса,
ой екінші жақтан қысады... Бандылардың коммунистерді қалай азаптауы
туралы Мақыжанның айтқандары есіме түссе, хайуандық азаптар көз
алдыма елестеп, қорқыныштан жүрегім тас-талқан боп жарылып кете
жаздайды... Кейде есіме: Ізтөлин, Лотайко, Маназаров, Старлыков,
Базарбаев, Романчук, Зəбиров тағы басқа таныс жолдастарым түседі... Олар
қайда екен?.. Өлі ме, тірі ме?!..
«Адам ит жанды» деген сөз, қиындыққа өлшеусіз төзімділігінен
айтылған ғой деймін. Жан - тəн соншалық сыздаған со күні, кешке қалай
жеткеніме өзім де қайранмын. Іңірде Жəмпейіс мені əлдекімнің арбасына
мінгізді де, «Крайная 50» аталатын үйге алып барды... Ол Қызылжардың
шетіндегі адам көрмес үйдің бірі екен, иесі — Əбіл дейтін жесір əйел,
қолында момындау жұмысшы қайын інісі бар, үйі кішірек екі бөлме.
— Осында боласың,— Жəмпейіс,— жылы оранып подвалда жатасың,
одан басқа жасырар жер жоқ.
Ризаласпағанда амал нешік!.. Көк - жер қойылған мұздай суық подвалға
Жəмпейіс мені бірге көтеріп түсірісті де, қой терісінен жасалған үлкен бір
тұлыпқа орап жатқызып:
— Ал, сау бол, мен келе алмаспын, Мақыжан келіп тұрар,— деп кетіп
қалды...
Жата-жастана таныссам, Əбілді мал қырманының жұмысшысы алған
екен, жастарында жиырмаға жақын алшақтық болса керек. Ол күйеуі бірер
жыл бұрын өліпті, бала қалмапты, ендігі қолғабысы — момын қайын інісі,
үйін асырап отырған сол..- Əбілдің мінезі атына ұқсас. Жуан дауысты ол
ерекше кесек, кейде боқтай сөйлейді... Сонысына бағып, кейде мен уайым
айтайын десем, немесе сыздаған жарадан сарнайын десем, ол кейде
«қатынбысың шыдамай!» деп ұрсады да, оған тоқтамасам еркекшілеп
боқтайды... Со мінезіне қарамай, ол мейірімді, аяғына пимасын, үстіне
қамзолша ішігін киіп, басына түбіт шалысын жамылып, əлсін-əлсін
подвалға түсіп халімді сұрайды, ас-су береді, естіген - білгенін айтады;
табиғаттық қажеттеріме жəрдемдеседі... Жақсы кісі еді ол!..
Əбіл үйіне барғанның ертеңіне, оң жақ саным тіпті күп боп ісіп кетті...
Ісік сүбеге қарай шапшыды... Температура күн санап жоғарылай түсті...
Əдетте «40» та адам өледі дейді, менің температурам бір күні «41» ге
барды. Əбіл апай да, мен де оған сенбей, қайта салып көріп ек,— рас!..
Қанша қатаң мінезді дегенмен, менің температурам «41» болғанда ол да
састы...
— Апыр-ау, əлгі Мақыжан да келмеді - ау! — дей берді ол. Тегі, мені
өліп кетер деп қорықты - ау деймін...
Мақыжан келді жəне жақсы хабар əкелді.
— Қорған жақтан да, Омбы жақтан да қалың, əскер кеп, бандыларды
қыспаққа алып жатыр,— деді ол,— қазір бандылар Дөңқаладан Ой қалаға
түскен дейді, алды əрі қарай қашып жатыр дейді.
Келер күні Мақыжан, «қала бандыдан тазарды, мекемелердің бəрінің
маңдайшасына да қызыл ту ілінді» деп келді...
Сол күні кешке Жəмпейістің өзі арбалы ат жегіп əкеп, мені жаралы
коммуналардың госпиталына апарып орналастырды...
|